Accessibility links

"91 пайызға жуық дауыспен". Рахмон бесінші мерзімге президенттікке сайланды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон президент сайлауына дауыс беріп тұр. Душанбе, 11 қазан 2020 жыл. Сайлаудың алдын ала ресми қорытындысы бойынша ол 90 пайыздан көп дауыс алған.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон президент сайлауына дауыс беріп тұр. Душанбе, 11 қазан 2020 жыл. Сайлаудың алдын ала ресми қорытындысы бойынша ол 90 пайыздан көп дауыс алған.

Тәжікстанның авторитар президенті Эмомали Рахмон кезекті рет осы қызметке сайланды. Биліктің қатаң бақылауымен өткен сайлаудың ресми алдын ала қорытындысы бойынша Рахмонның 91 пайызға жуық дауыс алғаны хабарланды. Алғашқылардың бірі болып Рахмонды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.

12 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды Тәжікстан президенті болып қайта сайлануымен құттықтады деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

"[Тоқаев Тәжікстандағы] сайлау қорытындылары оның стратегиялық бағытына деген жоғары сенім мен бүкілхалықтық қолдаудың белгісі екенін атап өтті" делінген Ақорда сайтында жарияланған ақпаратта.

Содан бірнеше сағат бұрын Тәжікстан орталық сайлау комиссиясы 11 қазанда өткен президент сайлауының алдын ала ресми қорытындысын жария етті. Оған сәйкес, 68 жастағы Эмомали Рахмон келесі жеті жыл мерзімге президент болып сайланды. Орталық Азиядағы ең кедей мемлекетті 1992 жылдан бері басқарып отырған Рахмон осымен бесінші президент сайлауының жеңімпазы атанып отыр.

ОСК төрағасы Бахтиёр Худоёрзода сайлаушылардың 85,4 пайызы президент сайлауына дауыс бергенін хабарлады.

Авторитар басшы Рахмон тақта қалудан үмітті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:21 0:00

Батыс бақылаушылары бұған дейін Тәжікстанда өткен сайлаулардың ешбірін еркін, әділ сайлау деп таныған емес. Рахмон постсоветтік елдер арасында билікте Беларусь президенті Александр Лукашенкодан да ұзақ отырған автократ басшы ретінде танымал.

11 қазандағы сайлау Тәжікстан коронавирус пандемиясына байланысты экономикалық қиындықтарға тап болған кезде өтті. Жүздеген мың тәжік еңбек мигранты пандемия кесірінен Ресейге жұмысқа бара алмағандықтан, шетелден аударылатын ақша көлемі да қысқарып, жұмыссыздық жайлаған елдің экономикасына септесуден қалды.

РАХМОННЫҢ "БӘСЕКЕЛЕСТЕРІ", САЙЛАУДАҒЫ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАР

Бұл жолғы сайлауға Рахмонға "бәсекелес" ретінде қатысқан, жұртқа аса танымал емес төрт кандидат парламенттегі билікті қолдайтын саяси партиялардың атынан сайлауға түскен. Оларды өзге елдерге сайлауды "балама кандидаттар" қатысқан деп көз алдау үшін түскендер деп санайтындар көп.

Сайлаудың алдын ала ресми қорытындысы бойынша, Аграрлық партияның кандидаты Рустам Латифзода – 3,03 пайыз, Экономикалық реформа партиясынан түскен Рустам Рахматзодав – 2,15 Коммунистік партиядан қатысқан Миродж Абдуллоев –1,17 пайыз, Социалистік партиядан президенттікке үміткер Абдухалим Гаффорзода – 1,49 пайыз дауыс алған.

ОСК президент сайлауының түпкілікті қорытындысы бір аптаның ішінде шығатынын мәлімдеді.

Азаттықтың Тәжік қызметі — Радио Озоди сайлау өткен күні заңбұзушылық болғаны туралы хабарлады. Озоди тілшілері Душанбедегі сайлау учаскесінде екі ер адамның дауыс беру жәшігіне сайлау бірнеше бюллетень тастаған сәтін түсіріп алды.

Сайлау жәшігіне бірден артық бюллетень салып тұрған сайлаушы. Душанбе, 11 қазан 2020 жыл.
Сайлау жәшігіне бірден артық бюллетень салып тұрған сайлаушы. Душанбе, 11 қазан 2020 жыл.

Елдің солтүстігіндегі Худжанд қаласындағы тілші сөйлескен екі сайлаушы біреуден артық бюллетень алып, отбасы мүшелері үшін дауыс бергенін ашық айтты. Тәжікстан сайлау заңы бойынша, әр сайлаушы өзі үшін ғана дауыс бере алады.

Бұл президент сайлауы Рахмонның ең ықпалды саяси бәсекелесі болып келген Тәжікстан ислам жаңғыру партиясының қатысуынсыз өтті. 2015 жылы Тәжікстан Жоғарғы соты партияны "террорлық ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Партия жетекшілері мен қызметкерлерінің көбі түрмеге қамалды, кейбірі елден қашуға мәжбүр болды.

Елдегі жалғыз оппозициялық ұйым – социал-демократиялық партия бұл сайлауға бойкот жариялаған. Партияның жетекшісі Рахматулло Зоиров Озодиге берген сұхбатында тіпті "егер барлық кандидатқа қарсы дауыс берген күннің өзінде ОСК өзіне қажет санды жазып, сайлау қорытындысын жариялайтын" сайлауға қатысудың ешқандай мәні жоқ деп санайтынын айтты.

САЙЛАУДЫҢ СОҢЫНА НАРАЗЫЛЫҚҚА ҰЛАСА МА?

Президент Рахмон елге қатаң бақылау орнатып, өзгеше ойлайтындарды басып-жаншитын автократ басшы ретінде танымал болғандықтан, көрші Қырғызстан мен постсоветтік Беларусь еліндегідей сайлаудың соңы жаппай наразылыққа ұласуы мүмкін деп айту өте қиын.

Мемлекеттік БАҚ пен жақтастары Рахмонды 1990 жылдары Тәжікстанда болған азамат соғысынан кейін елге тұрақтылық орнатқан басшы деп дәріптейді.

Тамыздың соңында Рахмонның кандидатурасы ұсынылғанға дейін "ол отставкаға кетіп, президенттікке ұлы Рустам Эмомалидың түсуіне жол ашады-мыс" деген қауесет айтылып келді.

Биыл сәуірде 32 жастағы Рустам Эмомали парламенттің жоғарғы палатасының спикері болып тағайындалған. Тәжікстан Конституциясы бойынша, егер президент әлдебір себеппен қызмет міндетін атқара алмайтын болса, онда билік сенат төрағасына өтеді. Рустам Эмомали бұған қоса Душанбе қаласының мэрі қызметін де атқарып отыр.

Тәжікстанда билік мұрагеріне берілуі мүмкін екені жайлы әңгімелердің шығуына 2016 жылы ел Конституциясына өзгертулер енгізу себеп болған еді. Ол өзгертулерге сәйкес, президенттікке кандидатқа түсетін адамның шекті жас мөлшері 35 жастан 30 жасқа дейін төмендетілді.

Сонымен бірге Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін Эмомали Рахмон президенттікке шектеусіз түсу құқығына ие болды.

2015 жылы желтоқсанда парламент президент Рахмонға "ұлт лидері" мәртебесін берді. Енді өмір бойы оны жауапқа тартуға болмайды.

Биыл наурызда Тәжікстанда парламент сайлауы өткен еді. Оның ресми қорытындысы бойынша, парламентте көп орынды президент Рахмонның Халық-демократиялық партиясы иеленген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG