Accessibility links

"Шыңжаңдағы жауыздық" һәм 17 жыл дегенде еліне қайтқан қазақ


17 жылдан соң жақындарымен қауышып, ешқашан көрмеген немересін құшақтап тұрған "Шыңжаң тұтқыны" Рақыжан Зейнолла. Алматы, 9 сәуір. 2021 жыл.
17 жылдан соң жақындарымен қауышып, ешқашан көрмеген немересін құшақтап тұрған "Шыңжаң тұтқыны" Рақыжан Зейнолла. Алматы, 9 сәуір. 2021 жыл.

Халықаралық БАҚ Шыңжаңдағы мұсылмандар құқығының бұзылуы туралы үздіксіз жазып жатыр. Басылымдар Қытайдың солтүстік-батысындағы репрессияның неліктен геноцидке жататынын талдап, Пекин Олимпиадаcына бойкот жариялауға шақырды. Сонымен қатар батыс басылымдары Шыңжаңда қамауда болған қазақ Рақыжан Зейнолланың Қазақстанға оралғанына да тоқталды. Оның әйелі Рақыжанды босатуды талап етіп Алматыдағы Қытай консулдығы алдына пикетке шығып жүрген еді.

17 ЖЫЛДАН СОҢ ТАБЫСУ

Діни еркіндік пен адам құқықтары туралы жазатын, Италияда шығатын Bitterwinter.org ауыр оқиғаның жақсы аяқталғанын — Шыңжаңдағы репрессияшыл саясат кесірінен айрылысып қалған отбасының 17 жылдан кейін қайта табысқанын жазған. Азаттық радиосы бұл отбасы туралы біршама хабар беріп, Рақыжан Зейнолланың Алматы әуежайында отбасымен табысқан сәтін түсірген еді.

Рақыжан Зейнолланың әйелі мен балалары оны 6 140 күн көрмеген. Қазақстанға көшіп келгеніне төрт жыл болған Рақыжан 2004 жылы Шыңжаңдағы туыстарына кеткен. Қытай билігі ешқашан мемлекеттік құрылымда жұмыс істемеген Рақыжанды "тыңшы" деп айыптап, тұтқынға алған. 13 жыл түрмеде жатқан Рақыжан қамау мерзімі аяқталғаннан кейін Шыңжаңдағы жабық мекемелердің бірі — "саяси қайта тәрбиелеу" лагеріне қамалған. Билік мұндай лагерьлерде негізінен ислам дінін ұстанатын қазақ, ұйғыр және басқа да жергілікті ұлт өкілдерін ұстап, олардың ұлттық ерекшеліктерін жоюға тырысады, Қытай коммунистік партиясын мақтауға мәжбүрлейді. Бұл лагерьде 1,5 жыл отырған Рақыжан кейін үйқамақта болған.

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

Зейнолланың әйелі Фарида Қалыбек Bitterwinter.org журналына күйеуіне тағылған айыптың қолдан жасалғанын айтқан. "Жиырмаға жуық жас [Қытайдағы қазақтар] Қазақстанда оқығысы келетінін айтты және ол соларға құжат рәсімдеуге көмектесіп жүрді. Оның жалғыз "қылмысы" — осы. Полиция тым болмаса "тыңшы" болғанына дәлел келтіруі керек еді, бірақ олар мұны істемеді", дейді күйеуін босату үшін күрескен Фарида.

2015 жылға дейін Қытай билігі Рақыжан Зейнолла туралы ешқандай ақпарат жоқ деп айтып келді. 2017 жылы Фарида Шыңжаңдағы оқиғалар туралы баспасөз мәслихатын өткізген "Атажұрт еріктілері" құқық қорғау тобына жүгінді. Сол кезде Фарида сыртқы істер министрлігіне сауал жолдап, 2019 жылдың маусымында Қазақстанның Қытай елшілігіне ресми нота жібергені туралы жауап алды. Одан кейін әйел Алматыдағы Қытай консулдығы мен астанадағы елшілік алдына пикетке шығуға бел байлады. Кейінірек пикетке жақындарын босатуды сұраған басқа да қазақтар қосыла бастады.

"Қытай елшілігі мен консулдық алдындағы пикеттер мен акцияларды бос әурешілік деп санайтындар өткен аптада олай емес екеніне көз жеткізді. Алматыдағы консулдық алдында пикетке шығып жүрген Шыңжаңнан шыққан қазақ Фарида Қабылбек күйеуі Рақыжан Зейнолланың қайтып келуіне қол жеткізді" деп жазады автор. Bitterwinter.org сайтындағы "Пикет нәтиже береді: Қытай қазақ Рақыжан Зейнолланы босатты" деп аталатын мақаланың авторы — Қазақстанда Шыңжаңдағы репрессия проблемасын көтеріп жүрген және АҚШ-қа көшкен белсенді Серікжан Біләштың әйелі Лейла Әділжан.

"Қытай еш құқық бұзушылықты мойындамады, бірақ біздің ойымызша, Рақыжан Зейнолла халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар мен басқа да демократиялық институттар тарапынан болған қысым нәтижесінде босатылды. Басқа да бауырларымыз бен әпке-сіңлілеріміз бостандық алып, отбасымен қауышады деп үміттенеміз" деді басылымға Фарида Қабылбек.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ОҚИҒА НЕГЕ ГЕНОЦИДКЕ ЖАТАДЫ?

Foreign Policy америкалық журналы "Иә, Шыңжаңдағы оқиға — геноцид" деп аталатын мақалада Қытайдың солтүстік-батысындағы оқиғаны неліктен геноцид деп түсінуге болатынына көп уәж келтірген.

Журнал Пекиннің ұйғырларды ұлт ретінде жойғысы келетініне тікелей де, жанама да дәлел келтіреді. Мұны New Yorker америкалық журналы келтірген Қытайдың үкіметтік құжатынан көруге болады. Құжатта "тамырынан үзу және тегінен ажырату" мақсаты аталған. France Press агенттігі 2018 жылы осыған ұқсас құжат тапты. Онда да бұл әрекеттерге "Қытайдың жаңа азаматтарын" қалыптастыру үшін тамырынан ажырату деген анықтама берілген. Бұл қатыгез сөздер Қытайдың этностық топтардың мәдениеті мен әлеуметтік байланысын үзу талпынысын анық көрсетеді.

Қытай саясаты мәдениеттің ұрпақтан ұрпаққа таралуына жол бермеуге бағытталған, деп жазады Foreign Policy. Ұйғыр мен басқа да байырғы ұлттардың мыңдаған баласы мектеп-интернат пен балалар үйіне орналастырылып, ата-анасынан, әжесі мен атасынан ажыратылған. Еңбекке жарамдылар үйінен жырақта жұмыс істеуге немесе қамауда болуға мәжбүр. Көп қарт мұсылман дәстүріне сай жерлеу рәсіміне немесе діни жоралғыларға қатысқаны үшін ұсталады. Қытай кедейлікпен күресті желеу етіп, қарттарға арналған мекемелер желісін де көбейткен. Америкалық басылым Қытай мәжбүрлі еңбек бағдарламасында кедейлікпен күресті жиі сылтаурататынын жазады.

Шыңжаңда "қамауда отырған" туыстарына сұрау салып, Қытай консулдығы алдында пикетте тұрған қазақтар. Наразылықтың 19-күні. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.
Шыңжаңда "қамауда отырған" туыстарына сұрау салып, Қытай консулдығы алдында пикетте тұрған қазақтар. Наразылықтың 19-күні. Алматы, 26 ақпан 2021 жыл.

Байырғы ұлт өкілдерінің ұсталуына немесе жоғаып кетеуіне көбіне мыналар себеп болып жатады: дәстүрлі жерлеу рәсіміне қатысу, мешітке бару, шетелге шығу, ішімдік пен темекіден бас тарту, намаз оқу, ораза ұстау, оқу орнында ана тілінде сөйлеу, сақал өсіру немесе заң бұзды деген адамдармен туыстық қатынаста болу.

Пекин Шыңжаңдағы этностар арасында бала туу көрсеткішін де шектеуге тырысады. "Лагерьде" болған тұтқын әйелдер өздеріне етеккір цикліне әсер ететін дәрілер берілгенін айтады. Зерттеуші Адриан Зенц ұйғырлар арасындағы туу көрсеткішінің күрт төмендегенін тіркеп, мұның Пекин жүргізіп отырған саясаттың — мәжбүрлеп аборт жасату, тұқымсыздандыру және жатырішілік спираль салғызу секілді әрекеттердің салдары екенін айтты. Зенцтің Қытай билігінің құжатына негіздеп жасаған тұжырымын ұйғыр және қазақ әйелдері өз оқиғаларымен растады.

Қытайдың саясаты іс жүзінде экономикалық, әлеуметтік және мәдени ассимиляцияға бағытталған. Ұйғыр тілінде білім алу белгілі бір деңгейде тоқтатылған. 2019 жылы Қытай мемлекеттік кеңесі ұйғырлардың түркітектес екенін жоққа шығаратын ресми құжат жариялады.

Қытай экономикасының тұтқындар қамалған лагерьлердегі мәжбүрлі еңбек бағдарламасына негізделгенін айта келе Foreign Policy: "Әлем елдері Қытайға тәуелді болғандықтан, осы қылмыстың сыбайласына айналды. Қытайдың Шыңжаңда шығатын мақтадан бас тартқан компанияларды жазалауға тырысуы Пекиннің "серіктес болғың келсе, [қылмысқа] сыбайлас бол" деген емеурінін білдіреді. Ресми өкілдер [Шыңжаңдағы жағдайды] геноцид десін, адамзатқа қарсы қылмыс десін, әйтеуір Қытайда қазір болып жатқан жауыздыққа парапар жауап қажет. Әлем бұл жауыздық Қытай коммунистік партиясының мақсаты екенін мойындауы керек" деп қорытады Foreign Policy.

"ПЕКИН ОЛИМПИАДАСЫНА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАУ"

Америкалық New York Times газеті Шыңжаңдағы оқиғалар туралы "Олимпиаданы қайта қарайтын кез келді ме?" деген мақала жариялады.

2022 жылғы Қысқы олимпиада Пекинде өтеді деп жоспарланған. Кейінгі кездері Қытай өз халқына қатыгездік көрсетеді деген айыптаулар көбейіп, ойындарға бойкот жариялау туралы жиі ұсыныс айтылып жүр. "Қытай бұл тұжырымды жоққа шығарды, бірақ Байден әкімшілігі, Канада парламенті, Біріккен ұлттар ұйымының ресми өкілдері мен құқық қорғаушы 180 ұйым Қытайды мұсылман азшылыққа геноцид жасады деп мәлімдеді. Бұған қоса Қытай режімінің Гонконг пен Тибеттегі өзгеше көзқарастағы азаматтарға қатысты қатаң репрессиясы тағы бар. Билік мұны да жоққа шығарып келеді" деп жазылған мақалада.

Мақалада 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы олимпиаданы былай еске алынған: "[Олимпиада] өткізген мемлекет іс-шара кезінде тек ірі допинг операциясын өткізіп қана қоймай, көп ұзамай Қырымды аннекциялады. Бұл халықаралық айыптауларға алып келді". Автор Халықаралық олимпиада комитеті "2022 жылғы ойындарды өткізу құқығын неліктен адам құқықтары сақталмайтын тағы бір автократиялық елге" берді деген сұрақ қояды.

Мұның себебі, 2015 жылы шешім қабылдау кезінде тек екі нұсқа болды: "Жеті жыл бұрын жазғы ойындарды өткізген Қытай мен тағы бір диктатура — Қазақстан". Ал жақсы нұсқа саналатын Норвегия мен Швеция Олимпиада өткізудің шығынын ойлап, конкурстан шығып қалды.

Пекиндегі 2008 жылғы Жазғы олимпиада ойындарына билет жарнамасының жанынан өтіп бара жатқан адам. Пекин, Қытай. 15 сәуір, 2007 жыл.
Пекиндегі 2008 жылғы Жазғы олимпиада ойындарына билет жарнамасының жанынан өтіп бара жатқан адам. Пекин, Қытай. 15 сәуір, 2007 жыл.

Олимпиада өткізу үшін мемлекет көп шығындануға мәжбүр және спорт нысандарын салу үшін халықты көшіруге немесе ағаштарды кесуге тура келеді деп жазылған мақалада.

Автор бірнеше ұсыныс айтады: адам құқықтары бұзылатын елдерде Олимпиада өткізбеу; спортшылардың жеңіс тұғырында тұрып наразылық білдіруіне және олимпиада қозғалысын құруына мүмкіндік беру; Олимпиаданы тұрақты өткізетін екі мемлекет таңдау (қысқы және жазғы); Олимпиаданы бүкіл әлемде салынып тұрған ғимараттарда өтетін жарыстарға бөлу.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG