"ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ УШЫҒА ТҮСЕДІ"
Достық ауылдық округі Абай облысының орталығы Семей қаласынан 35 шақырым қашықта орналасқан. Маңайда Достық және Шақаман деген екі ауыл ғана бар. Тұрғын саны – 1503 адам. Азаттық Шақаманға осыдан екі жыл бұрын, барған, ол кезде ауылдық округ әкім сайлап жатқан еді. Содан бері өзгерген ештеңе байқалмайды: әкімдік ғимаратында "КазССР" деген жазу әлі тұр, мешіт, мектеп және шағын дүкендер. Жаңалық сол – көшелерді әр тұсынан қазып тастаған.
Ауылға су құбырын тартып жатқанына екі жыл болды. Шақаман ауылын тұрғындар өз ішінде екіге бөледі: өткен ғасырдың 80-жылдары құрылысы басталған екінші бөлік "жаңа" деп аталады.
"Жаңа" Шақаманда ескі болса да орталық су құбыры бар. Көптен жөндеу көрмеген су құбыры әлдеқашан жекешелендіріліп, талан-таражға түскен жергілікті шошқа комбинаты кешенін сумен қамтамасыз ету үшін тартылған болатын. Бір кездері ауыл халқы түгел дерлік сол жерде жұмыс істеген.
Шақаманның ескі бөлігінде ауыл халқының жартысы тұрып жатса да, ондағы үйлерге су құбыры сол күйі тартылмаған. Ескі бөліктегі тұрғындар суды көшедегі бес колонкадан тасиды. Соның бірінің басынан Үмітжан есімді жергілікті тұрғынды жолықтырдық. 20 литрлік бидонға су құйып алып тұр екен.
Үмітжанның да, ауылдағы өзге тұрғындардың да үйге су кіреді деген үміті сол күйі ақталған жоқ – әуелде уәде етілген 2021 жылы да, 2023 жылы да ауылға су құрыбы тартылмаған.
– Түсінгенім [тендер] ұтып алғандар – жауапсыз мердігер. Күткенімізге үш жыл болды. Үйде құдық бар, ащы су шығады. Кірді қолмен жуамын, автомат-машина алсам ғой, шіркін! – деп арманын айтты әйел.
Шақаманнан төрт минуттық жердегі көрші ауыл Достықта да сол мемлекеттік тендер бойынша су құбыры тартылуы тиіс болатын.
– Уәдені үйіп-төгіп беріп келеді. Қазып жатқанына үш жыл болды. Бір бригада келіп қазып-қазып, тастап кетеді. Сосын тағы біреуі келеді. Осылай үш жыл өтті. Бізге ендігі құбырды жалғауы керек еді. Бүкіл ауылда үш қана колонка бар, – дейді Шақаман ауылы әкімдігінің алдында жолыққан Достық ауылының тұрғыны Маржан. – Бізге мүлде жағдай жасалмаған. Суды тасып ішеміз, оның өзі алыста. Үйдегі басқа шаруаларға ащы суды пайдаланамыз. Қалаға дейін бар болғаны 30 шақырым жерде тұрсақ та, су жоқ. Бір жағы күлкің келеді. Ауылда ешқандай жағдай жоқ.
Гидромелиорациялық жұмыстар жөніндегі инженер-механик Александр Исаченко әкімдікте жұмыс істейді. Ол бізге 2021 жылы өткен тендерді жеңіп алған Kaz Construction ЖШС ауылға қосалқы мердігерлер жібергенін айтты. Жұмысшылар құбыр тартуға жер қаза бастады, бірақ кейін олардың қолында су жүргізуге не құбыр, не бетон сақиналар жоғы белгілі болды. Оларды тек келесі 2022 жылы әкелді. Бірақ ол кезде басқа бір қосалқы мердігер ұйым жұмысқа кіріскен еді.
– Қазып тастады, енді құбырдың қайда екенін білмейді. Берекетсіз жұмыс болды. Алдымен біреуі қазды, одан кейін екіншісі келді, сондықтан қайда екенін білмейді. Монтаж сызбасы, бетон сақинаны қайда қоятыны жоспарда тұр, бірақ олар жобадан ауытқып кетті. Қаза берді, қаза берді, бірақ құбырдың шегі жоқ. Енді ол құбырдың ішіне, қайтадан су қосса, топырақ толып қалатын болды. Оны шаю керек. Осының бәрін бақылап, көріп тұрдым. Бірақ ештеңе айта алмаймын, өйткені олар бізге бағынбайды. Жазбаша сауал жібердік. Әлі жауап жоқ, жым-жырт, – дейді Исаченко.
Александр Исаченко құбыр төселген біраз жерді көрсетті. Дайын нысандардың бәрін арам шөп басып қалған. Айтуынша, жұмыстың шамамен 60 пайызы істелген.
2022 жылы жұмысшылар жұмысты шала істеп, аяғын жеткізбей тастап кеткеннен кейін ауыл халқы жұмысты жандандыруды талап етіп QazConstructions ЖШС-ға жүгінген, бірақ олардан ешқандай жауап ала алмапты.
Семей қаласының әкімдігі округ тұрғындары мен әкімдігіне "құрылыс барысын мемлекеттік органдар бақылап отыр" және "нысанға құрылыс материалдары үнемі жеткізіліп тұрады" деп жауап берген. Сондай-ақ, жұмыс 2022 жылғы 30 қыркүйекте аяқталатынын айтқан.
Тұрғындар, соның ішінде әкімдік мамандары тендердің қазіргі жағдайы қандай екенін білмейтінін айтты. Тек мердігерді сотқа берген деп естіген. Бұрынғы жұмыстың белгісіндей боп әр тұста шұңқырлар қалған, тұрғындар ара-тұра құлап кететінін қауіпті сол шұңқырлардан сығалаған құбырлар мен ауласында құбыр қалдықтары шашылып жатқан қаңыраған үй қалған.
Азаттық билік міндетті жұмысын толық атқармаған компанияны шынымен сотқа берді ме, жоқ па, соны анықтап көрді. 2023 жылдың мамырында сот шешімімен келісім шарт бұзылған. Әкімдік мердігерлерді кестеде белгіленген мерзімнен 50 күн кешікті, инженерлік-техникалық құрамы жоқ, жұмысшылары жетіспейді деп сотқа берген.
"Мұндай қателіктердің салдарынан нысандар мерзімінде пайдалануға берілмейді, мемлекеттік бағдарламалар орындалмайды және ауыл халқының әлеуметтік мәселесі ушыға түседі, – деп, сот Семей қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің мәлімдемесінен дәйексөз келтірді.
QazConstructions ЖШС 2022 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаға түзетулер енгізуін өтініп, тапсырыс берушіге жүгінгенін алға тартып, арызбен келіспеген. Сот "жұмыстың күрт қымбаттауы сияқты қатерге мердігер жауап береді" деп мәлімдеді.
Осы уақыт ішінде компания 309 млн теңгені игерген. Мемлекеттік тапсырыстың бастапқы көрсетілген сомасы – 541 млн теңге.
"92% СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛГЕН"
Абай облысындағы ауылдардың жартысы әлі күнге уәде етілген суды күтіп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, алдымен Шығыс Қазақстан, қазір Абай облысы әкімдігі ұсынған есептегі сан мен нақты сан бір-біріне мүлде ұқсамайды.
"Энергетика және ТКШ басқармасы мәліметтерінде облыстың 92 пайызына орталық су желісі тартылды делінген. Ал біз әкімдіктегі мәліметтерді алып, тек 41% сумен қамтылғанын есептеп шығардық. Екі ақпарат көзін тексеріп, адам шошитын шындықпен бетпе-бет келдік. Іс жүзінде 327 елді мекеннің 73-і ғана орталық су жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалғандарында су құбыры не толық тартылмаған, не түрлі себептермен жұмыс істемей тұр", – деп жергілікті басылымдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергеновтің сөзін келтірді.
Азаттық осы сияқты су құбырлары – ізім-ғайым болған миллиардтар туралы биыл шілдеде жазған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қағазда бар, халықта жоқ су құбырыСыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс тобының мүшесі Роллан Машпиев Үржар ауданында су құбыры тартылды деген 16 ауылды аралап көргенін айтып берді. Құбыр тек екі ауылда ғана толық жұмыс істейді екен.
– Лайбұлақ ауылында су соратын стансаны электр тарату жолағының бойына салыпты. Жобалық-сметалық құжат жасаған уақытта жобалаушы осыны ескермеген, демек ол жұмыс барысында ол жерлерге бармаған. Енді электр тарату жолағының орнын ауыстыру керек. Айтбай ауылында жұмыс әлі аяқталмаған. Нысанда неге жұмыс тоқтап тұр деген сұрағыма, "дәнекерлеуші сұранып кетті" деген жауап естідім. Сөйтсек, ол шөп жинауға кеткен жергілікті тұрғын екен. Негізінде, олар нысанды жазда тапсыруы керек еді, қазір енді күн сайын айып төлеп жатыр. Мұндай кезде дәнекерлеушіні жібере салу – ақымақтық. Олар дәнекерлеушілер басқа қаладан келіп, жуырда жұмысты аяқтайтынын айтты, – дейді Машпиев.
Благодатное ауылында "түсініксіз себептермен" блок-модульдік станса жұмыс істемей қалған, тұрғындар бұлақ суын тасып ішіп отыр. Мақаншы ауылында, су құрыбы тартылса да, 54 көшенің тек 33-де ғана су бар. Жоғарғы Егінсу ауылында да мердігер QazConstructions ЖШС болған, су жинайтын құрылғылар жұмыс істемейді, тереңнен су соратын қондырғылар, жылытқыштар жоқ, бактерицидтік қондырғы жарылып кеткен. Бұл ауылда су құбыры 644 млн теңгеге тартылған.
"ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ АДАМ СУСЫЗ ОТЫР"
Абай облысының Аягөз ауданында "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі 17 ауылдың 14-індегі сумен қамту жүйесінде "ақау" барын анықтады. Мысалы, Батбақ ауылында жұмыс істемейтін су құбыры құжатта 2020 жылдан бері жұмыс істеп тұр деп көрсетілген. Статистикаға тағы бір ауыл қосылған.
Көксала ауылында 2019 жылы 51 млн теңгеге жөнделген су құбыры құрылысы басталғалы бері жұмыс істемеген. "Еңбек-Өскемен" мердігер ұйымы қаражатты толық игерген, ал тапсырыс беруші жұмыс істемейтін су құбырын қабылдаған.
Желдіқара мен Ескенебұлақ ауылдарында тұрғындар қыста қар жинап, жазда бұлақтан су ішуге мәжбүр. Орнатылған ұңғымадағы су ішуге келмейді.
Қарабұлақ ауылында 2020 жылы орнатылған блок-модульдік станция алғашқы аязда бұзылған, содан бері жұмыс істемейді.
Көптеген ауылда суды зарарсыздандыратын құрылғылар бұзылған, сорғылар істен шығып, резервуарлар тесіліп қалған.
Семейлік қоғам қайраткері, қаладағы су құбырының құрылысы мәселесімен айналысып жүрген Илья Бароховский мұның бәрі ескі әкімшіліктің жұмысының салдары дейді.
– Бүгін біз Даниал Ахметов басқарған жылдары бұрынғы ШҚО-да су тарту саласындағы олқылықтарды жасыру тәжірибесі белең алды деп айта аламыз. Бұрынғы ШҚО әкімшілігі миллиардтаған теңге жұмсалған құрылыс жұмыстарындағы олқылықтарды жасырып, су құбырын тартуды бірнеше жылға созатын. Қоғам белсенділері мен республика басшылығы бұл жағдайды байқамасын деп, ШҚО шенеуніктері ешқандай заңды негіздемесі болмаса да, айла-шарғының небір түрін қолданатын. Сол айла-шарғылардың кесірінен ондаған миллиардтық жобалар аяқсыз, жүздеген мың тұрғын сусыз қалды, – дейді Бароховский.
Қоғам белсендісі мәслихат депутаттарына Антикор деректері мен ресми статистиканың алшақтығы мәселесі бойынша комиссия құрайық деген ұсыныс жасаған, алайда оның ұсынысын қабылдамаған.
– Облыстық мәслихат депутаттарына жүгіндім. Ақырында алған жауабымнан түсінгенім, облыстық мәслихат төрағасы проблема бар дегенді мүлде мойындамайды. Оның айтуынша, облыстағы халықтың тек 8 пайызы ғана таза ауыз сусыз отыр, – дейді қоғам белсендісі. – Облыс басшылығы алдында тұрған проблеманы түсінемін және ондаған миллиард теңгені тиімсіз игергендіктен ол тексеру процесстерін бастауға мәжбүр болады. Өйткені ол миллиардтаған ақша тұратын жұмыс істемейтін нысан да қабылданып, жобасының іске асырылғаны туралы актілерге қол қойылды ғой.
Бароховскийдің айтуынша, қазір облыс әкімдігі қиын жағдайда қалып отыр. Өйткені олар проблема барын мойындамаса немесе астыртын жолмен ақша бөлмесе, құжатта ғана бар су құбырларын шынымен қайта салуға ақша таба алмайды.
– Олай болмаған күнде ауыл тұрғындары мәңгілікке сусыз қалады. Алайда ресми есептерде, статистикада – барлық жерде бұл ауылдарда су құбыры бар деп көрсетілген.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2022 жылы мәліметтерінше, Қазақстан халқының 96 пайызы орталық сумен жабдықталған. Тізімнің аяғында тек қана Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары бар.
Energyprom мониторинг агенттігі ауылдағы әрбір екінші отбасында кәріз құбыры жоқ екенін, ал ресми деректер бойынша, бүкіл елде 600 мың адам құбырдан ауыз ішуге қол жеткізе алмай отырғанын атап айтты.
Сарапшылар үкіметтің 2025 жылға қарай Қазақстан халқы 100 пайыз таза ауыз суымен қамтамасыз етіледі деген уәдесінің орындалуы неғайбыл дейді. Сондай-ақ, Ұлттық статистика бюросының ауылды жерлерде жүргізген сауалнамасы мысалға келтірілген. Сауалнама қорытындысында үйлердің тек 57,9 пайызына ғана орталық су желісі тартылғаны, ал орталық кәріз жүйесі тек 6,3% үйге тартылғаны белгілі болды.