Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы бір қыс бойы апаттан көз ашпаған жылу электр орталығын мемлекет былтыр жеке компаниядан 1 теңгеге сатып алды. Қазақстанның энергетика министрлігі аталмыш нысан қарызын "толық өтеді" деп хабарлады. Алайда үкімет пен жергілікті әкімдіктің станцияны жөндеуге жұмсаған ақшасы қайтарған қарызынан анағұрлым көп. Азаттық 2022 жылғы апаттан бергі жағдай қалай өрбігенін саралап, орталықты жөндеуге бюджеттен бөлінген қаржыны есептеп көрді.
ЖЫРЫ БІТПЕГЕН ЖӨНДЕУ
50 мыңнан астам халқы бар қалада үйлерге жылу таратып, қыс бойы қою қара түтін будақтап жататын алып нысан — жылу электр орталығы. Сырты биік дуалмен қоршалған, есігін полиция күзететін стратегиялық маңызды мекемеге кіріп-шығу ежелден қиын. Іштегі жайттар сырттағы елге беймәлім.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, биыл қыста орталықта апат болған жоқ. Облыс әкімдігіне қарасты Altainews.kz сайты "биыл небары бес рет екінші дәрежелі ауытқу болған. Ал өткен маусымда 65 рет екінші дәрежелі, бес рет бірінші дәрежелі ауытқу болды" деп жазды.
Тұрғындар да бірді-екілі ыстық су тоқтаған жағдайларды есепке алмағанда, қыс қалыпты өтті дейді. Бірақ олар мәселе жазда туындағанын айтады. Қалада үш ай бойы ыстық су болмайды.
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев ыстық судың ажыратылуы жылу электр орталығы мен жылу желілерін жөндеуге байланысты екенін айтады. Оның сөзінше, халыққа бұл жағдай алдын ала ескертілген, риддерліктер орталықты қалпына келтіру керек екенін "жақсы түсінеді".
Азаттық тілшісі осы жөнінде көшеде кездескен адамдарға сұрақ қойды.
— Ыстық су жоқ. Әркім әртүрлі амалын тауып күнелтіп жатыр. Бізде әзірге су ысытатын аппарат та жоқ, суық суды қолмен жылытып алып, керегімізге жаратамыз, — деді біреуі.
— Олар қыркүйекке дейін арнайы өшірді. Бұрын мұндай болмаған. Он күнге тоқтататын, жыл сайынғы жөндеу жұмысын жүргізетін. [Ыстық су болмайтыны] әрине, жайсыз тиеді.
Су ысытатын аппарат сатып алуға мәжбүрміз. Бағасы біз секілді зейнеткерлерге әжептәуір ауыр. 50 литрлігі 80 мың теңге тұрады. Оның үстіне электр энергиясын шығындайды ғой. Оны төлеуіміз керек, — деді екіншісі.
— Қыс қалыпты өтті. Бәрі жақсы. Иә, жазда ыстық су болмайды. Бірақ бұл алдын алу шарасы ғой. Біраз уақытқа созылатын шаруа.
Бұл – біз сөйлескен үшінші адамның пікірі.
САТЫП АЛУ 1 ТЕҢГЕ, ЖАСЫРЫН ШЫҒЫН ЕСЕПТЕ
2022 жылдың 5 қарашасында кешкісін жылу электр орталығында қазандықтар істен шығып, қыс ерте түсіп қойған қалада 22 мыңнан астам үйдің тұрғындары түнімен жаурап шықты. Қала билігі техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялап, апаттың басы содан он күн бұрын, 24 қазанда басталғанын мәлімдеген.
Бірақ станцияның өз қызметкерлері мұнымен келіспеді, олар 2021 жылы-ақ дабыл қаққан. Тоқсанға жуық маман сол кездегі бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа үндеу жолдаған.
"Риддер жылу электр орталығының жағдайы аянышты, кәсіпорын аумағында толық хаос орнады. Кәсіпорынды өркендетуге ақша салынып жатқан жоқ, еңбекақы төлеу проблемасы жақсармады. Мұның соңы білікті мамандардың кетуіне апарып соғады. Ал маман даярлауға бір емес, бірнеше жыл керек. Іс жүзінде 2018 жылдан бері мердігерлік ұйымдарды жалдап, энергетикалық жабдықтар мен жылу желілеріне толыққанды күрделі жөндеу жүргізбеді. Тек әдеттегі жөндеумен шектеліп, жылу желілерін кәсіпорын қызметкерлерінің күшімен ішінара ауыстырды. Бұл дегеніміз жоспарланған жұмыстың 15-20 пайызына ғана тең" деп жазды ұжым.
