Таиландта қарумен ұсталған ұшақтың ізі Шымкентке тіреледі

Бортынан қару-жарақ жүгі табылып тұтқындалған ұшақ. Бангкок, 12 желтоқсан 2009 жыл

Ассошиэйтед Пресс агенттігінің тілшісі Саймон Шустердің мақаласында, солтүстіккореяның қаруын Иранға заңсыз тасыды деген айыппен Таиландта ұсталған ұшақтың ізі шымкенттік әуе компаниясына алып келді деген қорытынды жасайды.


ҚАУІПТІ ЖҮК


Саймон Шустер 2009 жылдың 11 желтоқсанында Бангкоктың әуежайына жанармай құю үшін қонған Ил-76 жүк ұшағы мен оның бес экипаж мүшесін Таиланд билігі ұстаған соң, бұл оқиға жұртқа жария болғанын жазады. Экипаждың төрт мүшесі Қазақстан азаматтары болса, бортинженер Михаил Петухов Беларусиядан.

Тілші, ұшақты ұстауға нұсқау берген елдің арнаулы қызметі туралы айтудан қашқалақтайды. Алайда, оқиғаның алғашқы күні-ақ жергілікті баспасөз де, әлемдік агенттіктер де Таиланд үкіметіндегі жоғары дәрежелі тұлғаларға сілтеме жасап, АҚШ арнаулы қызметінің көмектесекенін ашық жазды.

Естеріңізге сала кетсек, Солтүстік Кореяға қатысты Ким Чен Ирдің режимін оқшаулауға қатысты қатаң шаралар қарастылырған, оның ішінде күдікті теңіз кемелерін тексеру мәселесі де бар БҰҰ-ның №1874 резолюциясы әлі күшінде. Санкциямен қару-жарақтың барлық түрін саудалауға ғана емес, тіпті, солтүстіккореялық жолдастар үшін сән-салтанат бұйымдарын экспорттауға да тиым салынған. Мұндай қатаң санкциялар 2009 жылдың 25 мамырында Пхеньян жасаған ядролық сынақтан соң енгізілді.

Жүктің құжаттарына сәйкес, бұл қауіпті жүкке жауаптылар, алушы – Aerotrack Ltd украиналық компаниясы, ал жіберуші – солтүстік кореялық Korean General Trading Corporation компаниясы болып шықты.

2009 жылдың 11 желтоқсанында таиланд әскерилері контейнерлерді ашқан соң, онда құжатта көрсетілгендей мұнай құрал-жабдықтары емес, гранатометтер, шағын зениттік-зымырандық кешендер және үлкен көлемдегі жарылғыш заттар бар болып шыққанын естеріңізге сала кетейік. Әуел бастан «таксист жолаушының қалтасындағы заттар үшін жауап бермейді» деген қисынның шеңберінде әрекет жасаған ұшақтың экипаж мүшелері тұтқындалған сәттен бастап-ақ олар тек тасымалдаушылар, ал құжаттарда әскери жүк деп көрсетілмеген деген ұстанымдарынан айнымай отыр.
.
ЖҰМЫССЫЗ ҰШҚЫШТАР

Ассошиэйтед Пресс агенттігінің тілшісі Саймон Шустер жүкті алушы - Aerotrack Ltd компаниясының бар, жоқтығына байланысты қандай да бір дәлелді Киевтен таба алмады. Киевтегі кеңселік ғимаратта күзетшілер мен хатшылар бұл ғимаратта мұндай фирма «ешқашан болған емес» деп хабарлады. Ал, украиндарға тән Донецкая фамилиясы бар байланыстырушы адамды іздестіру нәтижесі киевтік телефон тұтқасын алған әйелдің бұл жекеменшік пәтер және мұнда ешқандай Виктория тұрмайды деп жауап беруімен аяқталды.

Дегенмен, Киевте Саймон Шустер шымкенттік бизнесмен Александр Зыковты көптен бері білетін, жаңазеландиялық SP Trading Ltd компаниясының қожайыны Юрий Линевпен кездесті. Мұның маңыздылығы мынада, Пхеньяннан әлгі кесірлі жүкті тасу үшін гонконгтік Union Top Management (UTM) фирмасына ИЛ-76 ұшағын бүкіл экипажымен дәл осы SP Trading Ltd компаниясы берген. Бұл олардың алғашқы рейсі болатын. UTM фирмасының 2009 жылдың 2 қарашасында Гонконгтің қытайлық оффшорында Дарио Кабрерос Гармендии атты испандықтың атына тіркелгендігі анықталды. Журналист ол адамды таба алмаған.

