«Пью» зерттеу орталығының баяндамасы бойынша, әйелдер білім жағынан күйеулерін басып озған, ал әрбір бесінші отбасының негізгі асыраушысы - әйел, деп жазады «Вашингтон пост» газеті.
ЖАҢА ҒАЛАМДЫҚ ЭМАНСИПАЦИЯ
Қаңтардың 19-күні «Пью» зерттеу орталығы отбасындағы әйелдердің рөлі туралы зерттеу нәтижесін көпшілікке ұсынды. Онда соңғы қырық жылдың ішіндегі әлеуметтік өзгерістер туралы баяндалған. Сарапшылар отбасын құру арқылы әлеуметтік ахуалын нығайтып, өзінің экономикалық жағдайын күшейтуге қол жеткізген ер адамдардың саны көбейгенін аңғарған, деп жазады «Вашингтон пост» газеті.
Ерлер әдетте өздерімен білімі деңгейлес әйелге үйленіп тұрмыс жағдайын түзеп алуға тырысатын көрінеді.
Салыстырып көру үшін 1970 жылғы деректерді қарастырған. Ол кездегі ерлер көбінесе өзінен білім деңгейі төмен әйел алуға бейім болғанын байқауға болады. Сонымен қатар, ол уақытта отбасын құрған әйелдер арасында жұмыс істейтіндер саны қазіргіден әлдеқайда аз болған екен. Содан бері өткен уақыт ішіндегі өзгерістер «отбасын құру арқылы пайда табу ісінде жыныстар рөлінің қарама-қарсы түрде өзгеруіне себепші болды» деген аталған зерттеме сөзін келтіреді басылым.
«Түбірлі өзгерген нәрсе – ол отбасын құрудың ерлер үшін әйелге қарағанда пайдалырақ мәмілеге айналғаны, – дейді «Пью зерттеу орталығы» жариялаған баяндама ауторларының бірі Ричард Фрай. – Қазіргі күні көбінесе отбасын құрған ерлердің жұбайлары көп жұмыс істейді. Әйелінің білімі күйеуінікінен артық боп жататын мысалдар да көптеп кездеседі».
1970 жылы сүрбойдақ еркектер «үйленген ерлерге қарағанда, экономикалық ахуалы мығымырақ болатын, – деп атап көрсетеді ол. – Алайда, қазір жағдай өзгерді».
Зерттеушілер Американ санақ бюросының дерек қорынан алынған ақпарды топтастырып, АҚШ-та дүниеге келген әрі жасы 30 бен 44 аралығын қамтитын жұбайлардың өмірінде табыс пен білім қандай рөл атқарды деген сауалға жауап іздеген. Нақ осы жастағы адамдар тобы ішінде АҚШ тарихында тұңғыш рет бакалавр дипломына ие болған әйелдер саны осындай дипломға ие ерлер санынан асып отыр.
Баяндаманың мазмұнына қарағанда, аталған отбасылық жұптардың жартысынан астамында жұбайлардың білім деңгейі бірдей дерлік екен. Зерттеу жүргізілген отбасылық жұптардың 30 пайызында әйелінің білім деңгейі ерінікінен асып түскен. Ал отбасылардың 20 пайызында әйелінікінен ерінің білім деңгейі асып түскені тіркелген.
Отбасы бюджетіне ақшалай пайда әкелуде басты рөлді әлі де ер адам атқарып отырған көрінеді – зерттелген жайттардың 80 пайыздайында олардың әйелімен деңгейлес не артық мөлшерде табыс табатыны белгілі болған. Әйтсе де, күйеуінен көбірек табыс табатын әйелдер саны 4 есе дерлік артқан: егер 1970 жылы бұл көрсеткіш 4 пайыз болса, енді ол 22 пайызды құрап отыр, деп жазады «Вашингтон пост».
«XX ғасырдың ортасынан басталып, жалғасып келе жатқан отбасын құрудың материалдық мазмұнында орын алып отырған тарихи өзгеріс үрдісін байқауға болады, – деп атап көрсетеді жұбайлар жұптарының жағдайын кеңінен зерттеген Джонс Хопкинс университетінің әлеуметтанушысы Эндрю Черлин. – Бұрындары, әдетте, ері жұмыс істеп, әйелі бала бағып, үйде отыратын. Енді олардың екеуі де жұмыс істейді және тапқанын ортақ отбасылық бюджетке біріктіреді».
МАТРИАРХАТ ЗАМАНЫ ОРАЛЫП КЕЛЕ МЕ?
Экономикалық дағдарыс аталған үрдіс аясында болып жатқан өзгерістер қарқынын үдетті, деп түсіндік береді бұл ахуалға басылым. Зерттеу 2008 жылы еңбек жасындағы қызметкерлер арасында жұмыстан айрылғандардың төрттен үші ерлер болғанын көрсеткен.
«Әйелдер арасында жұмыстан айырылу көрсеткіші бұдан төмен деңгейде болғандықтан қазір әйелдер бұрынғыға қарағанда отбасын асырауға қатысты басты жауапкершілікті өз иығына артып отыр», – деп түсіндіреді әлеуметтанушы маман Кэтлин Джерсон. Ол «Аяқталмаған революция: Америкада қалайша жаңа ұрпақ отбасын, жұмыс пен жынысты өзгертіп жатыр» деп аталатын кітаптың ауторы.
«Экономикалық дағдарыс бұрыннан, көп уақыт бойы білінбей дамып келген кейбір үрдістің бетін ашып берді», дейді Кэтлин Джерсон.
