Назарбаев пен Әбілсейітов Байқоңыр ғарыш айлағын жалға бергенде ғарышкер Әубәкіров оларды қолдамады

Союз ТМА-13 зымыран тасығышының Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылу сәті. 12 қазан 2008 ж.

Ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев Қазақстанға «Байқоңыр аймағын өзіміз меңгеруге дайындалуымыз керек» деп отыр. Дегенмен Қазақстанның Байқоңырды жекелей игеруі мүмкін емес дейді сарапшылар.
ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ ҒАЛЫМ ӘБІЛСЕЙІТОВТЫ БАЙҚОҢЫРДЫ ЖАЛҒА БЕРДІ ДЕП АЙЫПТАЙДЫ
Қазақтың ғарыш айлағының жалға берілуі туралы әңгіменің негізі бұдан 14 жыл бұрын қаланған. Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында сол уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық аэроғарыштық Агенттігін басқарған тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарыш айлағын жалға беруге емес, бірлесіп игеруге арналған Шарттың жобасы дайындалғанын айтады.
Тоқтар Әубәкіровтың сөзіне қарағанда, ҚР ҰАА-ның барлық басшылары заңгерлермен, сарапшылармен бірлесе отырып, Ресейдің ғарыштық мекемелері, оның ішінде, Ресейдің әскери–ғарыштық күштерімен бірге, Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы Шарт жобасын дайындаған. Шарттың барлық тетіктері ресейліктермен бірге алдын-ала өткізілген отырыста қаралып, келісіліп, қабылданған болатын.
- Содан соң, - дейді Тоқтар Әубәкіров, - кенеттен Кремльде құжатқа қол қою кезінде Байқоңырды жалға беру туралы құжаттың жобасы қалқып шыға келді. Шарттың бірінші нұсқасының орнына Байқоңырды ресейліктерге жалға беру туралы екінші нұсқасына қол қойылды да кетті.
Тоқтар Әубәкіров ҚР ҰАА-ның бас директоры кезінде Шарт жобасының дайындалуына тікелей атсалысқан еді. Ол мемлекетаралық осындай Шарттың балама нұсқасы дайындалып жатқандығы туралы «ешкім де еш жерде де жақ ашқан жоқ» дейді.
Ал екінші нұсқа Тоқтар Әубәкіровтың айтуынша, тіпті ешкіммен келіспей-ақ, Ресейден қабылдап алынып, Қазақстан Республикасына беріле салған нұсқа болды.
ҚР ҰАА дайындауға қатыспаған екінші нұсқа қабылданғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров министрлік қызметтен бас тартады.
«Осы идеяны алға тартқан Ғалым Әбілсейітов болды. Ол сол кезде Ғылым және жаңа технология министрі және Қазақстанның вице–премьері болатын. Оны Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қолдайтын, соның арқасында Ресейге Байқоңырды жалға берді. Енді оның соңы неге ұрындырып отырғанын өздеріңіз көріп отырсыздар», - деп қорытындылайды осы Шарттың нәтижесі туралы арада тура 14 жыл өткеннен кейін тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров.
Бұл жерде Ғалым Әбілсейітов Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып тұрғанында 1994 жылдың бас кезінде Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельцин қол қойған Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру туралы келісім жобасын дайындаған жұмыс тобын басқарғанын айта кету керек.
ҒАЛЫМ ӘБІЛСЕЙІТОВ ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВТЫ «ІШКІ ТӨҢКЕРІСІ» ҮШІН АЙЫПТАЙДЫ
Өз кезегінде Ғалым Әбілсейітов мұны «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге бірінші ресми сапары кезінде қол қойылатын Шарт жобасының дайындалуына қатысы бар қазақ сарапшыларының аса ыждаһатсыздығы мен тәртіпсіздігінен» (оның ішінде, ҰАА-ның бас директоры Тоқтар Әубәкіров те болуы мүмкін) деп түсіндіреді. Сол кезде Ғалым Әбілсейітов премьер-министрдің орынбасары ретінде осы жұмысты басқарған болатын.