Кейін олар өтініштері ескерусіз қалғанын айтып қынжылды. Бірақ 2022 жылы басталған апаттар қыс бойына ұласқаннан кейін тексеруге көшкен қаржылық мониторинг агенттігі аталмыш кәсіпорын 2018 жылдан бері жөнделмегенін растады.
Қазандықтардың бірінен соң бірі істен шығуы аздай, кәсіпорынға басшы да тұрақтамады. Жарты жылда екі инвестор келіп, қайта кетті. Алдағы қысты ойлаған қала халқы бұған алаң болды.
Апат болып жатқан кезде, 2023 жылдың қаңтарында жылу электр орталығы RNGK деп аталатын компанияның иелігіне өтті. Ауыс-түйіс туралы бірінші Шығыс Қазақстан облысының сол уақыттағы әкімі Даниал Ахметов айтты. Кәсіпорын тізгінін ұстаған Құралбек Әбдірахманов орталықты жаңартып, тариф бағасын тұрақты ұстап отыратынын, бірақ табыс табу үшін нысан жанынан кокс өндіретін зауыт салатынын мәлімдеді. Ол өндірілген коксты өңірдегі ең ірі кәсіпорын — "Қазмырышқа", одан артылғанын Қытайға сатпақ болды. Бірақ жоспары тұрғындар қарсылығына ұшырады. "Қалада экология онсыз да мәз емес, мұндай зауыт ауаны одан сайын ластайды" деген адамдар петиция жариялады.
Осы тұста 2023 жылы маусымда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі станцияның қарызы жалпы 3.3 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. Ал бір айдан кейін энергетика министрлігі орталықтың қарызы 5,5 млрд теңге болғанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Суық үйде қалтырап отырмыз". Жылусыз қалған Риддер тұрғындары Тоқаевтан көмек сұрайдыДәл осы шілдеде аяқ астынан жылу электр орталығының басшылығы тағы ауысып, алматылық "АТРИКС-СТРОЙ" құрылыс компаниясы жаңа құрылтайшы болды. Бірақ оны бұл жолы Астана, нақты айтқанда энергетика министрлігі таныстырды. Компанияның басшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиев. Ол келе сала нысанның бүкіл қарызын "өз ақшасына" жабатынын мәлімдеді. Кейін үкімет шынымен де жылу электр орталығының қарызы толық өтелді деді. Бірақ Әміржан Нәбиев осыдан соң орталықты мемлекетке 1 теңгеге сатып кете барды. Оның келу мақсаты да, "өз ақшасына кәсіпорын қарызын төлеп беріп" кете салуы да түсініксіз күйі қалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің ұлымен серіктес кәсіпкер миллиардтап тендер аладыАлайда 2023 жылғы қазан айында Bes.media басылымына берген сұхбатында депутат ЖЭО қарызын "әлеуметтік жауапкершілік" аясында жапқанын, оның өтемі ретінде оған ешнәрсе ұсынылмағанын айтқан. Сол сұхбатта ол сатып аларда ЖЭО-ны қарызы 6 миллиард теңге шамасында болды деді.
Азаттық мәслихат депутаты Әміржан Нәбиевтен осы орталықты мемлекетке қандай себеппен өткізгенін сұрамақ болды. Көмекшісі депутат пікір білдіре ме, жоқ па өзінен сұрап көретінін айтты. Мақала шыққанға дейін жауап болмады.
Жергілікті Flashpress.kz басылымы Риддер жылу электр орталығы төңірегінде болып жатқан оқиғаларды "бұлдыр ойын", "комбинациялық жүріс" деп, ауыс-түйістердің астарында сыр бар ма деп сұрақ қойған.
"Бұл жағдайды Риддер тұрғындары бақылап қана отырған жоқ, олар зардап шегіп отыр.
Пәтерлерінде қыс бойы қалтырап шығады — мұндай бейнет неге керек?" деп жазды басылым.
Бір қызығы, жеке компаниядағы олқылықтың орынын толтыруға мемлекет те аз шығынданған жоқ. Энергетика министрлігінің Азаттық радиосына берген ақпаратына қарағанда, екі жылда үкімет резервінен кемі 10,7 млрд теңге жұмсалды.
