Accessibility links

Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуді кім ұсынған? Нөкістегі қантөгіске кім кінәлі?


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) Қарақалпақстан астанасында жергілікті тұрғындармен кездесіп тұр. Нөкіс, 3 шілде 2022 жыл. Өзбек президенті баспасөз қызметі таратқан фото.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (ортада) Қарақалпақстан астанасында жергілікті тұрғындармен кездесіп тұр. Нөкіс, 3 шілде 2022 жыл. Өзбек президенті баспасөз қызметі таратқан фото.

Сарапшылар Қарақалпақстанның "егемен" статусын өзгерту бастамасын кім ұсынса да бұған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев жауапты деп санайды.

"ПРЕЗИДЕНТТІ ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ХАЛҚЫ ӨЗГЕРІСТІ ҚОЛДАЙДЫ ДЕП СЕНДІРДІ"

1-2 шілдеде Қарақалпақстан астанасы Нөкісте болған жаппай наразылықтың соңы қантөгіске ұласып, ондаған адам көз жұмды. Мыңдаған адам Қарақалпақстанды "егемен" статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыруға қарсы шыққан еді. Наразылықтан ресми дерек бойынша 18 адам қаза тапқан, бірақ құқық қорғаушылар мерт болғандар бұдан көп дейді. Халық Сарапшылардың бағалауынша, бұл президент Шавкат Мирзияев пен ол жариялаған "Жаңа Өзбекстан" үшін алғашқы үлкен сынақ болғалы тұр.

Қарақалпақстан мәселесін сырттай бақылаған қарапайым азаматтар мен саясаттанушылар жағдайды "тегіс жерде сүріну" я "жоқ жерден дағдарыс жасау" деп бағалайды.

Қазір Қарақалпақстанда төтенше жағдай режимі енгізілген. Аймақ территориясы мен тұрғындары қатаң бақылауға алынған. Әлеуметтік желіде қоғам белсенділері "Қарақалпақстанның конституциялық мәртебесін өзгерту бастамасын кім көтерді?" және "Өңірдегі қантөгіске кім кінәлі?" деген сұрақтарға жауап іздеп жатыр.

Президент Шавкат Мирзияев Қарақалпақстан жоғарғы кеңесінде сөйлеген сөзінде болған оқиғаға жергілікті депутаттарды кінәлады.

"Осыны өздерің бастадыңдар, өздерің бастама көтеріп, қол қойып, ұсынып, мақұлдадыңдар" деді президент Қарақалпақстанның парламент депутаттары мен қоғам белсенділеріне қарата сөйлеп.

Конституцияға өзгертулер енгізуге жауапты комиссияның басшысы және Өзбекстан үкіметінің бас заңгері Акмал Саидов наразылық басталғалы бір де бір мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан 26 маусымда талқылауға шығарылған Қарақалпақстанның мәртебесіне қатысты баптарды кім ұсынғаны белгісіз.

Азаттықтың Өзбек қызметінің конституциялық комиссиядағы дереккөзінің айтуынша, Акмал Саидов Қарақалпақстан мәртебесі мен президенттік мерзімге қатысты баптарды жанын салып қорғаған. Оның сөзінше, Саидов президент әкімшілігінің басшысы Зайнилобиддин Низомиддиновтің тапсырмасын орындаған.

Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодликтің – Өзбекстан үкіметіндегі тағы бір ақпарат көзі жыл басында Конституцияның жаңа нұсқасындағы Қарақалпақстан "егемен" статусы туралы баптарға қатысты алаңдаушылық болғанын еске алды. Шенеуніктің сөзінше, Конституцияға өзгеріс енгізу жұмыстарына жетекшілік еткен президент әкімшілігінің басшысы Зайнилобиддин Низомиддинов бұл ескертулерге құлақ аспаған.

Бұл мәселе қауіпсіздік кеңесіндегі талқылау кезінде Өзбекстан президентінің де құлағына жеткен.

– Олар президентке бұл тарихи оқиға болады, Қарақалпақстан халқы конституциялық өзгерістерді қолдайды деп сендірді, – дейді Азаттықтың Өзбек қызметінің Өзбекстан үкіметіндегі ақпарат көзі. Ол жеке бас қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінді.

