Мұхтар Әлиевтің құлағын шулатқан сыртқы істер мекемесі енді жақ ашпай отыр

Солдан оңға: Мұхтар Әлиев, Нұрсұлтан Назарбаев, Рахат Әлиев, Сара Назарбаева (жеке мұрағаттағы сурет).

Австриядағы Қазақстан елшілігі Мұхтар Әлиевтің жанжал туғызған қолжазба өтінішін алу үшін елшіліктегілердің өзіне дәрі-дәрмек қолданғаны туралы Азаттыққа айтқан мәлімдемесін толықтай жоққа шығарды. Қазақстан С!М соңғы оқиғалар жайында ешнәрсе демейді.
«ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ҚОНАҚ ҮЙДІҢ ФОЙЕСІНДЕ ОТЫРҒАН»

Венадан жеткен соңғы мәліметтер бойынша, Мұхтар Әлиев «Мариотт» қонақ үйіне, осының қарсаңында Австриядағы қазақ елшілігінен әкесін шығарып алу үшін күйеуімен бірге Лондоннан ұшып келген үлкен қызы Гүлшаттың нөміріне тоқтады.

Әлиевтің ұлы Рахат Әлиевтің Азаттық радиосына айтуынша, «үш көлікпен келген Қазақстан елшілігінің жеті өкілі таңертеңнен бері қонақ үйдің фойесінен кетпей қойған. Олар Мұхтар Әлиевпен кездестіруді талап еткен, бірақ ол кездесуден бас тартты. Сонда да олар фойеде күтіп отыра берді».

Мұхтар Әлиевтің қызы күйеуімен бірге веналық полициядан елшілік қызметкерлерін қонақ үйден шығарып жіберуді өтінген. Полиция Мұхтар Әлиевтің мазасын алмай, шиеленіскен жағдайды одан сайын ушықтырып жібермес үшін дипломаттарға қонақ үй ғимаратынан кетуін бұйырған.

Жақындарының хабарлауынша, «қарт Әлиевтің хал-ахуалы нашар күйінде қалып отыр. Венадағы госпитальдардың бірінен дәрігерлер келіп, науқастың денсаулығын тексеріп емдеуге аурухагаға жатқызуы тиіс болатын».

МИНИСТРЛІКТЕГІЛЕР ҮНСІЗ

Бұл уақытта, Мұхтар Әлиевті баласы Венадағы жеке үйінде күштеп ұстап отыр-мыс деген ақпаратты сейсенбі күні Астанада арнайы брифинг шақырып, алғашқы болып жұртқа жайып, қарт Әлиевтің қазақ елшілігінде жазған өтінішін таратқан Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мамырдың 6-ы күні үнсіз қалды.

Австриядағы Қазақстан елшісінің орынбасары деңгейіндегі кеңесші-уәкіл Алтай Әбибуллаев Мұхтар Әлиевтің елшілікте оған бір дәрілер бергендігі туралы мәлімдемесін толықтай жоққа шығарды.

Венадан телефон арқылы Азаттыққа берген сұхбатында Алтай Әбибуллаев қарт Әлиев елшілікке келгенде түрі шаршаңқы, өңі солғын болғанын атап өтті. Алтай Әбибуллаевтың айтуынша, операцияны басынан өткерген қарт кісіге елшілікке дейін 20 шақырым жүріп келгендігі оның денсаулық жағдайына әсер еткен.

Мұхтар Әлиевтің өтініші бойынша, Қазақстан елшілігінің өкілдері австриялық белгілі кардиохирург Катарин Киссті шақыртқан. Науқастың денсаулығын тексеріп, электрокардиограмма жасаған дәрігер Әлиевтің жағдайы жақсы, қан қысымы мен жүрек соғысы қалыпты екендігін айтқан. Дәрігердің тексеруіне аудармашы қатысқан.

Бұдан бөлек кеңесші-уәкіл Алтай Әбибуллаев Мұхтар Әлиевтің қызымен Рахат Әлиевтің адвокаттары арқылы байланыс орнату елшіліктің бастамасымен жүзеге асқандығын атап көрсетті. Қарт Әлиев қызымен телефон арқылы сөйлескеннен кейін ғана ұлына қайтуға ниет білдірген.

ЖУРНАЛИСТЕР ВЕНАДАН КЕЛЕТІН АВИАЛАЙНЕРДІ КҮТТІ

Бұл аралықта, мамырдың 5-і күнгі кештен бастап, Нұрсұлтан Назарбаевтың ескі құдасы, қуғынға ұшыраған бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің әкесі төңірегіндегі оқиғалар ресми рең алғаннан бастап, Мұхтар Әлиев туралы кез келген ақпарат топ-жаңалыққа айналып отырды.