Алайда, ол Шымкентте ұшқыштардың жергілікті «магнат» Александр Зыков пен оның жүк тасымалдайтын East Wing компаниясына жұмыс істегенін әңгімелеп берген қазақстандық ұшқыштардың отбасыларымен кездескен.

Тұтқындалғандардың туыстарының айтынша Александр Зыков бұл экипажға он жылдан бері жұмыс беруші болған және ол Шымкентте аты аңызға айналған тұлға болып саналады. Саймон Шустердің жазуынша, «Совет Одағы күйрегеннен соң ұшақтар қаңырап, ұшқыштар жұмыссыз қалып», олар «қару саудасының пешкісіне» айналған.
.
Кәуәп пісіретін орындарының көптігімен ғана емес, сонымен қатар "көңілсіз және ескі үйлерімен" Ассошиэйтед Пресс агенттігі тілшісінің есінде қалған Шымкентте ол, әйтеуір Александр Зыковқа жұмыс істегенде Судан, Сомали тәрізді жанжал аймақтарына жүк тасығандарын растағанымен, аттарын атағысы келмеген ұшқыштармен кездескен.

Алайда, көптеген ұшқыштар Зыковты оларға жұмыс тауып берген, қамқорлық жасаған адам ретінде бағалаған. Қайда болса да ұшуға дайын тәуекелшіл ұшқыштардың көп болуының себебін тілші 1990 жылдардың басында әлі зейнет жасына жетпеген мыңдаған ұшқыштардың отставкаға кетіп, ал бизнесмендердің «советтік әскери-жүк ұшақтарын сатып алып, жүк компанияларын құрып», жұмысқа жалдамалы ұшқыштарды тартқанымен түсіндіреді.

Шымкенттік ұшқыштар, сонымен бірге, Ассошиэйтед Пресс агенттігінің тілшісіне «олар көп жағдайда ұшақ бортында қандай жүктің болғанын білмегенін», ал аты-жөнін атағысы келмеген инженердің «Сіздерге ұшу үшін ақы төлейді, ал жәшіктің ішінде не бар деп сұрақ қоймайсыздар»,-деп мәлімдегін әңгімелеп берген.
.
Сонымен бірге қауіпті сапарлардың алдында ұшқыштардың Александр Зыковқа ақы төленбейтін демалыс беруі жөнінде арыз жазып және ештеңенің мән-жайын сұрамай жүкті А нүктесінен Б нүктесіне дейін жеткізу үшін өзге әуе компанияларға жалданатын болғандары да анықталды.

ИЛ-76 ҰШАҒЫНЫҢ ЖЫРЫ

Мұндай жағдайлардың болатынын, оны Алматыдағы телефоны арқылы тауып алған журналистке, «аты аңызға айналған магнат» Александр Зыковтың өзі растады. Әрине, ұшақтың қожайыны ретінде тіркелген, бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын Александр Зыков пен оның әйелі Светлана Зыкова атышулы жүкке де, қару тасымалына да еш қатыстарының жоқтығын айтып, АП тілшісін ұшақты жалға алушылармен сөйлесуге жол сілтеді.

Бұл сапардың мұқият даярланғанын шымкенттік бортинженер Александр Зрыбневтің Киевке 2009 жылдың 26 шілдесінде келіп, сапарға шығу туралы бұйрықты бес ай күтіп жатқаны секілді деректің өзі айғақтап тұр. Бұл жайында Саймон Шустерге Александр Зрыбневтің әпкесі Светлана Найденова айтқан және экипаж мүшелерінің өзге екі туысы да бұл деректі "бір-бірінен бөлек" жағдайда растаған.

Естеріңізге сала кетсек, ұсталған соң зкипаж мүшелері сапарының соңғы баратын нүктесі Иран әуежайы емес, Киев болатынын мәлімдеді. Бірақ, кейіннен Украинаның ресми билігі де, өзге күдікті тараптар да жүктен бас тартты. Ал, Украина сыртқы істер министрі Петр Порошенко, сәл кейінірек, аталған ұшақтың "мұнай құрал-жабдықтарын» алып келу үшін Пхеньянға ұшып кеткенше, яғни 2009 жылдың 19 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында жанармай құю үшін Гостомель (Киевтен 25 шақырым қашықтықта) әуежайында тұрғанын растады.

