Өзбекстан билігі Әндіжан қырғынын талқылауға дайын ба?

Әндіжандағы қырғында қаза тапқандардың қасында құран бағыштап тұрған адамдар. 14 мамыр 2005 жыл.

Өзбекстан билігінің өкілі 2005 жылғы Әндіжан қырғыны туралы сөз қозғады. Жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапқан оқиға жайлы айтуға көп жыл тыйым салынып келген. Үкімет 1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері Өзбекстанда болған ең қайғылы оқиғаның бетін аша бастады деп үміттеніп жүргендер көп.

2005 жылы мамырдың 13-і күні бір топ қарулы адам (арасында соның алдында түрмеден қашқандар да бар) Өзбекстанның шығысындағы Әндіжан қаласына шабуыл жасады. Олар бірнеше билік өкілін өлтіріп, біразын кепілге алды.

Осы оқиғаға дейін Әндіжанның орталығында бірнеше күннен бері жергілікті жүздеген тұрғын бейбіт наразылық акциясын өткізіп жатқан еді. Тұтқиылдан болған шабуылдан соң қоғамдық тәртіп бұзылды да, қарулы топ, бейбіт шерушілер және шараны қызық көріп келген қала тұрғындары араласып кетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әндіжан оқиғасының хроникасы

Содан жеті апта бұрын ғана көрші Қырғызстанда халық наразылығы революцияға ұласып, президент Асқар Ақаевтың билікті тастап, елден қашуы Орталық Азияның басқа басшыларын тіксінтіп тастады. Қырғызстандағы жағдайдың қайталанғанын қаламаған Өзбекстанның авторитар президенті Ислам Каримов Әндіжанда әскердің күшімен тәртіп орнатуға пәрмен берді.

Салдарынан көп адам мерт болып, қан төгілді. Өзбек үкіметінің мәліметі бойынша, сол күндері 187 адам – негізінен сарбаздар мен көтерілісшілер қаза тапты. Бас прокуратура бейбіт адамдар арасында 60 адам қаза тапқанын хабарлап, олардың өліміне бүлікшілерді айыптады.

Бірақ куәгерлер бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар саны бұдан әлдеқайда көп екенін, кей болжамдар бойынша, олардың саны бір мыңнан асатынын айтады. Қала шетінде "жаппай молалар қазылғаны, мәйіттерді Ресейге де ұшақпен тасығаны" жайлы сыбыстар тарады. Өзбекстан билігі халықаралық қауымдастықтың тәуелсіз тергеу жүргізу туралы үндеуіне құлақ аспады.

БИЛІКТІҢ АЛҒАШ РЕТ МОЙЫНДАУЫ

Өзбекстан билігі күні бүгінге дейін Әндіжан оқиғасы туралы ештеңе айтпай келген. Бірақ жақында ресми билік өкілі тосыннан Әндіжан қырғыны туралы сөз қозғап, оқиға кезінде "қателіктер" болғанын мойындады. Бас прокурордың орынбасары Светлана Артыкова бұл туралы ақпанның 7-сі күні Өзбекстанның Qalampir ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Әндіжан қырғыны жайлы тәуелсіз тергеу жүргізуге рұқсат бермеген Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Каримовтың суреті бар жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адамдар. Әндіжан, 17 мамыр 2005 жыл.

Әндіжан қырғынын тергеуге қатысқан Артыкова 2005 жылғы мамырдың 13-і күні қалада "кінәсі жоқ" адамдардың оққа ұшқанын мәлімдеді. Бұған дейін Өзбекстанда билік өкілінің аузынан мұндай сөз шығып көрмеген.

"Байланыс нашар болды. Басқарып жүрген офицер бұйрықтарды дер кезінде естімеген, немесе оларды дұрыс түсінбеген. Дайындық ойдағыдай болмаған... біз қателік жібердік" деді Артыкова.

