Талғарда өлтірілген Шерзаттың оқиғасы. Қазір не белгілі?

Өрт сөндірушілер Талғарда қатігездікпен өлтірілген Шерзада Болаттың ата-анасының өртеніп жатқан үйіне су шашып жатыр. 12 қазан 2024 жыл.

Талғар қаласында өткен аптада қатігездікпен өлтірілген жасөспірімнің ата-анасының үйі өртенді. Полиция отбасын күзетпен қамтамасыз еткенін хабарлады. Әлеуметтік желіде қолданушылар қайғы жамылып отырған отбасының үйінің өртенуі соққы үстіне соққы болғанын жазып, құқық қорғау органдарының "сылбыр әрекетін" сынады.

12 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар қаласында өткен аптада өлтірілген жаөспірімнің ата-анасының үйі өртенді. Үйге от қойғанға ұқсайды.

Алматылық құқық қорғаушы Саида Таукелова Instagram-дағы парақшасында үйдің өртеніп кеткенін жазды. Видеода қап-қара болып кеткен үйдің қабырғалары көрінеді. Оқиға 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың жақындары марқұмның жетісін берейін деп жатқанда болып отыр. Құқық қорғаушының сөзінше, өрт кезінде қайта ешкім үйде болмаған.

"Барлық бала мен ересек ата-аналарының үйінде болған және өрт тек үйді жалмаған... Алайда өрт қойғандардың қара ниетін елестетудің өзі қорқынышты" деп жазды құқық қорғаушы.

"Өрт қою жай ғана бұзақылық емес, бұл жедел әрі жан-жақты тергеуді қажет ететін айқын қылмыс. Күштік құрылымдар осы заңсыздықпен күресіп, барлық зардап шеккендердің тәулік бойы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және осы қылмысты ашу үшін барлық қажетті шараларды дереу қабылдауды сұраймын" деді Тәукелова.

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, үйдің өртеніп жатқаны туралы ақпарат түнгі сағат 00:50-де жеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде үйдің толықтай лаулап жанып жатқанын көрген. 1:30-нан кете бере сөндірілген.

Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаны "өзгенің мүлкін қасақана жою" бабымен тергейтінін хабарлады. Олар өрттен ешкім зардап шекпегенін айтты.

"Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, бақылау камераларының жазбалары тексеріліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр" деді полиция.

Бұған қоса, келіп түскен өтінішке орай Шерхат Болаттың отбасы күзетпен қамтамасыз етілгені де хабарланды. Отбасы тұрып жатқан аумақта полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.

Шерзада Болаттың әкесі 12 қазанда видеомәлімдеме таратты. Оның үндеуін Tengrinews сайты жариялады.

"Қантөгіс болмағанын қалаймын. Бұл жерде құзырлы органдар жүр. Қылмыскерлер істегендеріне жауап береді деген сенімдемін. Мен өзім үшін ешқашан қорықпаймын. Тыныш елді дүрліктіріп, қан төгіп, біреулердің обалына қалмайық. Жоғарыдағы кісілерге де айтатыным осы" дейді видеода Қаржаубай Нұрымов видеода.

Марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова журналистерге кейінгі бірнеше күнде көшеде белгісіз нөмірі бар көліктер жүргенін айтты. Оның сөзін "Ұлысмедиа" телеграм арнасы жариялады.

"Өрт болмай тұрып бір күн бұрын көршілер "нөмірі жоқ машина келді, сіздің үйлеріңізге кіріп шықты. Біз шулап, светті жақтық та, "кім бар, кім бар" деп айқайлап едік, тоқтамастан қашып кетті" деді. Мектеп балаларының барлығы бір ауылдың балалары болғандықтан кімнің үйінде қандай машина, кімнің қандай машина айдайтынын білеміз ғой. Ішіндегі адамдар да таныс емес. "Танысайық деп көлікке барып едік, терезелерін жауып алып, тоқтамастан өтіп кетті" деді. ІІМ-не барып, келген күннен бастап белгісіз көліктер деген пайда болды. Тым болмағанда ауылдың басына полиция күзетін қойып берсін, кімнің кіріп, шығып жатқанын білсін" деді Перизат Нұрымова.

