28 желтоқсан күні таңертең Азаттықтың Баку бюросының (Азадлыг радиосы) журналисі Камран Махмудовты үйінен полиция ұстап әкеткен. Олар есікті көршіні іздеп жүрген адам ретінде сөйлеп аштырған. Махмудовтың әйелі Латифа оны полицияның "аяқкиімі мен сырткиімін киюге мұрша берместен әкеткенін" айтады.
Полиция Азадлыг радиосының орыс тіліндегі сайтының редакторы Чингиз Султансой мен кеңсе тазалаушы Матанат Абдинованы да ұстаған. Бұл қызметкерлер прокуратура ғимаратына тергеу үшін жеткізілген.
ТІНТУ МЕН ТЕРГЕУГЕ ШАҚЫРУ
26 желтоқсан күні Әзербайжан бас прокуратурасы қызметкерлері Азадлыг радиосының редакциясына тінту жасаған еді. Тінтуден кейін олар бюроны жауып, есігін мөрлеп кеткен.
Полиция редакцияның құжаттарын, компьютерлері мен басқа жабдықтарын тәркілеген. Бас прокуратура өкілдері Азадлыг радиосының шетелден қаржыландырылатын ұйым ретінде тексеріліп жатқанын айтқан.
Желтоқсанның 26-сы болған тінту видеосы:
Your browser doesn’t support HTML5
Сенбі, 27 желтоқсан күні корпорация басшылығы Әзербайжан билігін бюро тілшілерінің пәтерлеріне полиция жіберіп, оларды прокуратураға жауапқа шақырып жатқаны үшін айыптап, мәлімдеме жасады. Азаттық басшыларының бірі Ненад Пеич "Әзербайжан билігі радио қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қорқытып отыр" деген болатын.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович Азаттықтың Баку бюросына (Азадлыг - ред.) қысымды "сөз бостандығына шабуыл" деп бағалады.
Бұл елде қазір 100-ге жуық саяси тұтқын түрмеде отыр. Олардың ішінде Азаттықтың Баку бюросының қызметкері Хадиджа Исмаилова, Бейбітшілік және демократия институты директоры Лейла Юнус пен оның күйеуі, азаматтық белсенді Ариф Юнус және басқа белсенділер бар.
Жақында Әзербайжанда үш бірдей үкіметтік емес ұйым - IREX ("АЙРЕКС", 125 елде демократиялық реформалар жүргізуге көмектесуші ұйым), Ұлттық демократиялық институт және Оxfam ("Оксфэм", әлемнің 90 елінде кедейлік және әлеуметтік теңісіздікпен күресуші ұйым) жабылды.