"Режимнің көзі құрығанда ораламын". Беларусь спортшылары елден неге кетіп жатыр?

"Витязь" гандбол клубының жаттықтырушысы Константин Яковлев.

"Витязь" гандбол клубының жаттықтырушысы Константин Яковлев Беларусьтен көшіп кетті. Ол бейбіт наразылық шерулеріне қатысып, былтыр тамызда болған президент сайлауынан кейінгі оқиғалар жайлы пікір білдірген. Маусымда Яковлев рұқсат етілмеген көпшілік шараға қатысты деген айыппен 15 тәулікке қамалған. Ол Tribuna.com басылымының журналисі, көлігінен ақ-қызыл-ақ түсті мойынорағыш табылғаны үшін 15 күнге қамалған Дмитрий Рутоны қарсы алуға бара жатқан кезде ұсталған.

Константин Яковлев Настоящее время басылымына берген сұхбатында Беларусьтен неге кеткенін, туған жеріне қандай жағдайда оралуға дайын екенін айтып берді.

Константин Яковлев: Минскіден шығып, 2 тамызға қараған түні Украинада, Киевте болдым. Шекарадан қалай өткенімнің бүге-шігесін айтқым келмейді, себебі бұл жол Беларусь геттосынан кеткісі келген басқа адамдарға қажет болуы мүмкін.

Олар мені түрмеге отырғызып, жазалағысы келетінін түсіндім. Әрине, әртүрлі әңгіме болды, "әзірге әкімшілік іс қозғалады, бірақ кейін саған қарсы қандай да бір қылмыстық іс құрастыруды қолға алып жатырмыз" деп қоқан-лоқы көрсетті.

Настоящее время: Жеңіл атлет Кристина Тимановскаяның хикаясы бүкіл әлемге Беларусь спортында жүрген жоғары шенділердің шынайы бет-бейнесі мен сөйлеу мәнерін айқын көрсетті. Беларусьте спорт саласында жүрген адамдар бұрыннан сондай дөрекі ме?

Беларусь сотының шешімімен 15 тәулікке қамалған бапкер Константин Яковлев (арғы жақта ортада) бостандыққа шыққан кезде өзін қарсы алған адамдармен сөйлесіп тұр. Минск, 1 шілде 2021 жыл.

Константин Яковлев: Иә. Ондайлар бұрыннан бар, айналамызда жүрді. Қара басының қамынан басқаны ойламайтын осындай адамдар ақыр соңына дейін өз қызметінде қалады. Ал спортты дамытып, командаға демократиялық негізде, қазіргі заманғы маркетинг жүргізгісі келген адамдарды қыспаққа алады.

Біз айналысатын спорт түрінің төрағасы болған кісі жұртпен үнемі солай сөйлесетін. Олардың бәрі спортшыға жоғарыдан қарайды. Адамдар арасында қандай да бір тепе-теңдік жоқ. Олар құдды бір қожайын сияқты. Біздің спортта жүрген шенділер сондай. Өкінішке қарай, жақсы адам аз. Ондайларды жүйе басып-жаншып тастайды. Содан кейін олар дымын шығармай, тыныш жүреді. Әйтпесе бәрін түсініп жүргендер көп.

Настоящее время: Беларуське қандай жағдайда ораласыз? Туған жеріңізге қайту үшін не болуы керек?

Константин Яковлев: Өз жағдайымды айтып, түсіндіргім келеді. Ақырғы сәтке дейін туған жерімнен кеткім келмеді, қалғым келді, мен – патриотпын, болашағымды [Беларусьпен] байланыстырамын. Қай елде ойнасам да, өз еліме қайтқым келіп тұрады.

Бірақ қазіргі режимнің, билікті басып алған топтың кезінде бұл мүмкін емес. Бір өзгеріс болса, бәріміз бірге көріп, қуана-қуана елімізге ораламыз. Біз туған жерімізге керекпіз. Өкінішке қарай, қазір көп жас, спортшылар мен IT мамандары елден кетіп жатыр. Мына режим өз түбіне өзі жетіп, көзі құрыған кезде [ораламын].

"БАСШЫЛЫҚ МЕНІ ҚОРҒАЙ АЛМАЙТЫНЫН ТҮСІНДІМ"

Спортшы Яна Максимова мен Андрей Кравченко да Беларуське оралудан бас тартты. Олар бұл туралы Германияда жүріп мәлімдеді. Максимова Instagram парақшасына "Өкінішке қарай, қазір ол жақта бостандығыңнан ғана емес, өміріңнен де айырылуың мүмкін. Мұнда еркін тыныстап, достары мен туыстарының бостандығы үшін күресіп жүрген азаматтардың бірі болуға мүмкіндік бар. Біз міндетті түрде жеңіске жетеміз" деп жазды.

Спортшы Настоящее время басылымына берген сұхбатында мұндай шешіміне Беларусь билігі спорт шенеуніктерін сынағаны үшін Олимпиа ойындарынан шеттетіп, Токиодан Беларуське қайтармақ болған Кристина Тимановскаяның хикаясы әсер еткенін айтты.

