"ҰЛЫМ КЕЛІП ТҰРҒАНДАЙ БОЛАДЫ"
Сырттағы боран саманнан соғылған ескі үйді көтеріп әкетердей ұлиды. Ескі шатырдың босаған бөліктерінің сарт-сұрт еткен дыбысына құдық басында қалған қауға шелектің даңғыры қосылды. Ақтөбеден үш жүз шақырымдай жердегі Мөңке би ауылында өзім түскен үйдің иесі Күлсім Жұбаназарова даладан тықыр естілгендей болса, орнынан ұшып тұрып, терезеден сыртқа үңіле қарайды, әлдене деп күбірлейді. Жаны жаралы әйелдің қимылын сырттай бақылап жатып көзім ұйқыға кетті.
"Балам келіп тұрғандай болады" деп түсіндірді таңғы шай үстінде Күлсім түндегі әрекетін.
Күлсім былтыр 7 қаңтарда Ақтөбеде күш құрылымдары демонстранттарды қару қолданып таратқанда оққа ұшқан ұлы Русланбектің қазасынан кейін көрер таңды көзбен атыратын кезі көп екенін айтады.
Русланбек Жұбаназаров – 2022 жылдың басында Қазақстанды дүр сілкіндірген Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде оқ тиіп қаза болған екі адамның бірі. 30 жасында тосын қазаға ұшыраған жігітті 7 қаңтарда туыстары мәйітханадан тапқан. Полиция марқұмды "терактіге қатысушы" деп атап, сүйегін ата-анасына бір айдан кейін бір-ақ берген.
Аудан орталығы Шалқар мен Ақтөбенің ортасында жатқан Мөңке би ауылының тағы бір атауы – Қайыр станциясы. Жүрдек пойыздар тоқтамайтын шағын станцияға жергілікті жұрт "тоқылдақ" деп атайтын "Ақтөбе – Шалқар" пойызымен жеттім. Билеті арзандау бұл пойыз теміржол бойындағы ауылдарда тұратын жұрттың ары-бері қатынайтын негізгі көлік құралы. Ал "тоқылдақ" жүрмейтін күндері ауыл тұрғындары Ақтөбеге жету үшін Шалқардан шығып, жолай Мөңке биге соғатын таксиге мінеді. Бір жыл бұрын Русланбек те Ақтөбеге жұмысқа жалдануға таксимен аттанған еді деп еске алады анасы.
– Күні кешегідей көз алдымда, балам моншаға да әдеттегіден ұзағырақ түсіп, тырнағын да ұзақ алды. Бір қарап қалсам, шкафтың айнасынан ауыз үйде жүрген менен көз алмай қарап тұр екен, – деп жылады Күлсім.
ЖАЗЫЛМАҒАН ЖАН ЖАРАСЫ
Бетіне айна жапсырылған шкаф пен ауызғы бөлмедегі ас үй жиhазы – үйдегі санаулы бұйымдар. Үй-іші көрпе-жастығын да сол шкафқа жинап, киімін де сонда іледі. Өзге бөлмелердің еденіне кілем төселген. Тірлігі қоңырқай үйдің әрін кілем мен перде ғана келтіріп тұр.
– 1990-жылдардағы тоқырауда жан бағу үшін ала дорбамызды арқалап, пойыз кезіп жүретінбіз. Жалғыз мен емес, теміржолды жағалай қонған ауыл әйелдерінің бәрі сөйтті ғой ол уақытта. Шиеттей баланың қамымен вагон жағалап сауда жасадық. Бозала таңда үйден шығарда киіп шыққан шұлығым кешке дейін шыдас бермей, жыртылып қалатын. Енді жеттім-ау дегенде сонша бейнетпен өсірген баламды атты да тастады, – деп тағы да көз жасына ерік берді.
Қыстыға жылап біраз отырған Күлсім көз жасын сүртіп, сөзін қайта жалғады.
