"Бейбіт жиын" туралы заң жобасы жеткілікті талқыланды ма?

Your browser doesn’t support HTML5

Белсенділері «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы төтенше жағдай кезінде асығыс қабылданбауы тиіс деп санайды. Ақпарат министрлігі жаңа заң халықаралық тәжірибеге сай жасалғанын айтады.

«ТОҚАЕВҚА ХАТ ЖАЗУ»

«Бұл заңның бұрынғы заңнан өзгешелігі шамалы» деп сынап жүрген қоғам белсенділеріның наразылығы заң жобасын наурыздың 26-сында парламент мәжілісі бірінші оқылымда қабылдаған соң үдей түскені байқалды. Олар жаңа заң жобасы бұлайша парламентке жылдам түседі деп күтпегенін, заң халық карантинге байланысты үйден шыға алмай отырғанда біржола қабылданып кете ме деп қауіптенеді.

Осыған орай кейбір белсенділер жиналып Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге үндеу хат жазып, заңды асығыс қабылдамауды сұраған көрінеді.

"Қазақстанда парламентаризді дамыту" қорының президенті Зәуреш Батталова

Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталованың сөзінше, үндеу хатта бейбіт жиындар туралы заң жобасы төтенше жағдай кезінде асығыс қабылданбауы тиіс дейтін талап қойылған.

- Коронавирусқа байланысты мәжіліс депутаттарының бір бөлігі үйінде отыр. Арнайы жұмыс тобы «on-line талқылап жатырмыз» дейді. Парламент туралы заңда «заң жобасын on-line талқылауға болады» деген сөз жоқ. Заңды төтенше жағдай аяқталған соң талқылау керек,- дейді ол.

«ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ – КӨЗ АЛДАУ»

Алайда Зәуреш Батталованың пікіріне ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің келісе қоюы қиын. Өйткені заң жобасын министрлік биыл қаңтар айында жариялап, қоғамдық талқылауға шығарған. Талқылауларға министр Дәурен Абаев та қатысқаны, қоғам белсенділерінің ұсыныстары ескерілетіні жөніндегі пікірі БАҚ-та бірнеше рет жарияланған.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев заң жобасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ғана емес аймақтарда да талқыланғанын растайды. Ол Қазақстанның кем деген тоғыз облысында қоғамдық талқылау өткенін байқағанын айтады.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев

Бірақ «бұл талқылау - көз алдау болды» деп санайды. Оның айтуынша, қоғамдық талқылауға билік митингіге шығып жүрген белсенділерді қатыстыру орнына митингіні «теледидардан ғана көрген қоғамдық ұйымдардың» өкілдері көбірек шақырылған.

Ерлан Қалиевтің сөзінше, жаңа заң жобасында қоғам белсенділері талап етіп жүрген негізгі мәселе «митингіге жергілікті биліктің рұқсатымен шығу және арнаулы орында ғана өткізу» мәселесі өзгертілмеген.

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бейбіт жиынды алдын ала рұқсат сұрамай-ақ тек хабарлау арқылы өткізуге рұқсат беру керек» деген сөзі бар. Белсенділер осы сөзден біршама үміттенген еді. Ал жаңа заң жобасында бұл мәселе шешілмеген, митингі тек арнаулы орында өтуі керек деп отыр,- дейді ол.

Оның сөзінше, билік өзі ұйымдастырған жиындарды қалаған жерінде өткізеді. Ал билікке наразылар митингіні тек арнаулы орында, рұқсатпен өткізуі тиіс.

- Әкімдік өзге шараларды айтпағанда, жыл сайын Жеңіс күнінде «Бесмертный полк» жиынын қала орталығында өткізуге рұқсат беріп жүр. Ондай жиын заңды екен де, белсенділердің жиыны заңсыз екен ғой? Бұл қоғамды екіге жару, біреуді біреуден артық қою, я кемсіту,- дейді ол.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен өткен қоғамдық талқылаудың бірі Қарағанды қаласында болған. Талқылауға Қарағанды қаласындағы түрлі саяси акциялар арасында жүретін белсенді Айтқожа Фазыл да қатысқан. Бірақ ол қоғамдық талқылау болатынын кездейсоқ білгенін айтады.

- Митинг өтетін орынды, уақытын билік белгілейтін болса, ондай митингінің пайдасы жоқ,- дейді ол.

2019 жылы Демократиялық партия құратынын жариялап, наурыздың басында рұқсатсыз митингі ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған Жанболат Мамай жаңа заң жобасы қуғын-сүргінді бәсеңдетпейді деп санайды.

- Қоғамды дамытуға, саяси реформа жасауға бағытталған заң емес. Бейбіт жиын өткізуді одан әрі қиындатуды көздейтін заң,- дейді ол.

