Полицейлерді қаққан көлік, Гитлердің суреті. Қаңтар үшін айыпталған ақтөбеліктер үкімнен соң не деді?

Сот Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамға үкім оқып жатыр. Ақтөбе, 1 ақпан, 2023 жыл

Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасынан кейін айыпталған 18 адамның біреуін 15 жылға, тағы біреуін төрт жылға бостандығынан айырды. Екі адамды ақтады. Өзгелеріне шартты жаза кесті, кейбірінің тергеу абақтысы мен үйқамақта болған уақытын өтелген жаза мерзіміне есептеп, оларды босатты. Ең ауыр жаза алған Нұрсұлтан Исаев үкімге қарсы шықты.

"ӘДІЛЕТСІЗ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ"

Ақпанның бірінде Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтырғы Қаңтар оқиғасынан кейін айып тағылған 18 адамға үкім шығарды. Полиция үкім оқылып, сотқа қатысқан жұрт тарап кеткенше облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ғимаратын күзетіп тұрды.

Судья Нұрлан Бақтығалиев 32 жастағы Нұрсұлтан Исаевқа 15 жыл түрме жазасын кесті. Үкімді естіген сәтте Исаев: "Не үшін соттадыңыз? Мен адам өлтірген жоқпын ғой!" деп айқайлап жіберді. Оның әйелі Аида Хазеева үкімге наразылығын білдіріп, сот залында: "Полицейлер тірі ғой. Неге 15 жыл? Бұл – әділетсіздік! Әділдік бар болса, Қаңтарда жүздеген адамды атқандар неге сотталмайды?!" деп жылады.

Нұрсұлтан Исаев (суретте) сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде отыр. Ақтөбе, 14 қазан 2022 жыл

Сот тергеуі барысында сотталушы Нұрсұлтан Исаевтың кінәсі дәлелденді деп мәлімдеді судья.

– Сот айыптаушы тараппен келісті. Өйткені автокөлік қашанда – қауіп көзі. Исаев алаңда жеке көлігімен полиция қызметкерлерін қағып кеткен. Тергеу екі адамды ғана зардап шегуші ретінде таныған. Ал шындығында видеодан зардап шеккендер одан көп екенін көрдік, – деді судья Бақтығалиев өзі шығарған үкімді түсіндірген кезде.

Бұған дейін Ақтөбе полициясы былтыр 5 қаңтарда көшедегі камераға жазылған қысқа видеоны таратқан. Онда "ВАЗ-2114" маркалы жеңіл көлік полиция қызметкерлерінің шебін бұза-жара өткен сәті бейнеленген.

Ресми дерек бойынша, Ақтөбеде былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдарының 33 қызметкері жараланған. Осы сотқа куә ретінде шақырылған олар өздерін фото мен видеоға түсіруге қарсы болды. Сот тергеуі барысында олар сотталушыларға қандай да бір талап қойған жоқ. Аида Хазееваның сөзінше, қылмыстық іс материалында Исаев жеңіл көлікпен қаққанда зардап шеккен деп көрсетілген екі полиция қызметкері сот тергеуі кезінде Исаевқа ешқандай талабы жоғын айтқан.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбеде Қаңтарға байланысты ең ауыр жаза алған Исаевтың ісі

Тергеу Нұрсұлтан Исаевқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-баптың 2-бөлігі) деген айыпқа қоса, ауыр қылмыс саналатын әрекетке барған, яғни "құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қол сұқты" (380-1-баптың 2-бөлігі) деген айып таққан. Тергеу қорытындысында "Исаев полиция өкілдерін қасақана көлікпен қақты" деп жазылған.

Исаев болса полиция қызметкерлерін әдейі қақпағанын айтып, алаңда полиция демонстранттарға жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ жаудыра бастаған кезде абайсызда болған жағдай деп түсіндірген.

– Полиция оқ ата бастаған кезде сұйық газбен жүретін көлігімді алаңнан аулағырақ әкетпекші болдым. Сол кезде көліктің алдыңғы әйнегіне оқ тиіп, қатты сасқанымнан бұғып, рөлге ие бола алмай қалдым, – деген Исаев сот тергеуі кезінде.

Исаевтың адвокаты Азамат Сағал тергеу орындары таққан айыптардың ешбіріне айғақ-дәлел жоқ дейді.

