ЕГЕМЕНДІКТІ ЖОЮҒА ҚАРСЫЛЫҚ
2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын оятты.
Аса маңызды мәселеде қарақалпақ халқының пікірін ескеру талабымен бейбіт митинг өткізуге рұқсат алғанын айтқан наразылық лидері заңгер Дәулетмұрат Тәжімұратовты биліктің ұстап әкетуі отқа май құйғандай әсер етті. Нөкіс, Мойнақ, Шымбай және Қарақалпақстанның басқа да жерлерінде жұрт жаппай қарсылық митингісіне шықты.
Көшеге шыққан халықтың талабынан соң Тәжімұратовты босатқанымен, билік халықпен диалог өткізуге құлық танытпады, бұрыннан өзі білетін ескі әдіске салып, наразы жұртты күш қолданып жуасытуды жөн көрді.
Өзбекстан Ұлттық гвардиясы алаңда тұрған бейбіт халыққа оқ атты. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Бірақ құқық қорғаушылар қаза болғандар саны бұдан әлдеқайда көп дейді.
Өзбекстанды совет кезінен бастап, ширек ғасырдан астам уақыт басқарған қатаң автократ Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болған соң билік басына келген президент Шавкат Мирзияев әуелде реформалар жариялап, елде өзгерістер жасауға бейілді екенін көрсетуге тырысатын. Нөкіс оқиғасы халықтың проблемасын түсініп, үніне құлақ асатын басшы кейпін танытып жүрген Мирзияевтің кейбіреулер мақтаған "жылымық" саясаты шектеулі екенін көрсетті.
Наразылықты қарудың күшімен басып-жаншыған соң, 2022 жылғы 3 шілдеде Нөкіске барған Мирзияев Конституциядағы Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты баптар өзгермейді деп уәде берді.
Былтыр 30 сәуірде референдум өтіп, жаңадан қабылданған конституциялық өзгерістерге сәйкес, Шавкат Мирзияев тағы екі рет президент сайлауына түсу құқына ие болды және президенттің өкілет мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Қарақалпақстан мәртебесі туралы толықтырулар референдумге шығарылған жоқ. Өзбекстан билігі кейінгі жылдары бәз-баяғы үйреншікті, репрессивті шынайылыққа қайта көшті дейді сарапшылар.
НӨКІС ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ ЖАЗАЛАУ
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Нөкіс оқиғасынан кейін қанша адамның сотты болғанын нақты айту қиын дейді. Сөзінше, Қарақалпақстанда өткен жекелеген сот процестерін бақылау мүмкін болмаған. Халықаралық ұйымдар тек негізгі сот процестерін ғана бақылай алған.
– Бұхарада 39 және 22 қарақалпақтың соты болды. Негізгі процестер осы екеуі. Бұдан бөлек те сот отырыстары болды. Бірақ ол Қарақалпақстанның өзінде өтті де, көп жағдайда бақылаусыз қалды, – дейді Ағелеуов.
2022 жылғы 14 желтоқсанда Өзбекстан бас прокуратурасы Нөкіс оқиғасы бойынша 171 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Бұхарада 22 адамның ісі бойынша сот процесі өтті. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды.
Сот үкімімен 15 адам 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылды. Қалғандары әртүрлі мерзімге шартты жаза алды. "39-дың сотында" 28 адам 5 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айрылды, 11 адамның бостандығы 5 жылға шектелді. Апелляциялық соттан кейін 16 адамның жаза мерзімі азайтылған. 7 адамның үкімі өзгеріссіз қалған.
Нөкіс оқиғасы кезінде заң бұзып, адамдарды азаптады деп айыпталған ішкі істер министрлігінің үш қызметкері 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Құқыққорғаушылар Өзбекстан билігі Нөкіс оқиғасынан кейін ел ішіндегі азаматтардан бөлек, шетелде тұрып жатқан, Қарақалпақстан егемендігі мен тәуелсіздігі туралы ой-пікірін ашық білдіріп жүрген белсенділерге түрлі айып тағып, елге әкеліп, жазалауға тырысады дейді. Мысалы, Қазақстанда бірнеше қарақалпақ белсендісі Өзбекстанның сұрауы бойынша ұсталып, қамалды. Кей жағдайда билік қырына алғандарға қандай айып таққанын жария етпей, қоғам өкілдеріне ол туралы кездейсоқ белгілі болады.