Озодлик редакциясында бұл мәлімдемелерді растайтын құжаттар жоқ. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісімен сөйлескен сарапшылар Өзбекстанда Конституцияға өзгеріс енгізуде демократиялы елдердегідей парламент емес, президент әкімшілігі шешуші рөлге ие екенін айтады.

Азаттықтың Өзбек қызметі бұл мәселеге қатысты ресми тұлғалардың пікірін тыңдауға дайын.

"МИРЗИЯЕВТІҢ МАҚҰЛДАУЫНАН ӨТКЕНІ АНЫҚ"

Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence талдау орталығының директоры Әлішер Илхамов Қарақалпақстанның мәртебесін өзгерту президент мерзімін ұзарту үшін ойлап табылған бірнеше ұсыныстың бірі ғана деп есептейді. Сарапшының пікірінше, бастаманы кім көтерсе де, бұл үшін түптеп келгенде президент жауап беруі тиіс.

– Конституциялық реформа деп аталатын жоба Шавкат Мирзияевтің президенттік мерзімін ұзарту үшін ғана қолға алынғанын бәрі түсініп отыр. Бірақ жұмыс барысында олар негізгі мақсатын жасырып, бастаманы заңдастыру үшін көп өзгертулер қоса бастады. Осындай өзгертулердің бірі Қарақалпақстанның "егемендік" статусына байланысты болды. Бұл бастаманы кім көтергенін білмейміз. Ресми тұрғыдан алғанда, бұл бастамаға және оны өзгертулер тізіміне қосуға конституциялық комиссия жауапты. Бірақ бұл ұсыныс қоғамдық талқылауға шығармас бұрын Мирзияевтің мақұлдауынан өткені анық. Сондықтан бұл бастама мен оның салдары үшін бірінші кезекте президент Мирзияев жауап беруі тиіс. 1 шілде күнгі оқиғалардың ертеңіне Мирзияев Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты өзгертулерді алып тастады. Бұл президенттің құзыретіне кірмейді. Аталған баптарды парламент ұсынған болса, оны қайтарып алу да депутаттардың жұмысы болар еді. Бірақ Мирзияев өз шешімі арқылы Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуге өзі жауапты екенін мойындады, – дейді Әлішер Илхамов.

Өзбекстан Қарақалпақстандағы наразылықты қалай күшпен басты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

Тәуелсіз журналист және кинодокументалист Шахида Туләганова "Өзбекстанда барлық шешімді президент пен оның әкімшілігі қабылдайды" деп санайды.

– Мирзияевтің Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуге және оның салдарына қатысы болмаса, елдегі жағдай мен халықтың көңіл-күйінен хабары жоқ, тек жоғарыдан түскен ұсыныстарды мақұлдаумен ғана айналысатын парламентті таратып жіберсін. Президент тәуелсіз комиссия құрып, бұл мәселенің анық-қанығына жетуі керек. Өкінішке қарай, Өзбекстанда бүкіл шешімді президент пен оның әкімшілігі қабылдайды. Сондықтан бұл шешімді билік қабылдаған я қабылдамағанын дәлелдеу қиын, – дейді Шахида Туләганова.

Қазір Ташкентте жүрген, Еуропадан келген бақылаушы (ақпарат құралдарына сұхбат беруге құзыреті болмағандықтан, аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) Қарақалпақстандағы қантөгіске Өзбекстан билігін кінәлайды.

– Қарақалпақстандағы қантөгіске өңірдің автономды мәртебесін тартып алу туралы шешім қабылдаған шенеуніктер жауапты. Олардың неге мұндай шешім қабылдағаны белгісіз. Шешім қабылдаған адамдар қарақалпақтардың Ташкентке наразы екенін, билікке қояр талабы барын білмеген немесе әдейі қарақалпақтарды өзбектерге қарсы айдап салғысы келген. Бұл болжамдардың қайсысы дұрыс екенін айту қиын. Өйткені Өзбекстанда қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын немесе әлеуметтік зерттеу жүргізетін тәуелсіз институттар жоқ. Сондықтан билік басындағылар қоғамның көңіл-күйін білмейді. Одан бөлек, билік Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесін қарақалпақтармен ақылдаспаған. Өзбекстанда маңызды шешімдерді халықпен талқыламау – қалыпты жайт. Осы жолы қоғам пікірін елемеудің соңы жақсылыққа апарып соқпайтынын көрдік, – дейді Еуропадан келген бақылаушы.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы қазақ тіліне аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG