Accessibility links

Билік транзиті жайлы жиі айтылған жыл


Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен қызы Дариға Назарбаева (сол жақтан үшінші) Қазақстан халқы бірлігі мерекесінде жүр. Алматы. 1 мамыр 2016 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) пен қызы Дариға Назарбаева (сол жақтан үшінші) Қазақстан халқы бірлігі мерекесінде жүр. Алматы. 1 мамыр 2016 жыл.

Биыл Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің қазасынан кейін Қазақстанда президент билігі транзиті жақындап келеді деген тақырып жаңа сарында өрбіді. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынушылық нығайған тұста билікті берудің әлдебір сценарийі сол күйі жасалмады.

Елді ширек ғасыр ауыспай бір президент басқарған кезде билік транзиті туралы әңгімелердің шығуы заңды, ал транзит сөзсіз болуы тиіс сияқты көрінеді. Бұған, әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаевтың жасы 76-дан асып кеткені және билікке советтік саяси бюроның заманында келген Өзбекстан президенті Ислам Каримовті жерлеген көрші Өзбекстанның жаңа тарихы түрткі болды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің зираты басында тұр. Самарқан. 12 қыркүйек 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің зираты басында тұр. Самарқан. 12 қыркүйек 2016 жыл.

НАЗАРБАЕВ 2020 ЖЫЛЫ

Өзбекстан президенті Ислам Кримовтің қазасынан екі аптадан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен қызы Дариғаны парламенттің жоғарғы палатасы – сенат депутаты етіп тағайындады. Іле-шала Дариға Назарбаева спикер (президент қайтыс болған жағдайда ел конституциясына сәйкес, оның өкілеттігі сенат төрағасының құзырына өтеді) болатын шығар әрі бұл кадрлық ауыс-түйіс билік транзитінің басы емес пе деген сарындағы жорамалдар айтыла бастады. Вице-премьерліктен депутаттыққа ауысқан Назарбаева мұндай әңгімелерді "спекуляция" деп атады. Қыркүйектің 16-сы күні журналистердің "Өзіңізді әкеңіздің мұрагері ретінде қарастырасыз ба?" деген сұрағына Назарбаевтың үлкен қызы "Өзімді президент командасының мүшесі санаймын. Ал әлгіндей жорамалдардың бәрі қаңқу сөз, спекуляция, одан өзге ештеңе емес" деп жауап берді.

Бірақ мұндай жорамалдарға жетелейтін әлдебір емеуріндердің жасалып келе жатқанына он жылдан асты әрі ол тақырыпты дүркін-дүркін қаузап қояды. Назарбаеваны сенат депутаты етіп тағайындардан үш ай бұрын әкесі "Қазақстанды әйел басқаруы мүмкін" деп мәлімдеген болатын. Биыл маусымда Петербургте өткен экономикалық форумда қойылған сұраққа Назарбаев: "Әбден мүмкін, оның үстіне, бұған лайық дайындалған әйелдер бар" деп жауап берген еді. Осы кезде залда отырған Ресей президенті Владимир Путин "ондай әйелдердің кейбірін танитынын" айтып қалған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қызы Дариға Қазақстан халқы бірлігі мерекесінде. Алматы. 1 мамыр, 2016 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қызы Дариға Қазақстан халқы бірлігі мерекесінде. Алматы. 1 мамыр, 2016 жыл.

Бес айдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев билікті мұрагерлік жолмен табыс ету ойы жоғын мәлімдеді. Қазақстан президенті Bloomberg агенттігі журналистеріне "Билікті балаларыма берейін деген жоспарым жоқ, біз бұл мәселені қарастырмаймыз" деген болатын. Бұған қоса ол 2020 жылға дейін жұмыс істейтін ойы барын айтқан. Қазақстан президенті баспасөз қызметі әлгі сұхбаттың үзіндісін Facebook әлеуметтік желісінде жариялады. Видеода Назарбаев журналистерге: "Сұрақты "2020 жылдан кейін де билікте қаласың ба деп төтесінен қойыңдар. Ал сендер міне, былай айналсоқтай бересіңдер" дейді (қолдарымен әлдебір қимылдарды көрсетіп).