Ассошиэйтед Пресс агенттігінің зерттеулері «ресейлік ескі ұшаққа» қатысты барлық жайларды анықтағанымен, сапарға тапсырыс бергеннің кім екендігі туралы ең маңызды сұраққа тура және нақты жауап бере алмады.

Сонымен, Біріккен Араб Әмірліктерінде Александр Зыковтың әйелінің атына тіркелген Overseas Trading FZE компаниясы, жасалып шыққанына 30 жыл болған ИЛ-76 ұшағын грузиндік Air West Аirlines фирмасына жалға береді. Ол өз кезегінде ұшақты 2009 жылдың 29 шілдесінде Жаңа Зеландияда SP Trading Ltd фирмасын тіркеген шымкенттік бизнесменнің «жақсы танысы» Юрий Линевке қосалқы жалға береді. Журналист бұл компанияның «қазақстандық экипаж мүшелері Киевке келгеннен соң үш күннен соң» тіркелгендігін айта кетеді.

Операцияның соңында, 2009 жылдың 4 желтоқсанында, SP Trading Ltd компаниясы ұшақты жүкті қабылдап алатын жұмбақ Aerotrack Ltd компаниясы үшін сапарды ұйымдастырған гонконгтік UTM фирмасына пайдалануға береді.

ЗЫКОВТАРДЫҢ ШЫМКЕНТТІК ОТБАСЫЛАРЫ

Александр Зыковтың бизнесінің құпиясын ашу үшін Ассошиэйтед Пресс агенттігінің тілшісі, Бейбітшіліктің халықаралық ақпарат қызметімен ынтымақтаса жұмыс істейтін, қару-жарақ контрабандасы бойынша маман Брайан Джонсон-Томасқа қайырылды. Брайан Джонсон-Томас орталықафрика елдерінің проблемаларына зерттеуге маманданған.

Александр Зыковтың аты-жөні сарапшыға таныс болып шықты. Және оның «санкцияларды бұзатын ұшу сапарларына қатыстылығы бірінші рет болып отырған жоқ". Брайан Джонсон-Томас АП тілшісіне мына жайды да айтып берді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2006 жылғы қарашадағы баяндамасына сәйкес, Светлана Зыкованың Overseas Trading FZE фирмасы бұдан бұрын да ұшақтарын 2006 жылы жалға беріп, бұл ұшақ 2006 жылы Израильге қарсы болған қысқа соғыста «Хезболла» қозғалысына көмекке келген сомалилік содырларды тасыған.

Қару тасымалы бойынша сарапшы Брайан Джонсон-Томастың айтуынша, шымкенттік Зыковтар отбасының ұшақтары, сонымен бірге, сомали еріктілерін Ливия мен Сирияда өткен оқу-жаттығуларына да тасыған. Алайда, Брайан Джонсон-Томас бұл оқиғаларға Зыковтар кінәлі деп қадап айтып отырған жоқ. Сомали сапарында да, Таиландтағы оқиға кезінде де «Зыковтар олардың ұшақтары не үшін пайдаланылатындығын шынымен де білмеулері мүмкін» деп айта кетті.

Ассошиэйтед Пресс агенттігінің тілшісі Саймон Шустер, «ұшақ бортындағы қару үшін ешкім өзіне жауапкершілік алмағанын» хабарлайды, бірақ мақала тақырыбынан көлеңкелі сауданың ізі Қазақстанға әкеледі деген емеурін анық байқалады. Саймон Шустердің пікірінше, әскери техниканың ең соңғы алушысы Еуропада, осы уақытқа дейін бықсып жатқан Балқан түбегінің аумағында.

«ТеҺраннан соң ұшақ Черногорияның Подгорице қаласына біржола келіп қонуы керек болған»,- деп аяқтады өзінің үш аптаға созылған зерттеуін Ассошиэйтед Пресс агенттігінің тілшісі Саймон Шустер.

КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕС

Естеріңізге сала кетейін, қару-жарақты заңсыз сақтағаны және жүктің сипатына байланысты қасақана жалған мәлімет бергені үшін айыпталып, 2009 жылдың қаңтар айында тұтқындалған экипаждың қазақстандық мүшелері Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа оларды босатуға көмектесуі жайында өтініш білдірді. Таиланд соты соңғы отырысында тұтқындалған ұшқыштарды кепілге босатудан бас тартты.

