Яна Осолодкованың әкесінен айырылғанына жарты жылдан асты. Биыл қаңтарда жұмыс орнында кезекшілікке шыққан Олег Тышкевич үйіне қайтып оралмады.
Құтқарушы болып істеген Тышкевич пен әріптестері мінген автобус "Майқайыңалтын" компаниясына тиесілі кеніш аумағындағы ескі шахтаның тұсында жер опырылғанда пайда болған, тереңдігі бірнеше жүз метр аса үлкен шұңқырға құлап кеткен.
Янаның сөзінше, әкесі жұмыс істеген авариялық-құтқару қызметінен оған ешкім хабарласпаған. Қызына әкесі қапияда мерт болғанын көршілері естірткен. Қазір Яна әкесі жұмыс істеген мекемеден моральдық өтемақы талап етіп, соттасып жатыр.
Настоящее время видеосюжеті (орысша)
Your browser doesn’t support HTML5
"Олар әкем қаза тапқан аумақ біздікі емес деді. Және бізге ештеңе төлеуге міндетті емес екенін айтты, – деді Яна Осолодкова. – Бар айтқан уәжі сол. Ең бастысы, біз кәмелетке толған балалармыз, бізге ешкім ешқандай көмек көрсетпейді. Тіпті бізді моральдық қолдаған ешкім болған жоқ".
Қаңтардың басында алтын кеніші аумағында жер опырылғанда пайда болған аса үлкен әрі терең шұңқырға құлаған автобуста төрт адам болған. Олардың екеуі – 25 жастағы Бердіқан Сарқыт пен 53 жастағы Олег Тышкевич бірнеше сағаттан кейін үйінді астынан өлі табылған.
Із-түссіз кеткен тағы екі құтқарушыны іздеу жұмыстары шілденің аяғына дейін жалғасты. Оның барысында кеніш аумағында тағы да топырақ опырылып кету қаупіне байланысты іздеу жұмыстарын бірнеше рет тоқтата тұрып, кейін қайта жалғастырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сүйегін тауып жерлесек..." Төрт ай бұрын құтқарушылар топырақ астында қалған Майқайыңнан репортажҚаза тапқан екі адам – 36 жастағы құтқарушы Айдос Шаймерден 19 шілдеде, ал 55 жастағы автобус жүргізуші Айып Тілеубергенов 25 шілде күні табылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Майқайыңда төтенше оқиғадан соң жарты жылдан кейін өлі табылған құтқарушы жерлендіЖеліде төтенше оқиға қалай болғаны көрінетін видео жарияланды. Онда үш құтқарушы мен жүргізуші мінген автобус үлкен шұңқырға құлаған сәтте, автобустың артынан ілесіп келе жатқан екінші көлік ол шұңқырға бірнеше метр жетпей кілт тоқтағаны көрінеді. Осылайша ол көліктегі адамдар аман қалған, әйтпегенде қазаға ұшыраған адам саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді. Шахта аумағындағы әлгі үлкен шұңқыр ол жерге автобус келерден бұрын жер опырылғанда пайда болған.
Авариялық-құтқару қызметі телеграм-каналында қайғылы оқиға болғаны туралы хабарлаған, бірақ кейін жаңалықтар жариялауды тоқтатқан. Компания басшылығы қаза тапқандардың жақын туыстарына "олардың мүддесін ескере отырып", осы оқиға салдарынан шеккен "моральдық зиянды" өтеуге уәде берген.
"Моральлық зиянды өтеуге қатысты мәселелер, Олег Тышкевичтің барлық жақын туыстарының, соның ішінде анасының , ұлының, қызының және әпкесінің мүдделерін есепке ала отырып, медиация тәртібі бойынша қаралады. Бұл жағдайда ұсынылған моральдық зиян өтемақысы – төрт миллион теңге", – деп жазылған кәсіби авариялық-құтқару қызметінің бас директоры Диас Мағзұмнан келген хатта.
Төрт миллион теңге – қазіргі бағаммен сегіз жарым мың долларға жуық ақша. Құтқару қызметінде 30 жылға жуық еңбек еткен қызметкердің өмірінің құны осылай бағаланды. Яна Осолодкованың айтуынша, компания өкілдері сотта Олег Тышкевич былтыр өз еркімен жұмыстан шығып кеткенін алға тартып, ол мүлде аз уақыт еңбек еткен деп көрсетуге тырысқан. Қызының сөзінше, Тышкевич бір айдан соң бұрынғы жұмысына қайта тұрған.
"Олар әкем 28 жыл емес, екі-ақ ай жұмыс істеді деген уәж айтты. Яғни, ол жұмысқа қайтадан алынғандықтан, бұрынғы еңбек мерзімі есепке алынбайды-мыс. Ал әкем екеуіміз бұл жөнінде сөйлескенбіз, ол дер кезінде қайта жұмысқа тұрғандықтан, еңбек стажым жойылған жоқ деп айтқан".
Қазір сот процесі қызу өтіп жатыр. Авариялық-құтқару қызметі Яна Осолодкованың талабына мүлде келіспейді және қаза тапқан құтқарушының барлық туыстарына ұсынып отырған сегіз жарым мыңға жуық доллардан артық ақша төлей алмайтынын айтып отыр. Яна Осолодкова болса өз талабы орынды, ең бастысы – заңды екеніне сенімді. Сондықтан ол аяғына дейін күресуге бел буған.