Accessibility links

111 млрд теңге. Құрама ойсырай жеңілген соң футболға бөлінетін қаржыға сұрау күшейді


Франция-Қазақстан матчында франциялық Килиан Мбаппе (10-нөмер) төрт гол салды. Париж, 13 қараша 2021 жыл.
Франция-Қазақстан матчында франциялық Килиан Мбаппе (10-нөмер) төрт гол салды. Париж, 13 қараша 2021 жыл.

Қазақстан футбол ұлттық құрамасы 14 қарашада Франция құрамасынан 0:8 есебімен ойсырай жеңілген соң әлеуметтік желіде көпшілік тарапынан сынға ұшырап, футбол мәселесі парламентте көтерілді. Бұрын да ұлттық құрама қарсыласынан жеңілген сайын сынға қалатын. Бірақ бұл жолғы наразылық бұрынғыдан да күшті сезілді. Неге?

Қазақстан футбол құрамасы 2021 жылы он ойын өткізіп, оның алтауында жеңіліп, үшеуінде тең түсті, тек бір жеңіс. Жалғыз жеңіс – 16 қараша күні Тәжікстан ұлттық құрамасымен жолдастық кездесу (1:0). Бірақ құрама бұдан екі күн бұрын, 14 қарашада 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойынында Франция құрамасынан 0:8 есебімен жеңілгенде футбол қоғамда қатты талқыланды. Тәжікстанмен ойындағы жеңіс Франциямен матчындағы 0:8 есебінің көлеңкесінде қалып кетті. 0:8 есебі – Қазақстан құрамасы тарихындағы ең ірі жеңіліс. Ұлттық құрама 2006 жылы Түркиядан, 2008 жылы Ресейден 0:6 есебімен жеңілген еді.

Франция құрамасының ойыншысы Карим Бензема (19) Қазақстан қақпасына екі гол салды. Париж, 13 қараша 2021 жыл.
Франция құрамасының ойыншысы Карим Бензема (19) Қазақстан қақпасына екі гол салды. Париж, 13 қараша 2021 жыл.

Құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов Франциямен ойынға негізгі ойыншылардың жарақат пен түрлі себептермен шықпағанын алға тартып, "не істейміз, бізге ойыншы жетіспейді" деді.

Франциядан жеңілістен соң Әділбек Жақсыбеков (елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі) басқаратын Қазақстан футбол федерациясына сын айтылды. Футболға мемлекеттік бюджеттің есебі бөлінетін миллиардтаған теңгенің есебі сұралды.

"Футболға миллиардтар бөліп, бірақ бүкіл әлемге масқара боламыз", "Қазақстанға сегіз Франция сыйып кетеді" деген сипаттағы сын мен әжуа көбейген соң Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мәлімдеме жасап, жанкүйерлерден кешірім сұрады. ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин федерацияның "екі жылда мемлекеттен 200 млн теңге алғанын" айтып, "жұрттың қайдағы миллиардтаған ақшаны айтып жатқанын түсінбедім" деп шамданды. Ол ҚФФ келесі жылдан бастап мемлекеттің қаржыландыруынан бас тартатынын, УЕФА-дан және жеке демеушілерден түскен қаражатпен жұмыс істейтінін айтып ақталды.

"Биыл және былтыр Қазақстан футбол федерациясына мемлекет бюджетінен 200 миллион теңге бөлініп, ол түрлі жастағы (U17, U19, U21), Blind-Football (зағип жандарға арналған футбол), әйелдер, жағажай және футзал командаларының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға және жарысқа қатысуы үшін жұмсалды" деді Айтқожин мәлімдемесінде.

"ШЕТЕЛ ФУТБОЛШЫЛАРЫН БАЙЫТУҒА ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫ"

Айтқожиннің сөзінен соң футболға бөлінетін мемлекет қаржысы парламент мәжілісінде де көтерілді. "Ақ жол" партиясы фракциясының сауалын оқыған депутат Қазыбек Иса елдегі футбол клубтарына бөлінетін қаржының көбі жеке футболшыларға төленетінін, инфрақұрылымға жұмсалмайтынын сынады.

