Тас қараңғы арал, жарыққа жұмсалған есепсіз миллион мен қоғам наразылығы

Бейбітшілік аралындағы көше шамдарының бірнешеуі ғана жанып тұр. Семей қаласы, 13 мамыр, 2024 жыл.

Семейде көшені жарықтандыру мәселесі төңірегінде тағы да дау шықты. Жергілікті қоғам белсенділері "орнатылған шамның көбі адам өміріне қауіпті" десе, әкімдіктегілер "ақаудың бәрін түзеттік, қорқатын дәнеңе жоқ" деп отыр.

Бұрын Полковничий деп аталған Бейбітшілік аралы – Абай облысының әкімшілік орталығы – Семей қаласы тұрғындары мен қонақтарының демалатын сүйікті орны. Арал Ертіс пен оның саласы Семей өзендерінің ортасында орналасқан. Мұнда Семей ядролық полигоны құрбандарына арналған "Өлімнен де күшті" монументі де бар. Сонымен қатар Бейбітшілік аралы – қаладағы ең үлкен демалыс орны. Сол себепті де аралдағы өзгерістерді жергілікті халық бақылап отырады.

Таяуда арал қалалық қоғамдық кеңес назарына ілікті. Семейдегі қоғамдық кеңестің қала өміріне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтардан құралғанын айта кеткен жөн.

Сәуірде кеңес мүшесі, жергілікті блогер Илья Бароховский арал мен қаланың тағы бірнеше ауданында жаңадан орнатылған кейбір шамдар жұмыс істемейтінін, ал кейбірі іске жарамайтынын айтып видео жариялаған. Қоғам белсендісінің сөзінше, бұл жұмыстарға азды-көпті 800 млн теңге жұмсалыпты.

Бейбітшілік аралындағы көше шамдары. Семей қаласы, 30 сәуір, 2024 жыл.

Блогер видеосының астына екі жүзден аса қолданушы пікір жазды. Аралдың кей тұрғыны басынан өткен жайттарды айтқан.

– Біздің Қорғаныс көшесіне асфальт төсеп, шам бағаналарын орнатты. Қуанышымыз небәрі екі-ақ айға созылды, ал қазір қайта қара түнек басқандай! – дейді пікір білдіргендердің бірі.

Видео жарияланғаннан кейін екі күннен соң істемей тұрған шамдарды жарық жүйесіне қоса бастады. Бірақ іс мұнымен бітпеді, өйткені қала билігі жұмысты салғырт орындаған көрінеді.

Қоғам белсенділері Роллан Машпиев пен Роллан Казенов ақаудың себебін анықтау үшін сараптама жасатты.

"ІРГЕТАСЫН ЖЕЛТОҚСАНДА ҚҰЙҒАНДЫҚТАН ДҰРЫС ҚАТПАҒАН"

Бейбітшілік аралында жүзден аса шам орнатылды. Шамның 90-ы "Өлімнен де күшті" аллеясының бойында, оншақтысы этноауыл маңайында тұр. Қоғам белсенділері шам бағаналарының сапасына алаңдайды.

"Өлімнен де күшті" монументі жанындағы шамдар. Семей, 30 сәуір, 2024 жыл.

Бағаналар бірер ай бұрын ғана пайдалануға берілгеніне қарамастан, бетоннан құйылған іргетасы үгіле бастапты. Жергілікті тұрғындар "іргетасын желтоқсанда құйғандықтан дұрыс қатпаған" деп отыр. Оның үстіне кей жерлерін тат басқан, кейбір бағаналардың қалқаны жоқ, сымы сыртқа шығып жатыр.

Әкімдіктегілер "кемшін тұсын ретке келтірдік" дегенді айтады. Алайда қоғам белсенділері олардың бұл уәжімен келіспей отыр.

– Біз осы қазір ғана аралда болып қайттық, этноауылдағы шамдар жанбайды. Өзгерген ештеңе жоқ, бәрі тербеліп әрең тұр. "Өлімнен де күшті" аллеясындағы шамдар да толық жанбайды. Оншақты шам жанбай тұр. Біз видеоға түсіріп алдық. Бейбітшілік стелласы маңындағы шамның көбі жанбайды. "Өлімнен де күшті" монументінің оң жақ тұсындағы шамдар да солай, – дейді Роллан Машпиев.

ЕКІ РЕТ ӨЗГЕРГЕН ӘКІМДІК СӨЗІ

Бейбітшілік аралына жаңа бағаналары мен шамдар "Көше шамдарын кезекті жөндеу жұмысы" деп аталатын тендер аясында орнатылған. Тендер 2023 жылғы наурызда ойнатылды.

Мемлекеттік сатып алуға он шақты компания қатысып, ең төмен баға ұсынған бір компания жеңіске жетті. Тендерді ұтқан – Талдықорғанның Verena Tech Research кәсіпорны. Кәсіпорын қосымша құн салығын (ҚҚС) қоспағанда, жұмысты 483,4 млн теңгеге атқаруға келіседі.

Оның алдындағы бәсекелесі 509,8 млн теңге жұмсаймыз деп қатысқан. Бірақ бұл да соншалық маңызды емес сияқты. Өйткені соңында әкімдік жеңімпазға қосымша 259,4 млн теңге тағы берген. Сөйтіп, қызмет құны жалпы сомасы 742,8 млн теңгеге шыққан. ҚҚС қосқанда, 800 млн теңге.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жарыққа миллиардтаған несие жұмсаған қалада көше неге тас қараңғы?

Семей әкімдігі Азаттықтың тілшісіне мердігер бұл ақшаға 2785 жарық бағанын орнатты деді. Мердігер мекеме де әкімдіктің ақпаратын растаған.

– Тендерге саябақты жарықтандыру да, көшені жарықтандыру да кіреді. Біз 75-ке жуық көшені жарықтандырып, қала бойынша 2700 темірбетон бағана орнаттық. Бұдан өзге этноауыл мен Бейбітшілік аралында 1100 прожектор орнаттық. Жағалауда, Затондағы жағалауда, шіркеу маңында, әкімдіктің жанындағы көпір астындағы бос жерге де бағаналар орнатылды. Орталықтағы көшелерге 200 дана мырышпен қапталған темір бағана қойдық. Қыруар жұмыс атқардық, – дейді Verena Tech Research басшысы Мирас Мырзаханов.

Бейбітшілік аралы. Семей, Абай облысы, 30 сәуір, 2024 жыл.

Жалпы, әкімдіктің те, мердігер мекеменің де жобаға деген ниеті түзу. Тапсырыс берушіден жұмысты қабылдап алған Семей қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы маманы Рүстем Айтқұлов барлық жарық бағанының жағдайы жақсы ма деген сауалға сенімді түрде "иә" деп жауап берген.

Жұмыс "Verena Tech Research" ЖШС-дегілердің де ойынан шығып отыр.

– Қазір бәрі істейді, жанып тұр. Бізге ешқандай ескерту түскен жоқ. Көше самаладай жарқырап тұр. Адамдар серуендеп жүр, – дейді Мирас Мырзаханов.

Мырзаханов компанияның үш жыл бойы кепілдік міндеттемелер үшін жауапкершілікті өз мойнына алатынын, сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

Тек әкімдік өкілдерінің кепілдік міндеттемелері аясында жіберілген олқылықтарды түзетуге қатысты сөзі екі рет өзгеріске түскен.

7 сәуірде Facebook желісіндегі "Семей қаласының әкімдігі" парақшасы жіберген олқылықты жою үшін мердігер мекемеге бұйрық берілгені жайлы пікір қалдырды.

"Семей қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі Бейбітшілік аралына жарықшамдар орнатқан "Verena" ЖШС мердігер ұйымына кепілдік міндеттемелері бойынша жіберген олқылығын жоюды міндеттеді. Сонымен қатар аралда жарықшамдар жетіспейтіндіктен, ЖШС-ға қосымша тағы 23 жарықшам орнату тапсырылды. Жарықшам орнатып, бағаналардың іргетасын құйып, сым тарту үшін аралдың жартысы электр желісінен уақытша ажыратылды. Мердігер 10 күннің ішінде олқылықтың орнын толтыруы тиіс болатын.

Қоғам белсендісі көше шамы түбіндегі бетон қалыңдығын өлшеп жатыр. Абай облысы, 30 сәуір, 2024 жыл.

13 мамырда Рүстем Айтқұлов Азаттыққа әкімдіктің жазбасындағы 23 шамды мердігер мекеме қалаға сыйға тартты деді.

– Аралда қосымша орнатылған [шамдарды] кепілдік бойынша емес, қалаға сый ретінде өз атынан орнатып берді. Өйткені біз аралды қыста іске қостық. Жұмысты қабылдап, "тағы да жарықшамдар болса" дегенімізде, олар "еш қиындығы жоқ, көктемде қосамыз" деген.

"НОРМАДАН АЛТЫ ЕСЕ ТӨМЕН"

Қала белсенділері тапсырыс беруші мен орындаушының ісін құптамайды.

– Жағдайды жақсартамыз деп, одан сайын бүлдірді. Кәдімгі шамдардың орнына гаражда қалай болса солай дәнекерленіп, шарқайрақпен кесілген құбырлар қоя салған. Бәрінен де сарапшының жерге тұйықталмаған шамдар қауіпті деген қорытындысына ТКШ бөлімінің салғырт қарағанына таңғалып отырмын. Жүз шамның кез келгені істен шықса, адамдарды тоқ ұруы мүмкін. Сонда әлдебіреудің осы шамдардан үнемдеген болмашы тиын-тебені жерлестеріміздің өмірінен артық болғаны ма?! Бұл шамды өндірушілер оларды жерге тұйықталмаған күйінде пайдалануға тыйым салады, – дейді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Илья Бароховский.

Семейдіге 1-ықшам аудандағы жағалауға орнатылған көше шамының түбі опырылып жатыр. 30 сәуір, 2024 жыл.

Қоғам белсенділері нұсқап отырған сараптама қорытындысын Роллан Машпиевтің тапсырысымен 2024 жылғы 21 сәуірде электр-техникалық зерттеулер жөніндегі сот сарапшысы Александр Хасис жасаған.

Сарапшы Бейбітшілік аралындағы "Өлімнен де күшті" монументі маңындағы жарық жүйесін тексеріп шығады. Ол бағандардың дұрыс орнатылмағанын, іргетас көлемі талапқа сай емес, яғни 6,4 есе төмен екенін мәлімдейді. Дәл сол себепті де ондағы бағаналар теңселіп тұр.

"Іргетас көлемі нормадан 6,4 есе төмен [нормасы 0,1155 м3 болса, ол 0,018 м3], бағаналар беріктігі жағынан талаптарға сай келмейді. Іргетасы мен көлемі 30 сантиметр тереңдікте құйылған бағаналарды пайдалану адам өміріне едәуір қауіп төндіреді" деп жазады Александр Хасис. Сарапшы жел тұрса, бұл бағаналар құлап қалуы да мүмкін деп отыр.

Көше шамының діңгегі. Семей, 30 сәуір, 2024 жыл.

Айтпақшы, наурызда Трусов көшесінде екі ай бұрын орнатылған шамдар электр желілеріне құлап, тұрғын үйлерді басып қала жаздады.

Сонымен қатар, қорытындыда бағаналардан тоқ ұруы мүмкін деп те жазылған. Тіпті қаланың халық тығыз қоныстанған аймағында да осындай шамдар орнатылған.

Қорытындыда "Шамдарды, жарықшам бағандарын тоққа жалғайтын сымдар жерге тұйықталмаған. Демек шамдағы немесе жарық бағанының "корпусындағы" электр қуаты артқан кезде тоқтың кему қорғанысы істен шығады. Сондықтан алда-жалда адам немесе жануар бағандарға сүйенсе, өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл ықтимал жағдай, өйткені бұл маң – адам көп шоғырланатын жер" делінген.

"Қазэлектрмонтаж" компаниясының бұрынғы техникалық директоры, электрик Владимир Воронов сарапшының қауіпсіздікке қатысты айтқан пікірін толық құптайды.

– Жеңіс саябағында, аралда құлаған бағандардың бәрі сыртта жатыр [ал әкімдіктегілер оларды жоспарға сәйкес жөндедік деп отыр]. Қалай жалғағанын қарап шықтым, жерге тұйықталмаған. Ең жаманы – сол, изолентасы тозған жердегі металл жалаңаштанып, кернеуі күшейеді, – дейді Воронов. – Бәріне ортақ қауіпсіздік ережелері бар. Осы ережелерге сәйкес адам өмірі мен денсаулығына қауіпті электр қондырғыларын дереу тоқтан ажырату керек.

Трусов көшесіндегі көше шамы құлауға шақ тұр. Семей, 30 сәуір, 2024 жыл.

Сарапшылар бағанның тағы бір кемшін тұсын – жемірілуге қарсы материалының жоғын атап көрсетеді. Соның салдарынан қазір бағаналардың біразын тат басып, іші толық коррозияға ұшыраған. Оның үстіне бағаналардың сыртында денекерлеген уақытта шашырап, күйіп кеткен жерлер мен шарқайрақпен кесілген іздер бар. Бұған қарап, бағаналар зауытта жасалмаған ба дерсің.

"ӨТІНІШТІ ҚАРАП ЖАТҚАЛЫ ЕКІ АЙ БОЛДЫ"

Сарапшылар бұл олқылықтың бәрі толық құрылыс жұмыстары ретінде емес, кезекті жөндеу жұмысы ретінде жүргізгенінің салдары деп топшылайды.

"Бұл қателіктің кесірінен "эскизді жоба" жасалмаған, оның салдарынан жарық желісі қуатының, маркасының, кабель қимасы мен тарамының саны есептелмеген. Сондай-ақ жарық нүктелерінің саны, соған сәйкес жарық бағандарының саны мен олардың маркалары да анықталмаған" деп жазады сот сарапшысы.

"Әділдік жолы" бірлестігінің басшысы Роллан Казенов те мұны құптап отыр.

– Тапсырыс берушілерге "кезекті жөндеу жұмысына" байқау жариялаған жеңіл. Сараптамаға тапсырыс бермейді. Ал егер жаңа құрылыс дейтін болса, онда мемлекеттік сараптамадан өткені жайлы жобалық-сметалық құжаттамасы болуы тиіс. Бұған көп уақыт кетеді. Бірақ кезекті жөндеу, күрделі жөндеу немесе толық құрылыс керек пе, осының бәрін анықтайтын заң нормалары бар ғой. Тапсырыс берушілер осы нормаларды ұстануы тиіс. Егер құрылыс дейтін болса, онда тапсырыс берушілер жобалық-сметалық құжаттама мен сараптамаға тапсырыс беруге міндетті. Техникалық, авторлық қадағалаудан өтуі тиіс. Нәтижесі де оңды болар еді. Оның үстіне мемлекеттік архитектура-құрылыс басқармасы (МАҚБ) кезекті жөндеу жұмыстарын тексермейді. МАҚБ мемлекеттік сараптамадан өткен құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарын ғана тексереді, – дейді Казенов. – Меніңше, қаланы тез арада абаттандырып, қаржыны игергісі келген. Жұмысын көрсетіп, мақсатты көрсеткішті арттырғысы келген сыңайлы.

