7 ақпанда кешкісін Түркиядан Қазақстан азаматтары арнайы ұшақпен Астана әуежайына жеткізілді деп хабарлады "ҚазАқпарат" агенттігі.
Ұшақ бортында Қазақстанның 16 және Қырғызстанның екі азаматы болған. Қырғызстанның этномәдени бірлестігі қырғыз азаматтарын қарсы алған.
Сейсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі 7 ақпанда жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қаза болғандар арасында қазақстандық жоғын мәлімдеген. Алайда бірнеше ата-ана Түркияда оқып жатқан баласын іздеп, министрліктен көмек сұраған.
Бұған қоса, Түркияның Хатай қаласында Қазақстанның Мирус Құрмашев есімді азаматы жоғалып кеткені белгілі болды. Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген. Қазақстандықтар оны іздеу үшін Түркияға аттанған. Бұл жөнінде блогер Әлішер Елікбаев Telegram-дағы арнасында жазды.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Түркияда шамамен 75 мың қазақстандық бар болуы ықтимал. Түркия мемлекеттік статистика институтының мәліметінше, Түркияда иммигранттар, негізінен, Стамбул мен Анкарада, Антальяда тұрып, жұмыс істейді.
Ал Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Түркияның Адана қаласында жер сілкінісінен бір қырғыз азаматы зардап шеккенін хабарлаған. Оған медициналық көмек берілген. Ауруханадан шыққан.
7 ақпанда Қазақстан құтқарушылары мен дәрігерлері Алматыдан Түркияның Газиантеп қаласына ұшып барған еді. Олар зілзаладан зардап шеккендерге көмектеседі.
8 ақпанда Қазақстан жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлетіні белгілі болды. Бұған қоса, Ақорда сәрсенбі күні "Қазақстанның өкілетті органдары түрік жағымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек беру мәселесін қарастырады" деп хабарлады.
Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігінде болған аса ірі екі жер сілкінісінен кейінгі құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. BBC мәліметіне қарағанда, зілзаладан 7,2 мыңнан астам адам қаза болған. Түркияда құрбандар саны 5,4 мыңнан асты. Елде бір апта қаралы күн жарияланды.