Бір кездері Бамиянда Будданың көне мүсіндері тұрған еді. Осы маңнан өткен сайын Дадалидің көкірегі қарс айырылады. Себебі кезінде бұл тарихи жәдігерлерді қиратуға ол да қатысты.
2001 жылдың көктемінде айналасы үш аптаның ішінде «Талибан» экстремистік қозғалысы ежелгі тарихи ескерткіштерді жермен-жексен етті.
Алып мүсіндерді қиратуға содырлар жергілікті тұрғындарды да мәжбүрлеген. Дадали да бұл жұмыстарға зорлықпен қатысқан. Будданың екі мүсінінің арасындағы үңгірде өмір сүрген Мирза Хусейнді де содырлар күштеп жұмыс істеткен.
Ауғанстандағы исламға дейінгі дәуірдің аса құнды жәдігерлері саналған биіктігі 53 метр «Солсол» және 35 метрлік «Шахмама» мүсіндерінің тұрғанына 1 мың 500 жыл болған. Билік басына «Талибан» үкіметі келген соң олар буддизмнің бұл ексерткіштерін «пұтқа» теңеп, шариғатқа қайшы деп оларды қиратты. 2001 жылы «Талибан» басшысы молла Омар ескерткіштерді бұзуға бұйрық берді.
ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫ МӘЖБҮРЛЕУ
Бүкіл әлем шарасыздықпен қол қусырып қарап отырды, ал «Талибан» содырлары Бамиян шатқалындағы жартастан қашалған алып мүсіндерді бұзуға тырысып жатты. Бұларынан ештеңе шықпаған соң олар жергілікті тұрғындарды алып келді.
Ол маңда исламның шиит ағымына жататын этникалық азшылық топ – хазарлар тұратын. «Талибан» үкіметі оларды «пұтқа табынады» деп айыптайтын. Содырлар Мирза Хусейнді ұстап әкеліп, мүсіндерді қирату жұмысына салған. Хусейннің айтуынша, ескерткішті бұзу операциясын «арабша әлде шешенше сөйлейтін шетелдіктер басқарған».
Сол кезде 30-дан енді асқан Дадали да ескерткішті қиратуға еріксіз қатысқандардың бірі.
«Талибан» әскері алып мүсіндерді танкілерден және артиллериялық қарудан оқ жаудырып қирата алмаған соң, мұнан соң олар жақын маңдағы ауылдардан 80-ге жуық ер кісіні ұстап алып келген.
– Олар бізді жартастың үстіне шығарып, белімізден арқан байлап, төмен қарай түсірді. Мен «бұл қауіпті ғой, қорқамын, мұны істей алмаймын» дедім. Ал олар «істемесең, жартастан итеріп жібереміз» деп қорқытты, – дейді Дадали.
Оның көз алдында екі адам өлген. Біреуі беліне арқан байлап, төмен түсіп бара жатқанда құлап кеткен. Екіншісін айтқанды істемегені үшін содырлар атып тастаған. Дадали содырлардың айтқанын орындауға мәжбүр болған.
– Арқанмен салбырап тұрып, мүсінді үңгіп қазып, арасына жарылғыш қоятын болдық, – дейді ол. Бұл жұмыс шамамен 25 күнге созылған.
Сөйтіп, «Солсол» мен «Шахмама» күл-талқан болды, олардың орнында терең шұңқырлар мен үйілген тас қана қалды.
ҰЛАН-АСЫР «МЕРЕКЕ»
Қирату процесі аяқталған соң «Талибан» үлкен «мереке» ұйымдастырған.
– Біздің көз алдымызда тоғыз сиыр сойып, мүсіндердің қиратылғанын тойлады. Қол шапалақтап, би биледі, әуеге оқ атты, – дейді Мирза Хусейн.
Соғыс кезінде үйсіз қалған ол үй салуға жағдайы болмай, мүсіндердің жанында Будда монахтары қазған көп үңгірдің бірінен өзіне баспана жасап алған. Қирату операциясының кесірінен ол осы баспанасынан да айырылыпты.
Хусейн өзінің тарихи жәдігерлерді бұзуға қатысқанына қатты қынжылады. Дегенмен бертін келе оның тұрмысы түзелген, қазір Бамиянда оның велосипед жөндейтін шеберханасы бар.
Ал 45 жастағы Дадали «Будда мүсіндерінің үңірейген орнын көргенде жүрегім ауырады» дейді.
Ауғанстан үкіметі ЮНЕСКО-мен бірлесіп Бамиян Будда мүсіндерін қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Алайда Дадали бұл жұмысты көре алмайды, себебі ол жаңа өмір бастау үшін Кабулға көшкелі жатыр.
«Бірақ қайда барсам да, ескерткіштерді бұзғаным көз алдымнан кетпейді» дейді ол.
(Фарангиз Наджибулланың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)