Назарбаевтың жеке басына табынушылық демократияның келешегі үшін қауіпті қарқын алып барады

Ақтөбе қаласындағы президент Н.Назарбаевтың қазақ хандарымен теңестіріліп салынған суреті

Өтіп бара жатқан 2008 жылдың басты ерекшеліктерінің бірі – Қазақстанда Назарбаевтың жеке басына табынудың күшеюі болып отыр. Бұл –Орталық Азиядағы экзотикалық автократ Сапармұрат Ниязовтан кейін жеке басқа табынудан пайда болған құбылыс.
НАЗАРБАЕВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ХАНДАРҒА ТЕҢЕСТІРІЛУДЕ

Жеке басқа табыну – Қазақстанда жаңа құбылыс емес. Бұл құбылыс жүйелі түрде өзінің тікелей иеленушілерін Сталиннен Хрущевке, одан Брежневке ауыстырып отырған. Енді міне, Қазақстанда Назарбаевтың жеке басына табынатын болды.

Бақытжан Шураев, жеке меншік компанияның қызметкері, Ақтау қаласының тұрғыны:
Ақтаудағы үйлердің бірінің қабырғасын алып тұрған президент портреті. 2008ж.


« Жеке басқа табыну неден көрінеді? Адамдардың түсінігі бойынша, теледидардан айналдырып бір нәрсені көрсете беру. Бір кездері біздің Ақтауда Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін тоғыз қабатты үйге тұтас ілген.

Онда қатарынан үш тоғыз қабатты үй тұр. Алғашында үйдің тұтас қырына оның портретін ілген еді, ал, көршілес үйлерде – Абылай хан мен басқа да атақты хандарымыздың портреттері тұр. Мұнысы Назарбаев –біздің бүгінгі ханымыз дегендей.

Бұл портреттер онда бір жылдай ілініп тұрды. Жоқ, тіпті, бір жылдан да ұзақ тұрды. Кейінірек алынғаны рас. Алып тастауына сол суреттердің түсін жоғалта бастауы себеп болған сияқты. Сонымен бірге қай жерден болмасын Нұрсұлтан Назарбаевтың “партия мен халық егіз ” деген сияқты “данышпандық ” сөздерін көруге болады. Мұның барлығы өткен күндерде ғана болып еді ғой. Мұндайда, біз мұны өтіп кеткенбіз демейтін ба еді?

Теледидарды қоса қалсаң да, көрсететіні- Назарбаев. Жеке меншік телеарнадан бізде ештеңе де қалмады. Сондықтан да мен біздің арналарды көрмеймін де.

Айтқандай, жақында менің мынаған зығырданым қайнады. Неге екенін білесіздер ме? Арманжан Байтасов та, біздің белгілі медиамагнат, “Нұр-Отанға” кіріп алыпты. Ол басқа жағдайда тірі қала алмайтын болған ғой, - деп ойлаймын».

Айман Сығай, Ақтөбелік бухгалтер, президент Назарбаевтың есімінің шектен тыс жиі айтылатынына тоқталды:

«Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну құбылысын кез-келген адамның, мейлі ол қарапайым адам болсын, жоғары дәрежелі шенеунік болсын сұхбаттарында міндетті түрде табыстарына да, жұмыстарына да президенттің есімін қатыстырып айта беруінен көремін. Керек жеріне де, керек емес жеріне де қыстыра береді. Меніңше, оның есімі, шектен тыс жиі аталуда.

Мен көшеде келе жатқанда, жарнамалық тақталарға, билбордтарға көңіл бөлмеймін. Жарнамалық тақталардан жауыр болған бір бейнені ғана көруге болады. Мұның әдетке айналғаны соншама, мен оған көңіл де бөлмеймін.
Назарбаевтың Олимпиада алауын алып бара жатқан суреті. Алматы, 2008 жыл


Мен мұның бәрі жеке басқа табынуға жата ма, жатпай ма білмеймін. Мемлекеттің бұрынғы басшыларының – мен кеңес үкіметі туралы айтып тұрмын - әрқашан және барлық жерде суреттері, портреттері ілініп тұратын. Бұл жеке басқа табынуың белгілеріне жатады ма, жатпайды ма, білмедім.

Әрине, оның портреттерін азырақ жапсыруға да болатын еді ғой. Біз қалай болғанда да, сол президентіміз айтудан шаршамайтын демократиялық ел емеспіз бе? Ал енді оған көрсетілетін сый-сияпаттар – ордендер, түрлі атақтар, мұражайлар және алғашқы президенттің ордені- ол өмірден кеткен соң жасалуы керек емес пе? Басқалай жағдайда бұл сыпайылылыққа жатпайды деп есептеймін».