Ерлер әлі де әйелдерге қарағанда көбірек табыс табады, алайда олардың табысының деңгейі арасындағы айырмашылық азайып келеді. 2007 жылы толық ставка бойынша жұмыс істеген әйелдердің жалақысының орташа мөлшері шамамен 33 мың доллар болған. Бұл көлемі 46 мың доллар болатын ерлердің жалақысының орташа мөлшерінің 70 пайыздайына тең болады. Ал 1970 жылы әйелдердің жалақысының орташа мөлшері шамамен ерлер жалақысының орташа мөлшерінің 50 пайызына ғана тең болыпты.
«Бұрындары әйелінің өзінен көп табыс табатынына ерінің намыстанары әдеттегі нәрсе болған болуы әбден мүмкін, – деп атап көрсетеді Черлин. – Алайда, бүгінгінің ерлерін көп табыс табатын әйелмен шаңырақ құру масаттандыратыны жайлы мысалдар көптеп кездеседі».
Сөз болып отырған экономикалық өзгерістер білім алу саласында әйелдердің қарыштап алға басуымен дөп келіп отыр. Бүгінде бакалавр дипломына ие ерлердің 70 пайыздайы осындай деңгейлі дипломы бар әйелмен шаңырақ көтеріп отыр. Ал 1970 жылы бұл көрсеткіш 37 пайыздай ғана болыпты. Сонау 1970 жылы үйлі-баранды ер адамдардың көбісінің әйелі жұмыс істемеген екен. Ал қазір отбасылы әйелдің көбі күйеулері тәрізді жұмыс істейді.
«Көптеген жыл бойы шаңырақ көтеру әйелдер үшін өзінің экономикалық ахуалын түзеп алудың ұтымды бір әдісі болып келді, – дейді «Пью» зерттеу орталығы жария еткен баяндама ауторларының бірі Д'Вера Кон. – Енді осы әдіс арқылы көбірек табыс деңгейіне қол жеткізу біртіндеп ер адамдардың еншісіне айналып барады».
ЖАҺАНДАНУДЫҢ ЖАҢА ҚЫРЫ
Аталған үрдістер мансап атаулының түрлі саласында әйелдердің алға ілгерілегенін көрсетеді, дейді сарапшы мамандар. Бұл үрдістер аталған сфералардағы ерлердің рөлінің кері кеткенін көрсетті. Мұндай регресс ұлттық экономиканың жалпы құрылымында өндірістің әрі дәстүрлі түрде ер қызметкерлер саны басым болып келген жұмыстың басқа да түрлерінің үлесінің азаюымен қабаттасып келіп отыр.
1970 жылы АҚШ-та орта мектеп бітірген ерлердің әйелдерінің 4 пайыздайы ғана күйеулерінен көп табыс тауып отырған екен. Ал қазір бұл көрсеткіш 25 пайыз мөлшеріне жеткен.
Дәл сол 1970 жылы бакалавр дипломына ие ерлердің 4 пайыздайы ғана өз әйелінен аз табыс тауып отырған көрінеді. Ал қазір бұл көрсеткіш 23 пайыз мөлшеріне өскен. Егер 1970 жылы колледж бітірген ерлердің 3 пайызының ғана әйелдері олардан көп табыс тауып отырған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 пайызды құрайды.
«Әйелдер отбасы бюджетіне көбірек түсім түсіре бастағандықтан, олардың жалпыотбасылық шешім қабылдаудағы беделі мен рөлі өсті, – деп мәлімдейді Эндрю Черлин. – Дегенмен, әйелдер үй ішіндегі барша істерге қожалық етеді деуге келмейді. Бір айта кетерлік жайт, қазіргінің әйелдері шешім қабылдауда күйеуімен терезесі тең болуға, бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда сенімді негізде қол жеткізіп отыр».
Зерттеу нәтижесінде, ақ түстілерден басқа нәсілдер өкілдері арасында кей көрсеткіш бойынша айтарлықтай айырмашылық байқалған. 1970 жылы тұрмысқа шыққан, жұмыс істейтін афроамерикан әйелдерінің саны тұрмыс құрған ақ түсті әйелдердің санынан көп болған. Әрі ол жылы, көптеген жағдайда, афроамерикан әйелдердің білім деңгейі күйеулерінікінен тәуірірек болыпты.
2007 жылы тұрмыстағы афроамерикан әйелдерінің үштен бірінің білім деңгейі күйеулерінікінен тәуірірек болған, бұл бүкіл Америка бойынша осындай орта көрсеткіш деңгейінен асып түседі. Бакалавр дипломына ие афроамерикан ер адамдарының 25 пайыздайының әйелдері күйеулерінен көбірек табыс тапқан екен. Ал дәрежесі төменірек дипломға ие не университет бітірмеген афроамерикан ер азаматтарының әйелдері күйеулерінен артық табыс табатыны туралы мысалдар бұдан әлдеқайда жиірек кездеседі.
Баяндама ауторлары азиат және испан тілді жұбайлар арасында жүргізілген зерттеу нәтижесін жарияламаған.
Зерттеу нәтижелері байқатып отырғандай, отбасын құрушылардың өзінің саны біршама азаю үрдісін көрсеткен. 1970 жылы жасы 30 бен 44 аралығын қамтитын адамдар тобы ішінде 85 пайыздайы отбасын құрғандар болған екен. Ал қазір енді бұл көрсеткіш 60 пайыздайға түсіп кеткен.
Афроамерикандар арасында отбасын құру нормасы бұдан төмен болған: егер 1970 жылы афроамерикан әйелдерінің 60 пайыздайы отбасын құрса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 33 пайыз мөлшеріне дейін азайып кеткен, деп жазады «Вашингтон пост» газеті.