Accessibility links

Путиннің Әзербайжанға сапарының ерекшелігі қандай?


Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинді Бакуде қарсы алып жатыр. 17 тамыз 2024 жыл.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинді Бакуде қарсы алып жатыр. 17 тамыз 2024 жыл.

Баку билігі осы аптада Ресей президентін жылы қарсы алғанымен, оның Әзербайжанға сапары Илхам Әлиевтің қонақжайлығының шегі бар екенін көрсетті. Қазір Владимир Путин Бакудің көпвекторлы сыртқы саясатынан ғана үміттене алады.

Ресей президенті Владимир Путин кейінгі 6 жылда алғаш рет Әзербайжанға барды. Ол ел астанасы Бакудің дамып, көркейіп кеткеніне таңдай қағумен болды. "Бұл – өңірдегі оазис", – деді ол 19 тамызда Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездесуде.

Бұл сәтті қолданылған сөз болды.

Кейінгі бірнеше жылда тұрақсыз Оңтүстік Кавказ өңірінде Ресей басшысы үшін ең қонақжай ел Әзербайжан болып қалды. Армения бұрынғы одақтасы Ресейден сырт айналды, ал Грузия Батыс елдерімен дағдарысына қарамастан, Путинді жақтырмайды.

Ал Ресейде Путиннің бас қатыратын мәселесі жетіп-артылады. Мәселен, Украина Курск облысына басып кірді, Ресей әскері қарсыласын тоқтата алмады.

Бакуде жүзі бал-бұл жанған Әлиев Путинді өз резиденциясында күтіп алды. Бірінші ханым әрі вице-президент Мехрибан Әлиева Путиннің бетінен сүйді. Ресей басшысы отбасымен қауышқандай болды.

Бірақ Әлиевтер көрсеткен қонақжайлықтың шегі бар. Баку көпвекторлы сыртқы саясаты аясында бірнеше тарапта ойнағысы келеді. Биыл Кавказда Путин одан артық қолдау күтпей-ақ қойса да болады.

Әзербайжан қонағын күліп қарсы алғанымен, Ресейді өңірлік саясаттан алыс ұстағысы келеді. Осыған дейін Мәскеу Кавказдағы саясатқа жиі араласатын.

Путин Әлиевтер үйінде. 17 тамыз 2024 жыл.
Путин Әлиевтер үйінде. 17 тамыз 2024 жыл.

Ресей ондаған жыл ойы АҚШ және Еуропа мемлекеттерімен қатар Әзербайжан мен Армения арасындағы кикілжіңді дипломатиялық жолмен шешуге тырысып көрді. Бірақ Әзербайжан кикілжіңді шешуге атсалысу арқылы сыртқы державалар өңірдегі ықпалын арттырғысы келетінін түсініп, Армениямен бейбітшілік жөніндегі келіссөзді бетпе-бет жүргізді.

Оның үстіне жақында Баку Әзербайжанның құрлық бөлігі мен оның эксклавы Нахичеван арасында Оңтүстік Армения арқылы өтетін Зангезурский дәлізі бойынша даулы мәселені келіссөздерден алып тастайтынын мәлімдеді. Бұл да Ресейге жағымсыз жаңалық болды.

Бұл дәліз Әзербайжан үшін маңызды рөл атқарады. Ресей де осы арқылы өңірдегі ықпалын сақтап қалғысы келетін. Армения мен Әзербайжан арасындағы бастапқы келісім бойынша дәлізді Ресейдің мемлекеттік қауіпсіздік қызметі күзетуі тиіс еді. Мәскеу әлі де осы келісім күшінде қалады деп үміттенеді. Осы тұрғыдан алғанда Путиннің Бакудегі бейбіт келіссөздер жайлы пікірі аянышты естілді:

"Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісімге қол қойылып, демаркация мен делимитация процесін аяқтап, логистика мен экономиканы қалпына келтіруге көмектесе алсақ, қуанар едік", – деді Путин.

Басқа маңызды мәселелер мүлде аталмады.

Мамырда жоғары шенді ресейлік шенеунік Мәскеу Әзербайжан мен Армения арасындағы дауға себеп болған Таулы Қарабақтан консулдық ашқысы келетінін айтқан. Қазір бұл территория толықтай Әзербайжанға өткен. 2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан әскері Таулы Қарабаққа басып кіріп, 100 мыңға жуық армян көшіп кетті. Бірақ Қарабақтан Ресей консулдығы ашылады деген жаңалық Әзербайжан халқын алаңдата бастады. Олар Кремль бұл аймақта Ресей мен Арменияның ықпалын арттыруға жұмыс істейді деп қорқады.

Путиннің Бакуге сапары алдында ресейлік ТАСС ақпараттық агенттігі Әзербайжанның Мәскеудегі елшісі Полад Бюльбюльоглудан осы мәселе жайлы сұраған.

Бюльбюльоглу Әзербайжанның бұл идеяға қарсы екенін сыпайы түрде жеткізіп, "бізде консулдардың қызмет аясы тар" деп тұспалдаған. Осыдан кейін Бюльбюльоглу әзербайжандық Haqqin сайтына сұхбат берген. Онда дипломат "Мен Қарабақта Ресей консулдығы ашылуы мүмкін деген жоқпын. Бұл мәселе талқыланып жатыр" деген.

Азаттықтың Әзербайжан қызметі жариялаған мына карикатурада Путин Әлиевке "Өзің және [Солтүстік Корея басшысы] Ким Чен Ын ғана. Басқа ешкім қалмады" деп тұр.
Азаттықтың Әзербайжан қызметі жариялаған мына карикатурада Путин Әлиевке "Өзің және [Солтүстік Корея басшысы] Ким Чен Ын ғана. Басқа ешкім қалмады" деп тұр.

Әлиев пен Путин өз мәлімдемелерінде консулдық туралы айтқан жоқ.

Қос басшы Бакуде кездесіп жатқанда, қаланың басқа бөлігінде Путиннің бұрынғы кеңесшісі Рубен Варданян түрмеде отырды. Ол – Армения қолдап келген мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасындағы бірнеше шенеуніктің бірі еді.

Путин Әзербайжанға барардың алдында Ресейдегі армяндар одағы одан Қарабақтағы тұтқындар мәселесін көтеруді сұрап, хат жазды. Бірақ Путин олардың өтінішін орындаған жоқ.

Қос мемлекет арасындағы экономикалық әріптестік жайын талқылау әлдеқайда оңай болды. Әлиев сәуірде Мәскеуге барғанда Ресейді Әзербайжан арқылы Иран және Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын көлік желісі туралы сөз қозғаған. Батыс санкцияларынан кейін сауда қатынастарын шығыс пен оңтүстікке қарай кеңейткісі келетін Ресей үшін бұл жобаның стратегиялық маңызы зор.

Ресейдің сауда желісі кеңейсе, бұдан Әзербайжан да ұтады. Бакудегі қысқа талқылау бұл жобаға Ресей көбірек қызығушылық білдіріп отырғанын көрсетті. "Ресей мен Әзербайжан арасындағы жалпы сауда айналымы 4 миллиард доллардан асады. Бұл – жақсы көрсеткіш" деді Әлиев.

"Бірақ бұл біздің мүмкіндіктеріміздің әлеуетіне сай келмейді" деді Путин.

19 тамыздағы кездесулерден кейін Ресей мен Әзербайжан азық-түлік қауіпсіздігі, еңбек инспекциясы бойынша келісімдерге қол қойды. Бакуде жаңа Ресей-Әзербайжан университеті ашылатын болды. Қос мемлекет бірлесіп, мұнай танкерлері өндірісін қолға алады.

Кей әзербайжандықтар Путиннің елге келу себебін "Ресей халықаралық изоляцияда отыр, бірақ әлемге одақтастары бар екенін көрсеткісі келеді" деп түсінді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG