Accessibility links

Өзбекстанда президентті қорлау бабымен қамалғандар көбейді. Каримов кезіндегі ахуал қайта орнай ма?


Өзбекстанда 2021 жылы қылмыстық кодекске "мемлекет басшысына тіл тигізуді" бабы енгелі осы айыппен қамалғандар көбейді.
Өзбекстанда 2021 жылы қылмыстық кодекске "мемлекет басшысына тіл тигізуді" бабы енгелі осы айыппен қамалғандар көбейді.

Өзбекстанда азаматтарды “президентке тіл тигізді” деген айыппен түрмеге жабу жиіледі. Ташкент билік сыншыларын тағы қалай жазалайды?

Биыл 24 жастағы Ситора Бозорова әлеуметтік желіге президент Шавкат Мирзияевтің әулетін "өртеуге" шақыратын жазба салғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бозорова Мирзияевтің қызы әрі президент көмекшісі Саида Мирзияева жайлы да билікке жақпайтын пікір айтқан. 2021 жылы Өзбекстанның қылмыстық кодексіне "мемлекет басшысына тіл тигізу" бабы енгізілді. Ситора – осы бап бойынша түрмеге жабылған көп азаматтың бірі.

2016 жылы билікке келген Мирзияев басында өзін бұрынғы президент Ислам Каримовтың тұсындағы қатаң авторитаризмнен алшақтап, сөз бостандығын қолдайтын басшы етіп көрсетуге тырысты. Бұл саясат ел ішінде де, шетелде де кең қолдау тапты. Қазір бұрынғы еркіндіктің бәрі өткеннің еншісінде қалған, ал Мирзияевтің беделін қылмыстық кодекспен қорғау елдегі қуғын-сүргінді одан әрі күшейтіп отыр.

ТҮРМЕГЕ ЖОЛ

Қылмыстық кодекстің 158-бабы 3-бөліміне енгізілген өзгеріс Өзбекстан билігінің кейінгі жылдары көбейген билікке қарсы сын-пікірді басып-жаншу амалына ұқсайды.

Мемлекет билік сыншыларын жазалау үшін заңды қолдануды әдетке айналдырды.

UzNews жекеменшік ақпарат құралы жоғарғы сот дерегін келтіреді. Оған сәйкес, кейінгі бір жылда кемі 10 адам президентті қорлағаны үшін түрмеге жабылған.

UzNews сипаттаған қылмыстық істерден тұтқындардың жасы 25-60 аралығында екенін көруге болады. Олар түзету жұмыстарынан бастап "мемлекет басшысына тіл тигізу" бабы бойынша берілетін ең ұзақ мерзім – 5 жылға бас бостандығынан айыруға дейін әртүрлі жазаға кесілген. Қосалқы айып тағылған жағдайда, мерзім ұзара түскен.

Көбіне айыптауға интернетте жарияланған жазбалар мен пікірлер негіз болған. Өзбекстанның әртүрлі өңірінде жазасын өтеп жатқан тұтқындардың бірде-бірінің әлеуметтік желіде үлкен аудиториясы жоқ.

Адам құқықтары жөніндегі Париж қауымдастығының (AHRCA) Орталық Азия бойынша төрағасы Надежда Атаеваның айтуынша, қазір белсенділерді интернеттегі жазбасы үшін қудалау қалыпты жағдайға айналған. Жақында қауымдастық пен Брюссельдегі адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестіктің осы туралы бірлескен баяндамасы жарияланады.

Атаеваның сөзінше, Өзбекстан заңдарында кез келген азаматты айтқан сөзі үшін жауапқа тартатын 30 шақты бап бар. Қылмыстық кодекстің 158-бабы 3-бөлімі бойынша қамалған азаматтардың көбі бұрын сотталмаған.

– Көп елде азаматтар сөзге қатысты құқықбұзушылық жасаса, құқық қорғау органдары бірінші ескерту береді. Өзбекстанда ескерту деген жоқ, бірден түрмеге жабады, – дейді Атаева.

Билік жазаны жеңілдету, тергеуге алынған азаматтарды кешіру туралы өтініштерді елемей отыр.

"Қызым президентке тіл тигізді дегенге сене алмаймын", – деді Бозорованың анасы Саодат Курбанова. Ол президенттен қызын босатуды сұрап, үндеу жолдады:

– Президент мырза, қызым тұрмысқа шығуы керек. Бұзақы сияқты бүкіл өмірі түрмеде өткенін қаламаймын. Қанша арман-үміті бар еді. Өтінішімді ескеріп, қызымды ақтап, үйге қайтаруды сұраймын.

Мирзияев пен оның қызын сынады деп бостандығынан айырылған Ситора Бозорованың анасы Саодат Курбанова.
Мирзияев пен оның қызын сынады деп бостандығынан айырылған Ситора Бозорованың анасы Саодат Курбанова.

Президентке тіл тигізгені үшін түрмеге жабылған ең жас азамат – Самарқанд қаласының 19 жастағы тұрғыны. Ол 2023 жылы қазанда 2,5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Азаттық танысқан сот үкімінің көшірмесінде Дилшод Искандаровтың Instagram желісіндегі президенттің отбасы туралы видеоның астына Мирзияевтің қазіргі және болашақ ұрпағын тілдейтін пікір қалдырғаны айтылады.

Ол кезде Ресейде жүрген Искандаров достарының кеңесімен пікірін өшіріп тастаған. Сотта да кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұраған. Бірақ сот оның "жастықпен жаңылдым" деген сөзін елеген жоқ.

