Қазақстан өз тәуелсіздігінің бір жылдығын қалай қарсы алды? Совет одағынан ең соңынан бөлініп шыққан мемлекеттің алғашқы қадамдары қандай болды? Назарбаев пен Әбділдин Азаттыққа берген сұхбатында не айтты? "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизоды осы туралы болмақ.
1992 жылы желтоқсан айы туғаннан бастап жергілікті БАҚ Назарбаев президенттігінің бір жылдығы мен ел тәуелсіздігінің бір жылдығы туралы мақала, сұхбаттар жариялап жатты. Тәуелсіздіктің өтеуі Назарбаевтың өтелі сияқты әсер қалдыратын. Назарбаев президенттігінің бір жылдығы туралы бұдан алдыңғы эпизодтарда айтқан едік.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Президенттің бір жылы. "Советтік сайлау үрдісін еске түсіретін тәсілден" басталған мансапЗиялы қауым, елдегі баспасөз алдымен Назарбаевтың президент болып сайланғанына бір жыл толғаны жайлы айтты. Содан кейінгі кезек тәуелсіздіктің бір жылдығына жетті.
КОНСТИТУЦИЯСЫЗ БІР ЖЫЛ
"Қазақ әдебиеті" газетінің 1992 жылғы 11 желтоқсан күнгі санында жазушы Қабдеш Жұмаділовтің "Ғасырларға татитын бір жыл" атты мақаласы жарияланған. Жазушы онда Қазақстанның шекарасын бекемдемегенін, ұлттық валюта шығаруда шешуші қадамға бармағанын сынайды. Ол мұны "саясаттағы салғырттықтың белгісі" деп атайды.
Одан да қызығы – Қазақстан өз тәуелсіздігінің бір жылдығына Конституциясыз жетті. Жаңа Негізгі заң қабылданғанша Cовет кезіндегі Конституция өзгерту, толықтыруларымен бірге қолданыста болып келді. Жаңа Ата заңды қабылдау 1992 жылы 9 желтоқсанда басталған Жоғарғы кеңестің 9-сессиясының күн тәртібіне енгізіледі.
Бұл сессия өз жұмысын Қазақстан тәуелсіздігіне бір апта қалғанда бастағанымен, Конституцияны қабылдап үлгермейді. Заңды талқылаудағы дау қайта созыла түседі. Ондағы тіл мәселесі қалай талқыланғаны туралы бұдан алдыңғы эпизодта айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болуы керек! Орыс тілінің өз елі бар"Азаттық радиосы Жоғарғы кеңестің 9-сессиясындағы ең басты мәселе Конституцияны қабылдау екенін баса айтады.
"ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС ШАРЫҚТАУ ШЕГІНЕ ЖЕТТІ!"
Сол кездегі Азаттық радиосының хабарлауынша, Қазақстан парламенті Жоғарғы кеңестің осы сессиясы ашылатын кезде Жоғарғы кеңес төрағасы, кейін бірнеше жылдан кейін оппозицияға өткен Серікболсын Әбділдин елдегі экономикалық дағдарыс пен нашарлаған әлеуметтік жағдай туралы айтады. Ол осы сессияда үкімет пен парламенттің бұл түйткілдерге ашық жауап беруіне мүдделілік білдіреді.
Сессияны ашар кезде Жоғарғы кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин "Ақиқатқа жүгінер болсақ, тұрмысымыз нашарлады, миллиондаған азаматымыз тақыр кедейшілік зардабын тартып отыр. Экономикалық дағдарыс шарықтау шегіне жетті! Өндірістің құлдырауы қашан тоқталады, адамдардың тұрмыс жағдайы қашан жақсарады дегенді тап осы сессияда ашық айтатын кез келді" деген.
Азаттық радиосының хабарлауынша, сессияның алғашқы отырысы экономикалық ахуалды талқылаудан басталуы керек болған. Үкіметтің осы туралы есебі тыңдалмақ еді, бірақ депутаттардың көбі Конституция мәселесіне ойысып кеткен сияқты. Азаттықтың Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин былай хабарлайды:
"Депутаттар сессияның күн тәртібінің өзін үш сағаттан аса талқылады. Күн тәртібіне 80-нен астам мәселе енгізілді. Оның ішінде қорғаныс, қауіпсіздік, заңдылық тәртібін нығайту бағытындағы саясатты айқындайтын заңдарға қатысты мәселелер бар. Уақытша регламентке сәйкес, сессия таңертеңгілік және кешкі мәжілістен, ал сенбі күні тек таңғы мәжіліс өткізіледі деп көзделді".
"ӘЛЕУМЕТТІК, САЯСИ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ ЕМЕС…"
Осындай талқылаудан кейін Конституция талқысы жайлы президент Назарбаев баяндама жасаған. Баяндаманы ол президент ретінде ғана емес, конституциялық комиссияның төрағасы ретінде жасаған. Сонда президенттің мұндай комиссияны басқаруы қаншалықты заңды деген мәселе қойылмаған тәрізді. Ол сөз алғанда тек Негізгі заң ғана емес, оны қабылдаудың саяси сипатына да тоқталған.
Назарбаев сөзінде сол кезде Ресейде, Тәжікстанда, Әзербайжан мен Армения арасында және Грузияда болып жатқан толқулар мен қақтығыстарға алаңдаушылық білдірген.
Осы кезде, 1992 жылы желтоқсанда Ресейде конституциялық дағдарыс басталған еді. Ресей Жоғарғы кеңесі үкіметті өткір сынап, президент ұсынған кандидатты премьерлікке өткізбей тастайды. Өндірістің құлдырап, әлеуметтік жағдайдың нашарлауына парламент президент пен оның командасын айыптады. Конституцияға үкіметті президентке емес, парламентке бағынышты ететін жаңа өзгертулер енгізіліп, дау-дамай болып жатқан. Ал Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабах қақтығысы тұтанған. Тәжікстанда азаматтық соғыс, Грузия, Абхазияда қарулы қақтығыс басталған кез еді.
Сол кездегі президент Назарбаев 1992 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан парламентінде сөйлеген сөзінде елдегі түйткілді мәселелерге тоқталған. Ол елдегі экономикалық дағдарыс пен жіберілген қателіктерді де мойындайды.
"Өкінішке қарай біз экономиканы дамытудағы стихияны ауыздықтай алмадық. Әлеуметтік, саяси жағдай жеткілікті түрде тұрақты емес. Экономикалық құлдырауды тоқтата алмадық. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер нашарлай түсіп, өнеркәсіп өндірісі төмендеп жатыр. Әл-ауқат деңгейі құлдырап, төлем балансы қиын жағдайда қалды. Сырттан таңылған инфляция, бағаның өсуі, товарлар мен ақша-валютаның жетіспеуі, реформаны жүзеге асырудағы қателіктер, қылмыс, имандықтан айрылу сияқты әлеуметтік кеселдердің үстемелеп қайталанып отырғанын көріп отырмыз" деген Назарбаев
Қазақстанда мемлекеттік құрылыс ретінде федерация формасын қабылдау керек дейтін де пікірлер болған. Әсіресе, ел шығысында, Ресеймен шекаралас аймақтарда осы талаппен митингі де өткен. Назарбаев өз сөзінде осы туралы да айтып, оған "жол бере алмаймыз" деген. Ол мұны "алаңдататын нышан", "тәуелсіздікке және әр отбасыға төнген қатер" деп атаған.
Назарбаев Жоғарғы кеңестегі баяндамасын орыс тілінде жасағандықтан, Азаттық радиосы оның сөзін аударып берген. Тіпті радио осы сессиядан хабар тарату кезінде президенттің сөзін қазақ тілінде мазмұндап бергендіктен, тыңдарман қауым алдында ақталуына тура келген.
"АЛЛАНЫҢ РАХЫМЫМЕН, ӘУЛИЕЛІ АТА-БАБА ҚАНЫМЕН…"
1992 жылы 9 желтоқсан өз жұмысын бастаған Қазақстан Жоғарғы кеңесінің 9-сессиясының жұмысы осылай өрістейді. Сессияның күн тәртібіндегі мәселеге байланысты оппозиция да өз ұсынысын білдірген.
"Сессия мәжілісіне Қазақстанның азаматтық "Азат" қозғалысы мен "Азат" партиясының төрағасы Сәбетқазы Ақатай ашық хат түсірді" деп хабарлайды бұл туралы Азаттық радиосы.
Онда оппозиция Жоғарғы кеңестің бұл сессиясын Коснтитуция талқысымен байланыстырып, "тарихи сессия" деп атайды. Оппозиция Конституция жобасында толық келісетін тұстармен қатар, кемшіліктер барын да айтқан. Мемлекеттік тіл дара қазақ тілі болуға тиіс делінген осы ашық хатта Негізгі заңға енгізілуі тиіс ұсыныстар да келтірілген.
"Алланың рахымымен, әулиелі ата-бабаларымыздың қанымен, терімен қорғаған, сақтаған ұрпағына аманат етіп тапсырған тілімізді, жерімізді, дәстүрімізді қорлатпай дамыту – біздің борышымыз", "референдумдарға жол берілмейді" делінген осы ашық хатта.
Оппозиция бұл тұста атышулы депутат Борис Водолазовтың ұсынысын меңзеп отыр. Жақтастары Қазақстан парламентіндегі жалғыз Жайық казагы деп дәріптейтін ол Конституциядағы тіл мәселесін референдум жолымен шешуді ұсынған болатын.
"МҰНЫҢ БӘРІ ӘЛІ ЖЕТКІЛІКСІЗ"
Сол кездегі Жоғарғы кеңеске президент жиі келетін. Сондай күндердің бірінде, нақты айтқанда 12 желтоқсанда Азаттықтың Алматыдағы тілшілері Қиял Сабдалин мен Саясат Бейісбай президент Назарбаевтан қысқа сұхбат алған.
"Неше жүз жылдық тарихта тәуелсіз, егеменді ел ретінде бірінші рет мемлекет құру мәселесі қолға алынды" деген Назарбаев бұл сұхбатында БҰҰ-ға мүше болу және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып, ел тәуелсіздінің мойындалуын ерекше белес деп атайды.
Бұған қоса ол бір жылда жіберілген кемшіліктерді де мойындағанымен, оны Совет одағынан шыққан елдердің бәріне тән сипаттайды.
"Дегенмен біздің экономикамыз бен реформамыз бірыңғай бір жүйемен жүріп келе жатқан сияқты" дейді Назарбаев Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Ол парламент қабырғасында талқыланып жатқан Конституция жобасы туралы сұраққа да сырғыта жауап берген.
Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығы қарсаңында Азаттық радиосына сұхбат берген лауазымды тұлғалардың бірі – Жоғарғы кеңес төрағасы Серікболсын Әбділдин.
"Бір жылда Жоғарғы кеңесте аз қызмет істелген жоқ. Оған Жоғарғы кеңестің әрбір мүшесі өз үлесін қосты. Бірі осы отырыстарда, екіншілері халық арасында жүріп, ал үшінші бір тұрақты жұмыс істейтін депутаттар бар, солардың бәрі заң дайындауды қамтып, өте үлкен еңбек жасады. Әйткенмен мұның бәрі біз үшін әлі жеткіліксіз. Жеткіліксіз болатын себебі – біз экономикада, саясатта, әлеуметтік салада өз бетімізбен жақсы өмір сүретіндей деңгейге жетуге дайындығымыз жетіспей жатыр. Сол себепті Жоғарғы кеңес келешекте мемлекетімізді нығайту бағытында жұмыс істей беретін болады" деген Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Бұл сұхбаттар 1992 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына санаулы күндер қалғанда алынған.
Подкасты тыңдаңыз:
Your browser doesn’t support HTML5
Әнұран неге кеш қабылданды? Целиноградтан Ақмолаға айналған қала атын "Ақорда" атауды ұсынған кімдер? Назарбаев дамудың қандай жолын ұсынды? "Азаттық радиосына – 70 жыл" подкасының алдағы эпизодында осы туралы болмақ.
Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.