Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл, Орал және Шымкент қалаларында жергілікті билік белсенділерге "АЭС керек емес" деген тақырыпта митинг өткізуге рұқсат бермеді. Белсенділер шараны 6 қазанда, референдум болатын күні өткізгісі келген. Бұл туралы 1 қазанда Qaharman құқық қорғау бастамасы Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Белсенділер осы қалалардағы митинг өткізетін орындарға әртүрлі уақыт аралығын көрсетіп, хабарлама жіберген.
Павлодар мен Алматыда жергілікті билік сол күні басқа шара жоспарланған деп, митингіге келісім беруден бас тартқан. Орал мен Шымкентте өтініште толық ақпарат жоқ деп айтқан. Петропавлда бейбіт жиынның регламенті көрсетілмеген деп жауап берген, ал Ақтөбеде "29 наурыздан бері жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай режимін" алға тартып, өтінішті кері қайтарған.
Qaharman құқық қорғау бастамасының мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы 30 шілдеден 2024 жылғы 1 қазанға дейін ActivistsNotExtremists тобы 22 қала мен елді мекенде бейбіт наразылық, шеру, жалғыз адам пикетін өткізу бойынша кемінде 662 өтініш кері қайтқанын есептеген, оның ішінде 2024 жылы 84 рет рұқсат ала алмаған.
30 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімдігі жергілікті қоғам белсендісі Назар Асайыновқа атом электр станциясы бойынша референдум болатын 6 қазан күні митинг өткізуге келісім бермеді. Қала әкімдігі Асайыновқа берген жазбаша жауабында оның митинг өткізу туралы тапсырған хабарламасы заңға сай толтырылмаған деп жазылған. Назар Асайынов бұған келіспеді. Ол хабарламаның нақты қай тұсы заңға сай келмейтінін әкімдік түсіндіре алмады деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Риддер әкімдігі АЭС-ке қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді2 қыркүйекте парламент мінберінен халыққа жолдау жасаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу жөніндегі референдум 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді. Тоқаев энергия өндірудің бұл түріне қолдау білдіріп, Қазақстан "энергия көзінің сенімді де экологиялық таза түріне" мұқтаж екенін, АЭС "экономиканың жылдам өсіп жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыратынын" айтты.
Сол күні референдумда қазақстандықтарға қойылатын сауал да нақтыланды. 6 қазанда жұртшылық "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап береді.
Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ке қарсылар ескі инфрақұрылымды жаңартып, энергия тиімділігін арттыруға болады, жасыл энергия нарығында да потенциалды жобалар көп дейді. АЭС-ті жақтайтындар Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға бермек, атом энергиясы жылу және су электр станцияларына балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз деген уәж айтып жүр.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынға алып келеді. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Ал "рұқсат етілмеген" шараға барғандар әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтөбе тұрғынына чатқа митинг туралы жазғаны үшін айыппұл салынды