Ақтөбедегі наразылық кезінде оқ тиіп қайтыс болған Русланбек Жұбаназаровты туыстары 9 ақпанға қараған түні туған жері Мөңке би ауылына жерледі. Марқұмның денесі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 8 ақпанда берілген. Бұған дейін туыстары полицияның "Ол – террорист. Сондықтан оның сүйегі берілмейді, траншеяға көмеміз" деп айтқанын жеткізіп, шағымданған. Бұл жөнінде Азаттық жазды. Туыстарының шағымынан кейін осы апта ғана жақындарына марқұмның сүйегі тапсырылды.
Аты-жөнін атамауды өтінген туысы "Сүйекті бір ай бойы мәйітханада ұстаған. Әбден дәрілеп тастапты. Сондықтан отбасы бүгіннен қалдырмай жерлеу керек деп шешті. Оқ жүрек тұсынан тиген. Сейсенбі күні әкесі мәйітханаға кіріп, ұлының мүрдесі екенін таныған" деді.
Туысының сөзінше, қаралы үйде Мөңке би ауылының учаскелік инспекторы, ауыл әкімі жүр. Бұған дейін күнара хабар алысып тұрған Жұбаназаровтар отбасының Азаттық тілшісімен байланыспау себебін туысы "Түсіністік танытыңыздар, олар дәл қазір солай етуге мәжбүр" деп түсіндірді.
Бұған дейін "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңның 21-1- бабына сілтеме жасаған Ақтөбе полициясы "Жұбаназаров-террорист. Сондықтан оның сүйегі туыстарына берілмейді. Қайда жерленгені де хабарланбайды" деген болатын.
9 ақпан күні полиция прокуратураға сілтеп, ақпарат беруден бас тартты. Ақтөбе облыстық прокуратурасы "Жұбаназаровтың өліміне байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ақпарат тергеу аяқталған соң беріледі" деді.
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе облысында бір адам қаза болған. Жергілікті билік Русланбек Жұбаназаровтың қаза болғанын ұзақ уақыт айтпады. Тек Азаттық марқұмның туыстарымен хабарласып, ақпарат жария болғаннан кейін полиция оның өлімін растаған.
Видео: "Балам террорист емес!" Ақтөбеде оққа ұшқан жігіттің ата-анасы полиция уәжімен келіспейді (19 қаңтар 2022 жыл).
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемінде 227 адам қаза болған. Билік әлі күнге дейін қаза болғандардың аты-жөнін жарияламады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар көп. Арасында балалар, әйелдер мен қарттар да бар.
Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін қаңтар оқиғасын жан-жақты, тәуелсіз, ашық зерттеуге, қаза болғандардың өлімінің жай-жапсарын ашуға, оған күштің құрылымдардың қатысын анықтауға, азаптау фактілерін тексеруге шақырды. Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 9 ақпан күнгі хабарламасында "Қазақстан үкіметі қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығының өрескел бұзылуын зерттеуге халықаралық сарапшыларды шақыруы тиіс" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР