Наразылық шарасынан кейін қанша адам жазаланды?

Күштік құрылым өкілдері наразылыққа келген адамды ұстап жатыр. Алматы, 10 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 10-ы күні Қазақстанда болған наразылық шарасында ұсталып, жауапқа тартылған адамдарға қатысты ел билігі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Азаттық тілшісі наразылық шарасында жазаланғандар туралы деректерді жинап шықты.

ЕКІ ТӘУЛІКТЕН БЕС ТӘУЛІККЕ ДЕЙІН ҚАМАУ

Азаттықта бар ақпарат бойынша, Алматыда наразылық жиынына шыққаны үшін Әкімшілік кодекстің 488-бабы (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) бойынша он адам жауапкершілікке тартылды.

Оның ішінде Ғайни Ерімбетоваға ескерту беріліп, оның күйеуі Мырзахан Ерімбетовке 15 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Кеңес Досан екі тәулікке, Ринат Алдажаров үш тәулікке қамалды. Қалған алты адам (Кенжетай Ноғаев, Ерлан Қалиев, Бақдәулет Мақатаев, Бағлан Мұқашев, Медет Мұсаев, Сабыржан Қасенов) бес тәулікке қамалды.

Полиция тергеу абақтысында қамауда отырған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің анасы,наразылыққа шыққан Ғайни Ерімбетованы ұстап жатыр. Алматы, 10 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 14-і күні Астана қалалық әкімшілік соты белсенді Айдын Егеубаевты Әкімшілік кодекстің "құқық қорғау қызметкерлеріне бағындау" бабы бойынша бес тәулікке қамады. Сот отырысында Айдын Егеубаевтың мамырдың 10-ы күнгі шарада ұсталған видеосы көрсетілді. Белсенді сотта полицияның өзіне күш көрсетіп, денсаулығына зиян келгенін айтты. Ал митинг кезінде наразыларды ұстаған тәртіп сақшылары оны жоққа шығарды.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтың мәліметіне қарағанда, Астанада да ондаған адам ұсталған. Мәселен, Ғабиден Шахайдаримен Нұржан Сейтжанов он тәулікке, Аслан Кұрманбаев пен Қайырлы Омар үш тәулікке қамалған. Зәуре Сағидолдина, Іңкәр Мұхаметқалиқызы, Раушан Қалмомынұлы, Тұрсын Түбекова мен Вадим Акинфеевке 20 айлықтық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2405 теңге) көлемінде айыппұл салынған.

Видео: Жаппай ұстауға қатысты полицияның жауап бергісі жоқ

Your browser doesn’t support HTML5

Жаппай ұстауға қатысты полицияның жауап бергісі жоқ

Семейде әкімшілік жазаға тартылған он шақты адамның алғашқылары босап шықты. Үш тәулікке қамалған Ерлан Ахметов, Арсен Құдабаев, Фарид Ишмухамбетов, Асқар Шымырбаев, Сергей Годенов, Валерий Кульмаметов пен Әсет Мадиевті мамырдың 14-і күні түрме алдында жақтастары күтіп алған видеолар Facebook желісінде тарады.

"Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының ақпаратынша, Семей тұрғыны Динара Шымырбаева мен Әйгерім Омароваға 20 айлықтық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ ҰСТАУ

Ал Оралда наразылық жиынында белсенділік танытқан екі зейнеткер Майя Лукьянова мен Бакиза Халелованы шарадан кейін дүкенге кірген сәтте ұстап әкеткен. Орал полициясы екі тұрғынды бір сағаттан кейін босатқан. Бакиз Халеловаға қатысты әкімшілік сот мамырдың 16-сы күніне белгілеген. Наразылық шарасына келген қала тұрғыны Бауыржан Әліпқалиевке қатысты сот мамырдың 15-і өтуі тиіс.

Ақтөбеде мамырдың 10-ы күні облыстық әкімдік алдындағы алаңға шығып, саяси тұтқындарға бостандық сұраған 14 адамның екеуі сот шешімімен қамауға алынды. Қалған 12 адамға ескерту берілді. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі xабарлады.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 1-бөлімі (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу-ред.) бойынша айыпталған ақтөбеліктер Әлібек Молдин мен Берік Оразов бір тәулікке қамалды" деп xабарлады облыстық сот.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің мәлімдеуінше, Шымкентте әкімшілік жазаға тартылғандар жоқ. Ал "ұсталғандар болды ма?" деген сауалға департамент өкілі Салтанат Қарагөзова "ақпаратты прокуратурадан білесіздер" деді. Ал прокуратура барлық ақпаратты Ішкі істер министрлігінен білу керектігін айтты.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тұрғыны Ерғали Байдақов "митингіге бара жатқан жолда вокзалда ұсталып, үш тәулікке қамалдым" деген. Ақтауда азаматтық белсенді Нұрияш Әбдрейімованы да полиция үйінен шыққан сәтте ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан кейін босатқан. Сондай-ақ, Павлодар тұрғыны Евгений Кравецтің де үш тәулікке қамалып шыққаны хабарланады. Атырауда Сәуле Сейдахметованы да полиция ұстап, бірер сағаттан соң босатқаны айтылды.

Видео: "Балмұздақ жеп тұрғанмын, полиция ұстап әкетті"

Your browser doesn’t support HTML5

"Балмұздақ жеп тұрғанмын, полиция ұстап әкетті"

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов: "Ұстап әкеткендердің басып көпшілігі бірінші рет ұсталғандар және олар бір-бірін танымайды. Сондықтан, бір және он тәулікке қамалғандардың есімі көпшілікке таныс емес. Олар енді жазасын өтеп шыққан кезде ғана толық ақпарат болады" дейді.

Мамырдың 15-і күні Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысынан кейін журналистерге наразылық кезіндегі полицияның әрекетіне қатысты пікірін білдірді.

"Олар [полиция] Бас прокуратураның нұсқаулығына сай әрекет етті. Оларға [наразылыққа шыққандарға] тәртіп бұзушылық туралы ескерткен. Бағынбағандарға әкімшілік жаза қолданды. Материалдарды сотқа жіберді. Сот шешім шығарды" деді министр.

Депутаттар: "Наразылық туралы естімедім..."

Your browser doesn’t support HTML5

"Наразылық туралы естімедім..."

Мамырдың 10-ы күні Астана, Алматы және бірнеше облыс орталығында "саяси тұтқындарды босату" және "түрмедегі азаптауларды тоқтатуды" талап еткен наразылық шарасы өткен. Наразылық шарасына келген ондаған адамды полиция ұстаған. Қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстанда болған митингілерді "мен ұйымдастырдым" деген.