Министрлік мәліметінше, 2023 жылғы 14 шілдеде орталықты жөндеуге 7 млрд 271 млн теңге бөлінген. Бұл ақшаға 6 қазандық агрегат, бас ғимарат, күл үйіндісі жиналатын бөгеттің екінші секциясы, отын беру галереясы, аспирация жүйелері жөнделуге тиіс болды. Бірақ мердігермен шарт жасасу кезінде және ауа райына байланысты кей жөндеу тоқтатуға байланысты 1 млрд 433 млн теңге үнемделіп, үкіметке қайтарылған. Сөйтіп бөлінген қаржыдан барлығы 5 млрд 838 млн теңге игерілген. Ал 2024 жылы жөндеуден өтпеген өзге қазандық агрегаттар мен турбогенераторларды қалпына келтіруге 5,5 миллиард қажет болып, оның 5 миллиарды үкімет бөлген. Ал Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі өз бюджетінен 500 млн теңге бұрған.
Бұл тек жылу электр орталығының өз басын жөндеуге жұмсалған қаржы. Мамыр айында мекемеге қараған жылу желілерін кешенді жөндеуге де үкімет резервінен 2,4 млрд теңге бөлінгені белгілі болды.
Мұның сыртында станцияның жөндеуге облыс әкімдігінен былтыр бөлінген тағы 500 млн теңге қаражат та бар.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына қарағанда, былтыр Риддер жылу электр орталығы 5,5 млрд теңге қарызын жауып, мемлекет меншігіне мүлде қарызсыз, таза күйі өтті.
Ал біздің есептеуімізше, мемлекеттің оны қайтару жолындағы шығыны 14,1 млрд теңге болды. Мұның ішіне жоғарыда энергетика министрлігі айтқан 10,7 млрд теңге, жылу желілерін жөндеуге жұмсалған 2,4 млрд теңге және ШҚО әкімдігінен екі жыл ішінде бөлінген 1 млрд теңгені қостық.
"HAPPY END"
Риддер жылу электр орталығы 1997 жылы жекешелендірілген. Әуелі америкалық AES компаниясы алды. Кейін 2018 жылы Green Energy Q компаниясы иеленді.
Энергетиктер мұндай стратегиялық нысандар мемлекет балансында қалуы керек еді дегенді бұрыннан айтып келеді. Олар тоқсаныншы жылдардағы жаппай жекешелендіру науқанын сынайды.
"ЖЭО жекеменшік компания иелігінде. Бұл нені білдіреді? Яғни, меншік иесі өзінің табысты болуын, оған қоса қалада жылу мен энергия бағасы тым қатты көтерілмеуін де алдын ала ойластырып, болжам жасап, баланс сақтап отыруы керек деген сөз. Ал олай істеу мүмкін емес. Себебі халықтың төлем қабілеті онсыз да төмен. Сондықтан қожайынға ештеңе дей алмаймыз, бұл жерде билікке "неге жекеге сатып жібердіңдер?" деген сұрақ қоямыз" дейді энергетика саласы бойынша сарапшы, экономист Петр Своик.
"Мемлекет кәсіпорындарды жекеге берсек, олар табыс тауып, экономикаға серпіліс әкеледі деп халықты сендірді. Сөйтіп кейбіреуін тиын-тебенге, кейбірін тіпті тегін бере салды. Оның салдары қалай болғанын, міне, Риддер жылу электр орталығындағы жағдай көрсетіп отыр. Меншік иелері жаңадан ештеңе істемей, сонау совет тұсындағы ескі жабдықтарды қолдануды ғана білген екен, соған көзіміз жетті" деді мамандығы энергетик, қоғам белсендісі, журналист Денис Данилевский.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр станцияның электр сымдары, қазандықтары, жылытқыштары, турбогенераторлары және қала ішіндегі ұзындығы 2,3 шақырым желі жаңартылған. Биыл жылу электр орталығының қазандықтары мен турбиналары, автоматикасы толықтай жөнделуге тиіс. 19 шақырым жылу желілері ауыстырылмақ. Кәсіпорын мен қалалық жылу желісін алдағы жылдары да жөндеуден өткізу керек. Станцияның енді мемлекет иелігінде екенін ескерсек, бұдан кейінгі мұндай шығынның барлығы бюджетке жүк болмақ.
Дегенмен Шығыс Қазақстан әкімдігі кәсіпорындағы апаттың әлегі осымен бітті деп есептейді. Әкімдік жөндеу жұмыстары аяқталмай жатып-ақ былтыр, маусымда 14,8 млн теңгеге "От ЧС к HappyEnd" деген фильм түсірткізген. Онда әкімдіктің станция проблемасын шешу жолында "тұрғындар мүддесін қорғағаны", "қиын жағдайда жылу беруді тоқтатпау үшін" жасалған амалдары баяндалады. "Фильм республикалық және жергілікті атқарушы органдар қандай іс-әрекет істеп жатқаны туралы объективті, нақты ақпарат беру мақсатында түсірілді" деп түсіндірген ШҚО әкімдігі Азаттыққа берген жауабында.