«ONLINE ТАЛҚЫЛАУ»

Жаңа заң жобасы алғаш талқыланғанда-ақ белсенділер наразылық білдіргенімен кейбір құқық қорғаушылар парламентттегі жұмыс тобына қосылу арқылы заңға түзету енгізуге болады деп санайтыны байқалған.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

Соның бірі, Қазақстандағы адам құқығы бойынша халықаралық бюро директоры Евгений Жовтистің де жаңа заңнан үмітін үзе бастағаны мәлім болған. Заң жобасын халықаралық стандарттарға сай әзірлеуге талпынып көрген ол таяуда «демократия қағидаларына түпкі мәні сай келмейтін жобамен шұғылданудан» бас тартып, жұмыс тобынан шыққанын мәлімдеді.

Алайда белсенділер мен құқық қорғаушылардың пікірімен парламент мәжілісінің депутаттары келіспейді. Олардың сөзінше, «заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтті» деп есептеген ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен парламентке түскен. Ал парламентке түскен заң тиісті регламент бойынша қарала береді.

Парамент мәжілісінің отырысы. Көрнекі сурет.

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Берік Дүйсенбинов бейбіт жиын туралы заң жобасын жұмыс тобының on-line талқылағаны сапасына әсер етпейді деп санайды.

- Карантиннің қаншаға созылары белгісіз. Ал, бұл - керек заң. Заңды талқылау барысында көптеген өзгертулер енгізілді. Заң жобасын өзгерткің келсе, жұмыс тобынан неге шығасың?- дейді ол.

«Бейбіт жиын» туралы жаңа заңда қоғам мен белсенділер талабы ескерілуі тиіс деп санайтын белсенділердің бірі Мұхтар Тайжан да жұмыс тобына кірген. Оның жазуынша, бейбіт жиындар туралы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобы күн сайын on-line жұмыс істеп отыр.

Жұмыс тобынан Евгений Жовтистің шыққанын сәуірдің біріне әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған Мұхтар Тайжан «депутаттар жалғыз адамдық пикетке шығатын адам алдын ала хабарлау керек деген талап қойып отырғанын» жазған.

- Жовтис осы және өзге де мәселелерге қарсылық ретінде шығып кетті. Мен жұмысты жалғастыра беремін. Ұрыс алаңын тастап кетуге болмайды,- деді ол Facebook парақшасында.

Бірақ ол Жовтис кеткен соң небәрі екі күннен кейін пикетке байланысты ұстанымның өзгергенін хабарлады.

- Біз осылайша үкімет ұсынған нұсқаны өзгерттік. Мұнан былай пикетті қауіпті инфрақұрылым нысандарының маңынан өзге кез келген жерде өткізуге болады,- деп жазды.

«БАҚЫЛАУДАҒЫ ЕРКІНДІК»

Заң жобасына байланысты Азаттық сауалына жауап берген ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымованың пікірі қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылардың пікіріне кереғар екені байқалады. Оның сөзінше заң жобасы халықаралық тәжірибеге сай келеді. 2020 жылдың ақпан айынан бергі талқылаулар барысында заң жобасына байланысты 230 ұсыныс түскен.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бейбіт жиындар туралы заң талқылауында. Алматы, 17 ақпан 2020

Министрлік өкілінің айтуынша, «азаматтарға бейбіт жиын өткізуге еркіндік берілгенімен бақылауда болуы қажет».

- Халықаралық тәжірибеде бейбіт жиын өткізу кезінде «қоғамдық қауіпсіздікке» басымдық беріледі. Азаматтық қоғамға еркіндік бергенімізбен, қоғамдық-саяси жағдайдың нашарлауына жол бермеуіміз қажет,- дейді ол.

Бүгін сәуірдің сегізіне мәжіліс «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жіберді.

Заң жобасы туралы мәжілісте баяндама жасаған жұмыс тобының төрағасы депутат Қанат Мусин құжатты әзірлеген кезде халықаралық тәжірибе мен халықаралық мамандар, жергілікті сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірі ескерілгенін айтты.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің сөзінше 1995 жылы қабылданған "Бейбіт жиын туралы" заң елеулі өзгеріске ұшырап, айтарлықтай ілгерілеген. Депутаттардың айтуынша, заңға "ескерту сипатында" бейбіт жиын өткізуге рұқсат беріледі, әкімдіктен жауап болмаған жағдайда өтініш "қанағаттандырылған" болып есептеледі.

1 сәуірде Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы да Қазақстанды заң жобасын талқылауды кейінге қалдыруға шақырды. Ұйым төтенше жағдайға байланысты құжаттың асығыс қабылдануынан қауіптенетін белсенділердің пікірін ескеруге үндеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен сайлаудан кейін бейбіт жиын туралы заң қабылдауға уәде берген. Ол митинг өткізу үшін ескертуді ғана талап ететін құжат қабылдау керектігін айтқан. Одан кейін ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қажетті құжатты дайындап шықты. Ал, онымен танысқан құқық қорғаушылар бұл заңның да халықаралық стандарттарға сай еместігін айтып, сынаған.