Яна Максимова: Басында Костя Яковлевті ұстап, 15 тәулікке қамаған кезде елден кету туралы ойлана бастадық. Біздің қызымыз бар. Біздің де соңымызға түсіп, қолдан бірдеңе құрастырып, түрмеге отырғызуы мүмкін деп қорықтық. Сондықтан елден кетуге болады деген хабар келген бойда өзімізге ұсынылған көмекті пайдалануға тырыстық.

Кеше осында қаламыз деген жазба жариялауға бел будым. Беларуське оралмаймын деп шештім, оған дейін күмәнданып жүргем. Бұл жақта өмір сүруге үйрене алмай жатырмын, туған елімді, өзім өмір сүрген жерді жақсы көремін. Мен үшін ол әлемдегі ең жақсы мекен еді. Бірақ өкінішке қарай, әзірге жағдай осылай болып тұр.

Настоящее время: Кеше түбегейлі шешім қабылдауға не әсер етті?

Яна Максимова: Мүмкін Кристина Тимановскаяның оқиғасы шығар. Өзіме қатысты әлдебір мәселе туса, басшылық мені қорғай алмайтынын түсіндім. Интернетте ойымды ашық білдіріп жүрдім, ұстанымымды жұрттың бәрі білетін. Сондықтан ерте ме, кеш пе, менің де ізіме түсер еді. Білмеймін, бірақ маған да бір қауіп төнуі мүмкін деп ойладым. Бәлкім, 15 тәулікке түрмеге жабар еді.

Настоящее время: Тимановскаяның оқиғасы туралы не ойлайсыз?

Яна Максимова: Бұл тақырыпты тереңнен қозғап, нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ қазір режимге соққы болып тиіп жатқан дүниелердің бәрін қолдаймын. Сондықтан Кристинаны да қолдаймын және оның алдағы өмірінде бәрі жақсы болсын деп тілеймін. Спорттағы карьерасын жалғастырып, ешкімнен қорықпаса деймін.

Беларусь спортшысы Яна Максимова Еуропаның жабық залдағы жеңіл атлетика чемпионаты кезінде. Белград, Сербия, 3 наурыз 2017 ж.

Кеше осында қаламыз деген жазба жариялауға бел будым. Беларуське оралмаймын деп шештім, оған дейін күмәнданып жүргем. Бұл жақта өмір сүруге үйрене алмай жатырмын, туған елімді, өзім өмір сүрген жерді жақсы көремін. Мен үшін ол әлемдегі ең жақсы мекен еді. Бірақ өкінішке қарай, әзірге жағдай осылай болып тұр.

Настоящее время: Кеше түбегейлі шешім қабылдауға не әсер етті?

Яна Максимова: Мүмкін Кристина Тимановскаяның оқиғасы шығар. Өзіме қатысты әлдебір мәселе туса, басшылық мені қорғай алмайтынын түсіндім. Интернетте ойымды ашық білдіріп жүрдім, ұстанымымды жұрттың бәрі білетін. Сондықтан ерте ме, кеш пе, менің де ізіме түсер еді. Білмеймін, бірақ маған да бір қауіп төнуі мүмкін деп ойладым. Бәлкім, 15 тәулікке түрмеге жабар еді.

Настоящее время: Тимановскаяның оқиғасы туралы не ойлайсыз?

Яна Максимова: Бұл тақырыпты тереңнен қозғап, нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ қазір режимге соққы болып тиіп жатқан дүниелердің бәрін қолдаймын. Сондықтан Кристинаны да қолдаймын және оның алдағы өмірінде бәрі жақсы болсын деп тілеймін. Спорттағы карьерасын жалғастырып, ешкімнен қорықпаса деймін.

Настоящее время: Яна, кәсіби тұрғыда ары қарай не істейтініңізді ойланып көрдіңіз бе? Бәрібір бұл басқа мемлекет қой. Ол жақта спорттағы карьераңызды жалғастыра аласыз ба? Ондай мүмкіндік бар ма?

Яна Максимова: Бәрі жақсы болып, жаттығуымды жалғастыруға мүмкіндік туар, біреу көмектесіп, жол сілтер деп үміттенемін. Бұл елдегі жағдайды жақсы білмеймін. Беларусьте бәрі басқаша. Бірақ мен бір орында отырған жоқпын, спорттағы жолымды жалғастырамын деген үмітім бар. Өйткені әлі де қатардағы спортшымын, өзіме, күшіме сенемін. Әлі де медаль аламын, бір ғана емес, көп жетістікке жетемін деп ойлаймын.

Бірақ қолымнан келмесе, жұмыс істеп, қатардағы жұрт сияқты қарапайым өмір сүре беремін. Қазір елде болып жатқан оқиғаларды ескерсек, спортпен қош айтысу соншалық қиын бола қоймас деп ойлаймын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Беларуське оралмаймын". Сыни пост жазған атлетті Токиодан Минскіге әкетпек болды