Ешкімнің аты-жөнін атамаған Артыкова қырғынға жауапты әскери адамдардың кейбірі түрмеге қамалып, "жазасын өтеп шығып, қалыпты өмірге оралғанын" айтты.

"Бұл ақпаратты неліктен дәл қазір айтып отырсыз?" деген сауалға Артыкова Ислам Каримов дүние салып, орнына Шавкат Мирзияев президент болған соңғы үш жылдың ішінде Өзбекстанның өзгергенін айтып жауап берді.

"Ол кезде жабық ел болған Өзбекстан қазір жаңарған. Саяси стиль де жаңарды. Жаңа саяси ерік-жігер қалыптасты" деді ол.

Светлана Артыкованың Өзбекстан парламенті сенатының депутаты болған кездегі суреті.

Артыкова Әндіжан оқиғасы туралы тұщымды ақпарат берген жоқ. Бірақ көп жылғы үнсіздіктен соң оның бұл мәселені қайта қаузауының өзі маңызды болып отыр.

Көп жылдан бері прокуратура саласында қызмет атқарып келе жатқан Артыкова биліктегі мансабын совет билігі тұсында Әндіжанға жақын жердегі Наманған қаласының прокуратурасынан бастаған. Кейін ол парламент депутаты болып сайланған, ал бас прокурордың орынбасары қызметіне тағайындалғанға дейін Өзбекстан парламентінің жоғары палатасы – сенат төрағасының орынбасары болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Каримов басқарған кездегі Өзбекстан

2005 жылы мамырда Светлана Артыкова Өзбекстан бас прокуратурасының баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Сол кезде Әндіжанда болған оқиғалар, оған кінәлілер туралы мәлімдемелердің көбін көпшілікке өзі жария еткен. Сондықтан, Артыкованың Qalampir агенттігіне айтқан бұл мәлімдемесін биліктегі алаңғасар шенеуніктің аңдамай айтқаны деп қабылдауға әсте болмас. Жұрт көкейінде "бұл мәлімдеме Өзбекстан үкіметінің Әндіжан оқиғасын мойындауға әзірлігін білдіре ме?" деген сауал пайда болды.

Әндіжан оқиғасы жайлы жауапсыз сұрақ әлі де көп. Қантөгістің мән-жайын анықтау үшін тәуелсіз тергеу жүргізуді көп жылдан бері талап етіп келе жатқан құқық қорғау ұйымдары өзбек үкіметі жүргізген тергеудің қорытындыларына разы емес. Артыкова сұхбатында ол тергеуге өзінің де қатысқанын айтты.

Фотогалерея. Әндіжан оқиғасы туралы суреттер

Әндіжан оқиғасына - 14 жыл

Ислам Каримов 2016 жылы дүние салғанымен, 2005 жылғы Әндіжан оқиғасына қатысы бар шенеуніктердің біразының көзі тірі. Жұрттың көбі Әндіжандағы әскердің іс-әрекетіне сол кезде Өзбекстан ішкі істер министрі қызметінде болған Закир Алматов кінәлі деп санайды. Қантөгістен кейін бірнеше айдан соң денсаулығынан байланысты қызметінен кеткен Алматов 2018 жылғы ақпанда ішкі істер министрінің кеңесшісі болып тағайындалып, саяси сахнаға қайта шықты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әндіжанға" қатысы бар адам билікке оралды

2005 жылы мамырда мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы болған Рустам Иноятов 2018 жылы қаңтарда қызметінен босатылған. 75 жастағы Иноятов қазір жартылай зейнет демалысында. Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев 2005 жылғы мамырда елдің премьер-министрі қызметінде отырған. Қалай болғанда да Артыкова көп жылға созылған үнсіздіктен соң Әндіжан оқиғасының жай-жапсарын талқылаудың тиегін ағытқандай болды.

15 жылға жуық уақыт бұрын, дәл сол күні Әндіжанда нақты не болғаны жайлы сұрақ көп, бірақ Өзбекстан билігі оларға жауап беруге әлі де дайын емес сияқты.

Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.