Жүз күнге жалғасқан жанайқай. Шыңжаңдағы туыстарына сұрау салғандарға Қытай билігінен жауап жоқ

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, оларды қайтаруды талап еткен топты полиция консулдыққа өткізбей ұстап тұр. Алматы, 18 мамыр 2021 жыл.

Шыңжаң аймағындағы туыстарын босатуды талап еткен қазақтардың Алматыдағы Қытай консулдығына келіп жүргеніне 100 күн толды. Содан бері оларға консулдықтан ешкім шықпады. Пикетке қатысушылардың тек біреуінің талабы орындалды. Қазақстан билігі "заңсыз шараға" қатысқан бірнеше наразыны жауапқа тартты.

ПИКЕТТІҢ ЖҮЗІНШІ КҮНІ

18 мамырда таңертеңгі сағат 11-ге қарай Алматыдағы Байтасов атындағы көшеде орналасқан Қытай консулдығы алдына Шыңжаңдағы туыстарының суреттерімен қоса қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілінде "100 күн" деп жазылған плакат ұстап алған бірнеше адам жиналды. Полиция қызметкерлері олардың жолын бөгеп, консулдыққа жақындатқан жоқ. Наразылар дипломатиялық мекемеден таяқ тастам жерде тұрып, талаптарын айғайлап айта бастады.

Қытайда түрмеде отырған бауырына іздеу салып жүрген Байболат Күнболатұлының көлігін полиция консулдықтан ондаған метр жерден тоқтатып, әрмен қарай өткізбеді. Байболат бұған дейін Қытай өкіметіне талабын айтып наразылық акциясына қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған: айыппұл төлеп, он тәулік әкімшілік қамауда отырып шыққан. Байболаттың көлігінен түскен бірнеше адам консулдық маңындағы жеке үйлердің алдында тұрып, Қытайдан туыстарын босатуды талап етіп, өзге елдерден көмек сұрады.

– Үш балам Қытайда қамауда отыр. Оларға араша сұрап бармаған жерім жоқ. Өзім Қазақстанға Құлжадан көшіп келгем, қазір Шамалғанда (Алматы маңындағы ауыл) тұрамын. Балаларымды Қытайдың өлтіруіне жол бермеймін, оларды босату үшін бәріне шыдаймын. Қазақстанның ішкі және сыртқы істер министрлерінен, "Нұр Отан" партиясынан, Түркиядан, Америкадан көмек сұраймын. Балаларым тірі ме, өлі ме, Қытай маған жауап берсін, оларды босатсын! – деді үш ұлының суретін ұстап, Қытай консулына талабын айтуға келген 67 жастағы Қалида Ақытхан.

Your browser doesn’t support HTML5

Қытай консулдығы алдында 100 күн наразылыққа шыққандарды полиция ұстады

Біраздан соң наразылар тұрған жерге әдеттегідей жергілікті әкімдік өкілдері де жетті. Алматының Медеу аудандық әкімдігінің қызметкері Рита Ерманова бұл жолы да "жергілікті биліктің келісімінсіз өтіп жатқан шара заңсыз" екенін айтып, егер тарамаса, оған қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертті. Наразы азаматтар бұл жерде заң бұзбай, Қытай биілігінен туыстары жайлы ақпарат сұрап, оларды дереу босатуын бейбіт түрде талап етіп тұрғанын айтты.

– Біздің емес, Қытайдың ісі – заңсыз. Қытай жауыздық жасап отыр: әкемді өлтірді, одан бөлек шешем мен екі інімді күні бүгінге дейін барымталап отыр. Қытай өкіметіне айтарым, менің отбасымды жібер. Туыстарымды жібермейінше, акцияны тоқтатпаймын. Әкемді өлтірген олар менің шешем мен інімді өлтіреді. Күні бүгінге дейін олардан хабар жоқ. Мен акцияны қалай тоқтатамын? Бұдан басқа амалым қалмады. Енді не істеуім керек? Маған жол көрсетсін, кепілдік берсін! Әкемнің мәйітін бермей, сүйегін түрменің ішінде көміп тастаса, қалған үш адамды барымталап отырса, бізде басқа қандай жол бар? – деді наразылардың бірі Ақиқат Қалиолла.

Өткен аптада Қытайдың Алматыдағы дипломатиялық өкілдігі жанындағы наразылық акциясына қатысқан Ақиқат Қалиолла, Байболат Күнболатұлы мен тағы екі азаматқа Қазақстан билігі "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін айыппұл салған және үш адамға ескерту жасаған.

ҚЫТАЙ КОНСУЛДЫҒЫНАН ЕШКІМ ШЫҚПАДЫ

– Қытайдың жұбайымды жібермей ұстап отырғанына төрт жыл болды. Осы жақта үйде қарт әке-шешесі қайғыдан қан жұтып отыр. Қытай тұтас бір отбасын асыраушыдан айырып отыр. Қытай өз заңын белшеден басып отыр. Міне жүз күн болды өстіп жүргенімізге. Біз шарамыз таусылып, тозып кеттік, бізге көмектесетін, мұң-зарымызды еститін біреу бар ма?! – деп жыламсырай сөйледі 18 мамыр күні Қытай консулдығына талабын жеткізуге келген Гүлнәр Қосдәулет есімді әйел.

Ал Гүлпия Қазыбек жасы 70-ке келген анасын Қытай билігі қамауда ұстап отырғанын айтады. Билік өкілдері анасын үйінен әкеткен кезде Гүлпияның өзі Шыңжаңда болыпты.

– Не себепті әкеткенін білмейміз. Сегіз айдан кейін 12 жылға соттады, 5 жылға бостандығынан айырды. Оған таққан айып туралы қағазда "намаз оқыған, қоғам тыныштығын бұзған" деген екі-ақ ауыз сөз жазылған. Анамды бір рет – ауруханада жатқанда көрдім, аяқ-қолын кісендеп, кереуетке таңып тастапты ауырып жатқан адамды. Анамның солай қиналғанын көрген мен қалай тыныш жүре аламын, айтыңдаршы?! – деп жылап жіберді келіншек.

Шыңжаң түрмесіндегі үш ұлын босатуды талап еткен Қалида Ақытхан Қытай консулдығына қарай өтуге талпынып көрді. Бірақ наразылардың жолын бөгеп тұрған полиция қызметкерлері оны өткізбей қойды.

"Наразылыққа шығып жүргендердің денсаулығына алаңдаймын"

Ауыт Мұқибек, Қытайдан келген қазақ, белсенді:

100 күн наразылық – амалсыздан жасалған шара, қалыпты жағдайға айналып кетті. Қытайдағы қамаудағы туыстарынан бөлек, наразылыққа шығып жүрген аналардың жағдайына алаңдай бастадым. Күннің ыстық-суығында көшеге шығып, полицейлердің оларды сүйреп жатқанын көріп жатырмыз. Адам ретінде осы кісілердің өміріне алаңдаймын. Олардың күресін қолдаймын. Күрестің түрі көп қой. Тек қана митингіге шығу емес, хат жазу, өтініш жасау бар. Жазылып та жатыр. Соны жалғастыра беру керек. Мен үшін бірінші кезекте олардың денсаулығы және өмірі қымбат болып тұр... Біздің бар үміт күтетініміз – халықаралық ұйымдар. Өкінішке қарай, қазақ ақпарат құралдары бұл мәселеге мүлде араласпайтын болды. Біз бұл мәселені халықаралық деңгейге шығаруға күш салуымыз керек.

Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагеріне қамалғанын, кейбірі "негізсіз айыптармен" көп жылға сотталғанын, енді бірі Қытай билігі Шыңжаңдағы туыстарының құжаттарын тартып алып, Қазақстанға шығармай қойғанына шағым айтқан. Наразылық акциясына қатысушылар "қазақ пен ұйғырға геноцид жасап отырған" Қытай өкіметін айыптап, шекараның арғы бетінде қалған "қазақтардың тағдырына бей-жай қарайтын" Қазақстан билігін де сынады.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрағандардың наразылық акциясы жүз күнге жалғасса да, өткен уақыт ішінде Қытай дипломаттарынан ешкім оларға жолығып, сөйлескен жоқ.

18 мамырда Азаттық тілшісі Қытайдың Алматыдағы консулдығына барып көрді. Консулдық құжат мәселесімен келген адамдарды бір-бірлеп қабылдап жатыр екен. Журналист күзетшілердің бірінен "Консулдық наразылық жайлы біле ме?" деп сұраған еді, бірақ ол жауап беруден қашып, ішке кіріп кетті.

Өткен жүз күннің ішінде Қытай консулдығы алдындағы наразылық акциясына қатысқандардан тек бір адам – Фарида Қабылбектің ғана талабы орындалды. Оның күйеуі Рақыжан Зейнолла 9 сәуірде Шыңжаңнан Қазақстанға оралып, 17 жылдан кейін отбасымен қайта қауышты. Қытай билігі "тыңшылық" айыбымен соттаған Рақыжан Зейнолла 13 жыл түрмеде, 1,5 жыл "саяси лагерьде" қамауда отырған. Одан шыққан соң үйқамақта болған. Кейбір мамандар Қытайдың оны босатуына халықаралық қысым себеп болды деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шыңжаңдағы жауыздық" һәм 17 жыл дегенде еліне қайтқан қазақ

ҚЫТАЙҒА ТАЛАП АЙТҚАНДАРДЫ ЖАУАПҚА ТАРТУ

Сейсенбі күні Қытайдың Алматыдағы консулдығы маңына жиналып, наразылық білдірген бірнеше азаматты кейін полиция көшеден ұстап әкетті. Оларды не үшін ұстағанын сұраған Азаттыққа полиция жауап бермеді.

Оқиға куәгері Алтынай Арасанқызының Азаттыққа айтуынша, полиция Байболат Күнболатұлы, Гүлпия Қазыбек, Қалида Ақытқан, Гүлбаран Өмірәлі, Нұрзат Ермекбай, Гүлнәр Қосдәулет, Жәмила Мәкен және Ақиқат Қалиолланың үстінен әкімшілік хаттама толтырып, Медеу аудандық сотына жеткізген.

18 мамыр кешке қарай Алматының әкімшілік соты олардың ісін қарап, бірнешеуін жазалағаны белгілі болды. Ұсталғандардың адвокаты Шыңқуат Байжановтың сөзінше, сот Гүлнәр Қосдәулет, Гүлбаран Өмірәлі, Гүлпия Қазыбек, Нұрзат Ермекбай, Жәмила Мәкенге 30 айлық есептік көрсеткіш (87 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салып, одан соң 30 пайыз жеңілдікпен 61 550 теңге төлеуге міндеттеген. Ал Ақиқат Қаллиоллаға 41 мың теңге айыппұл тағайындаса, Қали Ақытханға ескерту берген.

Сот оларды "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айыптады.

- Біз айыбымызды мойындаған жоқпыз және ешқандай айыппұлды төлемейтінімізді айттық, - деді Гүлнәр Қосдәулет Азаттыққа.

Полиция сотқа алып барған Байболат Күнболатұлы "митингіге қатысқан жоқ, тек видеоға түсіріп жүрді" деп, судья оның ісін қысқартқан.

Алматы қаласының әкімшілік соты да, полиция департаменті де бұл жағдайға байланысты ресми мәлімдеме таратпады.

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер кейінгі жылдары Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
  • Көптеген куәгердің сөзі мен құжаттарына, құқық қорғау ұйымдары ұсынған деректерге сенсек, билік Шыңжаңдағы байырғы ұлт өкілдеріне күш көрсетіп, оларды қамауға алып, бедеулікке душар етіп, мәжбүрлеп жұмысқа жегеді.
  • АҚШ үкіметі мен Бельгия, Нидерланд және Канада парламенттері Пекинді геноцид жасап отыр деп айыптады. Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орын" деп атаған. Пекин Батысты Қытайдың "ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
  • Қытайға экономикасы кіріптар Қазақстан билігі Пекиннің саясатын ашық сынаудан тартынады. Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңда қалған қазақтардың туыстарының арыз-шағымын "дипломатия жолымен" қарайтынын айтады.
  • Қазақстанда "Бейбіт митинг туралы заңға" сай, жұрт қандай да бір наразылық шарасын ұйымдастыратыны жайлы әкімдікті алдын ала хабардар етуі тиіс. Билік өзі келісім бермеген кез келген бейбіт акцияны заңсыз деп танып, қатысушыларды жазалайды.