55 жастағы Малави Хибатулла Ахунзада онсыз да "Талибанның" лидері болған. Бұл қызметке ол 2016 жылы мамырда, қозғалыстың сол кездегі басшысы Ахтар Мохаммад Мансұрдың қазасынан санаулы күн өткенде тағайындалған. Мансұр Пәкістанның оңтүстік-батысында АҚШ-тың әуе шабуылынан опат болған.
"[Ахунзада] – діни көзқарасы үшін үлкен құрметке бөленген діни қайраткер" дейді ауған журналисі Сами Юсуфзай. "Ол "Талибанның" жоғары дәрежелі судьясы және қозғалыстың негізін қалаушы молда Мохаммад Омардың сенімді өкілі болды".
Ахунзаданы шейх әл-ислам деп те атайды. Бұл – жоғары мәртебелі суннит титулы. Оны Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен ілімі жөнінде білімі терең адамға береді.
"Ол – ислам ғалымы және [дін жөніндегі] бірнеше кітаптың авторы" дейді Юсуфзай.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптер үкімет құрамын жариялады. Онда кім бар?Журналистің сөзінше, 2001 жылы АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, тәліптер биліктен кетірілгенде Ахунзада қозғалыстың өзге лидерлерімен бірге Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан дейтін уәлаятқа қашқан.
"Бұрын ол Кветтаға жақын жерде медресені басқарған" дейді Юсуфзай тәліп лидерінің Белуджистан уәлаятының астанасында діни мектепті басқарғанын еске салып. "Оны Құшлақтан шыққан Ахунзада ретінде таниды. Ол сол аймақтағы түрлі медресенің бітіру салтанаттарында жиі сөз сөйлеген".
Құшлақ – Кветтаға жақын шағын қалашық. Кейінгі жиырма жылда "Талибанның" көптеген лидері сол қалашықта жасырынған саналады.
Тәліптердің кейінгі мәлімдемелеріне қарағанда, Ахунзада Ауғанстанды ислам эмиратына айналдырмақ.
"Ислам эмиратының лидері егжей-тегжейлі нұсқаулық беріп, бәріне жауапкершілік жөнінде ескерту жасады" деп жазды осы аптада "Талибанның" ресми өкілі Забиулла Мужахид Twitter желісінде тәліптердің Қандағардағы үш күндік кеңесінен кейін.
Шамасы тәліптер Ахунзаданы ұзақты болжайтын лидер ретінде дәріптегісі келеді.
"Шетел күштері елімізден түгел кеткен соң, біз әлеммен, соның ішінде АҚШ-пен жақсы қарым-қатынас орнатуды ойлап отырмыз" деп келтірді Ахунзаданың сөзін шілде айында "Талибан" өкілдері. "Бұл қарым-қатынас дипломатиялық, саяси және экономикалық сипатта болып, екі жаққа да тиімді болуы керек".
Қозғалыстың негізін қалаушы молда Омар да, Ахунзада да Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар уәлаятынан шыққан. 1994 жылы "Талибан" қозғалысы сол жерде құрылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптер деген кім және оларды кім басқарады?Ахунзада қозғалыс иерархиясында тез көтеріліп, 1990-жылдардың соңына қарай тәліптердің әскери сотында бас судьяның міндеттін атқаратын болды. Мұның бәріне ол негізінен діни білімінің арқасында жетті.
Оның рулық байланысы, құрылғанына ширек ғасыр толған "Талибанның" екінші басшысы Мансұрмен жақсы қарым-қатынаста болуы 2015 жылы оның басшы орынбасары атануына мүмкіндік берді.
Мансұрдың өзі ресми түрде "Талибан" басшысы болып 2015 жылы тағайындалған. Бірақ ол қозғалыстың негізін қалаушы молда Омар қаза тапқалы онсыз да бейресми лидер болып келген. Ал молда Омар 2013 жылы сәуірде опат болған саналады.
"Талибан" режимінің шенеунігі болған кабулдық Назар Мохаммад Мутмаин тәліп басшысы Ахунзаданы ұзын-сонар уағызға бейім салмақты адам деп сипаттайды.
"Ол өз эмоциясын ұстай алады. Тәліптер қазір оған бәрін біріктіре алатын адам ретінде қарап отыр" дейді тәліптердің ұстанымын түсіндірумен көзге түскен Мутмаин.
Ахунзада тұсында тәліптер бірқатар дипломатиялық және әскери жеңістерге жете білді. Орынбасары Абдул Ғани Барадармен бірге ол АҚШ-пен негізгі келісімге қол жеткізді. 2020 жылы ақпанда Доха қаласында қол қойылған келісім АҚШ пен оның одақтастарына Ауғанстаннан әскерін әкетуге жол ашты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибан" атынан сөйлеп жүрген молла Барадар кім?Ол молда Омардың ұлы молда Якубты өсіре отырып тәліптердің бірлігін қамтамасыз етті. Алдымен оны орынбасары етті, сосын "Хаккани желісінің" лидері Сиражуддин Хакканимен бірге әскери бөлімнің басшысы етті.
"Талибан" Кабулға басып кіріп, Ауғанстанның басым бөлігін өз бақылауына алғанда Ахунзаданың алдына көптеген міндет қойылып отыр.
Енді ол басқаратын тәліп үкіметі халықаралық легитимділікке қол жеткізіп, ушығып бара жатқан ішкі экономикалық дағдарысты тоқтатып, 38 миллионға жуық ауғанды дұрыс басқара алуы қажет. Халық қауіпсіздікпен қатар өркендеуді, жеке құқықтардың құрметтелуін талап етеді.
"Талибан" халықаралық қауымдастыққа түрлі уәдені беріп жатыр. Бірақ Ахунзада осы уәделермен қатар тәліптердің сұраныстары мен қажетін де өтеуі қажет.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "14 жасымда тұрмысқа берді, хат танымаймын". Тәліптер режимін көрген екі қазақ әйелдің әңгімесі