1 қыркүйекте Әзербайжанда парламенттік сайлау өтеді. Кандидатурасын ұсынғандарға қарағанда, заң шығарушы органға көбіне президент Илхам Әлиевке адал шенділер мен солардың балалары өтетінге ұқсайды.
Бұл – президент Илхам Әлиевтің бесінші мерзімінде және "Таулы Қарабақ" дауы шарықтау шегіне жеткен тұста өтіп жатқан парламенттік сайлау. Қатаң бақылауда өтетін сайлау Әзербайжандағы 6 миллион дауыс берушіге президентке адал адамдардан өзге таңдау ұсына қоймайтын сияқты. Мұнайға бай бұл елде сайлаулар ылғи да билік жоспарымен өтеді.
Әзербайжандар мен шетелдік бақылаушылардың көбі ондаған жылға ұласқан "Қарабақ мәселесі" шешілсе, Әлиев орнында қалған күннің өзінде Бакуде демократиялық серпіліс болады деп күткен.
Бірақ 62 жастағы президенттің ақпанда қайта сайлануы, Баку пен Еуропаның адам құқықтарын қорғау және демократия бойынша кеңесі арасындағы келіспеушілік, Әзербайжанның Мәскеуді қолдауы және БРИКС ұйымына қосылуға өтініш беруі мұны жоққа шығарды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путиннің Әзербайжанға сапарының ерекшелігі қандай?Оның үстіне Әлиевтің айналасындағы жасы келген депутаттардың орнына сайлауға олардың балалары түсіп жатқаны Әзербайжанда Әлиевке адал элитаның жаңа толқыны келе жатқанын көрсетіп отыр.
Ал былтыр Әзербайжан Таулы Қарабақты түгел қайтарған соң журналистер мен белсенділерді жаншу күшейіп, 10 жыл бұрынғы қамаулар мен қоқан-лоқы тізбегін еске салды. Бұл жолғысының ауқымы кең десе де болады.
"Олар енді [қалғандарының] көзін жойғысы келетін сияқты", — дейді Халықаралық демократия және сайлауға көмек институтының демократияны бағалау бойынша кеңесшісі Майкл Руни. "Бұл шынымен үкімет қоғамдағы кез келген тәуелсіз ұйымның көзін жойғысы келетінін білдіреді".
Ол жақында шетелде оқып жүрген 29 жастағы аспирант Бахруз Самедовтың ұсталуын мысалға келтірді. Билік оны мемлекетке сатқындық жасады деп айыптаған. Бұған оның 2020 жылғы соғыс пен 2023 жылғы Таулы Қарабақтағы әскери операцияларды сынауы себеп болғанға ұқсайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарабақты қайтарған Әзербайжанда президентті сайлау науқаны қалай өтіп жатыр?Рунидің айтуынша, Әзербайжан заң үстемдігі, азаматтардың әртүрлі органдарға өкілдік етуі және шешім қабылдау процесіне қатысуы сияқты бағыттар бойынша нашар нәтиже көрсеткен. Қарабақ мәселесі шешілгеннен кейін демократияға жол ашылады деген үміт болды, бірақ халық бұл үміт жүзеге аспағанын түсінді дейді сарапшы.
Есесіне билік одан әрі күшейе түсіп, демократиялануға апарар жолдың бәрін жапқысы келеді дейді ол.
Рунидің сөзінше, былтыр Әзербайжан Таулы Қарабақты қайтарып алған соң, одан әрі Батыстың қас-қабағына қарауға міндетті емес деп шешкен.
Әлиев әкімшілігінің қатаң бақылауындағы сарапшылар Әзербайжан Батыстан сырт айналып, Ресейге не өзге авторитар елдерге жақындай түсті дегенге Әлиев "тәуелсіз сыртқы саясат" ұстанып отыр деген уәж айтады.
Батыс сарапшылары Әлиев түскен президенттік сайлаулардың бәрін сынап, ол басқарған жылдары елде зорлық-зомбылық көп болғанын айтады.
Әзербайжанның Ұлттық ассамблея деп аталатын 125 орындық парламентінде Әлиевтің "Жаңа Әзербайжан" партиясы мен билікке жақын партиялар басымдыққа ие. "Жаңа Әзербайжан" партиясының ресми жетекшісі – Илхам Әлиевтің әйелі, елдің әрі вице-президенті Мехрибан Әлиева.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Илхам Әлиевтің бұрынғы күйеубаласы Каспий теңізінде кеме-ғимарат салып жатыр. Бұған Әзербайжан заңының не қатысы бар?"Әзербайжанның халық майданы" деп аталатын негізгі оппозициялық партия "билік ұйымдастырған жалған сайлауға" түсуден жетінші мәрте қатарынан бас тартып отыр.
Ал "Мусават партиясы" сайлауға түсіп жатыр. Сайлауалды науқандағы және сайлау күніндегі жүйелі құқықбұзушылықтар оларды тоқтатпады. "Бес не 10 адам қатысса да, сайлау өткен болып саналады" деді партия шешімін негіздеп. Әзербайжан сайлау өтті деп санауға қажет төменгі межені 2003 жылы алып тастаған.
Элитаның келесі толқыны парламенттегі билікке адал топтардың орнын басады. 1 қыркүйектегі сайлауға түсетін кандидаттар арасында бұрынғы депутат, университет ректоры Ахмед Велиевтың ұлы Самир Ахмедоглу Велиев; бұрынғы ықпалды депутаттың ұлы Махир Тахироглу Сулейманлы; парламентте отыз жыл отырып, “Отан” партиясының басшысы болған, денсаулығына байланысты отставкаға кеткен әкесі Фазаил Агамалының орнына сайлауға түсіп жатқан Гюнай Агамалы, бұрынғы депутат, қазір Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Айгюн Маниева басында "Жаңа Әзербайжан" партиясының тізімінде болды, кейін өз кандидатурасын алып тастады.
Әлиев 2003 жылы әкесі қайтыс болғанда билікке келген. Содан бері елді үздіксіз басқарып келеді. Жақында кезектен тыс сайлау нәтижесінде тағы да 7 жылға президент болып сайланды. Халықаралық бақылаушылар кезектен тыс сайлау өткізуді үлкен қателік деп бағалаған.
Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.