"Зілзалада хабарсыз кетті". Түркиядағы қазақтармен әңгіме

Зілзала салдарынан қираған үйдің орнында жылап тұрған адамдар. Хатай провинциясы, Түркия, 7 ақпан, 2023 жыл.

Түркияда болған зілзаладан бірнеше мың адам қаза тауып, ондаған мың адам зардап шекті. Олардың саны әлі де көбеюі мүмкін. "Хабарсыз кеткендердің арасында қазақтар да бар" деген хабар тарады. Азаттық Түркияда тұратын қазақтармен сөйлесіп, табиғи апаттан кейінгі жағдайды білді.

ТАБИҒИ АПАТТАН ЗАРДАП ШЕККЕН ЕЛГЕ КӨМЕК

8 ақпанда Қазақстан жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлетіні белгілі болды. Бір күн бұрын Қазақстан құтқарушылары мен дәрігерлері зілзаладан зардап шеккендерге көмектесуге Түркияның Газиантеп қаласына ұшып барған.

Сәрсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Астанадағы елшілігіне барып, "бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты" деп хабарлады Ақорда. Тоқаев Қазақстанның Түркияға жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізген.

Кейінгі мәлімет бойынша, Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігінде дүйсенбіде болған аса күшті екі жер сілкінісінен екі елде опат болған адам саны 7,2 мыңнан асқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, зілзаладан қаза тапқандар саны 20 мыңнан асуы мүмкін.

Табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда құтқару жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Түркия мен Сириядағы жойқын зілзала салдары

Түркияда өлген адам саны 5,4 мыңнан асқан. Бұл ел зілзала құрбандарын бір апта бойы аза тұтады. Сонымен қатар апат болған 10 аймақта үш айға дейін төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апат салдарынан Түркияда 32 мың адам түрлі дәрежеде жарақат алып, 6 мыңнан астам ғимарат қираған деп жазды BBC. Түрік ақпарат құралдары қазіргі кезде құтқару жұмысына ондаған мың адам жұмылдырылды деп хабарлады.

Жер сілкінісінен кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әлем елдерінен жәрдем сұраған еді. Түркияға ондаған елден құтқарушылар мен медицина қызметкерлері барып жатыр.

"ХАБАР-ОШАРСЫЗ КЕТТІ"

7 ақпанда кешкісін Астана әуежайына қонған арнайы ұшақ Түркиядан Қазақстанның 16 және Қырғызстанның екі азаматын жеткізді. Оның алдында Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Түркиядағы зілзаладан Қазақстан азаматтары зардап шеккен я қаза болған деген ақпарат түскен жоқ" деп мәлімдеді. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда оқып жатқан баласын іздеген бірнеше ата-ана министрліктен көмек сұрап хабарласқанын айтты. "Қазір ақпарат тексеріліп жатыр" деді ол сейсенбіде.

Your browser doesn’t support HTML5

Түркиядағы жер сілкінісі: Құрбандар 5 мыңнан асты

Түркияның Хатай провинциясында жүрген Қазақстан азаматы Мирболат Құрмашевтың жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткені туралы хабар сейсенбіде әлеуметтік желіде тарады. Ол Қазақстандағы Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болып жұмыс істеген. Оны іздеу үшін Қазақстаннан бірнеше адам Түркияға аттанған.

Түркия мемлекеттік статистика институтының дерегінше, былтыр осы елде тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының саны 45 мыңға жетеқабыл болған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Түркияда 75 мыңға жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін, сегіз мыңнан астамы - студент" деп топшылайды. Бұған қоса, өткен ғасырдың орта шенінде коммунистік режим билеген Қытайдан қашып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға қоныс аударған қазақ диаспорасы да тіршілік кешіп жатыр.

Стамбул қаласындағы Қазақ-түрік зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары, Түркия қазағы Ерол Иолжы жергілікті қазақтар хабар-ошар алмасатын әлеуметтік желідегі топтардан Түркияға Қазақстаннан барған кейбір қазақтардың жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткені туралы екі-үш ақпарат оқығанын, бірақ оның рас-өтірігін нақтылай алмағанын айтады.