«Соңғы сәтке дейін - президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге ұшып келгеніне дейін оның Борис Ельцинмен алдын-ала кездесуіне дейін біз бір шешімге келе алмадық. Шешім ең соңғы сәтте шығарылды», – деді Азаттық радиосына берген сұхбатында Ғалым Әбілсейітов.
Ғалым Әбілсейітовтың сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев ұшақтан түсе салысымен Ресейдің сол кездегі премьер–министрі Виктор Черномырдинмен бірге Борис Ельцин емделіп жатқан Завидовоға бірден жол тартты. Ал ресми келісімдер мен құжаттарға келесі күні қол қойылатын болды.
Одан әрі Ғалым Әбілсейітов былай дейді: «Нұрсұлтан Назарбаев Завидоводан Мәскеуге Черномырдинмен бірге түн жарымына қарай келді де, тараптап өзара әлі аяғына дейін шешілмеген мәселелер жайында ишара білдірісті, оның ішінде Байқоңырды жалға беру туралы да айтылып қалды. Осы түнгі кездесуде Назарбаев маған, Черномырдиннің және екі жақтың бірнеше ресми адамдарының көзінше: «болды, біз Ельцинмен жалға беру нұсқасы туралы келістік!» деді.
Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев «ертең құжат болсын, себебі, делегацияның кездесуі сағат 10-да» деп қосып қойды. Сағат 10-да, мен жаңылмасам, президенттер көзбе-көз кездесулері керек еді. Ал, сағат 12-де екі ресми делегацияның кездесуі, одан соң құжаттардың түпкілікті дайындалуы жоспарланған. Меніңше, кешкі сағат 6-да Кремльдің ресми залында құжаттарға қол қойылуы керек еді. Яғни, бәрінің уақыты аса тығыз болды».
Келесі күні таңертең президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, вице-премьер Ғалым Әбілсейітовтың қазақстандық жұмыс тобына берген тапсырмаларына қарамастан, қазақ сарапшылары Шарттың біршама дайын нұсқасын қол қоюға ұсынғаны мәлім болды.
Бірақ, Ғалым Әбілсейітовтың айтуынша, бұл жоба «ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану туралы емес», Тоқтар Әубәкіров айтқандай, «әлдебір күрделі қарым қатынастарға байланысты, әлдебір қиын нұсқалар туралы болып шықты».
Вице-премьер Ғалым Әбілсейітовке бұдан соң «осының бәрін істеген Тоқтар Әубәкіров екендігі, оның қазақ сарапшыларының ісін бөгеп, «іштен шалғаны» белгілі болды.
Одан соң Ғалым Әбілсейітов Кремльге келіп, Қазақстанның премьер-министрі Сергей Терещенкоға жолығып, Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру туралы шарт жобасын жазуға кірісті.
«Ал содан соң жалдың төлемақысы жайлы Сергей Терещенко Виктор Черномырдин екеуі оның кабинетінде оңаша қалып, өтемақыны жылына 115 миллион АҚШ доллары көлемінде белгілеген», - деп тұжырымдайды Ғалым Әбілсейітов.
Ғалым Әбілсейітов мынадай жайтты еске түсірді:
«Біз қол қойылатын құжатты күтіп отырғанда, біреу менің жеңімнен тартып: - мында саған бір қағаз бар деді де, бір қағаздарды көрсетті, онда менің сарапшыларым маған жала жауып, мен «әлдебір нұсқаны өткізіп жіберді» деген мазмұнда президентке хат жазған екен.
Сосын кешке Назарбаев осы «сандырақ» сөздерді менімен бірге оқи отырып, күлді де былай деді: «көрдің бе, бізде Қазақстанда істің қалай жасалатынын!» Міне, осындай шытырман оқиға болды. Қазақстанға қайтып оралған соң, мен, ұмытпасам сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаевтан болса керек, «қазақ халқының мүддесін сатқан», яғни мен Байқоңырды орыстарға сатқан адам деген атақ алып шыға келдім.
Бұдан соң Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезінде осы құжатты парламенттің бекіткеніне қарамастан толықтай қарсылық білдірді.
