Автономиялардағы азаматтық қоғам – Тәжікстан мен Өзбекстандағы қуғын-сүргіннің негізгі нысанасы

Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы облысындағы наразылық акциясы. 2022 жылғы шілде айының басында әлеуметтік желіде жарияланған видеодан скриншот.

Былтыр Өзбекстан мен Тәжікстан автономиялы облыстарындағы наразылықты күшпен басты. Қуғын-сүргін кезінде ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам қамауға алынды. 2022 жылғы мамыр мен шілдеде болған оқиғалардан ең көп зардап шеккен топ – азаматтық белсенділер.

Өзбекстан мен Тәжікстан былтыр автономиялы облыстарында басталған наразылықты қатаң басып-жаншып, қанды қуғын-сүргін жүргізді.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан және Өзбекстанның Қарақалпақстан автономиялы облыстарында ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам ұсталды.

Сарапшылар "бұл оқиғалардан бәрінен де журналистер, құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер көп зардап шекті" дейді.

– Ташкент пен Душанбе жүргізген қуғын-сүргіннің бір ортақ тұсы жергілікті халықтың жанайқайын жеткізіп, автономиялар құзыретін кеңейтуді сұрап жүрген азаматтық белсенділердің аузын жабуға талпыныс болды, дейді Оңтүстік Каролина университетінің оқытушысы Стив Свердлоу.

2022 жылы мамырда Таулы Бадахшан өңіріндегі наразылықта билік бейбіт халыққа қарсы күш қолданып, 16 адам қайтыс болды. Азаттық тілшілері наразылық кезінде қаза тапқан 34 адамның аты-жөнін анықтаған.

Шілдеде Өзбекстанның қауіпсіздік күштері Қарақалпақстанның автономия мәртебесіне конституциялық өзгеріс енгізуге қарсы наразылықты күшпен басты. Ресми дерек бойынша, әскерилер қолынан 21 адам қаза тапты.

Өзбекстан мен Тәжікстан билігі наразылық құрбандарын халықты зорлық жасауға үндеген сепаратистер деп көрсетті. Құқық қорғаушылар наразылыққа қатысушыларға қарсы қозғалған істердің саяси астары бар дейді.

"КЕЗ КЕЛГЕН БЕЛСЕНДІЛІКТІ ЖӨРГЕГІНДЕ ТҰНШЫҚТЫРУ"

Тәжікстанда қуғын-сүргінге ұшыраған белгілі тұлғалардың бірі Памир халқы этносынан шыққан журналист әрі құқық қорғаушы Ульфатхоним Мамадшоева.

Билік Таулы Бадахшан халқының негізгі бөлігі – осы этностық қауымның (250 мың адам) басшыларын жаппай тәртіпсіздік бастады деп айыптады.

Желтоқсанда Мамадшоева экстремистік бап бойынша 21 жылға түрмеге жабылды. Осы айдың басында оны тергеу изоляторынан әйелдер түрмесіне ауыстырды.

Журналист әрі құқық қорғаушы Ульфатхоним Мамадшоева (сол жақта) мен оның бұрынғы күйеуі Холбаш Холбашов.

Мамадшоева мен оның бұрынғы күйеуі Холбаш Холбашов түрмеге жабылғаннан кейін мемлекеттік телеарналардан олардың "жаппай наразылықты жоспарлап, ұйымдастырғанын мойындаған" видеосы көрсетілді.

Бірнеше күн бұрын Мамадшоева Азаттық тілшілеріне берген сұхбатында наразылық ұйымдастыруға қатысы жоғын айтқан еді.

Сұхбаттан кейін Азаттық тілшілеріне белгісіз бір адамдар шабуыл жасап, диктофон, камераларын тартып әкеткен. Сондықтан бұл сұхбат жарияланбай қалды.

Мамадшоеваның ісімен таныс ақпарат көзі Азаттық тілшісімен аноним жағдайда сөйлесіп, "билік белсендіні 2021 жылы әскерилер қолынан қаза тапқан Памир халқы өкілі Гулбидин Зиебековтің қазасы туралы жиі жазып, ұзақ жыл тәуелсіз журналистикамен айналысқаны үшін жазалап отыр" деген.

– Ол әйел әрі ана ретінде жас жігіттің өліміне көз жұма қарай алмады, – дейді ақпарат көзі.

Мамырдағы наразылыққа Зиебековтің қазасы мен Тәжікстан билігінің жергілікті шенеуніктерді орнынан алып тастау туралы шешімі себеп болған.

Таулы Бадахшандағы кикілжің, жергілікті халық пен Душанбе арасындағы келіспеушілік 1992-1997 жылдар аралығында болған азаматтық соғыстан басталған.

Кикілжің кезінде Мамадшоева мен Холбашов сияқты белсенділер Біріккен тәжік оппозициясы жағында болған. Мәселе бейбіт жолмен шешілсе де, Душанбенің таулы өңір тұрғындарын қатаң бақылауда ұстауға талпынысы өңірде азаматтық белсенділіктің күшеюіне алып келді. Тәжікстанның басқа өңірлерінде мұндай белсенділік жоқ. Авторитар президент Эмомали Рахмон оппозицияның көзін жойып, жеке билік орнатқан.

Авторитар президент Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1994 жылғы қарашадан бері басқарып отыр.

Таулы Бадахшанда бейресми көшбасшылар пайда болды. Олардың өз қауымы арасында үлкен ықпалы бар. Бұл Тәжікстан билігіне ұнамайды.

Лондондағы Ага Хан атындағы исмаилиттік зерттеулер институтының қызметкері Замира Дилдорбекованың айтуынша, өңір халқы азаматтық қоғамды үкіметтің контрагенті көрмейді.

– Азаматтық қоғам билікті ашықтыққа, халық алдында есеп беруге шақырып, жергілікті қауымның дамуына атсалысады, елдің мәселесін шешіп береді, – дейді Дилдорбекова.

Памир халқының көбі исламның шиит бағытына жататын исмаилизмді қолдайды. Тәжікстан мұсылмандары өздерін сүннитке жатқызады.

Исмаилиттердің шетелде тұратын көшбасшысы құрған Ага Хан қоры Таулы Бадахшан өңірі мен Тәжікстанның басқа да аудандарында қайырымдылықпен айналысып, инвестициялық жобалар жасаған.

Бақылаушылар Тәжікстанда азаматтық белсенділік аясы тарылып бара жатқанын айтады.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы өңірінде 2022 жылғы мамырда жергілікті халық үкіметке қарсы жаппай наразылық танытты. Билік оны күш қолданып басты.

Мамырдағы наразылықтан кейін Тәжікстанның қауіпсіздік күштері Душанбенің өңірге билік жүргізуіне кедергі болып көрінген бейресми көшбасшыларды қудалап, түрмеге жауып, тіпті өлтіруге көшті.

Зиебековтің қазасы бойынша әділ тергеу жүргізуді талап ететін арнайы комитет құрған белсенділер ұсталды. Биыл мамырдың басында Таулы Бадахшан өңірінің бес белсендісі үкімет "қоғамдық ұйымдарыңды жабыңдар" деп қысым көрсетіп жатқанын айтты.

– Ұйымның билікке қажеті жоқ сияқты, – деді қауіпсіздік мақсатында аты-жөні мен ұйым атауын атамауды өтінген белсенді.

Таулы Бадахшан өңіріндегі жергілікті билік өкілі "қылмыстық топтармен байланысы бар қоғамдық ұйымдар ғана жабылады" деді. Шенеунік қоғамдық ұйымдардың жарғысы мен тіркеу құжаттарынан көп қате табылғанын айтты.

Исмаилиттік зерттеулер институтының қызметкері Дилдорбекова "Тәжікстан үкіметі кез келген белсенділікті жөргегінде тұншықтырып, режимге қауіп төндіретін ұйымдарды жауып тастағысы келеді" дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанда өмір бойына түрмеге қамалғандар көбейіп барады

ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ

Өзбекстан билігі де Қарақалпақстанда болған наразылықтан кейін белсенділерді, оның ішінде қарақалпақтан шыққан заңгер әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовты қудалаған.

Қаңтарда Тәжімұратов Қарақалпақстанда болған наразылыққа байланысты 16 жылға түрмеге қамалды. Оған "жергілікті билікті құлатып, Қарақалпақстан тізгінін өз қолына алмақ болды" деген айып тағылған.

Дәулетмұрат Тәжімұратов жиында сөйлеп тұр. Нөкіс, Қарақалпақстан, шілде, 2022 жыл.

Өткен аптада Тәжімұратовтың адвокаты Сергей Майоров қорғауындағы азаматты "саяси тұтқын" деп атап, "билік өз кінәсін белсендінің мойнына артып отыр" деген.

Майоров "биліктің қатесі" дегенде Ташкенттің 2 миллион халқы бар өңірге Өзбекстан құрамынан шығу туралы референдум өткізуге тыйым салатын конституциялық заң жобасын дайындаған шешімін меңзеп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, былтырғы наразылықты басып-жаншу әдісі Өзбекстанда бұрынғы президент Ислам Каримовтің қазасынан кейін басталған жылымық аяқталғанын білдіреді.

Қаңтарда Тәжімұратовпен бірге тағы 20 адам түрмеге жабылды. Наурызда наразылыққа қатысқан ондаған адам сотталды.

– Өзбекстандағы реформалар мен еркіндіктің кілті Қарақалпақстандағы оқиғаларда жатыр. Бір өңірде қуғын-сүргін болып, екіншісінде ештеңе болмаса, ұлтаралық шиеленіс арта береді. Тұрақтылық болмайды. Ташкент Қарақалпақстан үшін қандай саясат таңдаса да, оның салдары бүкіл Өзбекстанға әсер етеді, – дейді Қазақстанда тұратын қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік өз қателері үшін жауапкершілікті белсенділерге артты". Түрмедегі қарақалпақ белсендісі