GRECO есебі. Страсбургте Қазақстандағы билік бөлінісі мен адам құқықтары туралы айтылды

Жемқорлыққа қарсы акция өткізіп тұрған адамдар. Ақтөбе, 2019 жыл.

Еуропа кеңесінің арнаулы органы жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (GRECO) – Қазақстан туралы бірінші бағалау есебінде елдегі жемқорлықтың белең алуы мен түбегейлі реформалар жүргізу қажеттігі жөнінде жазған. Страсбургта орналасқан халықаралық ұйымның 15 маусымда жарияланған есебінде "жемқорлықтың алдын-алып, оған қарсы күрес жүргізуде билік бөлінісі мен саяси ықпалдың бір қолға шоғырлануына жол бермейтін тетіктер принципіне негізделген мемлекеттік құрылымның мәні зор" делінген.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ КЕҢ ҚҰЗЫРЕТІ"

Қазақстан бойынша бағалау құжаты GRECO ұйымының 25 наурызда Страсбургте өткен жалпы отырысында қабылданған есеп мәтіні Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум өткеннен кейін он күннен соң жарияланды. Билік бұл түзетулер "суперпрезиденттік" басқару формасынан парламенті мықты президенттік республикаға көшуге мүмкіндік береді деп мәлімдеді. Қазақстандағы сарапшылардың көбі Конституцияға ұсынылған түзетулердің еш салмағы жоғын алға тартып, билік болмашы өзгерістерді реформа деп көрсетіп отырғанын айтқан. Қоғамның бір бөлігі, оның ішінде кей саясаттанушылар бір ай ғана талқыланған конституциялық өзгерістер президенттің басқа билік тармақтары мен саяси институттарға ықпал ету мүмкіндігін, кең құзыретін сақтап қалады деп сынаған.

GRECO қазақстандық институттарды ұйымның бағалау негізіне кіретін жемқорлыққа қарсы стандарттарға жақындату үшін түбегейлі реформалар керек деп есептейді. Ұйым есебінде жемқорлықтың алдын-алып, оған қарсы тиімді күрес жүргізу үшін плюралистік демократия принциптері, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қорғауға басымдық берілуі керек делінген. GRECO сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күреспен айналысатын ұлттық органдардың тәуелсіздігі, жемқорлықтан келетін табыс, қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитет деңгейі сияқты тақырыптарға да жеке тоқталған.

Бағалау кезінде "жемқорлыққа қарсы базадағы кемшіліктер, саясат дайындау кезінде реакцияның болмауы және ақпарат құралдарына мемлекеттік бақылау жүргізу" сияқты бірқатар салмақты мәселе анықталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Transparency International жемқорлық индексінде Қазақстан сегіз сатыға төмендеді

Ұйым дерегінше, Қазақстан президенті сот, прокуратура, жемқорлыққа қарсы арнаулы күрес органдары, құқық қорғау институттарына басшы болатын тұлғаларды өзі тағайындайды немесе кандидаттарды таңдау процесінде шешуші рөл атқарады. Ұйым сарапшыларының пікірінше, президенттің мұндай кең құзыретке ие болуы аталған органдардың тәуелсіздігіне нұқсан келтіріп, жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін заңсыз ықпалдан қорғауға мүмкіндік бермейді.

GRECO сарапшылары Қазақстандағы жемқорлықты "әртүрлі секторда, мемлекеттік органдар мен жеке салаларда белең алған салмақты мәселеге" балап, жемқорлықтың шынайы ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін сенімді ақпарат көздері жоғын жазған.

Олар сондай-ақ Бүкіләлемдік экономикалық форумның деректерін келтіріп, сауалнамаға қатысқан жас қазақстандықтардың 80 пайызы жемқорлықты елдегі ең өзекті мәселеге жатқызғанын айтады. Есепке сәйкес, былтыр GRECO бағалау тобының Қазақстанға сапары барысында билік "Жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі әрі экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған стратегияда да маңызды рөлге ие" деген.

27 ҰСЫНЫС ЖӘНЕ ИММУНИТЕТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТҰЛҒАЛАР ТІЗІМІ

GRECO Қазақстанға 27 ұсыныс жолдап, билікке алдағы 15 айда – 2023 жылы қыркүйектің соңына дейін – бұл ескертулердің орындалғаны жөнінде есеп беруді сұраған. Ұсыныстардың негізгі бөлігі жемқорлық қылмыстары бойынша істерді жүргізетін прокурорлар мен соттарды дайындау, ауыр және аса ауыр жемқорлық істері бойынша жауапқа тартылған азаматтарға компанияларда басшылық қызметке тағайындалуға заң жүзінде тыйым салу сияқты мәселелерге қатысты. Ұйым сот билігінің тәуелсіздігін арттырып, жемқорлыққа қарсы күреске және аталған органдарды жоғарғы саяси және атқарушы билік тарапынан болатын кез келген заңсыз ықпалдан қорғауға жауапты прокуратура мен қауіпсіздік органдарының автономиясын қамтамасыз ету үшін заңнамалық және практикалық шараларды қолға алу керек деп есептейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан коррупция жайлаған ел қатарында қалды

Мәселен, ұйым қауіпсіздік органдарының басшылары мен олардың орынбасарларын тағайындаудың ашық әрі саяси себептерге тәуелсіз процедурасын енгізіп, олардың өкілет мерзімі мен жұмыстан босатылу себептерін көрсетуді ұсынады. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жөніндегі ережеге сәйкес, президент ведомство төрағасы мен оның үш орынбасарын (төрағаның ұсынуымен) тағайындап, қызметінен босату құзыретіне ие. "Не ережеде, не "Құқық қорғау қызметі туралы" заңда басшылық қызметке тағайындау немесе жұмыстан босату талаптары, өкілеттік мерзімі көрсетілмеген" деп жазады баяндама авторлары.

50 елді біріктіретін халықаралық ұйым қылмыстық қудалаудан қорғайтын иммунитеті бар өкілетті тұлғаларды тұтқындап, тергеп, сотқа тартуды шектейтін процедуралар туралы құқықтық ережелерді қайта қарап, бұл иммунитеттің негізін, функционалды көлемі мен мерзімін анықтауды ұсынады.

Бағалау тобы қазір президент, парламент депутаттары, бас прокурор, судьялар, президент және парламент депутаттығына үміткерлер сияқты тұтқындау, тергеу, сотқа тарту бойынша ерекше процедуралар қолданылатын тұлғалар тізіміне көп адам кіретінін еске салады.

Билік бұл шараларды "иммунитет жүйесі" емес, "арнаулы процедура" деп атаған. Бірақ бағалау тобы бұл жүйенің бұрын өздері көп кезіктірген механизмдерге ұқсайтынын, олар басқа юрисдикцияларға қатысты иммунитет жүйесі деп қарастырылғанын айтады.

Есепте "Мұндай иммунитет "prima facie (жеке басқа тиіспеушілік) иммунитетіне" тең. Бұл абсалютті қорғау емес, өйткені бұл иммунитетті белгілі бір процедураның көмегімен алып тастауға болады. Бірақ бұл иммунитетке ашықтық жетіспейді, өйткені Конституция мен қылмыстық кодексте оның қай негізде қолданылып, қандай жағдайда алынып тасталынатыны көрсетілмеген" делінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жемқорлық радиациядан да қауіпті". Қазақстан мен Өзбекстан АЭС салуға дайын ба?

Бағалау тобы ақша жымқыруға қарсы күресте алға ілгерілеушілік барын байқаған. Ұйым сарапшылары жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін құру, қылмыстың алдын-алуға арналған стратегиялар мен бастамалар қабылдауды оң өзгерістерге жатқызған, бірақ мемлекеттік және жекеменшік сектор, азаматтық қоғам, тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар, ақпарат құралдары сияқты әртүрлі сала өкілдерін жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру үшін әлі де көп жұмыс істеу керек деп түйіндеген. Бұрын мемлекеттік істер және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің құрамында болған жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро 2019 жылы шілдеде тікелей президентке ғана бағынатын орган – жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі болып қайта құрылды.

Transparency International ұйымының 2019 жылғы зерттеуіне сәйкес, азаматтар мен кәсіпкерлер жемқорлыққа қарсы күрестің оң нәтижесін байқаған, бірақ әлі де жемқорлыққа қарсы базадағы кемшіліктер және ақпарат құралдарын мемлекеттік бақылау сияқты салмақты мәселелер бар. Билік жоғары деңгейдегі жемқорлық алаңдаушылық туғызып отырғанын мойындаған.

2020 жылы Қазақстан Еуропа кеңесінің жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнаулы органы – жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына кірген 50-мемлекет болды. Бұл ұйым Еуропа кеңесінің қаулысымен 1999 жылы 1 мамырда құрылған.

  • Ресми дерек бойынша, 5 маусымда референдумға қатысқан сайлаушылардың 77,18 пайызы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған өзгерістерді қолдап, дауыс берген. Құқық қорғаушылар мен белсенділер президентті дауыс беруді кейінге қалдыруға шақырып, референдумға бойкот жариялауға үндеген. Кейінгі бірнеше жылда елде тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған бірінші Конституцияға оралу туралы ұсыныстар жиі айтылып жүр. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата заңын қабылдауға қатысқан тұлғалардың айтуынша, 1993 жылғы Конституция үш билік тармағының құзыретін нақты белгілеген негізгі құжат болған.
  • Transparency International ұйымының "Жемқорлықты қабылдау индексінде" Қазақстан жемқорлыққа бейім мемлекеттер тобына жатады. Биылғы рейтингте Қазақстан сегіз орынға кері жылжып, 102-орынға жайғасқан. 2020 жылы мемлекет 100 балдың 38-ін жинап, 19 позицияға жоғары көтерілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Асқан қатыгездікпен азаптау", "қазақ билігін сынауға құлықсыз" Батыс және "жоғалған миллиардтарды" іздеген Тоқаев"Әзірге айтарымыз жоқ". Қазақстан билігі халықаралық зерттеу жайлы неге үнсіз?"Қаймақ қарпыған" Құлыбаев жайлы мақала: Нұр-Сұлтан "бәрі заңды" дейді, АҚШ Қазақстандағы "ұрлықты" айтады"Айран ішкен құтылып..." Қазақстандағы атышулы істер немен аяқталады?Жемқорлықпен күрестің қазақстандық ерекшеліктері