Ораза ұстаған жамағатқа дәрігерлер мен дінбасылардан бірер кеңес

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Рамазан айы биыл жаздың ең ыстық күндеріне сәйкес келіп отыр. Аллаға ниет етіп, ауыз бекіткендердің денсаулығына аптап ыстықтың кері әсері болмауы үшін кейбір жайттарды ескергені абзал.


ОРАЗА ТУРАЛЫ ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ПІКІРІ


Кейбір дінбасылары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері биылғы Ораза тұтушылардың денсаулық жағдайына байланысты алаңдаушылық танытуда. Алайда мұндай дабыл қырғызстандық 14 жасар мұсылман жеткіншектің ниетін қайтара алар емес. Бес жылдан бері Рамазан айында ауыз бекітіп келе жатқан Аман деген бұл бала, жаздың ыстық күндеріне қарамастан, биыл да Ораза тұтқандардың бірі.

Қырғызстандық дәрігер Рамис Үсенбеков Ораза тұту дімкәс адамның денсулығына зиянын тигізеді десе, оның ауғанстандық әріптесі Мұстафа Федай денсаулығы нашар адамның ауыз бекітпеуіне болатындығы қасиетті Құранда қамтылғанын еске салған екен.

Біріккен Араб Әмірлігі Денсаулық сақтау министрлігінің директоры Әли бин Шахардың айтуынша, аталған елде мұсылмандардың денсулығына зиян келтірместен қалай ауыз бекіту керектігі арнайы дәрістерде үйретілетін көрінеді.

Ол дәрістер барысында ауыз бекіткенде және ауыз ашқан кезде қандай тамақ ішіп, үйде және түзде қанша уақыт болулары керектігі туралы кеңес беріледі екен.

Ал, Италия елінде, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін мұсылмандар ыстық күнде сусын ішуден бас тартатын болса, жұмыстан кететіндері ескертілген.

Германияда тұратын ауған текті дәрігер Акрам Маликзидің айтуынша, егер мұсылмандар Ораза тұтудың Исламдағы шарттарын ұстанатын болса, онда одан денсулыққа зиян келмейді.

- Ыстық күнде сусап, әрі ағзасындағы минералдардан айрылады деп, ниет еткен адамның Ораза тұтуына тыйым салу қиын. Ал, кедей адамдар туралы сөз басқа. Олар күннің ыстығынан қауіптеніп, үйінде отырса, бала-шағасын кім асырайды? Сондықтан үкіметтегі бай адамдардың мұқтаждарға көмектесуіне шақырамын, - дейді Маликизи.

Рамазан айында қысқа жұмыс күнін енгізу көптеген Мұсылман елдерінде тәжірибеге айналған.

БИЫЛҒЫ ҚАЖЫЛЫҚ САПАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Биыл доңыз тұмауының әлемге таралуы кесірінен қажылық сапарына барушыларға байланысты да кейбір өзгертулер енгізілуде.

Сауд Арабиясы биылғы қажылыққа барғысы келетіндердің жасы 12 мен 65 арасында болып, созылмалы аурулардан таза болуларын қадағаламақшы. Әлемде үш миллионнан аса зияратшылар жыл сайын қасиетті Меккеге қажылыққа барады.

Біріккен Араб Әмірлігі Қажылық істер министрлігі 2009 жылғы қажылық сапар үшін Қазақстанға тура былтырғыдай 4 мың квоталық орын бөлген.

2009 жылғы 27 қарашада басталатын биылғы қажылық сапарға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі былай деді:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі.


– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұсылман елдері бойынша Каирдегі Бас кеңсесі қажылық сапарына байланысты барлық мұсылман елдеріне 12-65 жас аралығындағы адамдардың ғана қажылыққа баруына рұқсат етуге ал, жасы 65-тен асқан адамдарға шектеу салуға ұсыныс түсірді. Ұсыныста қажылыққа баратын адамдардың денсаулығы туралы арнайы дәрігерлік анықтаманың міндетті түрде болуы да айтылған. Біз де бұл ұсынысқа оң көзбен қараймыз. Өйткені бізге өз азаматтарымыздың аман-есен елге оралғаны керек. Осыған орай діни басқарма атынан Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы хат дайындап жатырмыз. Хатта қажылыққа баратын адамдардың дәрігерлік тексеруден өтуін министрліктің қатаң бақылауға алуын сұрап отырмыз.

Қазақстаннан қажыға баратындарға қызмет көрсететіндердің бірі Алматыдағы «Яссауи» туристік фирмасының директоры Таңатар Қарабаевтың айтуынша, олар апаратын адамдардың жанында дәрігерлер болады. Және доңыз тұмауынан қалай сақтану туралы егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін де айтып отыр.