Ол Хатай провинциясында тұратын туысы Нұрила Қазақ пен оның қызы құлаған ғимараттың астында қалғанын, оларды таба алмай жатқанын хабарлады.

"Нұрила – бізге жақын туыс адам. Әйгілі Мұстафа Өзтүріктің (Түркияда туып, Тайбэйде білім алған Өзтүрік таэквондо шебері атанған, 1990 жылы Қазақстанға көшіп, таэквондо федерациясын құрған, 1995 жылы Алматыда қайтыс болды – ред.) туған бөлесі. Қызы екеуі Хатайдағы зілзаладан құлаған үйлердің бірінің ең астыңғы қабатында тұрған. Кешеден бері қоңырау шалып та, хат-хабар жазып та жатырмыз. Бірақ ешқандай жауап жоқ. Бүгін Германиядан келген және осындағы туыстар Хатайға соларды іздеуге кетті" деді Ерол сейсенбі күні кешкісін Азаттыққа.

Жойқын жер сілкінісі салдарынан қираған ғимараттар. Хатай провинциясы, Түркия, 7 ақпан, 2023 жыл.

Түрік еліндегі жер сілкінісі салдарынан Өзбекстанның бір азаматы мерт болып, тағы төрт азаматы хабарсыз кеткенін, оларды іздестіріп жатқанын Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өзбекстан төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылар тобы 10 мыңнан астам өзбек тұратын Түркияның Хатай аймағындағы Овакент ауылына көмекке аттанған.

Түркияның Адана қаласында жер сілкінісі салдарынан Қырғызстан азаматы зардап шеккен. Бұл ақпаратты таратқан Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Түркия мен Сириядағы зілзаладан зардап шеккен өзге қырғыз азаматы жоқ деп хабарлады. "Анталия қаласындағы Қырғызстан бас консулдығының қызметкерлері Адана қаласына барып, Қырғызстанның 10 азаматына азық-түлік, су, жылы киім мен жамылғы беріп кетті және оларды қауіпсіз орынға жайғастырды" дейді Қырғызстан сыртқы істер министрлігі.

"БАРША ЖҰРТ КӨМЕККЕ ЖҰМЫЛДЫ"

Жеті жылдан бері Стамбул қаласында тұрып жатқан, Қазақстанның Қызылорда өңірінің тумасы Гүлжан Жұмағазы бұған дейін билік жер сілкінісі болуы мүмкін екені ескертіп келгенін, бірақ дәл осындай жойқын болады деп күтпегенін айтты. Азаттық тілшісі онымен сейсенбіде сөйлесті. Гүлжан Түркияда зілзаладан қатты зардап шеккендерге бүкіл ел болып жұмылып жатқанын жеткізді. Ол "алғашқы көмек бере алатын адамдар апат болған аймақтарға еріктілер қатарында аттанып, гуманитарлық көмек те көп жиналып жатқанын" хабарлады.

– Зілзала қарсаңында ауа райы күрт өзгеруіне байланысты ұшақтардың ұшуына тыйым салынған болатын. Тіпті мектепте сабақ та тоқтаған еді. Аяқ астынан болған апаттан кейін сыртқы әуе рейстерінің бәрі тоқтап, қазір ішкі рейстер ұшақтар зардап шеккен аудандарға арнап жиналған гуманитарлық көмекті тасып жатыр. Сондай-ақ апат болған аймаққа барғысы келетін адамдарға жергілікті әуе рейстері тегін қызмет көрсете бастады. Түркияда танымал адамдар да бұл шараға белсене атсалысты: белгілі әншілер, футболистер мен актерлер қолынан келгенше қаржылай жәрдем беріп жатыр, – дейді Гүлжан Жұмағазы.

Ол қазір зілзала салдары жайлы хабарды негізінен Түркияның ақпарат құралдарынан алып отырғанын айтады.

Зілзаладан қираған үйдің астында қалған баланы шығарып алған құтқарушылар. Хатай, Түркия, 7 ақпан, 2023 жыл.