ӨЗБЕК "АКВАРИУМЫ"

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін үш жылдан соң, баспасөз еркіндігін бақылаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF) Өзбекстандағы сөз бостандығы жайын "өте салмақты" деңгейден жай ғана "қиын" деген статусқа өзгертті.

Парижде орналасқан ұйымның "Әлемдік баспасөз еркіндігі индексінде" Өзбекстан алғаш рет Қытай, Иран, Сауд Арабиясы сияқты сөз бостандығын жиі бұзатын "қызыл жолақты" елдер қатарынан шығып, Колумбия, Марокко, Индонезия, Қазақстан сияқты реңкі өрік түстес мемлекеттер қатарына өтті.

Осы жетістігіне 5 жыл толғанда, Өзбекстан қайтадан "қызыл жолақты" елдер қатарына оралып, алдыңғы рейтингпен салыстырғанда 11 сатыға төмендеді. Қазір Ташкент баспасөз еркіндігі бойынша 180 елдің ішінде 148-орында тұр.

Журналист Шухрат Латипов жылда 3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні жарияланатын индексте Өзбекстанның рейтингі төмендегені жайлы Telegram арнасына "Сайттар мен блогерлерге үлкен қысым жасалады. Материалдарды жиі өшіріп тастайды. Цензура, өзіндік цензура. Әріптестерім журналистикадан кетіп жатыр, кәсібін ауыстыруды ойлап жүргендер көп", – деп жазды.

Президентке қарсы пікір жазған азаматтардың жаппай түрмеге жабылуы Мирзияевтің бірінші президенттік мерзімінің соңына қарай елде азаматтық журналистерге қарсы қуғын-сүргін күшейгенін көрсетеді.

Билікті сынағаны үшін бірінші жауапқа тартылған кісі – Термез қаласынан шыққан видеоблогер Отабек Саторий. Ол жергілікті шенеуніктерді жемқор әрі ісіне салғырт қарайды деп сынаған.

Блогер Отабек Сатторий
Блогер Отабек Сатторий

Ол Мирзияевқа тіл тигізбеген. Керісінше, президенттен шабыт алатынын айтқан. Өзбекстан президенті бір сөзінде блогерлерді шенеуніктер қызметіндегі кемшін тұстарды әшкерелеуге шақырып, журналистерді қолдауға уәде берген.

Бірақ Мирзияев уәдесінде тұрмады. 2021 жылы мамырда Саттори ақша бопсалап, жала жапты деген айыппен 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол осы жылы ақпанда мерзімінен бұрын түрмеден босап шықты. Енді Саттори жаза мерзімі аяқталғанша, ай сайын жалақысының 20 пайызын мемлекетке аударып отырады.

Саторидің ісінен кейін Өзбекстанда блогерлерді ақша бопсалау бабымен жауапқа тарту жиіледі.

Берлиндегі адам құқықтары жөніндегі Өзбек форумының директоры Умида Ниязова Азаттыққа былтыр берген сұхбатында мұны "блогерлерге қарсы қылмыстық істерді жеке тұлғалар арасындағы дау-дамай етіп көрсетуге талпыныс" деп бағалаған.

– Екіншіден, тәжірибе көрсеткендей, ақша бопсалады деген айыпты оңай қолдан құрастыруға болады. Заттай дерек көрсету міндетті емес, жай ғана "осындай блогер ақша бопсалады" деп полицияға арыз жазсаңыз жеткілікті, – деген Ниязова.

Блогерлерге қарсы жиі қолданылатын тағы бір бап – қоғамдық қауіпсіздік пен конституциялық тәртіпке қауіп төндіру. Бұл бапты Каримов тұсындағы прокурорлар мен судьялар жақсы көретін.

2022 жылдың басында осы баппен 7,5 жылға сотталған блогер Фозилходжа Орифходжаев былтыр желтоқсанда бостандыққа шықты. Мемлекет оның жазасын шартты мерзімге ауыстырды.

Блогер Фозилходжа Орифходжаев
Блогер Фозилходжа Орифходжаев

Дәл сол айда Қоқан қаласының белгілі блогері Олимджон Хайдаров ақша бопсалау және жала жабу бабы бойынша 8 жылға түрмеге жабылды.

Мұндай қатаң сот үкімдері билікті діттеген мақсатына жеткізіп, елдегі президент саясатын не үкіметті сынаушылар қатарын азайтады.

Ақпарат құралдары мен блогерлер не мәселені жұмсартып жеткізуге тырысады, не билікке жұмыс істеп, билікшіл медиаға айналады.

Былтыр RSF Өзбекстанның оңтүстік өңірінде биліктің қысымымен ондаған мың оқырманы бар 6 Telegram арна жабылып қалғанын айтып, дабыл қаққан.

Ал билікті жақтайтын блогерлердің керісінше, ықпалы артып, оқырманы көбейіп жатыр. Атаева олар "сән-салтанатқа толы өмірін" көрсетіп, халықтың назарын аударады дейді.

Сарапшының пікірінше, Мирзияев режимі бағалы кері байланыс механизмін жойып жіберді.

"Өзбекстан қайтадан суы бұзылса да, азаматтарына сөйлеуге болмайтын аквариумге ұқсап бара жатыр. Халық үндемей, лас суда жүзе беретін балық сияқты", – дейді Атаева.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG