Назарбаеваның тұрақтылығы мен "бақыты"

Дариға Назарбаева, Сенаттағы Халықаралық істер, қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінің төрайымы

Қазақстанды үзбей басқарып келе жатқан президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева елдегі билік тұрақтылығы мен болашақты болжау мүмкіндігі – "алдағы көп жылға" жоспар құруға жол ашатын "зор бақыт" деп мәлімдеді.

Сарапшылар Назарбаеваның бұл сөзінің астарында қазақстандық әріптесін «жасы келген диктатор», ал оның айналасындағы адамдарды «қосшылар» деп атап, кейінгі бір жарым айда Астананы бірнеше мәрте сынаған көрші Қырғызстан президентінің шабуылына жанама түрдегі жауап беру әрекеті жатыр деп санайды.

Қарашаның 23-інде Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрайымы Дариға Назарбаева Астанада «әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі» мекеме аралық кездесуде болды. Кадет сыныптарында оқитын және әскери-патриоттық клубтарға қатысатын балалардың алдында сөз сөйлеген сенатор Назарбаева елдегі тұрақтылықтың арқасында қазақстандықтар «зор бақытқа» бөленіп отыр деді.

«ҚазАқпарат» мемлекеттік агенттігі Назарбаеваның "Біз билігі орныққан, саясаты тұрақты, бәрін болжауға болатын бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз және өмірімізді алдағы көптеген жылдарға болжап білуге болады. Оқып білім аламын, сосын жұмыс істеймін, мақсатыма жетемін деп өз өміріңді жоспарлауға мүмкіндігің болу - зор бақыт" деген сөзін келтірген.

Қазақтан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қызы Дариғаны Ұлыбритания патшайымы қабылдаған сәт. 4 қараша 2015 жыл

Бұл президент отбасы мүшесінің көрші Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың бірнеше мәлімдемесінен кейін жұрт алдында айтқан алғашқы жария сөзі болды. Кейінгі апталарда Қырғызстан президенті өзге елдің ішкі ісіне килікті және Қазақстан шекарадағы бақылауды күшейтуіне байланысты «блокада» ұйымдастырды деп айыптап, Астананы талай сынаған. Осы айдың ортасында Атамбаев көрші мемлекет президенті туралы айтып тұрып «жасы келген диктатор» деген тіркесті қолданған. Қарашаның 20-сында өткен қорытынды баспасөз жиынында Атамбаев "қожайынына қызмет етуге дайын қосшыларға" теңеген қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктер Қырғызстан басшысының мәлімдемелерін "өрескелдік және әдепсіздік" деп атаған болатын.

АТАМБАЕВҚА ЖАНАМА ЖАУАП ПА?

Қазақстандық кейбір саясаттанушы Қазақстан президентінің үлкен қызының сөзін Атамбаевтың шабуылдарына қарымта жауапқа балайды.

- Шамасы, мынау пострефлексия болуы керек. Шенеуніктердің ортасында әлдебір жарыс басталып, олар саналы түрде ме, жоқ па, әйтеуір [Атамбаевтың сөздеріне] реакция білдіріп жатыр. Парламент, «Нұр Отан» партиясы басшыларының бірі, Назарбаевтар отбасының мүшесі болғандықтан, [Дариға Назарбаева] басқаша айта алмайтыны түсінікті. Ал елімізде болып жатқан жайттардың ең сорақысы сол, бізде жоспарлау деген мүлдем жоқ (бұл жағынан Қырғызстан да бізден асып кеткен жоқ). Билікте отырған, яғни шешім қабылдайтын адамдар алдағы жылдарға, ондаған жылдарға жоспар құру түгілі, бір аптадан кейін не болатынын білмейді, - деп санайды саясаттанушы Айдос Сарым.

Билікте отырған, яғни шешім қабылдайтын адамдар алдағы жылдарға, ондаған жылдарға жоспар құру түгілі, бір аптадан кейін не болатынын білмейді.

Қазақстандық шенеуніктер мен билікшіл сарапшылар өз мәлімдемелерінде елдегі «тұрақтылықты» ерекше атап, Қазақстан өзге постсоветтік елдерден, әсіресе революцияны өткерген Қырғызстан мен Украинадан осы «тұрақтылығымен» ерекшеленеді деп жиі айтады.

- Бәлкім, Дариға Назарбаева Қырғызстанда саяси процесс жатық өтпеді дегенді меңзеген болар. Елде екі революция болды. Бұл жағынан алғанда, Қырғызстан постсоветтік кеңістіктегі тұрақсыздықтың ең жаман мысалдарының бірі деуге болады. Бірақ меніңше, [Назарбаеваның] сөзін Атамбаевпен ғана байланыстырудың қажеті жоқ, оның астарын әлдеқайда кең ауқымда қарау керек. Тұрақтылық туралы айтқаны - Қазақстанды өз ведомствосына қарасты территория ретінде көретін мемлекеттік қызметкердің сөзі. Шамасы, Дариға Назарбаева жуырда Қазақстан басшыларының біріне айналатын болар, ал бұл соған имидждік дайындық шығар, - дейді саясаттанушы Талғат Мамырайымов.

Сарапшы кейінгі айларда Дариға Назарбаева әскерилердің ортасынан көрініп, әскери нысандарды аралағанын ескертеді. Ресми БАҚ-тар Сенат комитеті басшысы қатысқан әлгі шараларға назар аударып, «Дариға Назарбаева танктен атып көрді», «Дариға Назарбаева әскерлердің жабдықтарын тексерді» деген тақырып қойып, материалдар жариялаған.

ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері, отставкадағы полковник Арат Нарманбетов Дариға Назарбаева өз беделін осындай тәсілдер арқылы нығайтып, имиджіне қатаңдау сипат беруге тырысып жүруі мүмкін деп болжайды.

Шамасы, Дариға Назарбаева жуырда Қазақстан басшыларының біріне айналатын болар, ал бұл соған имидждік дайындық шығар.

- Бәлкім, Дариға Назарбаеваның көздеген мақсаттары, жоспарлары бар шығар, мүмкін, болашақта өз кандидатурасын жоғары қызметтерге ұсынатын шығар. Мына дүниеде ешкім мәңгі жасамайды. Ол кісінің осындай жоспарлары болуы әбден мүмкін, - дейді Нарманбетов.

Бұл пікірді Талғат Мамырайымов та ішінара құптайды.

- Күш құрылымдарымен тығыз байланыста болу керек, әсіресе транзиттік кезеңде. Айта-айта жауыр болған транзиттік кезеңде. Шамасы, де-юре немесе де-факто Дариғаны Қазақстан басшысы рөліне дайындап жатыр. Ол кісі жеке-дара билік құрады деп ойламаймын, бұл ұжымдық басшылық, ұжымдық мұрагер болатын шығар, - дейді ол.

Саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстан президентінің қызын әкесінің мұрагері етіп дайындап жатыр деп ойламайды.

- Меніңше, Дариға Назарбаева шешім қабылдайтын элитаның ығырын шығарып жібергені соншалық, алда-жалда ол [президент қызметіне отырса] Зимбабведегідей жағдайға ұқсайтын зардаптарға ұласуы мүмкін. Билік мемлекеттік аппаратқа қарсы шығады деп ойламаймын. Оны көреміз. Бір жағынан, бұл сценарийдің [Назарбаеваның президенттік билікке келуі] іске асқанын қаламаймын, ал екінші жағынан, сенбеймін, - дейді Айдос Сарым.

ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЗМЕТІНЕ «ЛАЙЫҚТЫ» ӘЙЕЛДЕР

Былтыр Петербургтегі экономикалық форумда президент Назарбаев Қазақстанды әйел басқаруы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Форум жүргізушісінің "Мемлекет басшысы қызметін әйел атқаруы мүмкін бе?» деген сұрағына Қазақстан президенті "Әбден мүмкін, оның үстіне, бұған лайық дайындалған әйелдер бар. Үш қызым бар болғандықтан, әйелдерге деген көзқарасым ерекше" деп жауап берген еді.

Әлгі форумға қатысып отырған Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда президент қызметіне дайындалған "ондай әйелдердің кейбірін танитынын" айтып қалған. Бірақ әлгі әйелдердің есімдерін атамаған.

КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Дариға Назарбаеваның саяси мансабы

Дариға Назарбаеваның саяси мансабы

Әлгі форумнан соң бірнеше айдан кейін Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Назарбаев билікті мұрагерлік жолмен табыс ету ойы жоғын мәлімдеген.

— Мен ешкімді көздеп жүрген жоқпын. Билікті балаларыма берейін деген жоспарым жоқ, біз бұл мәселені қарастырмаймыз. Елде билік конституцияға сәйкес ауысады, - деген Назарбаев Вloomberg агенттігі журналистеріне.

Ол кезде Назарбаев 2020 жылға дейін жұмыс істейтін ойы барын айтып, жаңа президенттік мерзім жайлы айтуға әлі ерте, бәрі денсаулығы мен Қазақстан халқының қолдау деңгейіне байланысты болады деп мәлімдеген. Әлгі сөздерді ол бір жыл бұрын – 2016 жылғы қарашаның 22-сінде Астанадағы резиденциясында Bloomberg тілшілеріне берген сұхбатында айтқан. 77 жастағы Назарбаев Қазақстанды 1991 жылдан бері үзбей басқарып келеді. Конституцияға сәйкес, Назарбаевтың президент сайлауында өз кандидатурасын шексіз ұсына беруіне болады. Тіпті отставкаға кеткеннен кейін де кез-келген қудалаудан құтқаратын иммунитет беретін «ұлт көшбасшысы» мәртебесі заңмен бекітілген. Мұндай иммунитет Назарбаевтың мүлкі мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де қатысты қолданылады.