– Сот шешімі әділ болады деп күткен едік. Заңсыз үкім болды. Өйткені, қорғауымдағы Исаевқа тағылған айыптар сот тергеуі кезінде дәлелденген жоқ. Соған қарамастан, оған 15 жыл түрме жазасын кесті. Біз үкімге шағым түсіріп, Жоғарғы сотқа дейін барамыз, – деді адвокат.

Нұрсұлтан Исаев былтыр жазда "тергеушілер қысым жасап, азаптады" деп мәлімдеп, тергеу абақтысында аштық жариялаған. Туыстары оған тағылған айыпты басқа бапқа алмастыруды биліктен талап еткен.

ДАРХАН ҚАМИГЕ ТӨРТ ЖЫЛ КЕСТІ

Сәрсенбі күні сот "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан" деген айыппен Дархан Қамиді төрт жылға бостандығынан айырды.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Қами 2014 жылы "ұрлық" бабы бойынша үш жылға сотталып, ол жазасын толық өтеген.

Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған Дархан Қамиге (оң жақта) сот 4 жыл түрме жазасын кесті. Ақтөбе, 1 ақпан 2023 жыл

Қами былтыр 13 қазанда басталған сот процесіне қатысып жүріп, кейін үш апта бойы келмей қойған соң, полиция оған іздеу жариялаған. 6 желтоқсанда туған жері Шұбарқұдық кентінен табылған Дархан Қамиді полиция тергеу изоляторына қамаған.

Қамидің адвокаты Қанат Тұрғанбаев үкімге келіспейтінін, апелляция шағымын беретінін айтты.

"АЛАҢДА БОЛДЫМ. ОЛ – КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫМ"

Сот 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" үшін айыпты деп танылған сегіз адамға: Еркебұлан Құттыбаевқа, Рүстем Ахметовке, Берік Құспановқа, Нұркен Өмірәліге, Қайрат Баймұратовқа, Жәдігер Ысқақовқа, Әмірбек Дәукенге және Арнольд Сәдуақасовқа тоғыз ай шартты жаза кесті. Үкімде олардың жаза мерзімін толық өтеп біткенше пробация бақылауында болатыны айтылған.

Сегіздің бірі Берік Құспанов үкімге наразы. Батыс Қазақстан медицина университетінің 5-курсында оқитын Құспанов соңғы сәтке дейін өзінің ақталатынына сенімді болғанын айтады.

– Алаңда болғаным, ол жерге барғаным рас. Ол – конституциялық құқым. Бейбіт митингіге бардым. Тағы болса, тағы да барамын. Бірақ митинг кезінде ештеңені қиратып-бүлдірген жоқпын, – дейді Берік Құспанов. Ол енді апелляция сотына жүгінбек.

Қаңтар оқиғасынан соң Ақтөбе облыстық әкімдігі мен облыстық полиция департаменті 148 млн теңгеден астам шығын шеккенін айтып, азаматтық шағым түсірген. Сот ол шағымды қанағаттандырмай тастады. Бірақ 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаевтың "ВАЗ-2114" маркалы жеке автокөлігі мен "алаңдағы демонстранттарға тас түсірген" "КамАЗ" маркалы екі жүк көлігі тәркіленсін деген шешім шығарды. Ол екі жүк көлігі шартты жаза берілген Қайрат Баймұратов пен Еркебұлан Құттыбаевқа тиесілі.

"Отбасымды осы көлікпен асырап отыр едім. Бала-шағам бар, жұмыссызбын. Сондықтан "КамАЗ-ымды" қайтаруды талап етіп, апелляция алқасына шағымданамын" деді Еркебұлан Құттыбаев үкім оқылған соң.

Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған 18 адамның ісі

Ақталғандар

Қаңтар оқиғасынан кейін айып тағылған 18 ақтөбеліктің екеуін – Ернұр Әжниязов пен Асланбек Омаровты сот толық ақтады.

Әу баста тергеу орындары Ернұр Әжниязовқа Қылмыстық кодекстің 272-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағып, "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы" деп атаған еді. Сот тергеуі кезінде қылмыстық іс қайта сараланып, Әжниязов "жаппай тәртіпсіздікке қатысушыға" айналды. Асланбек Омаровқа да осындай айып тағылды.

Тергеу материалдарында Ернұр Әжниязов 2022 жылғы 4 қаңтарда "ақтөбелік көлік жүргізушілердің басын қосып, оның аяғы тәртіпсіздікке ұласқаны" айтылған. Прокурорлар Әжниязовтың "2021 жылғы 30 мамырда Самара – Шымкент тасжолы бойында ақылы жолға қарсы митингі ұйымдастырғанын" да айыптау актісіне енгізген.

