«Талибан» басшысының ауысуы бейбіт келіссөзге кедергі ме?

Ауғанстанның солтүстігіндегі "Талибан" жасақтары. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысы жаңа жетекшілерін сайлағандарын мәлімдеді.

«Талибанның» жаңа басшысы болған Молла Мансур - осы қозғалыстың негізін қалаушылардың бірі. Оған дейін «Талибанды» Молла Омар басқарып келді. 2013 жылы оның қаза тапқаны жайлы ақпарат тарады. Осы аптада «Талибан» өкілдері құпиясы мол жетекшілерінің дүниеден озғанын растады.

МОЛЛА МАНСУР – КЕЛІССӨЗДІ ҚОЛДАЙТЫН ТҰЛҒА

Молла Мансурға бұған дейін Молла Омар иеленіп келген «мұсылмандар басшысы» деген атау берілген. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Молла Мансур «Талибан» мен Ауғанстан билігі арасында бейбіт келіссөз жүргізуді құптайды. Сондықтан Ауғанстанда 14 жыл бойы бүлік салып келген «Талибан» жасақтары енді тынышталар деген үміт бар.

«Талибан» тобы шілденің 30-ы күні жариялаған хабарламаларында Молла Мансурды «Молла Омардың ең сенімді серіктерінің бірі болды» деп сипаттайды, оның «Талибан» жүргізген соғыстарға белсене қатысқаны да жазылған. Олардың деректері бойынша, «Молла Мансұр соңғы үш жылда бүлікшілерді сауатты басқарып келеді, дала командирлеріне адал екенін дәлелдеген».

"Талибан" қозғалысының жаңа басшысы деп жарияланған Молла Мансур.

«Талибанның» жаңа басшысының Пәкістанмен байлынысы бар сияқты. Пәкістан теріске шығарып келе жатқанымен, бұл елді «Талибан» тобын қолдап, көмек көрсетеді деп ойлайтындар көп. Кейбір бақылаушылар «бұл жағдай Молла Мансурдың бейбіт келіссөз жасауына көмектеседі» десе, басқалары «оның Исламабадпен (Пәкістан астанасы) байланысы «Талибан» қозғалысы өкілдерімен шекісуіне себеп болады» деп болжайды.

Молла Омардың көмекшісі болған Молла Мұхаммед Хасан Рахмани Ауғанстанның Азаттық қызметіне шілденің 31-і күні «Молла Мансурды «Талибанның» шағын тобы ғана сайлағанын, сондықтан оны бұл қозғалыстың барлық өкілдері мойындайды деуге келмейтінін» айтты.

Рахмани «Талибан» келіссөзді қолдайды» деп сендіргенімен, топ ішінде алауыздық бар сияқты, кейбір дала командирлері бейбіт келіссөздер жүргізуге қарсы. Осы аптада Молла Мансурды жетекші етіп сайлағанда «Талибанның» бірқатар ықпалды өкілдері (олардың ішінде Молла Омардың ұлы мен бауыры да бар) оның басшы болуына қарсы болған.

«Талибанның» саяси қанатында айтарлықтай ықпалы бар Молла Мансур өткен айда Пәкістанда өткен келіссөзге қозғалыс өкілдерін бастап келді. Ол бұрын Ауғанстан үкіметі мен «Талибан» арасында жекелеген, бейресми мәмілелер жасауға ықпал етіп жүрген. Ол 2013 жылы сол кездегі Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың қарсылығынан кейін жабылған Катардағы «Талибан» кеңсесін ашуға үлес қосқан.

«ТАЛИБАН АРАСЫНДА ЖІК ТУДЫ»

Молла Мансурдың билігін «Талибан» жасақтарының толық мойындауы екіталай, ал басшы болған күнде жігі сөгіле бастаған бұл топты қайта біріктіру оған оңай тимейді. Мұндағы кейбір ықпалды командирлер қозғалысқа Молла Омардың үлкен ұлы Молла Мохаммад Якубтың жетекшілік еткенін қалайды. «Талибаннан» бөлінген топ – «Фидал Махаз» Молла Омардың дүние салғаны туралы мәлімет расталардан бір апта бұрын «оны Молла Мансур өлтірді» деп мәлімдеген еді.

50 жас шамасындағы Молла Мансур - «Талибан» қозғалысы пайда болған оңтүстіктегі Кандагар провинциясының өкілі. 1996-2001 жылдары Ауғанстанды «Талибан» басқарғанда ол азаматтық авиация министрі болды. 2001 жылғы АҚШ шабуылы кезінде басқа «Талибан» жетекшілері тәрізді Молла Мансур да билікке «өз еркімен берілген».

Кейін ол рақымшылық алып, Кандагардағы үйіне оралған. Бірақ АҚШ сарбаздары іздестіре берген соң ол Пәкістанға қашып, сол жақта «Талибан» жасақтарын қайта жинауға көмектеседі. Ол да Молла Омар тәрізді көпшілік алдына жиі шықпайды. Жарияға шыққан бірді-екілі ғана суреттері бар. Онда Молла Мансурдың қара сақалды, сәлдесі бар егде жастағы адам екенін байқаймыз.

