13 шілде күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы әйгілі «Маракана» стадионында футболдан әлем чемпионатының финалдық ойыны өтті. Аргентина құрамасынан басым түскен Германия командасы футболдан әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Финалда тоқсан минут бойы есеп ашылмаған соң қосымша 15 минут берілді. Қосымша уақытта неміс шабуылшысы Марио Гетце салған гол Германия командасына жеңіс әкелді. Гетце финалдың үздік ойыншысы деп танылды.
Футбол тарихында бұған дейін 1954, 1974 және 1990 жылдары әлемдік жарыстарда үздік шыққан Германия құрамасы осымен төртінші рет әлем жеңімпазы атанып отыр. Және бір атап өтер жайт, Германия құрамасы Латын Америкасы құрлығында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған алғашқы еурполық команда болып отыр.
Аргентина командасы 1978 және 1986 жылдары футболдан әлем чемионы атанған. Аргентина мен Германия әлем чемпионатының финалында осымен үшінші рет кездесті. 1986 жылғы шешуші матчта Аргентина 3:2 есебімен ұтса, 1990 жылғы әлем чемпионатының финалында Германия Аргентинаны 1:0 есебімен жеңген еді.
Биылғы әлем біріншілігінің қортындысы бойынша аргентиналық Лионель Месси чемпионаттың үздік ойыншысына берілетін «Алтын допты» алса, германиялық Мануэль Нойер үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғапты» иеленді. Турнир барысында алты гол салған колумбиялық Хамес Родригес «үздік мерген» атанды. Франциялық Поль Погба ең үздік жас футболшы атанды. Ал адал ойыны үшін берілетін Fair play сыйлығына биылғы чемпионатта ширек финалға дейін жеткен Колумбия құрамасы лайықты деп танылды.
Футболдан келесі әлем чемпионаты 2018 жылы Ресейде өтеді.