Бейбітшілік аралындағы көше шамының бағаны. Семей, 30 сәуір, 2024 жыл.

Илья Бароховский көше шамдарын "кезекті жөндеуден өткізу" үшін 2024 жылға да тендер ойнатылып қойған дейді.

– Онда біраз мәселе талқыланды. Фирма өкілдері оларға "жөндеуді қажет ететін шамдар орналасқан жерді көрсетіңіздер" деп жазды. Ақылға сыятын талап. Ағымдағы жөндеу дегеніміз – бір жерде сынған шамдар тұр, соларды жөндеу керек деген сөз. Сол кезде ТКШ өкілдері "аралап шығамыз, тұрғындар өзі хабарласып, қай жерде шамдардың күйгенін айтады" деген жауап жолдады. Бірақ олар 50 шам күйді ме, 1000 шам күйді ме білмесе, тендердің сомасын қалай анықтап отыр? – дейді Бароховский. – Кезекті жөндеу жұмыстарының тәртібі былай: шам сынса, оның істен шыққаны туралы акт жасалады. Сол актіге сәйкес бір шамды 50 мыңға, ал келесі шамды миллионға жөндейміз деп оның құны белгіленеді. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін шамдардың, тіпті, аудандардың да ешқандай тізімі жоқ. Бұл жерде жемқорлыққа жол берілген сияқты.

ТКШ маманы Рүстем Айтқұлов BaigeNews-ке берген сұхбатында "ЖСҚ-ны әзірлеуге бір жылдай уақыт кететіндіктен", уақытты үнемдеу үшін жобаны кезекті жөндеу жұмысы ретінде жасағанын растаған.

Жұмысты жүргізген Verena Tech Research басшысы сарапшының қорытындысы мен жұмысқа наразы қоғам белсенділерінің пікірін құптамайды.

– Біз [қоғам белсенділерінің айтқанымен] келіспейміз. Олар 15-20 сантиметр деп көрсетіпті. 20 сантиметр тереңдікте орнатылған төрт метрлік бағанның құламай тұруы мүмкін емес. Бұл тіпті ақылға сыймайды. Ол [іргетас] 40-50 сантиметр тереңдікте құйылған, – дейді кәсіпорын басшысы Мирас Мырзаханов. – Сараптамаға қатысты да күмәнім бар. Кез келген адамды шақырып, "ананы былай айт, мынаны былай айт" деуі де мүмкін ғой. Сарапшы бәрін соның айтуы бойынша жасауы мүмкін.

Сараптамаға тапсырыс берген Роллан Машпиев сараптама нәтижесі сенімдіміз деп отыр:

– Бұл сот сарапшысының лицензиясы бар. Мемлекеттік органдар сотта дәл осы сарапшының қызметіне жүгінеді. Мен өзім шамдардың іргетасын қазып, оларды өлшеуішпен өлшеп шықтым. Бәрін суретке, видеоға түсіріп алдым.

Семейдің 1-ықшам ауданындағы жағалауға жаңадан орнатылған шамдар. 30 сәуір, 2024 жыл.

Қоғам белсенділері атқарылған жұмыстың кемшін тұсын қайта түзеттіруді жоспарлап отыр. Егер түзетпесе, сотқа жүгінеміз дейді олар. Роллан Казенов шамдардың кезекті жөндеу жұмысын тексертемін деп, екі айдан бері шапқылап жүр.

– Мемлекеттік аудит департаменті өтінішімізді қарастырып жатқалы екі ай болды. Уақытын созып отыр, – дейді Казенов.

Әкімдік Жоғары аудиторлық палата ТКШ бөлімін де, кезекті жарықты жөндеу жұмыстары туралы келісімшартты да тексеріп кетті дейді.

"Әзірге ҚР Жоғары аудиторлық палатасы тарапынан бөлімге жауап та, ескерту де түскен жоқ" дейді әкімдіктегілер.