Беларусь президенті Александр Лукашенко бұрын белорус тілі туралы жағымды пікір айтқан емес. Бірақ осы айдың басында президентпен кездескен Беларусь жастары оның ана тілі туралы лебізін естіп, таңғалды.
Лукашенко «Белорус халқын белорус жасап тұрған - оның мәдениеті. Ол - тек әдебиет, музыка, сәулет қана емес, біздің тіліміз. Оны білуге тиіспіз. Тарихымызды ұмытпай, құндылықтарымызды қадірлеуге тиіспіз» деді.
Белоруссия басшысының аяқ астынан ұлттық ерекшелікті – әсіресе, белорус тілін қорғай қалуы кейінгі айларда қалыптасқан қолайсыз геосаяси жағдайда көршісі Ресейдің көлеңкесінен шығуға деген ұмтылысын байқатқандай.
«СОҒЫСУҒА ӘЗІРМІН»
Лукашенко өткен жылдың мамыр айында ресейлік «Дождь» тәуелсіз арнасына берген сұхбатында «Беларусь жеріне кім [басып] кірсе де, соғысуға әзірмін. Тіпті ол [Ресей президенті] Путин болса да» деген еді.
Көрші Украинадағы дағдарыс кезінде осы елдің егемендігін, тұтастығын қолдап, ара ағайын рөлін белсенді атқарған Лукашенконың Батыспен қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндігі көбейген тәрізді.
Брюссельдегі Еуропа саяси зерттеулер орталығының өкілі Грант Костанян «Лукашенко мен Кремльдің арасы ушығыңқырап тұрғанын ескерсек, Беларусь басшысына Еуропа Одағымен (ЕО) байланыс орнатуға қосымша мүмкіндік пайда болып отыр» дейді.
ЕО сыртқы саясат мекемесінің басшысы Федерика Могеринидің баспасөз хатшысы Майя Косьянчич Азаттыққа «блок Лукашенконың Украинаға қатысты позициясын бағалайды» деді.
Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше болғанына қарамастан, Беларусь Ресейдің ЕО елдеріне қарсы санкцияларына қосылмады. Аты-жөнін жариялауды қаламаған ЕО өкілі «Минскімен қарым-қатынас жақсарды деуге әлі ерте, бірақ оң қадамдар бар. Минск әлемде бір серіктеске ғана сеніп отыра беруге болмайтынын түсінді» дейді.
20 жылдан астам билікте отырған Лукашенко Мәскеу мен Батыс арасында амалдап, бұлтару әдісін жақсы меңгерді. Ресейдегі «қамқоршыларын» жомарт демеуші және саяси қауіпсіздік тірегіне айналдырды. Бірақ Мәскеудің Беларусь егемендігіне қол сұғуына немесе Ресей Федерациясының құрамындағы шағын елге айналдыруына қарсы тұрды.
«ОРЫССЫЗДАНДЫРУ» САЯСАТЫ
Бірақ осы жолы Лукашенко бұрынғысынан қатты кеткен сияқты. Онысының себептері бар. Өткен аптада Беларусь мемлекеттік баспасөзі мектептерде «орыссыздандыру» (орыс тілінен, мәдениетінен алшақтау - ред.) саясаты басталатынын жариялады. Бұл саясат биліктің белорус тілін өркендетуге кіріскенін білдіреді.
1999 жылғы сауалнама кезінде респонденттердің 73,6 пайызы белорус тілін ана тілі санайтынын айтса, 2009 жылғы сауалнама кезінде жауап берген жұрттың тек 53,2 пайызы оны ана тілі ретінде белгілеген.
Қаңтардың 26-сы күні Беларусь үкімет резервтегі 15 мың сарбазын шақырып, әлемдегі бейбіт замандағы ең ірі «резерв жаттығуын» өткізді. Ақпанның 1-і күні жаңа әскери доктрина күшіне енбек, онда «Шетел тарапынан Беларуське қарсы [сол шетелдерге қызмет ететін] әскери топтар, түрлі жасақтар, жалдамалылар немесе тұрақты әскер жіберілсе, бұл соғыс жариялауға бастама болады» деп жазылған.
Желтоқсан айында, экономика тұрақсыздығынан үкіметте дүрбелең болған кезде, Лукашенко Александр Косинецті президент әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады. Бұл лауазым иесі ықпалы жағынан елдегі «екінші адам» саналады. Витебск қаласында бұрын мемлекеттік қызметкер болған Косинец - Лукашенконың өзі сияқты советтік әдіспен басқаруды үйренген шенеунік.
Бірақ ол - Беларусь патриоты, өзі билік еткен аймақта орыс ұлтшылдары белсенділігін басумен айналысқан. Өткен жылы ол Витебскіде жергілікті этникалық орыстар мен казактардың қарсылығына қарамастан, ұлы Литва князі Ольгердке ескерткіш орнатты.
Бірақ Минск экономикасын жаңарту мен реформалау баяу жүріп жатыр. Грант Костанян қазір белорустардың 55 пайызы соңғы 10 жылда қарқынды дамыған жеке секторда қызмет ететінін айтады. Ал Ресей экономикасымен байланысы тығыз мемлекеттік ірі компанияларға қарағанда, жеке сектор ЕО-мен сауда байланысын дамытуға ынталы.
Украинадағы дағдарысқа қатысты ЕО мен Минск көзқарастарының сәйкес келуі осы екі тараптың қарым-қатынасын жақсартуға мүмкіндік беретін сияқты.
Өткен жылдың соңында Лукашенко ЕО саяси тұтқын деп санайтын бірнеше адамды бостандыққа шығарды. Осыны ескерген ЕО санкцияға іліккен Беларусь шенеуніктері мен тұлғаларының тізімін қысқартты.
Мұның үстіне, Минск Украина мәселесін пайдаланып Балтық теңізі аймағындағы көршілерімен және Польшамен байланыс орнатты. Латвия қазір ЕО төрағасы қызметін атқарып отыр. Осы елдің сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевич осы айдың басында «Беларусьпен қарым-қатынастарда жаңа мүмкіндіктер бар» екенін мәлімдеді.
«РЕСЕЙДЕН ОҢАЙ ҚҰТЫЛА АЛМАЙДЫ»
ЕО Минскімен 2014 жылы виза режимін жеңілдетуге қатысты екі мәрте келіссөз өткізді, үшінші кездесу осы көктемге белгіленген. ЕО өкілдері биыл мамырда Ригада өтетін «Шығыстағы серіктестік» саммитінде виза режимін жеңілдету келісімінің соңғы нұсқасы бекітілуі мүмкін дейді.
Бірақ ЕО шенеуніктері Беларусьтегі «саяси тұтқындарға» қатысты позицияларын өзгертпейтіндерін мәлімдеді, бұл байланысты жақсартуға кедергі келтіреді. Amnesty International ұйымы Беларусьте «жеті саяси тұтқын қалды» деп мәлімдеді.
Сарапшы Костанянның айтуынша, Беларусь ЕО өкілдеріне Лукашенконың Рига саммитіне қатысқысы келетінін білдірген. Беларусь пен Әзербайжан «Шығыстағы серіктестік» бағдарламасында елден ерек көзге түсіп келеді, өйткені, 2009 жылдан бері бұл жиындарға Беларусьтің лауазымы төмен шенеуніктері ғана қатыстырылып келеді.
ЕО өкілі Косьянчич Лукашенконың Ригаға келу мүмкіндігін теріске шығармайды, «бірақ шараға кімдер қатысатынын айтуға әлі ерте» дейді. Сарапшылар Беларусь атынан ол жиынға премьер-министр Андрей Кобяков баруы мүмкін деп болжайды. 2013 жылы жиынға Беларусьтен сыртқы істер министрі барған болатын.
Ресейдің Беларусь экономикасына ықпалы бұрынғыдан кеміген жоқ. Бұл әсіресе электр және энергетикалық секторлардан қатты байқалады. Оған қоса, ЕО Лукашенконың саяси тұрғыда шынайы болуын талап етеді, ал Беларусьтегі авторитарлық жүйеге Ресей ондай талаптар қоймайды. Қараша айында Беларусьте президент сайлауы өтеді. Яғни, бұл мәселе сол кезде бірінші орынға шықпақ.
(Роберт Коалсон мен Рикард Йозвяктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)