ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ: "ЖАҒА ҰСТАТАТЫН ОҚИҒАЛАР"
– Балалардың қай құқығы жиі бұзылады? Мұның сыры неде?
– Жиі бұзылатын құқықтар қатарына жыныстық зорлық мәселесін жатқызар едім. Мұны статистикадан да байқауға болады. Ресми дерек бойынша, жылына 800-ден астам бала жыныстық зорлыққа ұшырайды. Өкінішке қарай, сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркелген бес оқиғаның екеуі ғана айыптау үкімімен аяқталады.
Кейінгі кездері қоғамдық қабылдауға өгей не туған әкесінен зорлық көрген бала мәселесі бойынша жүгінетін аналар көбейді. Яғни балаға ол сенетін, жақын адамдары қорлық көрсетеді. Бұл – мемлекет деңгейінде жаппай сипат алған мәселе емес. Бірақ бір бала зорлық көрсе де, мемлекеттік органдар мен қылмыс туралы естіген кез келген адам жедел реакция білдіруі керек. Жазасыз қалған адам қылмысын қайталайды. Небір жаға ұстататын оқиғалар болып жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бала зорлауды "қылмыстық мәдениеттен" көру– Педофилия фактісін дәлелдеп, сотқа жеткізу неге қиын?
– Көбіне ата-ана зорлық туралы кеш біледі немесе зорланған баланы жуындырып қояды. Яғни полицияға арыз бергенімен, көбіне материалдық айғақ болмайды. Ұл бала зорлық көрсе, сот-медицина сараптамасын жасайтын дәрігерлер, оның ішінде проктологтер (олардың көбі жекеменшік емханаларда істейді) мұндай зерттеу жүргізуге келісе бермейді. Сот болатынын естісе, әртүрлі себеппен қағаздарға қол қоюдан бас тартады. Сот процесі ұзаққа созылады, қайта-қайта шақырып, мазамды алады деп қорқады. Кей дәрігерлер қысым көріп, айнып қалады. Күдікті ықпалды адам екенін немесе мықты туыстары барын білсе, ат-тонын ала қашады. Осындайда тергеу сиырқұйымшақтанып кетеді. Кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған қылмыс кезінде де тамыр-таныстық, мәселені телефон арқылы шешу әдістері қолданылады.
Бізде жақсы психологиялық сараптама да жоқ. Балада стресс болғанын, зорлық көргенін, жарақат алғаннан кейін психикасы өзгергенін байқап, анықтай алатын кәсіби психолог тапшы.
Кейде ішкі істер органдары баланың жақындары айдан анық көріп тұрған дүниелерді мойындамайды. Қазір бір ана қызы мен екі ұлына қарсы арсыз әрекет жасалғанын дәлелдей алмай жүр. Күдікті – балалардың әкесі. Анасы күйеуі жалаңаш күйде тұрғанын, астынан ұлы еңбектеп шығып келе жатқанын суретке түсіріп алған. Полковник бұл суреттен ерсі ештеңе көрмеген, порнографияға жатқызбаған. "Әкесі ұлымен не ойнап жатыр?" деп ойланбаған.
Жүйеге "уақытым жоқ" деп басын алып қашпай, сотта бала құқығы мен мүддесін қорғауды міндетіне алатын адамдар керек.
– Ата-аналарға балаларын педофилдерден қорғау үшін қандай қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес бересіз?
– Ата-ана балаға жыныс мүшеңе ешкім тимеуі керек дегенді ашып айтуға тиіс. Балаларға тұрақты түрде жақын не бөтен адам болсын, әурет жеріңе ешкім қол тигізбеуі керек деп түсіндіріп отырған жөн. Балаларға бөтен адамдар ғана емес, әкесі, өгей әкесі, анасымен бірге тұратын кісі, ағасы, туысы, көршісі сияқты айналасында жүрген жақын адамдары да зорлық жасайтынын естен шығармау керек. Сондықтан баланың мінез-құлқы, әрекеті мен сөздеріне мұқият болған дұрыс.
– Балаға қарсы жасалатын қылмыс санын азайту үшін үкімет деңгейінде қандай шаралар қолға алынуы керек?
– Кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған, қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстардан кейін педофилдердің жазасын қатаңдатып, 20 жылға дейін бостандығынан айыратын болды. 2018 жылғы қаңтардан бастап 11 адамға химиялық кастрация жасалған. Әр тұтқынның ісін дәрігерлерден құралған консультациялық комиссия қараған. Қазір Павлодар және Ақмола облыстарындағы екі тұтқын осы процедурадан өтіп жатыр. 2019 жылы денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінен бөлек, мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлер де кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған жағдайда жауапқа тартылатын болды. Баланың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұққан адамдардың қылмысын жасырғандарға алты жылға дейін түрме жазасы беріледі.