Соған қарамастан бұл жалғыз дұрыс шешім еді деп есептеймін. Осы шешімге байланысты біз Ресеймен Қазақстанның осы кезге дейін қордаланған қарыздарын толық жоюға қол жеткіздік. Ол қарыз көлемі сол кезде 2,5 миллион АҚШ долларын құраған болатын.
Оның үстіне, осы Шарттың арқасында Байқоңыр ғарыш айлағы сақталды, жұмыс істеп жатыр, тәуелсіз Қазақстанға өзін абыроймен көрсетуде».
ТӨЛЕГЕН ЖҮКЕЕВ ҚАЗАҚСТАНҒА ҒАРЫШТЫҚ ДЕРЖАВА БОЛУ ҚАЖЕТ ЕМЕС ДЕП САНАЙДЫ
Төлеген Жүкеев 1994 жылы президент Назарбаевтың кеңесшісі, Қазақстанның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары қызметін атқарған. Ол Байқоңыр үшін тағдыр талқысы болған Мәскеудегі келісімдерге Ресей басшыларымен бірге қатысқан Ғалым Әбілсейітовты обьективті бағыт ұстады деп бағалайды.
Жүкеевтің айтуынша, Ғалым Әбілсейітов «бағыты дұрыс, адал адам, ол Байқоңыр мәселесін шешуде өзіндік жолмен жүрді, оның әр мәселеге өзіндік көзқарасы мен пікірі бар (ресейлік емес) және ол нағыз қазақ патриоты».
Төлеген Жүкеев Ресейдің премьер-министрі Виктор Черномырдиннің кабинетінде болған 6 сағаттық «пікірталаста» қазақ жағында болғанын мәлімдейді. Олардың алдында «аяғына дейін қарсыласу», «бар мүмкіндікті сығып алу», сөйтіп, өзара келісімді тең әрі басымдылық жағдайында өткізу міндеті тұрғанын айтады.
«Бұл әрине, басым болу жолы еді, - дейді сол уақытта Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары болған Жүкеев, - бірақ, мүмкін еместі талап етсең, ойыңдағыны аласың деген емес пе».
Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағын өз бетінше пайдалану дайындығы туралы Төлеген Жүкеев былай дейді:
«Егер ресейлік стратегиялық күштер мен ғарыштық бағдарламалар кететін болса, онда бұл істі ұзаққа созуға болмайды. Бұл мүлдем бөлек технологиялық деңгейдегі мәселе. Мұны басқа елдермен бірлесе отырып жасау керек.
Қазақстан ғылыми, технологиялық, экономикалық жағынан да ғарыштық бағдарламаны жалғыз іске асыра алмайды. Құр елеске бой алдырмай, өзіңнің мүмкіндігіңді де шамалау керек. Бізде ұлттық мүддеге қызмет ететін басқа да қызықты да қажетті салалар жеткілікті. Барлық күш пен қаржыны осыларға жұмсау керек.
Тек кейбір мықты мемлекеттер ғана қомақты ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыра алады. Ол үшін мемлекеттің өзіне жеткілікті экономикасы болу тиіс. Ал мемлекеттердің көбісінің жағдайы мәз емес».
Төлеген Жүкеевке Мәскеудегі Ғалым Әбілсейітов те қосылады:
«Мүмкін, шынымен Қазақстанның ғарыштық держава болатын және нанотехнология мәселелерін шешетін күші бар шығар. Бірақ, мен бұл басшылықта айлакер де епті жігіттер отырғандықтан және олардың мінездеріне қанық болғандықтан қорқамын.
Мен қазақ ретінде Қазақстанның ғарыштық держава болғанын қалар ма едім, бірақ жаңа заманғы көзқараспен қарағанда лайықсыз держава болғанын қаламаймын. Бұл тек қана әлдекімнің өзін-өзі жақсы көру сезімін жұбату үшін жасалады. Менің ойымша, дәл қазір Қазақстанға әлдекімнің сезімін жұбату керек емес.
Мен бір қағыс ой айтайын: Қазақстанға ғарыштық держава болу да, нанотехнологиядан алға озу да керек емес. Өкінішке орай, бұл мұндай ғылыми-техникалық мәселелерді шешуге қомақты ресурстар жұмсай алатын ірі, күшті мемлекеттердің ғана сыбағасына бұйырған. Қазақстанға өзінің арнаулы мәселелерін шешіп алу керек, сондай-ақ ғарыш, нанотехнология және басқа да жаңа заманғы ғылыми мәселелермен айналысатын ғалымдар керек.