Ал, келесі күні, мамырдың 6-да, Қазақстандағы интернет-порталдар және ақпарат агенттіктерінің барлығы дерлік, Рахат Әлиевтің есімімен байланыстыларын есептемегенде (осы жайттың өзі қызықты), Мұхтар Әлиев туралы кез келген мәліметті жариялауға тырысып бақты.

Масс-медиа күткен, бірақ жүзеге аспай қалған басты жаңалық - Мұхтар Әлиев Астанаға ұшып келмеді! «Эра» телеарнасының журналистері, «ҚазТАГ» агенттігінің хабарлауынша, таңсәріден Венадан келетін жолаушылар ұшағын күтіп алуға астаналық әуежайға барған.

Дегенмен бұл ақпарат Азаттық радиосына ертерек жеткен еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Азаттықтың тілшісімен телефон арқылы сөйлескенде академикті әпкесі Гүлшәт елшіліктен шығарып, веналық қонақ үйлердің біріне орналастырғандығын айтқан болатын.

Кейінірек Мұхтар Әлиевтің өзі Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында ұлы Рахат Әлиевтің өзін Венада күштеп ұстап отырғандығы және биліктен елге қайтуға көмек сұрағандығы туралы мәлімдемесінен бас тартатындығын хабарлады.

«Мен өзім қол қойған нәрселердің бәрінен бас тартамын... Олар маған бір дәрілер берді», - деді ол телефон арқылы Азаттық радиосының тілшісіне.

Мұхтар Әлиевтің қайда екендігі туралы қарама-қайшы ақпараттар түсіп жатты. Мамырдың 6-ы күні түске жақын «ҚазТАГ» агенттігі, инсайдерлік дерек көздеріне сүйеніп, Мұхтар Әлиев қызымен бірге Лондонда деп хабарлады.

АВСТРИЯЛЫҚ АДВОКАТ: ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙЛІ ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

Кейінірек осы аталған агенттік, бұл жолы бұрынғы елші Рахат Әлиевті елге экстрадициялау мәселесі бойынша Қазақстанның мүддесін қорғаушы австриялық адвокат Вольфганг Морингерге сілтеме жасай отырып, басқа бір ақпарат таратты. Вольфганг Морингер «КазТАГ» агенттігіне белгілі академиктің әлі де Венада екендігін және ешқайда кетпегендігін хабарлады.

«Маған Мұхтар Әлиев дәл қазір Венада екендігі белгілі», - деді Вольфганг Морингер.

Ал, қазақстандық СІМ кеңінен таратқан, Мұхтар Әлиевтің өзінің ұлы Рахат Әлиевке қарсы бағытталып жазылған үндеуге қол қоярдан бұрын оған елшіліктегілер бір дәрілер бергендігі туралы айтқандарына қатысты Вольфганг Морингер «ҚазТАГ» агенттігіне былай деді:

«Шын мәнінде осылай болса және Мұхтар Әлиев шын айтса, онда егжей-тегжейлі зерттеу жүргізілуі тиіс».

Қазақстанның Австриядағы дипломатиялық өкілдігінің айналасын веналық полиция күзетіп тұрғандығына қарамастан, Мұхтар Әлиевтің туыстарымен бірге елшілік ғимаратын қандай жағдайда тастап шыққандығы адвокат Вольфганг Морингерге белгісіз.

Ақпарат майданы осылайша қызып тұрғанда қазақстандық билік үн қатар емес. Тіпті алғашқы дерек көзі – елдің сыртқы істер мекемесі – мамырдың 6-ы күні, ақпарат беруге әзір болмады. СІМ баспасөз хатшысы Ілияс Омаров бірнеше мәрте телефон арқылы Азаттық радиосына белгілі болған жайттарды баяндап беруге уәде берумен болды. Соңғы рет «бір сағаттан соң хабарласуды» өтінді. Алайда белгіленген уақытта және одан кейін де Ілияс Омаров телефон қоңырауларына жауап бере қоймады.

P.S. Бейсенбі, мамырдың 7-і күні, Азаттық радиосының редакциясына хабарласқан Австриядағы Қазақстан елшісінің орынбасары деңгейіндегі кеңесші-уәкіл Алтай Әбибуллаев елшілік қызметкерлері қонақ үйге Әлиевтер отбасының шақыруы бойынша барғанын айтты. Алтай Әбибуллаевтың берген түсініктемесін мына жерден тыңдай аласыз