– Міне, дәл қазір бес-алты жасар қызды құтқарып алып жатыр. Бүгін сейсенбінің кеші болып қалды. Зілзала жексенбіде таңсәріде болды. Содан бері осындай жас балаларды көптеп құтқарып жатыр. Оған қоса, апат болған аймақта байланыс жүйесі, жылу, су құбырлары істен шыққан. Ол жақта қазір күн де суық, адамдар сырттан көмек жеткенше тоңып қалған, – дейді Стамбул қаласында тұратын Гүлжан Жұмағазы.

Оның сөзінше, 4 ақпанда Стамбулда 3,1 балдық, желтоқсанның аяғында 5 балдық жер сілкінісі болған. "Жергілікті халық мұндайға бойы үйреніп кеткендіктен, аса мән бермейтін, бірақ бұл жолы жойқын болды" дейді Гүлжан.

Зілзаладан қатты зардап шеккен Хатай провинциясының орталығы – Антакия қаласында тұрғындар қиын жағдайда қалған.

– Жер көктайғақ. Соның кесірінен кеше кеткен жүк көліктері Хатайға әлі жете алмай жатыр. Жолда кептеліс деп естідік, – деді Гүлжан Жұмағазы.

Зілзаладан құлаған үйдің астында қалған адамдарды іздеп жүрген құтқарушылар тобы. Малатия, Түркия, 7 ақпан, 2023 жыл.

Түркияда тұратын тағы бір Қазақстан азаматы Нұрқанат Қайрат қазір ерікті ретінде жүк тасып жүргенін айтты. Оның Азаттыққа жолдаған видеоларынан жиналған жүк көлігіне гуманитарлық көмекті тиеп жатқан жастар, жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға жәрдем ретінде түрлі зат әкеліп жатқан адамдар байқалады.

– Қазір Бурса қаласында үлкен көліктерге жүк тиеп жүрміз. Бұл жерге қатардағы қарапайым адамдардан бастап көпке белгілі кәсіпкерлерге дейін көмекке келіп, көрпе-жастық, жамылғы және басқа заттар әкеліп жатыр. Соны орап-қаттап, көлікке тиеп жатырмыз, – деді Нұрқанат.

Жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жиналып жатқанын Азаттыққа Анкара қаласында тұратын тағы бір Қазақстан азаматы Сағыныш Назар да айтты.

Түркия дүниежүзіндегі өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқан. Дүйсенбідегі жер сілкінісі осы ғасырда Түркияда болған аса ірі зілзала саналады. Президент Ердоған оны "1939 жылдан кейін қайталанған аса ірі табиғи апат" деп атады. Жер сілкінісінің дүмпуі Грузия, Армения, Ливан мен Иран аумағында да сезілген.

Құтқарушылар күшті жер сілкінісі салдарынан құлаған үйдің орнында жүр. Газиантеп, Түркия, 7 ақпан, 2023 жыл.

6 ақпанда 7,8 магнитудалы алғашқы жер сілкінісінің эпицентрі – Түркияның Газиантеп қаласындағы Шехиткамил ауданы. 7,5 магнитудалы екінші жер сілкінісінің эпицентрі – Қаһраманмараш қаласының Экинезю ауданы. Алғашқы қуатты дүмпуден соң ең күштісінің магнитудасы 6,7 болған жүздеген жер тербелісі тіркелген.

Қаһраманмараш қаласында тұрғын үй кварталы тұтастай қираған. Диярбақыр, Антакия және өзге қалалар да қатты зардап шеккен.

1999 жылы елдің солтүстік-батысындағы Измит қаласында жер сілкінісі салдарынан 17 мыңнан астам адам опат болған.

Түркияда алапат зілзала болған 6 ақпан күні кешкісін Қазақстандағы Шымкент пен Тараз қалаларында да күші 2-3 балл жер сілкінісі тіркелді. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы сейсмикалық қауіпті аймақта жатыр. Мұнда магнитудасы әлсіз дүмпу жиі болып тұрады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 5400-ден астыТүркиядан Астанаға 16 қазақстандық және екі қырғыз азаматы арнайы ұшақпен оралдыТүркия зілзала құрбандарын бір апта аза тұтадыТүркиядағы зілзаладан Қырғызстан азаматы да зардап шеккенШымкент пен Таразда жер сілкінді