– Құдай көп көрмесін, Русланбектен өзге бес балам бар. Әрқайсы өз алдына үй болып кеткен. Аяқтанып кеткен бала да бір, көрші де бір. Көмек керек болса, олардан көршің жылдам келе қояды. Міне, шал екеуміздің бір-біріміздің бетімізге қарап қалғанымызға жылдан асып барады. Бір күн ауру, бір күн саумыз.
Русланбек – Бүркіт пен Күлсім Жұбаназаровтардың кенжесі. Бірнеше жыл бұрын үйленген, бірақ келіншегімен дәм-тұзы жараспаған. Екеуінің арасында бір ұл бар. Төрт жасар Расул қазір шешесімен бірге Темір ауданында тұрып жатыр.
"Шабашканың" (жалдамалы жұмыс – ред.) реті келіп тұр. Ақтөбеге барып ақша тауып, ұлымды жаңа жылымен құттықтап келемін" депті Русланбек ата-анасына былтыр үйден шығарда. Бірақ ұлына жете алмай, Ақтөбеде көлденең ажалға кезікті.
– Балам өлерден біраз бұрын ауырып емшіге барғанмын. Әлгі емші салған беттен "Немерең келеді. Құдағайың мен келінің жетектеп алып келеді" деді. Келінім екінші рет тұрмыс құрса, баланы бізге берер деп үміттеніп қалдым. Ол кезде ұлымнан айырылып зар илеп қалатынымды қайдан білейін? – деді Күлсім көзден аққан жасты жаулығының ұшымен сүртіп қойып. – Русланбек қайтыс болғаннан кейін қазаға қайыр айтып, бұрынғы құдағайым мен келінім келді. Екеуі немеремді жетектеп кіріп келе жатқанда емшінің сөзі ойыма сап ете қалды, – дейді Күлсім.
Қазақ салты бойынша, Бүркіт пен Күлсім үлкен ұлдары Ерасылдан сүйген алғашқы немересі Айаруды бауырына басқан. Он жастағы Айару үйдегі үлкен кісілердің көңіл-күйінің барометрі іспетті. Атасы мен әжесі жабырқаған кезде мүлдем еркелемейді. Ал жүздері жадырай бастаса атасының мойнына асылып, әжесінің бауырына тығылады. Пеш түбінде демалып жатқан әжесінің жанына жантайған кішкентай қыз смартфонын ашып: "Әже, Алланың тоқсан тоғыз, яғни біреуі кем жүз есімі бар екен" деп діни мазмұндағы мәтінді судырата оқи жөнелді. Күлсімнің жүзі бір сәт жібігендей болды. Сол сәт көңілсіздік жайлаған бөлмеде күн сәулесі түскендей жылылық орнады.
Сәлден кейін кішкентай қыз күннің салқындығына қарамай Русланбектің бейітін бетке алған ата-әжесіне ілесті.
БЕЙІТ БАСЫНДА
Қаңтарда оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаровты Мөңке би ауылының оңтүстік-батысындағы зиратқа жерлеген. Полиция марқұмды "террорист" деп айыптап, үстінен іс қозғаған. 30 жасында тосын қазаға ұшыраған жігіттің сүйегін үй-ішіне бір айдан кейін ғана берген.
Ауылдан үш шақырымдай жердегі мұсылман қорымына Русланбектің әкесі былтырдан бері жиі баратын болған. Көрші ауылдағы қиыршық тас шығаратын зауытта күзетші болып істейтін, жасы алпыстан енді асқан Бүркіт Жұбаназаров "вахтадан келген сайын ұлымның басына барып, құран бағыштаймын" дейді. Бүркіттің жеке көлігі жоқ. Бейіт басына үнемі жаяу барады. Ұлына құран бағыштап, Алладан оның тезірек ақталуын тілеп дұға қылады.