Бірақ жазаны қатаңдату барлық кезде бірдей қылмыстың азаюына әсер ете бермейді. Билік балаға қарсы жасалған қылмыстарға, әсіресе жыныстық зорлыққа төзбеушілік саясатын жариялауға тиіс. Мемлекет бала құқығын қорғау және жүзеге асырудың барлық бағыты бойынша стратегиялық жоспар дайындауы керек. Бұл жоспарда әр баланың қызығушылығы мен мүддесі, жобаның жүзеге асу уақыты, жауапты ведомстволар мен тұлғалар болады. Құқық қорғаушылар міндетті түрде шақырылуы қажет. Оқу орындарында психолог, кәмелет жасына толмаған балалармен жұмыс істейтін инспектор және құқық қорғаушылардың қатысуымен түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек.
АТА-АНАСЫ ҰРАТЫН БАЛАҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСУГЕ БОЛАДЫ?
– 2010-2016 жылдары ЮНИСЕФ Қазақстанда зерттеу жүргізіп, ересектердің 75 пайызы баланы ұрып-соғып тәрбиелеуді қолдайтынын анықтады. 67 пайызы осындай әдістерді қолданады. Баласын ұратын ата-анаға не айтасыз? Оларға қандай жаза қарастырылған?
– Өкінішке қарай, кей ата-ана баланы осылай тәрбиелеу керек деп есептейді. "Бізді де ұрды, одан өлген жоқпыз" дейді. Бұл – қате пікір. Мұғалімнің балаға осылай қарауын қалыпты көретін ата-ана да бар. Олар мұғалім баланы оқытудың жолын жақсырақ біледі деп ойлайды.
Балаға дөрекілік көрсетіп, күш қолдану шектеулерге, кейін ата-ана құқығынан айыруға апарып соғуы мүмкін.
Осы тұста ата-аналарға айтарым бар: "Балаңыздың өміріндегі ең басты, ең жақын, ең сүйікті адамсыз. Күш қолдану – өзіңізді сыйламаудың белгісі. Демек, баланы тәрбиелеуге біліміңіз бен тәжірибеңіз жетпейді. Жалғызілікті ана не әке болсаңыз да, бауыр етіңіз – балаңызбен ақтарылып сөйлесуге уақыт табуға тырысыңыз. Күніңіз қалай өткенін айтып, қуанышыңыз бен қайғыңызды бөлісіңіз. Баланың жанашыр көзбен қарап, сізді қолдап, шабыттандырып, көмектесуге дайын екенін түсінесіз. Ол үшін қорқынышты, бөтен адам емес, тірі аңыз, қаһарман болыңыз. Баланы ұрған сайын, оны өзіңізден алыстатасыз. Кейін ол да сіздің әрекетіңізді қайталап, басқаларға күш қолданады.
– Ата-анасы баласын ұрып-соғып жатқанын көрген куәгерлер не істеуі керек? Қайда хабарласқаны жөн?
– Мұндайға көз жұма қарауға болмайды. Бір адам баласын ұрып жатқанын көрсеңіз, ол адаммен сөйлесіңіз. Сөз тыңдаса, әрине. Көбіне айтқаныңызға құлақ аспайды. Кәмелет жасына толмаған балалар ісі жөніндегі инспекцияға, учаскелік полиция қызметкеріне хабарласыңыз. Көршіңіз болса, сөйлесіп, отбасын бақылауға алады. Қамқоршылық органына, бала құқығын қорғау жөніндегі комитетке, балалар мен жастарға арналған сенім телефонына ("150") хабар беруге болады. "Бала құқығын қорғау" үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс тобына жүгінсеңіз де болады, міндетті түрде көмектесеміз. Әр жағдайға жеке қарап, баланың мүддесін бәрінен жоғары қойып, "зияныңды тигізбе" деген принципті ұмытпау керек.
Кейінгі жылдары кәмелет жасына толмағандарды азаптау туралы шағым көбейді. Қазақстандағы азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы ұсынған статистикаға сәйкес, 2022 жылы қаңтарда кәмелет жасына толмаған 13 бала азаптауға ұшыраған. Ұсталған жасөспірімдерді ұрып-соғып, арқасына үтік басып, сау тістерін жұлып, психологиялық тұрғыда азаптаған. Кейін мұны "құқық қорғау қызметкерлерінің құзыретін асыра пайдалануы" деп жаба салды. Оларға медициналық көмек не психолог берілмеді. Олар сұмдық азапты басынан өткерді. Дене ауырғаны басылады, сынған сүйек қалпына келеді, бірақ психологиялық жарақат мәңгі қалады.
Бұл статистика толық картинаны көрсетпейді деп ойлаймын. Азаптауға ұшыраған балалар саны 13-тен көп сияқты. Шығыс Қазақстанда болған бір оқиғаны білемін. Жас баланы өлімші етіп сабап, бастықтары "Не істеп жатырсыңдар, кіп-кішкентай бала ғой" деген соң, көшеге лақтырып кеткен. Ол ауылына еңбектеп жетіп, әзер аман қалған. Анасы да, өзі де қорқып, шағым жазғысы келмеді.
– ЮНИСЕФ-тің 2021 жылғы дерегі бойынша, Қазақстанда 1 миллион бала кедейлікте өмір сүріп жатыр. Яғни әрбір алтыншы бала баспана, киім, сапалы ем мен білім сияқты негізгі мұқтаждықтарға қол жеткізе алмай жүр. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Бір қарағанда, Қазақстанда бала құқығын қорғау жүйесі қалыптасқандай көрінеді. Заңдар, бала құқығы жөніндегі уәкіл, мемлекеттік және қоғамдық институттар бар. "Дағдарыс орталықтары одағының" сенім телефоны жұмыс істейді. Балалар кез келген телефоннан хабарласып, тәулік бойы кеңес ала алады. "111" – отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері бойынша жедел қызмет нөмірі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік жоспар құрумен, халық күн көрумен әлек". Қазақстанды кедейлік жайлап барадыБірақ бұл ата-ананың жұмыссыздығы, несиенің пайыздық мөлшерлемесі сияқты мәселелерді шешпейді. Елде кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқан көпбалалы отбасылар бар. Көбіне ата-ананың қаржы сауаты төмен болады. Қиын жағдайда қалған отбасы азық-түлікті несиеге алады, кей адамдар жағдайына қарамай, қымбат гаджеттер сатып алады. Мемлекет олардың әлеуметтік дамуына дер кезінде көңіл бөлмеді. 2022 жылы қаңтарда жұмысы мен табысы жоқ жастар көшеге шықты.
Жергілікті деңгейде әлжуаз топтардан шыққан жастарды елде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени, ағартушылық, рухани процестерге араластыру стратегиясын әзірлеу керек. Бұл топтағы адамдарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерлерді жастардың оқуы мен дамуына атсалысуға шақыру қажет.
ВАКЦИНАЦИЯДАН БАС ТАРТУ БАЛА ҚҰҚЫҒЫН БҰЗА МА?
– Күнделікті өмірде жиі болатын, бірақ ешкім байқамайтын құқықбұзушылықтар туралы айтып беріңізші?
– Ересектер баланы өміріндегі жаңа нәрселерге бейімдей бермейді. Мысалы, ата-ананың ажырасуына. Өз тәжірибемде бір кісі ғана әйелімен ажыраспай тұрып, баласымен жұмыс істеп, бөлек тұруға үйретті.
Баланы балабақшаға да ешкім дайындамайды. Балабақша – баланы бөтен адамдармен уақытша тастап кету деген сөз, ол – бала үшін жаңа орта. Кей бала ата-анам қайтып келмейді деп қорқады.
Баланың қатарластарынан буллинг көруі де – кең таралған мәселе. Жұмыста психологпен бірге бір баланың психологиялық күйін қалпына келтіруге көмектестім. Оны балабақшада ұйықтап жатқан жерінде басқа бала келіп, қылғындырған. Бұл кезде тәрбиеші, бала күтуші қызметкер мен басқалар қайда болған?
Тәрбиешілер мен мұғалімдер де буллинг жасайды. Бір мысал келтірейін: мұғалім әзілдеп не қасақана баланы "макака" деп атаған. Оны басқа оқушылар іліп әкетіп, баланы келеке қылған. Ересектерге күлкілі, ал бала психологиялық жарақат алды. Бұл мүлде дұрыс емес.
– Вакцина салғызудан бас тарту бала құқығын бұза ма?
– Қазақстанда вакцинация – мәжбүрлі шара емес. Олай болмайды да. Кезінде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов солай деп уәде беріп еді. Елде ерікті және міндетті вакцинация бар. Денсаулық туралы жаңа кодекс жобасында инфекциялық және паразиттер тарататын ауруларға қарсы вакцинация міндетті болады деп жазылған. Бірақ кез келген жағдайда ата-ана вакцина туралы ақпарат алып, келісуге не бас тартуға құқылы. Вакцина салғызбаған балалар құқығын шектейтін норма жоқ. Ұжымдық иммунитет, яғни балабақшаға баратын балалардың денсаулығын қорғау туралы бір ғана норма бар. Вакцинацияға күштеп көндіруге, мәжбүрлеуге болмайды.
