Accessibility links

"Адамды ату қылмыс емес пе?" Қаңтарда оққа ұшқан ақтөбелік тұрғынның өлімінен соң қозғалған іс тоқтаған


Қаңтар оқиғасында қаза болған Русланбек Жұбаназаров.
Қаңтар оқиғасында қаза болған Русланбек Жұбаназаров.

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан ақтөбелік Русланбек Жұбаназаровтың қазасынан соң "Билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Ақтөбе полициясы Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызына хабарлаған.

- Ағамды атып өлтіргендер жазаланар деп күтіп жүргенімде полициядан "іс тоқтатылды" деген хат алдым. Аға тергеуші Джумашев қол қойған хатта істің не себепті тоқтағаны жазылмапты. Облыс прокуратурасына тергеуді тоқтату туралы қаулымен келіспейтінімді айтып, шағым жолдаған едім. Прокуратура менің шағымыма "Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды" деп жауап жолдаған. Сонда бұл елде адамды атып өлтіру қылмыс емес пе?! - дейді Жайнагүл Бүркітқызы.

Азаттық полицияға ресми сауал жолдап, Русланбек Жұбаназаровтың қазасынан соң "Билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану" дерегімен қозғалған істе күдіктілер болды ма, қанша адам күдікке ілінді, күштік құрылымдардың қайсынан?" деп сұраған еді. Полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов тергеу барысы туралы ақпарат "құпия екенін" екенін айта келе "Сіз процесске қатысушы емессіз, сондықтан тергеу ақпараттары не өзге де құжаттар берілмейтінін ескереміз" деп жауап берген.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылының тұрғыны 30 жастағы Русланбек Жұбаназаров Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Шешесі Күлсім Жұбаназарованың сөзінше, 6 қаңтарда кешкі он шамасында Ақтөбе қаласына жеткен Русланбек жол сөмкесін қарындасының үйіне тастап, досымен бірге шығып кеткен. Содан хабарсыз болған.

Кейін туыстары митингінің соңғы сағаттарында Русланбектің достарымен бірге алаңға барғанын, полиция қуған кезде сол маңдағы көпқабатты үйдің ауласына қарай қашқанын білген. Сол күні сағат таңғы төрттен өте Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің алдында жатқан мәйітті көріп, тұрғындар жедел жәрдем шақырады. Кейін бұл Русланбек Жұбаназаров екені анықталған. 7 қаңтарда туыстары оның сүйегін мәйітханадан тапқан.

Ақтөбедегі наразылық кезінде оқ тиіп қайтыс болған Русланбек Жұбаназаровты туыстары 9 ақпан күні туған жері Мөңке би ауылына жерледі. Марқұмның сүйегі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 8 ақпанда берілген.

Бұған дейін "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңына сілтеме жасаған Ақтөбе полициясы "Жұбаназаров – террорист. Сондықтан оның сүйегі туыстарына берілмейді, қайда жерленгені де хабарланбайды" деген еді.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе облысында бір адам қаза болған. Жергілікті билік Русланбек Жұбаназаровтың қаза болғанын ұзақ уақыт айтпады. Тек Азаттық марқұмның туыстарымен хабарласып, ақпарат жария болғаннан кейін полиция оның өлімін растаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG