Қазақстандық шенеуніктің, әйелдері мен балаларының Дубайдағы жылжымайтын мүлкі

Your browser doesn’t support HTML5

Дубай Қазақстанның тағы бір астанасына қалай айналды? "Власть" зерттеуі

Жаңа журналистік зерттеу қазақстандық шенеуніктер, саясаткерлер және олардың туыстары Араб Әмірліктерінде миллиондаған долларға жылжымайтын мүлік сатып алғанын анықтады. 70-тен астам елдің журналистері Дубайдағы мыңдаған нысан жөніндегі деректерді талдап, зерттеген. Олардың қолына негізінен 2020 және 2020 жылдары жасалған келісімдер туралы құжаттар түскен.

Әуелгіде бұл ақпарат халықаралық қылмыс пен жанжалдарды зерттейтін Вашингтондағы қорғаныс зерттеулері орталығына (C4ADS) түскен. Кейін осы құжаттар норвегиялық E24 басылымына және сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығына (OCCRP) берілді, олар ауқымды деректерді талдап-зерттейтін әлемнің түкпір-түкпіріндегі ондаған бұқаралық ақпарат құралының жұмысын үйлестіреді.

#Dubaiunlocked хэш-тегі берілген жаһандық зерттеудің қазақстандық бөлігі "Дубай. Қазақстанның өзге астанасы" деп аталады. Қазақстандықтардың қымбат пәтерлері негізінен Palm Jumeira ауданында, элиталық жылжымайтын мүліктерімен және сәнді қонақүйлерімен танымал жасанды аралда және дәулетті адамдар тұратын Marsa Dubai ауданында орналасқан.

Дубайдағы Palm Jumeirah ауданы.

Қазір белгілі болып отырған деректерге қарағанда, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын-жуығы мен маңайында жүрген адамдар да жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Атап айтқанда, оның "тоқалы" Әсел Құрманбаева, немере інісі Қайрат Сатыбалды мен анасының, екі әйелі және олардан туған балаларының, парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасының отбасының, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасының отбасы мүшелерінің және басқалардың дүние-мүлкі бар.

Біріккен Араб Әмірліктерінде жылжымайтын мүлкі бар қазақстандықтар туралы ақпаратты "Власть" басылымының журналистері зерттеді. Басылым жылжымайтын мүлік иелерінің, негізінен бұрынғы және қазіргі жоғары лауазымды шенеуніктер мен жұбайларының, балалары мен ата-аналарының, аға-әпкелерінің аты-жөнін, сондай-ақ олардың иелігіндегі мүліктің құнын жариялады. Жарияламас бұрын, зерттеуде аталған адамдарға осы мүлік жөнінде түсіндіріп беруін сұрап сауал қойған, бірақ олардың бірен-сараны ғана жауап берген.

НАЗАРБАЕВТЫҢ "ТОҚАЛЫ" ЖӘНЕ НЕМЕРЕ ІНІСІ

Зерттеу авторларының жазуынша, Қазақстанның бұрынғы президентінің немере інісі, жымқыру қылмысы бойынша сотталған Қайрат Сатыбалды мен оның отбасы мүшелерінің иелігінде Marsa Dubai ауданында орналасқан, құны 2,2 миллион доллардан асатын бес пәтер болған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қайрат Сатыбалды Қазақстандағы ең ықпалды адамдардың бірі болды. 2022 жылы наурызда ол мемлекеттік компаниялардан ұрлап-жырлаған деген күдікпен қамауға алынып, кейін сот үкімімен алты жылға түрмеге қамалды. Кейін Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі Сатыбалдының иелігіндегі жүздеген миллиард теңгенің активтері мен ақша қаражаты мемлекетке қайтарылды деп мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Әсел Құрманбаеваның суреттерінен коллаж.

"Власть" басылымының жазуынша, Қайрат Сатыбалды мен оның әйелі Әсел Бақтиярқызының иелігінде болған Дубайдағы пәтерлер қазір басқа адамдардың меншігінде. Нақтырақ айтқанда, Бақтиярқызы иелік еткен жылжымайтын мүліктің бір бөлігі ресми түрде оның әпкесі мен жұбайына тиесілі, бұл екеуіне Қазақстанда іздеу жарияланған. Қайрат Сатыбалдының анасы Светлана Назарбаева мен тағы бір әйелі Саида Қанатбекқызы әлі күнге дейін әлгі жылжымайтын мүліктің бір бөлігіне иелік етеді.

Журналистік зерттеуде Қазақстанның бұрынғы президентінің "тоқалы" Әсел Құрманбаева Palm Jumeirha ауданындағы құны 270 мың доллардан асатын пәтердің иесі ретінде көрсетілген. Бұрынғы президенттің басқа туыстарынан айырмашылығы – Құрманбаева 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң қызметінен айрылған жоқ, әлі күнге дейін "Астана балет" мемлекеттік театрының арт-менеджері.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пандора құжаттары: Назарбаевтың "тоқалы" офшордан 30 млн доллар тапқан

МӘЖІЛІСТІҢ БҰРЫНҒЫ СПИКЕРІ МЕН ОСК БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ ӘЙЕЛДЕРІ

Парламент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің әйелі Венера Баймырзаеваның иелігінде жалпы құны 4,3 миллион доллардан асатын 50-ден астам жылжымайтын мүлік болған. Нығматулин 2022 жылы қызметінен алынғаннан кейін көптің көзіне түспейтін болған. Ол өзіне және бауырларына қарсы қылмыстық істер қозғалыпты-мыс деген алып-қашпа әңгімелерге байланысты түсініктеме бермеді, ондай ақпараттар ресми түрде расталған жоқ.

Нығматулиннің отбасы "Қазақмыс"/KAZ Minerals және "Ордабасы" атты екі топпен бизнесте тығыз байланыста деп жазады зерттеу авторлары. Кейінгі топтың негізгі иесі ретінде кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың аты-жөні аталады.

Венера Баймырзаева Дінмұхамед Ыдырысовтың әйелі Магда Ыдырысовамен бірге 40-тан астам пәтерге иелік еткен. Зерттеу авторлары жазғандай, инвестиция ретінде ақша жылжымайтын мүлікке салынған сияқты.

Дубай, Біріккен Араб Әмірліктері.

Palm Jumeirah ауданында, зерттеушілердің жазуынша, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) бұрынғы төрағасы Берік Имашевтің отбасына тиесілі кемінде екі пәтер бар.

Бұрын әділет министрі және президент көмекшісі болып істеген Берік Имашев 2016 жылдың қыркүйегінен бастап шамамен бес жыл Қазақстан ОСК төрағасы қызметін атқарды. Оның ұлы Әлжан Имашев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік компаниядағы қызметінен кетті, сол кезде әкесі ОСК төрағасы лауазымынан босады.

Кіші Имашевтың иелігінде құны 310 мың доллардан асатын пәтер болған. 2022 жылдан кейін ол мүлік сатылды немесе басқа біреулердің меншігіне өтті.

Әлжан Имашевтің анасы – Берік Имашевтің әйелі Лейла Адайбекованың да Араб Әмірліктерінде пәтері бары анықталды. Оның Palm Jumeirah ауданындағы пәтері шамамен 210 мың доллар тұрады.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева (оң жақта) сол кезде Орталық сайлау комиссиясы төрағасы болған құдасы Берік Имашевтің қолынан депутат куәлігін алып тұр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 14 қаңтар 2021 жыл.

Берік Имашев – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы. Дариғаның ұлы Нұрәлі Әлиев Имашевтің қызы Аидаға үйленген.

"Дубай. Қазақстанның өзге астанасы" зерттеуінде Қорлан Шәріпбаева да аталған. Оның әкесі Қайратты жұрт Дариға Назарбаеваның күйеуі деп айтады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қайрат Шәріпбаев "ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясындағы басшы қызметінен кетті. Қорланның Palm Jumeirah ауданындағы құны 250 мың долларға жуық пәтері 2022 жылдан кейін сатылған немесе басқа адамдардың меншігіне өткен.

2022 жылдың қаңтар айында Азаттық жариялаған журналистік зерттеуде Қорлан Шәріпбаева Алматының тау бөктеріндегі жер телімінің иесі екені көрсетілген. Онымен Нұрсұлтан Назарбаев, экс-президенттің үш қызы және немере інісі Қайрат Сатыбалды көрші тұратыны айтылған.

2022 жылдан кейін зерттеуде аталған жылжымайтын мүлік иелерінің көбі оларды басқа адамдарға сатқан немесе меншігіне берген.

Жаңа зерттеуде Palm Jumeirah ауданындағы құны 2,9 миллион доллардан асатын вилла қазақстандық Пануар Омарованың иелігінде болғаны айтылған. Оның күйеуі Асылбек Кәрібаев "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының құрылымына кіретін көптеген мұнай компанияларында топ-менеджер болып істеген. 2022 жылдан кейін Омарова әлгі мүлікті сатқан немесе басқалардың меншігіне өткізген дейді зерттеу авторлары.

Құны 510 мың долларға жуық пәтердің иесі – Қазақстанның Нидерландтағы елшісі Асқар Жұмағалиевтің анасы Хайсын Жұмағалиева деп көрсетілген. Жұмағалиеваның бизнестегі жетістіктері жайлы толымды мәлімет жоқ. Алайда, ол құрылысқа, мүлікті жалға беруге және басқаруға байланысты алты компанияға иелік етеді деп жазылған журналистік зерттеуде.

Асқар Жұмағалиев Қазақстан цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министр болған кездегі фото. 15 мамыр, 2019 жыл.

2020 жылдың шілдесінде Асқар Жұмағалиев цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен алынып, кейін Қазақстанның Нидерландтағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Бұрын ол премьер-министрдің орынбасары, "Қазақтелеком" және "Қазатомөнеркәсібі" компанияларын басқарды, төрт рет министр қызметінде болған.

Оның қайын атасы Қайрат Мәми Конституциялық кеңесті (2022 жылдың аяғында таратылып, Конституциялық сот ретінде қайта құрылған) бес жыл бойы басқарған, Асқар Жұмағалиев Қайрат Мәмидің қызы Айнұрға үйленген. Мәми сенат төрағасы, бас прокурор, Жоғарғы соттың төрағасы лауазымын атқарған. Оның ұлы Мирас Мәми 2022 жылдан кейін Дубайдағы мүлкін сатқан немесе өзгеге берген деп жазады зерттеу авторлары. Palm Jumeira ауданында құны 785 мың доллар тұратын жылжымайтын мүлкі болған.

Зерттеуде Дубайдың дәулетті адамдар тұратын Marsa Dubai ауданында Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-министрі Қайырбек Өскенбаевтың қызы Камила Жарлықапованың 790 мың доллар тұратын пәтері бары айтылған. Қайырбек Өскенбаев шамамен 20 жыл үкіметтік құрылымдарда жұмыс істеді. Әр жылдары бірнеше министрліктің комитеттерін басқарды, "Бәйтерек" холдингінің басқармасы құрамында болған және "Отбасы банкі" директорлар кеңесін басқарған, бірінші вице-министр, кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болды. Ол бұл қызметтен 2023 жылдың қаңтарында кетті.

Зерттеу авторлары басқа да көптеген жылжымайтын мүліктің арасында құны миллион долларға жуық екі пәтер барын айтады. Олардың иелері ретінде бұрынғы Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиевтің ұлдарының аты-жөні аталған. 2022 жылдың сәуірінде президент Тоқаев Батыс Қазақстандағы жолдар уақытылы жөнделмегенін сынға алғаннан кейін Берік Камалиев министр қызметінен алынды. 2022 жылдан кейін Камалиевтер пәтерлердің бірін басқа адамдарға сатқан немесе меншігіне өткізіп берген, ал екіншісіне әлі де иелік етеді.

Жылжымайтын мүліктердің иелері туралы тарап кеткен деректерден 2022 жылға қарай Дубайда кемінде 253 миллион доллардың жылжымайтын мүліктері қазақстандықтардың иелігінде болғанын көреміз деп жазады зерттеу авторлары. Шетелде жылжымайтын мүлікке иелік етуге заң тыйым салмайды. Бірақ аталған адамдардың қаншасы өз активтерін декларациясында көрсеткені, қаншасы жасырып қалғаны, ал кей жағдайда Дубайда жылжымайтын мүлік сатып алған ақшаның төркіні белгісіз қалып отыр.

ТОҚАЕВТЫҢ ШТАТТАН ТЫС КЕҢЕСШІСІ ЖӘНЕ АЛМАТЫ ӘКІМІ

Зерттеу авторлары кей жағдайда жылжымайтын мүлік иесі ретінде бұрынғы немесе қазіргі лауазымды шенеуніктің аты-жөнін атаған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған Ерболат Досаев құны 750 мың доллардан асатын үш бөлмелі пәтердің иесі ретінде көрсетілген. Жылжымайтын мүлік Дубайдың Jumeirah Beach Residence кварталында, жағажайға және яхталар тоқтайтын айлаққа жақын орналасқан.

Ерболат Досаев

Досаев бұрын қаржы министрлігін, содан кейін денсаулық сақтау министрлігін басқарған. 2006 жылы Шымкентте 149 балаға АИТВ жұқтырған шулы оқиғадан кейін денсаулық сақтау министрі лауазымынан кеткен. 2012 жылы ол өз активтерін басқа біреуге басқаруға өткізгенін айтып, мемлекеттік қызметке оралды.

Журналистік зерттеуде 2021 жылдан бастап президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Мейрам Пішембаев та аталады. Оның қызы Долорес – экономиканың түрлі саласындағы бірнеше компанияның қосалқы меншік иесі, "Сан" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы. 2021 жылға дейін Мейрам Пішембаев осы ЖШС-нің тең құрылтайшысы болды. 2018 жылы "Сан" 17,5 миллиард теңгенің тендерлерін жеңіп алды және мемлекеттік тапсырысты алған ең ірі 30 заңды тұлғаның қатарына енді. Долорес құны миллион долларға жуық пәтерді 2022 жылдан кейін басқаларға сатқан немесе солардың меншігіне өткізген.

Дубайдағы құны 500 мың доллардан асатын пәтер бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Бағдат Майкеевтің иелігінде болған. 2014 жылдың ақпанында Майқеев ірі көлемдегі парамен ұсталды, параны кәсіпкерлерге тиімді келісімшарттар жасасқаны үшін алған деген ақпарат тараған. Сол жылы сот үкімімен мүлкі тәркіленіп, өзі алты жылға бостандығынан айырылды. 2015 жылы Майкеев бостандыққа шықты: сот оны денсаулығына байланысты қамаудан босатты.

"Власть" басылымы Бағдат Майкеевтен Дубайдың элиталық ауданынан қымбат пәтер сатып алуға қаражатты қайдан алғанын сұраған, бірақ ол жауап бермеген. Бұрынғы министр де 2022 жылдан кейін пәтерді сатқандардың немесе басқаға бергендердің қатарында.

Шетелдегі жылжымайтын мүліктер тізімі толық емес деп жазады зерттеу авторлары, өйткені олардың бір бөлігі номиналды меншік иесінің атына тіркелген болуы мүмкін. Сонымен қатар, Дубайдағы барлық жылжымайтын мүлік иелері туралы, сондай-ақ Араб Әмірліктеріндегі қазақстандықтар арасында танымал басқа қалалардағы, мысалы, Әбу-Дабидегі ондай мүліктердің меншік иесі жөніндегі деректер әзірге қолға түскен жоқ.

АШЫҚТЫҚ ЖОҒЫН КӨРСЕТЕДІ

2024 жылдың басында Қазақстанның қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов екі мыңнан астам мемлекеттік қызметші әлемнің 50-ден астам елінде иелік ететін 2,5 мыңға жуық жылжымайтын мүлкін декларацияда көрсеткенін хабарлаған. Біржанов қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің активтері негізінен Ресей, Түркия және Әзірбайжанда шоғырланған деп мәлімдеген.

Мемлекеттік кіріс комитеті былтыр қаңтарда Қазақстаннан тыс жерлерде 370-тен астам жеке тұлғаның иелігінде 466 жылжымайтын мүлік бар деп хабарлаған. 36 нысан Біріккен Араб Әмірліктерінде екені айтылды.

Дубай көрінісі

#Dubaiunlocked журналистік зерттеу авторлары бұл мәселеде әлі күнге ашықтық жоқ дейді: шенеуніктер мен депутаттардың декларациялары көпшілікке жарияланбайды, сол сияқты, билік айтып жүрген "заңсыз шығарылған активтерді қайтару" жөніндегі жұмыстар да көзге көрінбейді.

"Дубай ең бай қазақстандықтардың ақшасын сақтауға ыңғайлы және өз байлығын жасыруға әлі де қауіпсіз жер болып көрінеді", – дейді Қазақстан туралы "Қара көлеңкелер" (Dark Shadows) деген кітап жазған журналист Джоанна Лиллис.

2022 жылы қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы әлемдік стандарттарды әзірлеуге бағытталған үкіметаралық FATF ұйымы Дубайды күмәнді қаражатқа қарсы шарасы әлсіз жерлер тізіміне енгізген. Кейінірек БАӘ билігі елде жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы күдікті ақшаны заңдастыруға қарсы шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Ақпан айында FATF Дубайда сезікті қаржыға қарсы күресте "елеулі ілгерілеу" барын айтып, оған қатысты бұған дейін енгізген шараларды жеңілдететінін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Назарбаевтар, Ізбастин, Құлыбаев және басқалар: кімнің компаниясына салық төлемеуге рұқсат етілген?"Бұлыңғыр тұсы көп". Заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасы несімен әлсіз?Салтанатты сарай, қымбат қонақ үй. Назарбаевтардың Германиядағы мүліктері"Халқын тонаған клептократтар". Ағылшын парламентінде Қазақстанды талқылап, 28 адамды атады Назарбаев өзі құрған қайырымдылық қорлар арқылы қалай байыды? OCCRP зерттеуі