Қарағандылық архитектор Сұрат Қайысбай Нұрсұлтан Назарбаевтың шексіз дәріптелуі туралы былай дейді:

« Біз не көреміз? Біз құдайдың құтты күні “Бағдадта бәрі тамаша” дегендей, бізде демокртиялық мемлекет екенін естіп жатамыз. Бәріне қасарысқанда, біз гүлденіп келеміз – дағдарыс бізде атымен жоқ. Алғашқы президентіміздің көрегендік басшылығының арқасында, экономикамыз да қалыпты жағдайда. Яғни біз күнде жалғыз адамның әрекеттерін дәріптеп жатамыз, оның жолдаулары, оның сөздерінен үзінділер айтып жатады, оның портреттері, суреттерін көреміз. Тағы да басқа осы сияқтылар »

“Хабар”, “Қазақстан” телеарналарын көрмесе де болады. Таңертеңнен кешке дейін сол бір “күйтабақты” айналдырып түрлі нұсқада, түрліше түсіндіріп қоя береді. Бұл адамды мезі қылып, жүректі айнытады.

Мені әсіресе, Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық келісім, мемлекет басшысының көрегендік саясатының арқасында сақталып отыр дегені ашуландырады. Ал мұның бәрі соншалықты әрлендіре, шабытпен жеткізіледі.

Алайда бұл маңдайы жеті қарыс болса да, бір ғана адамның еңбегі емес қой, халықтың, ежелгі бай рухани мұрасы бар қазақ халқының, еңбегі. Осындай мұрасының арқасында ғана қазақ жерінде көптеген халықтар мен ұлыстар өзара келісім мен бейбітшілікте өмір сүруде. Бұл мүмкін соншалықты шабытпен айтылған болар , мұның бәрі жеке бір адамның арқасында емес, менің халқымның даналық және бай рухани негізінде дер едім.

Бәрінен бұрын мені таңғалдыратыны, Назарбаевтың осы еңбекті өзі иемденгісі келетіні. Және мұны ғана емес, елдегі бар игілікті, тәуелсіздік жылдарындағы атқарылған істердің бәрін соның атына телиді. Бізде жасалып жатқанның, атқарылған істердің және болашақта орындалатын істердің бәрі бір адамның “ бастамасымен”, “тапсыруымен” немесе “қамқорлығы арқасында” . Не деген дарақылық! Бәрі мұны біледі, сезінеді».

САЯСАТКЕР УӘЛИХАН ҚАЙСАР НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖЕКЕ БАСЫНА ТАБЫНУ ҰЛТ ҮШІН МАСҚАРАЛЫҚ БОЛАТЫНЫН ЕСКЕРТЕДІ

Астанадан Уәлихан Қайсар, экс-сенатор, «Азат» партиясының Астана филиалының жетекшісі, бізге берген сұхбатында былай дейді:

«Біріншісі. Күні кеше [сұхбат 17 желтоқсанда өтті ] “Казахстанская правда” газетінің номерін қарағанда, мен бір қызыққа кенелдім. Газетте сегіз бет болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың атын атамайтын бірде-бір парағы, бірде бір мақаласы жоқ.
Атыраудағы ауруханалардың біріндегі Н.Назарбaевтың қанатты сөздері.2008ж.


“Казахстанская правда” газеті де “Егемен Қазақстан”газеті сияқты – біздегінің бәрі жақсы, тамаша болуы соның еңбегі, соның табыстары екенін айтып президент туралы ғана айтып, президентті ғана дәріптейді.

Екіншісі. Жеке басқа табыну дегеніміз не? Астанадағы билбордтардың 50 пайызы таза коммерциялық, 50 пайызы – оның фотосуреттері, портреттері, сөздері, жолдаулары, яғни, Астанадағы әрбір екінші билборд тек президент туралы»

Үшіншісі. Егер сіз кез келген мемлекеттік мекемеге кірсеңіз, айналаңызда, барлық жерде – сөрелерде оның кітаптары, оның сөздері жазылған плакаттар, қабырғаларда оның портреттері, оның суреті салынып тоқылған кілемдер ілінген.

Төртінші сәт. “Хабар” телеарнасын қарасаңыз, эфирде тек сол туралы ғана көрсетеді. “Қазақстан-1” телеарнасына ауыссаңыз, әрбір екінші телебағдарламасында президент туралы сөз болады.

Келесісі. Егер сіз мемлекеттік шенеунікті тыңдасаңыз, олардың айтатындары “ мемлекет басшысының бастамасымен”, “ бірінші президенттің ұсынысы бойынша”, “ Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен” немесе “ мемлекет басшысының қамқорлығы арқасында” деген ғана. Яғни, біздегінің бәрі және барлығы мемлекет басшысының арқасында.