БИЛІКТІ СЫНАЙТЫН ҰЙЫМҒА ТЫЙЫМ САЛҒАН СОТ ШЕШІМІ
Биыл 6 маусымда "Адам құқықтары жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры" сайтында Қарақалпақстанда алты жылға бостандығынан айырылған белсенді Парахат Мұсапаровқа 30 мамырда шыққан сот үкімінің үзіндісі жарияланды. Онда белсендіге тағылған айыптардың ішінде "тыйым салынған ұйым жұмысына араласау" бабы көрсетілген.
Үкімде Өзбекстан Жоғары соты тіркелмеген "Алға, Қарақалпақстан" партиясын 2024 жылғы 22 ақпанда "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғаны айтылған.
"Алға, Қарақалпақстан" партиясының жетекшісі, қазір Норвегияда тұрып жатқан Аман Сағидуллаев ұйымға қатысты Өзбекстан сотының шешімінен бейхабар екенін айтады.
– "Алға, Қарақалпақстан" демократиялық партиясын "экстремистік" деп тану туралы Өзбекстан Жоғары сотының үкімі шықты дейді. Бірақ одан біздің хабарымыз жоқ. Маған ешкім, ешқандай сот қаулысын бермеді. "Түрікмен Хельсинки қоры" сайтынан оқыдым, – дейді Аман Сағидуллаев.
"Алға, Қарақалпақстан" 2008 жылы қозғалыс болып құрылған. Кейіннен бірнеше рет партия болып тіркелуге талпынып көрді, бірақ онысынан ештеңе шықпады. Сағидуллаевтың сөзінше, соңғы рет Қарақалпақстанның Әділет министрлігіне 2019 және 2020 жылдары партия болып тіркелуге өтініш берген. Бірақ билік ұйымның өтінішін қабылдамаған.
– "Алға, Қарақалпақстан" демократиялық партиясының мақсаты – Өзбекстан мен Қарақалпақстан арасындағы мәселені бейбіт жолмен, Өзбекстан Конституциясы мен Қарақалпақстан Конституциясына сүйеніп, келіссөз арқылы шешу. Бұл жерде қандай экстремистік идея болуы мүмкін? – дейді Аман Сағидуллаев. Ол тіркелмеген партияның 10 мыңнан астам мүшесі бар дейді.
Қазақстандық құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов Өзбекстан сотының "Алға, Қарақалпақстан" партиясын "экстремистік" деп таныған шешімі Қазақстандағы "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына шыққан сот шешіміне ұқсас дейді. 2018 жылы Қазақстан соты қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "ҚДТ" қозғалысын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент қарарында қозғалысты бейбіт саяси ұйым деп атаған. Екі елдің де сот органдары қоғамдық негізде құрылған бұл екі ұйымға тыйым салған шешімдерін еш жерде жарияламаған.
– Еуропарламент "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйымдарға қатысы жоқ, [бейбіт саяси қозғалыс] деп таныған. "Алға, Қарақалпақстан" да сол сияқты ұйым. Ұйымның рухани көшбасшысы Аман Сағидуллаев Норвегияда тұрады. Сол жақтан YouTube арнасында эфирге шығады. Конституцияға сәйкес, тәуелсіздік туралы қарақалпақ халқына үндеу жасайды. Ол ешқашан "қару алып соғысайық" деп айтқан емес, – дейді Ғалым Ағелеуов.
"Freedom for Eurasia" халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Назгүл Сейтбек Өзбекстан билігінің ел аумағында "Алға, Қарақалпақстан" қызметіне тыйым салғаны туралы деректер шамамен бес жыл бұрын айтыла бастаған дейді. Сөзінше, оппозициялық партиялар мен БАҚ-ты экстремистік деп тану Өзбекстанда ғана емес, өзге де Орталық Азия елдері мен Ресейде бар тәжірибе. "Бұл жерде Ташкент жаңадан ешнәрсе ойлап тапқан жоқ" дейді ол.