Таиланд жаққа құлағын тігіп отырған өзге де мүдделі адамдар өзгеше сұрақ қояды. Бірінші кезекте бұлар анонимді ұшқыштар мен әуе көлігі бойынша мамандар. ИЛ-76 ұшағының экипажына қатысты болған оқиғаға олар нақты қызығушылық білдіреді.

Рунетті пайдаланатын осы бір ерекше, әрі барынша хабардар адамдарды кәсібиліктен бөлек, ақша табу үшін күманды бағыттарға сапарға шығуға тәуекел ете алатын олардың көлеңкелі бизнесінің моральдық-этикалық жағы да қызықтырады.

ИЛ-76 экипаж мүшелерінің біз «...тек тасымалдаушылармыз және ұшақты жалға алған әуе компаниясының тапсырмасын орындадық» деген сөздерін кейбір пікір білдірушілер «...немерелерге арналған ертегі. Тәуекелге барудың бағасы ұсынылды және экипаж осы тәуекелге бел байлады» деп бағалайды.

Жол құжаттары бойынша бұл «жалпы азаматтық жүк» болған деген болжамға орай, бұл оқиғадан хабардар интернетті пайдаланушылардың бірі, қауіпсіздік техникасы тұрғысынан тіпті тыйым салынған жүгі бар контейнерге де пломба салынбайды, ал пломба салынған болса, «онда оның ішінде немесе қару-жарақ, немесе қандай да бір материалдық құнды заттар (ақша, алтын, диппошта) бар және бұны экипаж мүшелері анық түсінулері керек» деген пікір білдіреді.

Ұшқыштардың әскери қару-жарақ тасуға қатысуы есірткі тасығанмен бірдей, өйткені екеуі де өлтіреді, деген пікір қызу пікірталасқа өзек болған. Кейбір интернет-пайдаланушылар пацифистерге қарама-қарсы, «әзірге әлем тынышталмай тұрған кезде мұндай «жұмыстар» қажет болады. Көптеген адамдардың бұдан бас тартуға батылы жететін болса, ол өзге әңгіме»,-деген прагматикалық пікір білдіреді.

Алайда, АҚШ пен Таиланд арнаулы қызметтерінің бірлескен операциясының басты мағынасымен авиациялық сайттар мен форумдарды пайдаланушылардың көпшілігі үнсіз келіседі. «Олар барлығын бақылап отырғандығын ескерту үшін, барлық қара тасымалдаушыларға не болатындығын көрсету үшін» -деп есептейді олардың бірі.

Дегенмен, ресейлік Regnum ақпарат агенттігіне берген сұқбатында Қауіпсіздік жөніндегі Еуропалық агенттіктің Қазақстан бойынша инспекторы Әшім Туғанбаев (шамасы әңгіме Авиациядағы қауіпсіздік жөніндегі Еуропалық агенттік туралы болып отырған шығар – Азаттық радиосы) жүргізілген операцияны табысты деп есептемейтіндігін білдірген.

«Қайдан болса да, бұл арнаулы қызметтер бақылаудағы деп аталатын операцияны соңына дейін жеткізе алмаған. Тергеу барлық тізбек, барлық лас схема (қару сататын – Азаттық) бойынша жүргізілмейді. Өйткені бұл жерде олар анық кемшілік жіберген. Операция соңына дейін жеткізілмеген. Сол себепті кез-келген қызметтегі ақпарат көзіне еш нәтиже жоқ жерде тыңшыларын ашудың мағынасы жоқ. Сондықтан олардың ешнәрсені дәлелдей алмайтынына, ұшқыштарды босататынына мен 100 пайыз сенімдімін»,-деген оптимистік пікірмен аяқтайды сөзін Әшім Туғанбаев.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың хабарлауынша, қазіргі уақытта экипаж мүшелерінен жарылғыш заттарды сақтағаны үшін деген өте ауыр бап алынып тасталды. Бұл үшін оларды өлім жазасы күтіп тұрған. Таиландтағы Қазақстан елшілігінен келіп түскен соңғы ақпараттарға қарағанда, қалған айыптаулар бойынша экипаж мүшелері 10 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.