Пәкістан билігі «Талибанның» көптеген жетекшілерін ұстап, өлтірген еді. Олармен салыстырғанда Молла Мансур - елеусіз тұлға. 2010 жылы өзін Молла Мансурмын деп жариялаған біреу АҚШ барлаушысын алдап, одан мыңдаған доллар ақша алып, қашып кеткен еді. Өтірігі әшкереленгенге дейін Молла Мансурдың атын жамылған ол адам бұрынғы президент Карзаймен үш мәрте кездескен болып шықты.

"Талибанның" бұрынғы жетекшісі Молла Омар. Оның өлімі туралы ақпарат өткен аптада ғана расталды.

Ауғанстан үкіметі Молла Омардың қазасы бұл елде бейбітшіліктің орнығуына жол ашады деп сенеді. Керісінше, енді ымыраға келу қиынға соғады деп күмәнданушылар да бар. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани шілденің 29-ы күні «Молла Омардың қазасынан кейін бейбіт келіссөз сәтімен өтеді деп ойлайтынын» мәлімдеді.

Бірақ кейбір сарапшылар «Талибанның» басын біріктіріп тұрған ықпалды басшы кеткен соң бұл қозғалыспен келіссөз жүргізу екіталай болмақ» деп болжайды. Шілденің 31-і күні бейбіт келіссөздің екінші бөлігі өтуі тиіс болған, бірақ Молла Омардың өлімі туралы деректен соң әрі «Талибан» басшылығының ұсынысымен ол кездесу кейінге қалдырылған.

БІТІМ ЖАСАУ МҮМКІН БЕ?

Бірінші келіссөз көңіл қуантарлықтай нәтиже бермесе де, 14 жылға созылған соғыстан соң бір үстелге отырып, бітімге келу жайлы сөйлесудің өзі үлкен жетістік саналды. Екі тараптың лауазымды тұлғалары алғаш рет бетпе-бет сөйлесіп, тағы кездесуге келісті.

Вашингтондағы Вудро Вильсон атындағы халықаралық ғалымдар орталығы қызметкері Майкл Кугельман «Талибанның» басшысыз қалуы жағдайды күрделендіреді. Молла Омардың ажалы туралы дерек «Талибанға» ауыр тиді. Енді басшы сайлау мәселесі шықты, оның соңы қантөгіске апаруы мүмкін. «Талибан» енді бейбіт келіссөзден бас тартады демеймін, бірақ бұған дейінгі келіссөздер күшін жояды» дейді.

Жаңадан сайланған Молла Мансурды «Талибан» командирлері мен жасақтарының қалай қабылдайтыны белгісіз. «Қозғалыс құрамындағы әсіредіншілдер оның маңына шоғырлана ма, олар келіссөз жүргізу міндетін Мансурға бере ме?» деген сауалдар туындайды.

Кабулдегі Халықаралық дағдарыс тобының сарапшысы Грэм Смит «бейбіт келіссөзді тұтас «Талибан» тобы емес, кейбір фракциялары ғана қолдайды» дейді. Оның айтуынша, «Молла Омардың қазасы бейбіт келіссөздерге үлкен зардабын тигізуі мүмкін».

1990 жылы құрылған «Талибанның» бұған дейін басшысы ауысқан емес. Молла Омар дүниеден өткен соң Молла Мансур мен Молла Якуб арасында бәсеке басталды. Молла Якуб бейбіт келіссөзді қолдамайды деген ақпарат бар, деректерге қарағанда, оны дала командирлері жақтайды.

Алайда «Талибанның» 30 шілде күні бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан ақпаратында Молла Мансурдың бұрын Молла Омар иеленген «мұсылмандар жетекшісі» атағын иеленгені туралы хабарланды.

«Талибан» тобы бұдан бөлек, жаңадан сайланған басшы Молла Мансурдың орынбасарларын да сайлағанын мәлімдеді. Хаккани фракциясын басқаратын Сиражуддин Хаккани (оның басына АҚШ 10 миллион доллар тігіп отыр) және «Талибан» сотының бұрынғы басшысы Хайбатулла Ахундзада орынбасар болған. Бұлар - «Талибан» ішіндегі екі түрлі топтың өкілдері. Ауғанстан бойынша жетекші маман және АҚШ мемлекеттік департаментінің бұрынғы шенеунігі Барнетт Рубин шілденің 29-ы күні The New Yorker басылымына «Молла Омардың өлімі «Талибанның» жікке бөлінуіне ықпал етеді» деп жазды.

Рубин «Кейбірі соғысты тоқтатып, билікке беріледі. Енді біреулері «Ислам мемлекеті» ұйымы (ИМ) сияқты экстремистік топтарға қосылады, солайша олар Ауғанстан және Пәкістан үкіметіне қарсы соғысады» дейді.

Молла Омардың өлімі туралы ақпарат шыға бастаған соңғы айларда «Талибанның» бірқатар жоғары лауазымды командирлері ИМ қатарына қосылды. Ауғанстанның солтүстігіндегі «Өзбекстан ислам қозғалысы» өкілдері де осы жылдың басында ИМ-ге адал болуға ант берген еді.

Фруд Бежан мен Фрешта Жалалзайдың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.