– Ақталды деген қағазын берсін, балаң террорист емес десін, маған басқа ештеңенің керегі жоқ! Осы кезге дейін ең болмаса біреуі келіп "Қателікпен өлтіріп алдық, осындай қателік болды" деп кешірім сұраса екен?! Жоқ, ондай болған жоқ. Атып тастады, бітті! – деген Бүркіт әйелінің көз жасын көрмеу үшін теріс бұрылып кетті.
Баласы туралы сөз қозғалса Күлсім көз жасына ерік береді. Бейіт басында ғана дауысын шығармай, қыстыға жылады. Онысын "балам о дүниеде менің көз жасыма батып кетпесін, қиналмасын" түсіндірді.
– Ішім толы күйік. Жанып, өзегімді өртейді. Әйтеуір бейіт басына барсам, өліп қалса да көргеніме қуанып қайтамын. Көрдім ғой, әйтеуір қасымда тұр ғой деп өзімді өзім алдаймын. Бұған кім жауап береді енді?! Жауап беретін адам бола ма? Әлде осылай қала бере ме?! Менің балам сонда даладағы ит құрлы болмағаны ма? Атып тастап бір қорлады, "Жұбаназаров – террорист" деп екі қорлады. "Қаңғыбастармен бірге траншеяға көмеміз" деп қорқытты. Өлген баланың сүйегін 32 күн бойы ала алмай зар илеп тағы жүрдік. Айналайындар-ау, айтыңдаршы, мұсылман мұсылманды тап осылай қорлағанды қайдан көрдіңдер?! – деп қайта жылады ол.
Күлсім мен Бүркіт Жұбаназаровтар Русланбектің қазасына жыл толғанда, 2023 жылғы 7 қаңтарда Ақтөбеге барып, марқұмға құран бағыштаған. "Мамам бүгін күні бойы жылады. Папам да, біз де жұбата алмадық" деді Азаттық тілшісіне сол күні кешке хабарласқан Русланбектің қарындасы Жайнагүл.
"АҚТАУЫН ТАЛАП ЕТЕМ!"
Былтыр Ақтөбеде Русланбек оққа ұшардан екі күн бұрын, қаңтардың бесінде облыс әкімдігі жанында ауыр жараланған Файзулла Нұргелдин наурыздың екісі күні қайтыс болған. Екеуінің өліміне байланысты қозғалған істерді кейін тергеу органдары "қылмыс құрамы болмаған" деп тоқтатқан.
Русланбек Жұбаназаровтың үстінен Қылмыстық кодекстің қандай бабымен іс қозғалғанын және нәтижесі қандай екенін сұраған Азаттыққа облыстық полиция департаменті де, прокуратура да жауап бермеді.
Былтыр күзде "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған Русланбек Жұбаназаровтың отбасына "қайырымдылық көмек" деп 7 млн теңге аударған. Қаңтар оқиғасының бір жылдығы қарсаңында қор былтыр наразылық кезінде зардап шеккен 540 адамға жиынтығы 2 млрд 112 млн теңге бөлгені туралы ақпарат таратты. Тізімдегі 540 адамның 135-і "Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны" деп көрсетілген. Олардың арасында Русланбек Жұбаназаров пен Файзулла Нұргелдин бар.
– Бізге 7 млн теңге аударғанын естіген жұрт "Өлген адам қайтып келмейді, тынышталыңдар. Билік ауыспай, ештеңе де өзгермейді" деп басу айтқан болады. Азды-көпті қызметі бар ағайын-туыс та кесіріміз тиеді деп қорқатын болса керек. Олар да жабулы қазан жабулы күйінде қалғанын қалайды. Үйі-күйі бөлектерге бірден "Бізден аулақ отырыңдар!" дедік. Балам бар кезде де, өлген соң да ешкімнен ештеңе сұраған емеспіз. Өмір бойы адал еңбегімізбен күнелтіп келеміз. Миллиондар мен миллиардтар құлынымның тырнағына да татымайды. Бізге бәрінен бұрын оның ақталғаны керек! – дейді Күлсім Жұбаназарова.
ПІКІРЛЕР