12 қазанда таңертең бас прокуратура қылмысты ашумен айналысатын ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын хабарлады.

"Кінәлілерді анықтау үшін барлық шара қолданылады. Қылмыстық істі бас прокурор бақылауына алды" деп жазылған хабарламада.

Алматы облысының әкімдігі өртенген үйді қалпына келтіргенге дейін отбасына уақытша тұратын баспана беруге уәде берді.

Осы аптада бір топ адаммен жанжалдан қаза болған Шерхат Болаттың туыстары әділ тергеу мен ашық сотты талап еткен еді. Олар кінәлілер жауаптан жалтара ма деп қауіптенген және жанжалға қатысушылардың барлығын қамауға алуды талап еткен.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, бұл оқиға 4 қазанға қараған түні марқұмның отбасы жалға алып отырған дүкен маңында болған. Дүкенге келген тұтынушылардың бірі бір құты сыраның ақшасын төлегісі келмей, жанжал шығарған. 16 жастағы Шерзат пен оның ағасы жақынын қорғап, әлгі жігіттің дүкеннен кетуін талап еткен. Бірақ ол таныстарына хабарласып, кейін дүкенге бірнеше көлік келген. Ақпаратқа қарағанда, әлдекімдер жасөспірім мен ағасын алдымен ұрып-соққан, кейін Шерзатқа пышақ сұққан. Туыстары оларды ауруханаға апарған, бірақ жанды жерінен жараланған жасөспірім ұл ауруханада көз жұмған.

Оқиға қоғамда резонанс тудырған шақта аймақ полициясы "жанжалға қатысушылардың барлығы қамалды" және "істі ІІМ ерекше бақылауға алды" деп мәлімдеген.

МИНИСТР "ЖЕКЕ БАҚЫЛАУ" ДЕП НЕНІ АЙТТЫ?

Әлеуметтік желіде қолданушылар қайғы жамылып отырған отбасының үйінің өртенуі соққы үстіне соққы болғанын жазып, құқық қорғау органдарының сылбырлығын сынады.

"Талғарда 16 жастағы Шерзат Болатты жергілікті қылмыстық топ өлтіргеннен кейін-ақ ішкі істер министрі бұл істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеген. Бұл бір-екі күн бұрын болған жайт. Министрдің жеке бақылауы істің әрбір, тіпті ұсақ-түйегі де зерттелетінін білдірсе керек. Тергеу толық және объективті болатынын, марқұмның отбасы енді қарақшылардың қолынан зардап шекпейтінін аңғартуы керек болатын.

Ал бүгін түнде Шерзат отбасының үйі өртеніп кетті. Қайта өрт кезінде үйде адам болмапты. Қайғы жамылып отырған отбасының үйінде осындай жайттар болып жатқан шақта министрдің "жеке бақылау" деп нені айтқаны түсініксіз. Бірақ жергілікті қарақшылар да "істі жеке бақылауға алғанды" жөн көрсе керек. Және олардыкы айқынырақ сезіліп тұр" деп жазды заңгер Ержан Есімханов Facebook парақшасында.

"Марқұмның әкесі бұрын өзіне қоқан-лоқы жасалғанын хабарлаған. Әлдекім Қазақстанның мемлекеттілігін сынап жатқан сияқты... Бүгін қастандық құрбанының үйін өртеді. Ертең сот, комиссар және өзге де шенеуніктерге де кезек келеді. Құдды италиялық мафия туралы фильмдердегідей. Алдағы апталарда қанішерлер мен өртеушілердің Қазақстанның қауіпсіздік аппаратының мүмкіндіктеріне қаншалықты дұрыс баға бергенін көреміз" деп жазды саясаттанушы Ғазиз Әбішев.