Қазір азаматтар профилактикалық екпе алуға міндетті емес, құқылы. Сондықтан екпеден бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Маған Nomad Rights психоәлеуметтік мүгедектігі бар тұлғалардың құқығын қорғау қорының сарапшысы Айгүл Шәкібаеваның пікірі ұнайды. Ол ата-анаға вакцинация туралы ақпарат дұрыс берілмейді дейді.
Дәрігерлер екпе алдында дұрыс тексеру жүргізбейді. Қазақстанда білікті дәрігер көп, оларды ренжіткім келмейді, бірақ өз жұмысына салғырт қарайтын мамандар туралы да айту керек. ЮНИСЕФ-тің бұрынғы басшысымен кездесуде бала құқығын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың көбі осы мәселені көтерді. Кей емханаларда жоспарлы екпе уақыты келгенде бала ауырып тұрса, дәрігерлер қызуын түсіріп, ертең келіңіз дейді. Бірақ бала әлі жазылған жоқ, ағзасы ауруға қарсы күресіп жатыр. Дәрінің көмегімен ауру белгісін басып тастайды. Мұндайда вакцина салуға болмайды.
Дәрігер емеспін, сала мамандарынан кешірім сұраймын, бірақ вакцинацияға қатысты сұрақ көбін ескеріп, осы мәселемен жұмыс істеу керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады. Қашан, қалай, не үшін?– Қазақстанда мүгедектігі бар балалардың құқығы дұрыс қорғала ма?
– Заңнамалық база, бала құқықтарын қорғау институты болғанына қарамастан, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанды жиі сынайды.
Сәуірдің аяғында комитет Қазақстанға арналған сұрақтарын жариялады. Бұл сұрақтардың бірі мүгедектігі бар балалар мен оларды арнайы мекемеде ұстауға қатысты болды. Қазір бала құқықтарын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде біздің жұмыс тобымыз БҰҰ комитетіне қосымша ақпарат жинап жатыр.
Бұл саладағы негізгі мәселенің бірі – жылдар бойы тыйылмай келе жатқан зорлық-зомбылық. 10 жылда интернаттағы бала саны азайды, күндіз апаратын орталықтар ашылып жатыр. Бірақ әдістері мен жүктемесі бір. Тәрбиешілердің жүктемесі ауыр, сондықтан зорлық фактілері жиі кездеседі. Мемлекет әртүрлі қорларға орталық ашуға көмектесіп жатыр. Мысалы, ғимарат жалдауға қолдау көрсетеді. Бірақ мониторинг мәселесі бар. Ешкім дұрыс тексермейді. Мүгедектігі бар балаларға арналған мекемелерге ерекше бақылау керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Концлагерь сияқты". Сырқат балалар тұратын жабық интернаттардың жағдайыБұл мекемелерді не үкіметтік емес ұйым, не қоғамдық мониторинг топтары тексеруі керек. Өйткені ата-ананы табалдырықтан әрі өткізбейді, олар бала қандай жағдайда тұрып жатқанын көре алмайды. Жақында осындай орталықтарға камера орнатылды. Бірақ заңбұзушылықты анықтауға камера көмектеспеуі мүмкін.
Балалардың инклюзия бойынша білім ала алуы да – өз алдына бөлек мәселе. Бізде инклюзив білім беру бар, бірақ іс жүзінде әртүрлі кедергі, директорлардың қарсылығы кездесіп тұрады. Өкінішке қарай, заңдар мен әртүрлі ережелерді айналып өту жолдары бар. Мысалы, бір мектепте директор жыл сайын ерекше балаларды психиатр дәрігердің тексеруіне жіберіп отырған. Заң нормативтерін түсіндіргеннен кейін жібермейтін болды. Осындай детальдер мүгедектігі бар балалардың білім алуға толық қол жеткізе алмайтынын көрсетеді.
Медицина саласындағы кей мамандар мүгедектігі бар баланы ауруханаға шұғыл жатқызуға қарсы болады. Бұл – стигма.
Мүгедектігі бар баланың спортқа қатысуы да маңызды. Инклюзив білім беру жүйесін жан-жақты дамыту керек.
Мүгедектігі бар балалардың құқығын қорғаумен айналысатын сарапшы Айгүл Шәкібаеваның айтуынша, көбіне ерекше баланың психиатр есебінде тұратыны жөніндегі ақпарат құпия сақталмайды. Құқық қорғаушылар жеке деректер жарияланбауын талап етіп жатыр. Өйткені бұл әкімшілік, қылмыстық не басқа да істерді тергеуге еш көмектеспейді.
Петропавлдағы жағдайды алайық: бір бала қолына балта ұстап алған. Ақпарат құралдары бұл бала есепте тұратынын жазды. Артынша бәрі балаға шүйлікті. "Мұндай балаларды мектепке апарудың не қажеті бар?" дейтіндер табылды. ІІМ "инклюзив" деген сөзді түсінбей, Республикалық психиатрия орталығына "Есепте тұрған баланы мектепке неге жібересіңдер?" деп қысым көрсете бастады.
Өкінішке қарай, олар есепте тұратын баланы қоғамнан алшақ ұстау керек деп ойлайтын ескі түсініктегі адамдар. Бұл дұрыс емес. Құқық қорғаушылар араласқаннан кейін ІІМ кешірім сұрады. Есепте тұрған балалардың жеке деректерін сұрамайтын болды. Бірақ Бас прокуратура дәрігер құқық қорғау органдарына кез келген ақпаратты беруі керек деп түсінеді.
БАЛАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ КІРУІН ШЕКТЕУ КЕРЕК ПЕ?
– Жақында мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай кәмелет жасына толмағандарға TikTok желісін қолдануға тыйым салуды ұсынды. Балалардың интернетке, әлеуметтік желіге кіруін шектеу мәселесі жиі көтеріледі. Бұл туралы не ойлайсыз?
– "Көк кит" (балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік желідегі "ойын". Мақсаты – өзіне қол жұмсауға итермелеу. Оны қалаларда жиі айтылатын аңыз деп есептейді – ред.) ойыны есіңізде шығар? Одан бөлек, порнографиялық сайттар, балаларға қарсы қылмыстар бар. БҰҰ конвенциясының 13-бабында "Бала еркін пікір білдіруге, кез келген ақпарат пен идеяны іздеп, алып, таратуға құқылы" деп жазылған.
Бұл бағыттағы тиімді шаралардың бірі – ата-аналарды балалардың қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар мүмкіндігін пайдалануын бақылауға араластыру. Қарапайым сөзбен айтқанда, балалардың интернетте өткізетін уақытын шектеу керек. Контентті жас ерекшелігі бойынша көрсеткен дұрыс. Білім беру ұйымдары ата-аналармен ақпараттық-кеңес беру жиындарын өткізіп, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосса, жақсы болар еді. Жай ғана тыйым салып не шектеу елеулі нәтиже бермейді.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, Қазақстан суицид деңгейі жоғары елдер қатарына кіреді, жасөспірімдер арасындағы табиғи емес себептерден болатын өлім көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Мұның себебі неде?
– Институттар, психологтер мен бағдарламалардың көптігіне қарамастан, бұл шаралар тиімді бола бермейді. Неге? Біріншіден, балаға ата-анасының көңілі жетпейді. Оған махаббат, мейірім мен қолдау керек. Көп ата-ана бала бар уақытымызды алады деп ойлайды, бірақ оған ересектермен ойнап, сурет салып, сүйікті ойыншығын іздеген маңызды. Бұл күнде қайталанады. Бала ата-анасының көңіл бөлуіне мұқтаж.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Соңғы сәтке дейін өзгеден көмек күтеді". Суицидке кім, не үшін барады? Алдын алуға бола ма?Бір бала отбасы нашар тұратынынан ұялып жүрді. Сыныптастары мазақтап, мұғалім ұрысқаннан кейін суицид жасады. Оның жанында дер кезінде қол ұшын созатын кәсіби психолог болмады. Өкінішке қарай, анасы ештеңе білмеген. Балабақшада, мектепте буллингіге ұшырайтын балалар мәселесін шешуге көмектесер адам таппай қалады. Ата-аналарды, әсіресе мұғалімдер мен психологтерді балалардың көңіл-күйіне назар аударып, мұқият болуға үйрету керек.
Балаларға дәл қазір "инвестиция салған" маңызды. Өйткені "жүз бала – жүз түрлі тұлға, оларға болашақта адам болады деп емес, қазірдің өзінде – дәл бүгін адам деп қарау керек". Бұл – Януш Корчактың (еврей оқушыларын жалғыз қалдырудан бас тартып, 1942 жылы Треблинкадағы концлагерьде өлген поляк мұғалімі – ред.) сөзі. Оны толық құптаймын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бала туу адам төзгісіз қиын деп неге ешкім айтпаған?" Босанғаннан кейін күйзеліске түскен аналардың әңгімесі