Accessibility links

Украинаның "батыл шабуылы" Путиннің "масқарасын шығарып", соғыс тактикасын өзгертті


Курскідегі шабуыл Путинді "масқаралап", Ресейдің "әлсіздігін көрсетті". Шолу
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:50 0:00

Курскідегі шабуыл Путинді "масқаралап", Ресейдің "әлсіздігін көрсетті". Батыс баспасөзіне шолу

Украина билігі Ресейдің Курск облысында алға жылжып жатқанын мәлімдеді. Батыс басылымдары Украинаның шабуылы Кремльді састырып, Ресей президенті Владимир Путиннің беделіне үлкен соққы болып тигенін жазып жатыр. Украинаның түпкі мақсаты не, Курскідегі операцияның ақыры не болмақ және Путин қалай әрекет етуі мүмкін? Азаттық Батыс басылымдарын шолып шықты.

КРЕМЛЬДІҢ "ШАРАСЫЗДЫҒЫ" МЕН УКРАИНАНЫҢ МАҚСАТЫ

АҚШ-тың CNN арнасы сараптамасында Украина әскерінің Ресейдің Курск облысына шабуылы Ресейдің шын мәнінде қаншалықты әлсіз екенін көрсетті деп жазды.

Екі ай бұрын Ресей әскері Украинаның Харьков облысына бет алғанда, Киев Мәскеу тағы қандай осал тұсымызды табар екен деп алаңдай бастаған. Бірақ Украина картаға қарап, Ресей де әлсіз деген ұйғарымға келіп, Мәскеудің гамбитін бастан-аяқ төңкеріп жіберді, дейді телеарна тілшісі Ник Пэтон Уолш.

Осымен екінші жыл қатарынан Ресейдің оңтүстігінде қарсылас тараптың күштері жүр, ал Ресей билігінің қолынан келері шамалы. Телеарна Кремльдің қазіргі шарасыздығын бір жыл бұрынғы "Вагнер" жекеменшік жалдамалы әскер тобының жетекшісі Евгений Пригожиннің бүлігі кезіндегі қауқарсыздықпен салыстырды.

Курскіден хабар. Украин әскері жаулаған орыс жері көбейе түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:32 0:00

Украина күштері Курск облысындағы мың шақырым жерді бақылауға алғанын мәлімдеді. Телеарна Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийдің осы мәлімдемені айтуының өзі Мәскеу ақпаратты тежеп отырған шақтағы Украинаның ақпараттық жеңісі дейді.

"Батыл, тамаша, әдемі". CNN АҚШ сенаторы Линдси Грэмнің Украинаның шабуылы жайлы осы пікірін берген.

CNN Путин мен Ресейдің әскери жетекшілерінің Курскідегі жағдайға байланысты әзірге нақты шешімі жоқ дейді. Киев Курскіге шабуылды Ресеймен келіссөзде позициясын күшейту үшін пайдаланады деп есептейді медиа арна.

"Украинаның былтыр жазда сәтсіз болған қарымта шабуылын қазір аяқ астынан нәтижелі болған шабуыл алмастырды. Былтырғы қыстың тәлкегі артта қалған жоқ, бірақ алдағы қыста Киевтің позициясы жақсырақ болуы мүмкін. Кремльдің мызғымастығы туралы идеяның бұл соғыста осымен үшінші мәрте күл-талқаны шықты".

АҚШ-тағы Washington Post басылымы халықаралық қатынастарды шолушы Ишаан Тарурдың "Украинаның Курскідегі батыл операциясы Ресей президенті Владимир Путинді масқара етіп, Ресей мен Украина соғысының логикасын белгілі бір дәрежеде өзгертті" деген тақырыппен пікірін жариялады. Автор Кремльге бұл ауыр соққы болып тигенін айтқан. Болжам бойынша, Киев бір аптаның ішінде Ресейде бақылауға алған аумақ Мәскеу жыл басынан бері Украинада басып алған аумақтан үлкен.

Басылым Украинаның бұл шабуылдағы мақсатына үңілген. Бұл Ресей шебін бұзып, өз жерін қайтаруға ұмтылған Украинаның моральдық рухын көтерді. Сонымен қатар буфер аумағы Ресейдің украин жеріне жасайтын әуе шабуылы мен бомбалауын уақытша тоқтатады. Ресей Курск пен шекаралас аймақта шайқас жүргізу үшін әскердің бір бөлігін Украинадан шығаруы мүмкін.

Украина қарулы күштері (ЗСУ) шабуылынан қираған ресейлік әскери техника. Курск облысы, Ресей.
Украина қарулы күштері (ЗСУ) шабуылынан қираған ресейлік әскери техника. Курск облысы, Ресей.

АҚШ-тағы сайлаудан соң билік басына Дональд Трамп оралса, Батыстың Украинаға қолдауы азаюы ықтимал. Автор Киев осыны ескеріп, Курск жерін кейін келіссөзде Ресей басып алған Украина аумағына айырбастауы мүмкін дейді.

Басылым Гарвард университетінің академигі Уолтер Клеменстің "Украина әскері Ресейде қалса да, шегінсе де, бұл Путин жүйесінің барлау және әскери мүмкіндігінің ғана емес, диктаттың осалдығын көрсетті" деген пікірін берген.

New York Times газеті Украинаның соғыстағы тактиканы өзгертуі Ресейді састырды деп жазды. Басылым Украина Курск облысына басып кіру арқылы екі мақсатты көздеді деп есептейді. Бірі − Ресей әскерін Украинаның шығысындағы майдан шебінен шығару, екіншісі – болашақ келіссөзде басып алған аумақты саудаға салу. Сонымен қатар бұл операция бірнеше ай бойы Ресейге есесі кетіп жатқан Украина әскерінің рухын көтереді. Алайда сарапшылар украин күштері өз елінде майданның алғы шебінде жүргенін ескерсек, мұндай тәуекелге бару өзін-өзі ақтай ма деген сұрақ қояды.

ПУТИННІҢ "БЕДЕЛІНЕ ЖАСАЛҒАН СОҚҚЫ" ЖӘНЕ ОҚИҒАНЫҢ АРТЫН БАҚҚАН ЭЛИТА

Британдық BBC арнасы Украинаның алға жылжуы Путиннің "қауіпсіздікті қамтамасыз етуші" беделіне нұқсан келтіреді деп жазды. Мақала авторы телеарнаның Мәскеудегі тілшісі Стив Розенберг 25 жылдан астам уақыт билікте отырған Путин кең байтақ аумақта ресейліктердің қауіпсіздігіне кепілдік бере алатын жалғыз адам бейнесін қалыптастырды дейді. Путин екі жарым жыл бұрын өз халқына Украина жеріне басып кіруді "Ресейдің ұлттық қауіпсіздігін күшейтетін қадам" деп түсіндірген. Бірақ соғыс жүріп жатқан екі жарым жылдан бері "қауіпсіздіктің" белгісі шамалы. Украина дрондары Ресей қалаларына үнемі шабуылдайды, енді Украина сарбаздары Ресей жерін басып алып жатыр. Путин болса "Украина басып кірді" деген сөзден қашып, "оқиға", "арандату" мен "шекара аймағындағы жағдай" сияқты сөздерді қолданып жүр.

"Ол осы аптада "жауды Ресей аумағынан ығыстырып шығару" туралы айтты. Бірақ оны айту бір басқа, істеу мүлде бөлек дүние. Курс облысына күштер жіберілгенімен, Ресей әскері әлі бұл аумақты бақылауға ала алмады... Владимир Путин Украинаға басып кіргеніне және содан бері қабылдаған шешіміне еш өкініш білдірмеді. Оның мәлімдемелері ішкі көңіл күйін білдіретін болса, ол әлі де соғыстың тек бір ғана нәтижесі болуы мүмкін, ол – Ресейдің жеңісі деп санайды".

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен бірге Курск облысындағы жағдайды талқылап отыр. 9 тамыз, 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен бірге Курск облысындағы жағдайды талқылап отыр. 9 тамыз, 2024 жыл.

Британдық Guardian басылымы "Украинаның Курскідегі операциясы неғұрлым ұзаққа созылған сайын Ресей президенті Владимир Путинге мұны соғыстағы болмашы сәтсіздік деп көрсетуі соғұрлым қиынға соқпақ" деп жазды. Кремльшіл басылымдар Курскідегі жағдайды еш алаңдатпайтын, толық бақылаудағы жергілікті деңгейдегі қақтығыс деп көрсетіп жатыр. Олар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ресей жерін басып алған шетел әскерін емес, оларға тойтарыс беруге тырысқан Ресей күштері мен гуманитарлық көмекті жіберіп жатқан халықты көрсетіп әлек. Басылымға сұхбат берген саясаттанушы Екатерина Шульман былтыр Путин Евгений Пригожиннің бүлігі кезінде әлсіз реакция танытып, көзге көп түспегенін, бірақ кейін Пригожин ұшақтағы жарылыстан қаза тапқанын еске салған.

"Енді элита өкілдері Путин алғашқы әлсіз реакциядан соң бастаманы қолға ала ма, соны бақылайды. "Меніңше, олар билік әлі күшті ме, шалдың қолында билік әлі бар ма дегенді бақыламақ" дейді Шульман".

КУРСКІДЕГІ ШАБУЫЛДАН СОҢ НЕ БОЛМАҚ?

Британдық Economist газеті Курскідегі шабуылдан кейін не болмақ: Киев кері шегіне ме, басып алған жерлерді ұстап қала ма, әлде тағы алға жылжи ма деген сұраққа жауап іздеген.

Алдағы күндері операция шарықтау шегіне жетуі мүмкін, себебі әскер шаршайды, жабдықтау жолдары ұлғаяды.

Украина қысқа мерзімде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Владимир Путин сасып қалды: 12 тамыз күні Ресей мемлекеттік телеарналары Путиннің күштік құрылым, әскер мен жергілікті билікті сынап жатқанын көрсетті.

Соғысты бақылап отырған Rochan Consulting компаниясының әскери сарапшысы Конрад Музыка Ресей қарымта шабуылға көшсе, Украина зор шығынға батуы мүмкін деп отыр. Бірақ әзірге Ресей қарымта шабуылға қажет күшті Курскіге тартқан жоқ. Ал қарсылық көрсеткен әскерилер мен ұлттық гравдия сарбаздарын Украина тұтқынға алғанын мәлімдеді.

Шабуылдан қираған көпқабатты үйдің алдында тұрған адамдар. Курск, Ресей, 11 тамыз, 2024 жыл.
Шабуылдан қираған көпқабатты үйдің алдында тұрған адамдар. Курск, Ресей, 11 тамыз, 2024 жыл.

Отставкідегі австралиялық генерал Мик Райан басылымға берген сұхбатында Ресей Курскіге мықтырақ күштерін тарта бастаса, Украинаның алдында үш сценарий тұрғанын атап өткен. Киев басып алған жерді ұстап қалса, тіпті алға жылжыса, өз жерінен барынша көп Ресей әскерін шығарып, басып алған жерді алдағы келіссөзде пұлдай алады. Бірақ бұл қауіпті, өйткені үлкен аумақта әуе қорғанысын қамтамасыз ету қиынға соғады.

Екінші нұсқа – келер жылы Украина аумағын қайтару үшін әскер мен техниканы сақтап қалып, шекараға кері қайту. Осылайша Украина Ресей жерінде соғыс жүргізе алатынын көрсетіп, "Ресей жеңіске жетеді" деген нарративті жоққа шығара алады.

"Үшінші нұсқа – Украина шекарасына жақын, жақсы қорғалатын позицияға шегіну, бұған аз әскер, логистика мен артиллерия болса жеткілікті. Бұл мүмкіндік туғанда алдағы шабуылдарға жол ашады. Украинаның бас штабындағы дерек көздер ең ықтимал сценарий – осы дейді" деп жазды Economist.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG