Абдурахмон Рахмонов былтыр жаздың басында қызуы көтеріліп, тыныс алуы қиындап, Covid-19 дертінің белгілерімен Душанбедегі "Шифобахш" ауруханасына түскен.
Ол кезде елде эпидемия өршіп тұрған еді. Пандемияның бас кезінде елде коронавирус инфекциясы барын мойындамаған Тәжікстан билігі кейін мемлекеттік медицина мекемелерінің барлығында Covid-19 инфекциясын жұқтырған науқасқа тегін көмек көрсетіледі деп мәлімдеген.
Көптеген өзге науқастар сияқты ауруханадан бір-ақ шыққан Абдурахмон Рахмонов биліктің әлгі уәдесі бос сөз екеніне көзі жеткенін айтады.
– Ауруханаға барғанымда, маған дәрілер тізімін беріп, "ақшасын төлеңіз" деді. Басқа науқастардың да тегін берілуі тиіс дәріге ақша төлеп жатқанын көрдім. Шағым айта бастағанымызда дәрігерлер мемлекет уәде еткен "тегін емдеу шараларына" аурухана төсегі мен дәрігер еңбегіне жұмсалатын шығынды жабу ғана кіретінін айтты, – дейді Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген 55 жастағы Абдурахмон Рахмонов.
Ол ауруханада 80 күн жатып емделгенін, бас кезінде 500 доллар ақша төлегенін айтады. Бұл – орташа жалақы 150 доллар болатын Орталық Азиядағы ең кедей мемлекет үшін өте көп ақша.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тамақ беріңізші". Жүздеген тәжік мигранты қазақ-өзбек шекарасында жіпсіз байландыАзаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері ел астанасы Душанбеде, басқа қалалар мен ауылдарда тұратын, коронавирус инфекциясы жұқтырып, кейін емделіп, жазылған ондаған науқаспен, олардың отбасы мүшелерімен сөйлесіп көрді. Барлығы да "емдеу шарасы" ақылы болғанын растады.
Науқастардан тек төсек-орын үшін ғана ақша алмаған. Көп қаладағы мемлекеттік медицина мекемелерінде емдеу курсы аяқталғанға дейін төсек-орын құны 50-70 доллар.
Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілеріне сұхбат бергендердің көбі ауруханаға 430-600 доллар аралығында ақша төлеуге мәжбүр болғанын айтқан. Душанбеде тұратын бір адам коронавирус ауруынан емделуге бір мың доллар жұмсапты.
"АУРУХАНА БАСШЫСЫНАН ЕМЕС, ҚАРАПАЙЫМ ЖҰРТТАН СҰРАҢДАР"
12 ақпанда Джамолиддин Абдулзода журналистерге "Мен 5 мамырда денсаулық сақтау министрі болып тағайындалғалы (Тәжікстанда коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кез), үкімет Covid-19 вирусы жұққан науқастарға түгелдей тегін медициналық көмек көрсетіп жатыр дегенді сеніммен айта аламын" деп мәлімдеді.
– Мұны аурухана басшылары да растай алады, – деді ол.
Министрдің бұл сөзі әлеуметтік желі қолданушылардың ашу-ызасын туғызды. Тәжікстан азаматтарының көбі шенеунікті "жалған сөйлейді", "айтқаны шындыққа жанаспайды" деп айыптады.
Facebook қолданушы Азамат Сатторов бұл туралы "Емдеудің тегін не ақылы болғанын аурухана басшысынан емес, қарапайым адамдардан сұраңдар" деп жазды.
Хуршед Саидов деген қолданушы "Еліміздегі аймақтардың ешбірінде тегін емделдім деген адам жоқ. Кімнен сұрасаңыз да, Covid-19 вирусын жұқтырып түскен науқастардың 5000-7000 сомони (434-615 доллар аралығы – ред.) төлегенін айтады. Министр өтірікті ашық айтып отыр" деген пікір қосты.
Денсаулық сақтау министрі сондай-ақ Тәжікстанда Ресей сияқты басқа елдердің коронавирус инфекциясын емдеу кезінде пайдаланып жүрген "дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық қоры жеткілікті" екенін айтқан.
"Қазір қолымызда құны 103 миллион сомонидың (шамамен тоғыз миллион доллар) дәрі-дәрмек қоры бар" деді министр.
Лауазымды шенеуніктің "дәрі-дәрмек қорының жеткілікті" екені туралы мәлімдемесі елде мамыр айынан бері кей препараттың бағасы өсіп жатқанына шағым айтқан жұрттың сөзімен үйлеспейді.
Исфарин ауданының солтүстігіндегі Навгилем ауылында тұратын 57 жастағы үй шаруасындағы әйел (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді) Азаттықтың Тәжік қызметіне былтыр қыркүйекте күйеуі Covid-19 вирусы жұқтырып алып ауруханаға түскенде отбасының бүкіл жиған-терген қаржысы дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалғанын айтып берді.
Оның сөзінше, Исфардағы дәрігерлер "бірнеше мың сомони" тұратын дәрі-дәрмектің ұзын тізімін оның қолына ұстатқан. Бірақ 60 жастағы күйеуі ауруынан айыға алмаған.
– Бұрын 50 сомони тұратын кей дәрінің бағасы пандемия кезінде 350 сомониге дейін өсті, – деді Covid-19 инфекциясының жеңіл түрімен ауырған Душанбе тұрғыны. Ол қандай препаратты меңзегенін ашып айтпады.
ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ҚАЙДА?
Ел азаматтары Тәжікстан үкіметіне пандемиямен күреске көмек ретінде берілген шетелдік жәрдемнің қайда кеткенін білмейді.
Пандемия басталғалы Тәжікстан 18 ел мен 16 халықаралық, өңірлік ұйымнан қаржылай және гуманитарлық көмек алған. Бұл көмекке азық-түлік пен дәрі-дәрмек те кірген.
Сәуірде Тәжікстан билігі елде күдікті "пневмонияға" шалдыққан науқас көбейгеніне қарамастан, "коронавирус тіркелген жоқ" деген сөзінен танбады. Осы кезде Тәжікстанға қаржылай көмек көрсету туралы ұсыныстар түсе бастаған. 30 сәуірде Душанбе елде коронавирус жұққан "бірінші" науқас тіркелгенін хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дәрігерлер мен көр қазатындарға жұмыс көп. Орталық Азияда вирус өршіп, шектеу қайта күшейдіТәжікстан халықаралық валюта қорынан 190 миллион доллар, Еуропа одағынан 53 миллион доллар, Дүниежүзілік банктен 11,3 миллион доллар көмек алған.
Тәжікстанның ресми тұлғалары ұсынған дерекке сәйкес, қазірге дейін елде 13 308 адамға коронавирус жұғып, 90 науқас аурудан көз жұмған. Бұл өте төмен көрсеткіш саналады.
Денсаулық сақтау министрі Абдуллозоданың дерегінше, 2020 жылғы 31 желтоқсаннан бері Тәжікстанда Covid-19 вирусы жұққан науқас тіркелмеген.
Душанбенің "коронавирусты жеңгені" рас па? (5 қаңтар 2021 ж.)
Your browser doesn’t support HTML5
Қоғам өкілдері ресми деректерге күмән келтіріп, үкімет статистиканы азайтып көрсетіп отыр деп топшылайды.
Пандемия өршіп, ауруханада орын болмай, Covid-19 вирусы белгілері байқалған науқастар саны күрт өскен кездің өзінде билік коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған адам аз болғанын айтып, елде өлім көрсеткіші төмен деп көрсеткен.
Дәрігерлер Covid-19 белгісі бар науқастардың көбіне "пневмония" деген диагноз қойған.
Тәуелсіз ақпарат құралдары "пневмония" диагнозы қойылып, қайтыс болғандарды зиратқа жедел жәрдем көлігі мен қорғаныш костюмін киген дәрігерлер жеткізгенін жазған. Көп жағдайда жедел жәрдем бригадасы пластик қапқа оралған мәйітті өздері жерлеп, марқұмның туыстарына қабірден алыс тұруды ескерткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжік әйел қажыға баруға жиған ақшасын вируспен күреске жұмсады