Олай болмаған жағдайда әртүрлі күрделі бағдарламаларды жазады да, оларға қомақты ақша қажет болады, бұл қаржыларға ондаған диссертациялар жазады, көз алдау үшін құрылғылар да жасайды, т.б. сонымен бәрі бітеді. Ал Қазақстан мемлекеті өзінің қордаланған мәселелерімен қала береді.
Қолда бар ресурстарды ысырап қылмау керек. Таланттарды сақтау керек! Ғарыш саласында да, нанотехнологияда да басқа елдермен бірлесе отырып мәселелерді шешу керек. 10, 15, 20 жылда мұндай ғылыми қомақты мәселелер шешімін таба қоймайды!»
Бұл уақытқа дейін Қазақстанның ғарыштық менмендігінің бүгінгі шындығы былай болды: Ресейде жасалынған алғашқы қазақ жер серігі орбитада жоғалып кетті. Қазақстан парламентінің депутаттары алғашқы қазақстандық жер серігі «KazSat-1»-дің жоғалып кеткендігіне алаңдаушылық білдіреді және оның кебін «KazSat-2» де кимес пе екен деп қауіптенеді.
«КаzSаt-1» жер серігімен байланыс қарашаның 25-інен 26-ына қараған түні жоғалып кеткен еді. «Қазғарыш» агенттігінің басшысы, екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев жер серігінің істен шыққандығын мойындады.
РЕСЕЙ БІРНЕШЕ ҒАРЫШ АЙЛАҒЫН ИЕМДЕНЕ АЛАДЫ
Ресейлік басылымдар Ресейдің алдағы уақытта Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алудан бас тартатыны туралы бірнеше рет жазды. Біріншіден, «115 миллион долларлық жылдық жалға алу құны өте қымбат» және екіншіден, Ресей Қиыр Шығыстан өзінің ғарыш айлағын салуға кірісті.
Жуықта өткен Парламенттің төменгі палатасының Халықаралық істер мен Қорғаныс комитетінің отырысында сөз алған Талғат Мұсабаев Қазақстан «Байқоңырды өзі пайдалана бастауға дайындалуы керектігін» мәлімдеді.
Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану мен жалға алуды 2050 жылға дейін ұзарту туралы мемлекетаралық келісімге қол қойған және жақын арада Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі «Ресейдің Байқоңырды пайдалану мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту келісіліп жатқанын» хабарлады.
Бірақ Ресей қазір Талғат Мұсабаевтың сөзіне қарағанда, Плесецкідегі жұмыс істеп тұрған ғарыш айлағына қоса «Восточный» деп аталатын жаңа ғарыш айлағын құрмақ көрінеді. Бұл Ресейдің Байқоңырдың қызметінен бас тартуы белгісіз дегенді білдіре ме? (Оның шекарасы «Восточныймен» бір ендікте жатыр, қазіргідей тиімді зымыран тасығыштарды пайдалану мүмкіндігі бірдей болып тұр).
Азаттық радиосына Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінен әзірше ешқандай түсініктеме алу мүмкін болмай тұр. Дегенмен Ресей жағы Байқоңырдан бас тарту туралы әңгіме болмағанын бірнеше рет мәлімдеді. «Роскосмостың»желтоқсанның 11-і күнгі ақпарат агенттіктері таратқан мәліметтерінде «біраз уақытқа дейін Байқоңырдың баламасы жоғы» айтылған.
Сондай-ақ қазір Мәскеуде тұратын Қазақстанның бұрынғы вице-премьері Ғалым Әбілсейітовтің айтуынша, АҚШ-тың үлгісі бойынша, Ресей бірнеше ғарыш айлағына ие бола алады және ол қажетті де. Және Азаттыққа берген сұхбатында Ғ. Әбілсейітов қазіргі дағдарыс жағдайында Ресейдің жаңа ғарыш айлағын құрудан бас тартуы мүмкін екендігін жоққа шығарған жоқ.