"Адамның қаншалықты ұзақ өмір сүретінін болжау қиын шығар. Жұмыс істеп келе жатқаныма көп жыл болғанын білесіңдер, сол үшін талай сынға да қалдым. Аз жұмыс істе, көп жұмыс істе... мәселе қаншалықты тиімді жұмыс істегеніңде, халқыңа, еліңе пайда әкелдің бе, жоқ па, мәселе сонда. Негізгі мәселе осында деп есептеймін. Заңдар мен конституцияға келсек, ол кандидатурамды ары қарай да ұсынуға мүмкіндік береді. Бірақ 2020 жылы не болады, сендерге ештеңе демей-ақ қояйын - бұл көп факторларға байланысты" деген Назарбаев сұхбатында.

Bloomberg агенттігінің әлгі сұхбатқа негізделген мақаласында "бұрынғы Совет одағы елдері ішінде билікте ең ұзақ отырған басшы елді кейінгі 20 жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарыс жайлаған тұста демократиялық реформаларды кешеуілдетіп отыр" деп жазған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БИЛІК ТРАНЗИТІ ЖӘНЕ БАТЫС

Қазақстан билігі транзитіне қатысты белгілі бір сценарийдің болмауы биыл Батыстың ақпарат құралдарында да қызу талқыланды. Ұлыбританияның Financial Times газеті журналистері қазанның аяғында жариялаған мақаласында "Мемлекет іргесін қалаған адамның экономикадағы сындарлы саясаты мен геосаяси көрегенділігінен Қазақстан көп нәрсе ұтты, бірақ енді билік ауысу мәселесі төніп тұр" деп жазды.

Оқыңыз: Назарбаевтың орнын басатын «ұжымдық басшылық»
Нұрсұлтан Назарбаевтың суретімен шыққан 10 мың теңге.
Нұрсұлтан Назарбаевтың суретімен шыққан 10 мың теңге.

Қарашаның аяғында америкалық Washington Post газеті Қазақстан парламенті депутаттарының Астананы президент құрметіне атауды ұсынды, ал кейінгі жылдары өзін дәріптеген бастамаларға Назарбаевтың бейілі артқан тәрізді деп жазды. Мақалада Назарбаевтың портреті басылған банкнот шыққаны, көзі тірісінде Назарбаевқа бірнеше ескерткіш орнатылғаны туралы жазылған. АҚШ президенттігіне сайланған Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаевтың телефон арқылы алғашқы әңгімесі туралы мақаласында америкалық New York Times газеті "Трамптың қоңыраулары дипломаттарды шошытты" әрі әлгі әңгіме кезінде Трамп "әлемдегі ең ұзақ билікте отырған деспоттардың бірі – Қазақстан президентіне тәнті екенін айтты" деп жазған.

Бірақ Назарбаев өзін автократ және диктаторлар қатарына жатқызбайтынын талай рет мәлімдеген. Жыл аяқталар тұста мемлекеттік телеарна эфирінде көрсетілген "25KZ: Жаңа тарих" деректі фильмінде президент Назарбаев қазіргі билікті "еліміз үшін қазіргі кезде дені дұрыс билік", ал Қазақстандағы автократия туралы әңгімелердің бәрін "сандырақ" деп атады. "Бұл біздің елдегі жағдайды білмейтіндердің, біздің өмірімізді, жалпы ештеңеден хабары жоқ біреулердің айтып жүрген сандырағы" дейді Назарбаев.

Талдықорғанда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрғызылған ескерткіш. 30 қараша, 2016 жыл.
Талдықорғанда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрғызылған ескерткіш. 30 қараша, 2016 жыл.

Ал елдегі "өмірді білетіндер" билік транзиті сөзсіз болатынын түсінеді. "Кім мұрагер болады?" деген сұрақ Назарбаевтың жақындарын да мазалайтыны байқалады. Жуырда Fаcebook желісіндегі постында Назарбаевтың жиені Айсұлтан "билік транзитін қай клан іске асырады" деген талқылаулар жиілеген тұста президенттің айналасындағы адамдардың коалицияларға бірігіп, ықпалын күшейту үшін өзара таласып жатқанын "сезіну жиіркенішті" деп жазған.

XS
SM
MD
LG