Міне бұл жеке басқа табынудың ең қорқынышты түрі. Енді тіпті, мектептерде бірінші сыныптан бастап, біздің мемлекет басшымыз – Қазақстанның бүкіл тіршілігін ұстап тұрған адам дегенді балалардың санасына құйыла береді.
Енді қазақ сусындары да "нұр" деген атаудан басталатын болды. Алматы


Қазақстан , менің ойымша, мемлекет басшысының қамқорлығы арқасында емес, оған тәуелсіз өмір сүруде!

Егер тағы да біраз ойланып қарасақ, президенттің жеке басына табынудың бірнеше жарқын мысалын келтіруге болады. Мәселен, барлық соңғы атауларды алайық – барлығына «нұр» қосымшасын тіркестіреді. Жақында “Есіл” каналын “Нұр- Есіл” деп қайта атады. Астанаға кіріп келе жатқанда бұрынғы “Базаның” орнына “Нұр- Базаны” көресіз. Қазір мұндай мысалдарды көптеп айта беруге болады. Бүгінде барлық дүкендер өз атауларына «нұр» қосымшасын жалғап алған.Конституцияны президенттің ыңғайына қарай өзгерткенін айтпасақ та болады. Мемлекеттік әнұранның авторларының бірі президенттің өзі - міс. Көзі тірісінде алғашқы президенттің мұражайы, алғашқы президенттің ордені және т.б. пайда бола бастады.

Міне мұның бәрі ақылға сыйымсыз және шындыққа жанаспайды. Мен мұнда президенттің әрекетін адамгершілік тұрғыдан таразылап тұрғаным жоқ. Бұл бөлек әңгіме, бұл да өз алдына үлкен тақырып.

Ашығын айтқанда, қазақ халқының және Қазақстанның бірінші президенттен жолы болған жоқ. Бұл біздің халқымыз үшін үлкен масқаралық болды деп ойлаймын. Уақытында мұны шын сезінетін боламыз.

Мен көпшілік қауым бұдан дұрыс қорытынды шығарады деп ойлаймын. Мен біздің алғашқы президентіміз, біздің алғашқы ең сорақы масқаралығымыз да болатынына сенімдімін.

ЖАЗУШЫ ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛ АСТАНА НҰРСҰЛТАНҒА АЙНАЛАТЫНЫНА СЕНІМДІ

Қабдеш Жұмаділ, Алматыдан, публицист және жазушы, Астананың Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қайта аталуы мүмкін екеніне сенімді:

«Президент Назарбаевтың жеке басына табынудың белгілерін күнделікті және әрбір қадамымыздан көруге болады. Кез-келген баяндама Елбасынан басталады, барлық жақсы бастамалар президенттен шығады, барлық маңызды мәселелер мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен атқарылады.Ал Астанаға келсек, ол бізде одан басқа ештеңе жоқтай «біздің арымыз бен мақтанышымызға», «біздің жалғыз көңіл аударарлық орнынымызға», « жалғыз мұражайға» және « тұтас қазақ мемлекетінің ерекше сипатына» айналып кетті.

Енді президентті Астананың бас архитекторы және құрылысшысы деп атап, оған тіпті, “ Қазақстанның еңбек ері” атағын да бермек болды. Бұл туралы парламенттің биік мінберінен де айтылды.
Демек, бұл жақында жаңа қалаға, жаңа астанаға жаңа есім беруі, тіпті, адамның есімін беруі мүмкін. Бұл әурешіліктің бәрі – қаланың есімін қайта атауға дайындықтың жүріп жатқанын білдіреді. Мен осылай деп ойлаймын. .
Президенттің 70-жылдығына орай Астананы Нұрсұлтан деп қайта атайтыны туралы да айтылып жатқан сөз бар».

БИЛЛ КЛИНТОН ИРИНА САВОСТИНАҒА ӨЗІНІҢ ПОРТРЕТІН ҚАЛАЙ ЖІБЕРДІ

Ирина Савостина Алматыдан, «Поколение» қозғалысының көш басшысы, жеке басқа табынудың мұндайын бұрын соңды көрмегенін айтты:

« Иә мен жеке басқа табынуды барлық жағдайда көріп жүрмін. Жан- жағыңызға қараңызшы, “Нұр-Банк” , “Нұр -Отан”– мұның бәрі нені білдіреді? Нұрсұлтан Назарбаевтың банктері екенін бе? Солай болар?! Ал партия кімдікі? Жеке басқа табынудың мұндай түрін мен өмірімде көрмеппін.
Алатын кредитіңіздің де "нұрдан" басталмаса, сәні келмейтін сияқты. Алматы, 2008 жыл

Не деген бассыздық десеңізші! Кез-келген дүкенге кіріңізші. Онда «президенттік» ірімшік, «президенттік» нан, «президенттік» майды сатып ала аласыз. Астананың бір жерінде тағы сапасы ерекше «президенттік» дәретхана қағазы да бар дейді. Кейде мен президент үшін қынжыламын. Егер мен оның кеңесшісі немесе тағы да басқа жақын біреуі болсам, оған «президенттік», «назарбаевтық» дегендерді шығарып жүргендерді Колымаға жер аударып жіберу керектігін айтар едім. Сіз біздікілер әлеуметтік қорғаудың «чилилік нұсқасымен» «жағынғанын» және әлеуметтік қорғаудың жаңа тәсілін қолдана бастағанын білесіз бе? Осындай жаңа тәсілдің негізінде президенттік сайлау кезінде ( сайлау ойдағыдай өтуі үшін жасаған шығар) барлық зейнеткерлерге үш мың теңге [25 долларға жуық] көлемінде ақша қосылды. Осы үш мыңдық қосымшаны «президенттік», «назарбаевтық» деп атады. Мұндайды көрдіңіз бе?!

Бізге зейнеткерлерге бұл қосымша ақша Нұрсұлтан Назарбаевтың қалтасынан шығып жатқан «президенттік -назарбаевтық» ақша емес, бұл -әдеттегі негізгі зейнетақы екенін, мұндай негізгі зейнетақыны әлемнің қай бұрышында жұмыс істесең де алуға болатынын айтып түсіндіру қиын соғып жатыр.

Зейнеткерлік жасқа жеткен соң, қай мемлекетте болмасын саған күнделікті күнкөріс деңгейіне жетерлік негізгі зейнетақы төленеді. Қазақстанда күнкөріс деңгейі мәселен, тұтыну кәрзеңкесімен белгіленеді.

Бұл күнкөріс деңгейіне коммуналдық қызмет түрлері де, киім, аяқ киім сатып алу да, жуынып, қырыну да – ешқайсысы кірмейді. Бір нәрсені талғажау етуге жетеді. Бітті!

Қазақстанда күнкөріс деңгейі қоршаудағы Ленинградтың пайкісімен теңестіруге болады.

Күнкөріс деңгейін көтерудің орнына бізде сол бір үш мыңды қосып отыр. Ал бұл беріп отырған қосымшасы бізге тиісті соманың төрттен бірін де құрамайды. Түсінесіз бе? Бұл жеке басқа табыну емес пе, айтыңызшы? Бұл ұят тірлік!

Зейнетақыға қосылатын осы үш мыңды тағы да «президенттік», «назарбаевтық» деп атайды. Сонымен бірге зейнеткерлер бір-біріне «құдай сақтасын, өлмесін, егер президент өліп қалса, мұны да алып қояды деп»,- айтып отыратыны бар.

Біздің дәуірімізде әкелеріміз Отан үшін, Сталин үшін деп шабуылға шықты. Егер сол заман қазір келсе, оның портреттері, бейнесі әр бұрышта, барлық дәрежедегі шенеуніктердің кабинеттерінде іліулі тұрса да, ешкім Назарбаев үшін олай істемейді деп ойлаймын.

Мен бірде АҚШ президенті Билла Клинтонның Моника Левинскимен ашыналық байланысы туралы дау-жанжал өршіп тұрған сәтте Америкада болдым. Байғұс еркекті қайдағы бір әйел Моника үшін қинап жіберді- ау деген әйелдік ниетпен оны қолдауға бел будым. Оның портретін қайдан сатып алсам екен деп ойладым. Білесіз бе? Мен оның бір суретін де таба алмадым!

Моника – кеседе де, табақта да, ашық хаттарда да – барлық жерде. Ал президент еш жерде жоқ. Мен оған хат жаздым. Бәрібір оның қолына тимейді ғой деп, қалжыңдап жазғанмын ғой. Мен оған «сен абыржыма, мұның бәрі әйелдердің өсегі, “сені Хиллари түсініп, еліңе жақсы президент болып қалсаң болғаны” ,-деп жазған едім.

Білесіз бе, екі айдан соң президенттен жауап алдым. Ол маған жақсы тілектері жазылған өзінің суретін жіберіпті. Суретінде әйелі Хиллари екеуі отыр. Сол кезде маған президенттің портреті сайлауға дейін ғана ілінетінін айтқан еді.»