Судья Бақтығалиев "жаппай тәртіпсіздік басталған 5 қаңтарда Ернұр Әжниязов Ақтөбедегі орталық алаңда болмаған, оған негізсіз айып тағылды" деген тұжырым жасап, Ернұр Әжниязов пен Асланбек Омаровты ақтап шешім шығарды. "Бұл екі адам қылмыстық жауапқа заңсыз тартылғаны үшін тергеу орындарының үстінен сотқа шағымдануға құқылы" деді судья.

– Соттың мені кінәсіз деп тауып, ақтағанына қуаныштымын. Бірақ осы бір жылда қылмыстық қудалаудың біраз салдары болды. Бизнесімнен айырылдым. Ел қатарлы өмір сүріп жатқан адам едім. Қолдан жасалған проблема жағдайымды күрт қиындатып жіберді. Қалпыма келемін деп ойлаймын. Аллаға шүкір, әділдік орнады, – деді айып тағылғанға дейін дөнер сататын кафенің қожайыны болған Асланбек Омаров.

"ХАЛЫҚ НЕМҚҰРАЙДЫ БОЛУЫ КЕРЕК ПЕ?"

Сот алты адамның тергеу изоляторы мен үйқамақта болған күндерін өтелген жаза мерзімі ретінде есепке алып, олар сот залынан босап шықты. Соның бірі Қуат Шамұратов бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен.

– Халық наразы екенін айтса, билік "сен террориссің, экстремиссің, түрмеге қамалуың керек" дейді. Сонда халық не істеуі керек? Немқұрайды болуы керек пе? Сотталып жатқан осы адамдардың немқұрайды болмауының арқасында елде аз да болса өзгеріс болды, күллі Қазақстан былтырдан бері арзан автогаз тұтынып отыр, – дейді Қуат Шамұратов.

Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық іс ашылып, жауапқа тартылған 18 адамның арасындағы жалғыз әйел Жанна Есмұрзаева – кәмелетке толмаған екі баланың анасы. 57 жастағы нотариусты тергеу орындары "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 2022 жылғы 8 қаңтарда тұтқындаған. Кейін Есмұрзаеваның бұлтартпау шарасы өзгеріп, ол ешқайда шықпайтыны туралы қолхат беріп, қамаудан босап шыққан.

Сотталушы Жанна Есмұрзаеваның інісі әрі қорғаушысы Ақылжан Қуантаев полиция күдіктінің үйін тінтіген кезде тәркілеген, мұқабасына Адольф Гитлердің суреті басылған "Аңыз адам" журналын көрсетіп тұр. Ақтөбе, 12 қаңтар 2023 жыл

Полиция Есмұрзаеваның пәтерін тінту барысында мұқабасында өткен ғасырдағы нацистер көсемі Адольф Гитлердің суреті бар "Аңыз адам" журналы мен сыртына "Лидер" деп жазылған блокнотты тәркілеген.

– Тергеу объектив болған жоқ. Айыптауды ғана мақсат етті. Олай болмаса, Гитлердің суретін пайдаланбас еді. Сыртында "Лидер" деген жазуы бар блокнотты да жоқты бар етіп көрсету үшін алған. Әйтпесе Жанна тыйым салынған ұйымның емес, косметика сататын компанияның лидері болатын, – деді сот процесі кезінде Есмұрзаеваның інісі әрі сотта қорғаушысы болған Ақылжан Қуантаев.

Қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық іс ашылып, жауапқа тартылған нотаруис Жанна Есмұрзаева. Ақтөбе, 1 ақпан 2023 жыл

Жанна Есмұрзаева өзін апелляция соты ақтайтынына сенімді болмаса да, шағымданып көрмекші. Ол "мен бейбіт митингіге шыққан адаммын, сондықтан да толық ақталуым керек" деп есептейді.

Қуат Шамұратов пен Жанна Есмұрзаева Ақтөбедегі наразылық акцияларына Қаңтар оқиғасына дейін де қатысып жүретін.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылғы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын 3,5 жылға шектеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде оның отбасына "Қазақстан халқына" қоры арқылы 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Террорист деп траншеяға көмбек". Қаралы отбасы ұлының сүйегін ала алмай жүр
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Төңкеріс Алматыда жасалмайды". Биліктің Қаңтарды түсіндіруі және ондағы кемшіліктер