– Өзбекстан билігінің "Алға, Қарақалпақстанды" "экстремистік" деп тануы қарақалпақтардың тәуелсіздік туралы референдум өткізу сияқты бастамалар көтеруіне мүмкіндік бермеудің амалы. Шын мәнінде екі елдің де Конституциясы бойынша адамдардың референдум мәселесін талқылауға құқығы бар. Бірақ билік оған тыйым салып отыр, – дейді Назгүл Сейітбек.
Орталық Азиядағы адам құқықтары мәселесімен айналысатын құқық қорғаушы Виталий Пономаревтың айтуынша, Парахат Мұсапаров "тыйым салынған "Алға, Қарақалпақстан" партиясының қызметіне араласты" деген айыппен істі болған алғашқы адам. Ол алдағы уақытта ұйымға қатысы бар деген желеумен белсенділерге қысым күшейтіп, қылмыстық істер саны көбеюі мүмкін деп алаңдайды.
Азаттық 12 маусымда "Алға, Қарақалпақстан" партиясына тыйым салу туралы шешімнің мән-жайын сұрап, Өзбекстан Жоғары сотына хат жолдаған. Бірақ әлі күнге дейін жауап келген жоқ.
"ҚАЗАҚСТАН АРААҒАЙЫН БОЛУДЫ ҰСЫНҒАН"
"Алға, Қарақалпақстан" жетекшісі Аман Сағидуллаев Нөкіс оқиғасы кезінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі араағайын болуға ұсыныс жасады дейді. Сөзінше, Өзбекстан тарапы келіссөз жүргізуден бас тартқан.
– Нөкіс оқиғасы кезінде Қазақстан бізге араағайын болуға ұсыныс жасады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің адамдары маған хабарласты. "Сіздер Өзбекстанмен келіссөз жүргізуге дайынсыздар ма?" деді. "Дайынмын. Бес белсендімен барамын. Бірақ Өзбекстанға бармаймын, Еуропаның кез келген мемлекетіне барамын" дедім. Алайда Өзбекстан келіссөзден бас тартты. Біз Қазақстанға, Алматыға я Астанаға барып сөйлесуге дайын едік, – дейді Аман Сағидуллаев.
Азаттық Сағидуллаев айтқан ұсыныстың жай-жапсарын сұрап, Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хат жолдаған. Осы мақала жарияланғанға дейін жауап келмеді.
Қарақалпақстан Республикасы
1924 жылы Қарақалпақстан автономды облысы құрылды.
1925 жылы Қарақалпақ автономды облысы Қазақ АССР (сол кездегі Қырғыз АССР) құрамындағы аймақ болып бекиді.
1930 жылы Қарақалпақстан автономды облысы РСФСР қарамағына беріліп, кейін Қарақалпақстан АССР болып құрылды.
1936 жылы Қарақалпақстан АССР Өзбек ССР құрамына өтті.
1990 жылы 14 желтоқсанда Қарақалпақстан АССР Жоғарғы кеңесі "Қарақалпақстан Республикасының Мемлекеттік Суверенитеті ҳақында Декларация" қабылдады.
1992 жылы 9 қаңтарда Қарақалпақстан АССР атауы "Қарақалпақстан Республикасы" болып өзгертілді.
1993 жылы 9 сәуірде Қарақалпақстан Конституциясы қабылданды.
1993 жылы бекітілген шартта Қарақалпақстанның 20 жыл Өзбекстан құрамында болып, кейін референдум жолымен Өзбекстаннан бөлініп шыға алатыны қуатталды.
"Freedom for Eurasia" халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Назгүл Сейтбек Нөкіс оқиғасы ашық тергелмеді дейді. Айтуынша, Өзбекстан билігі оқиғаны зерттеу бойынша құрған мемлекеттік комиссия оның қорытындысын әлі күнге дейін жарияламаған.
– Біз комиссия қорытындысын әлі күнге дейін күтіп жүрміз. Олар жариялауға уәде берген еді, бірақ сол күйі жарияламады. Бұл комиссияның құрамына [Өзбекстанның адам құқықтары жөніндегі] омбудсмені, депутаттар кірген, – дейді Назгүл Сейтбек.
Құқық қорғаушылар Нөкіс оқиғасы бойынша істі болған адамдардың басым көпшілігінің сот үкімдері ашық дереккөздерде жоқ дейді.
ПІКІРЛЕР