"Спортымыз дамуы үшін алдымен инфрақұрылымдарымыз сай болуы керек. Бізде оған да ақша жұмсалмайды. Стадион, футбол алаңдары болмаса, балалар қайда ойнайды?" деді ол парламентте.

Фракция сауалында клубтарға үш жыл ішінде бөлінген 111,2 миллиард теңгені текке кеткен ақша ретінде сипаттайды. Мұны "Қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалған қаражат" деп атады.

"Премьер-лигада 2021 жылы 371 футболшы болса, бақандай 150-і, яғни жартысына жуығы – легионер, оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосыңыз, бәрі 166 легионер бар" деді Қазыбек Иса.

Килиан Мбаппе (10) Қазақстан қақпасына гол салған сәт. Париж, 13 қараша 2021 жыл.
Килиан Мбаппе (10) Қазақстан қақпасына гол салған сәт. Париж, 13 қараша 2021 жыл.

Мемлекеттік сатып алуларды зерттеп жүрген "Әділдік жолы" қорының жетекшісі Дидар Смағұлов та Facebook парағында үш жыл ішіндегі клубтарға бөлінген қаражатты есептеп шыққанын жазды. Зерттеу нәтижесінде шыққан сома Қазыбек Исаның дерегімен сәйкеседі.

Смағұлов бюджеттен қаржыландарылатын басқа да клубтардың бар екенін, оларды есептесе ақшаның 111,2 миллиард теңгеден асып кететінін айтады. Премьер-лигадағы клубтар арасында биыл мемлекеттен ең көп қаржы алғаны – Шымкенттің "Ордабасы" клубы – 3,6 миллиард теңге, ал ең аз ақша бөлінгені Оралдың "Ақжайық" клубы – 700 миллион теңге.

Елде футболға бөлінетін қаржының сұрауы күшейген тұста ҚФФ баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен ұлттық құрама негізгі демеушісі "Olimpbet" букмекерлік кеңсесі мен түрлі брендтердің қаржысымен күн көреді деді. Оның сөзінше, федерация ұлттық құрамада ойнайтын ойыншыларға жалақы бермейді, футболшылар өзі ойнайтын клубтардан ақша алады.

– Адамдар жазып жатқан 111 миллиард теңге – премьер лигада ойнайтын клубтарға кейінгі үш жылда беріліп жатқан ақша. Көп ақша, оны жұмсап жатыр. Бірақ олар ақшаны қалай жұмсайтынын ҚФФ шешпейді. Олар тек федерация ұйымдастыратын жарыстарға қатысады. Бұл жергілікті клубтарға сол жақтағы әкімдіктер бөліп отырған қаражат, – дейді ол.

"ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕТІН ЛЕГИОНЕРЛЕРДІҢ КӨБІ САПАЛЫ ОЙЫНШЫ ЕМЕС"

Алайда кейбір сарапшылар ұлттық құраманың ойын деңгейі ел чемпионатында ойнайтын клубтардың деңгейіне тікелей байланысты екенін, бас бапкер құраманы лигада ойнайтын қазақстандық ойыншылардан жасақтайтынын айтады.

Спорт журналисі, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы футболдың даму тенденциясын ескеру керек деп есептейді.

– Қалайық, қаламайық әлемде футбол нарығы ісініп тұр. Футболға ақша бөлуді доғарсақ, қазіргі деңгеймен жылап көрісетін халге түсеміз, – дейді ол.

Спорт комментаторы Қазақстанда легионерлер санына шектеу бар болса да, Еуразиялық одақ аймағынан келетіндердің көбейіп кеткеніне қарсы.

– Бізде армениялықтар, ресейліктер, беларусьтар легионер болып санылмайды. Осылардың футболшылары қаптап жатыр және олардың асып тұрған ештеңесі жоқ, – дейді Есей Жеңісұлы.

Бірнеше жыл футболдан балалар бапкері болып жұмыс істеген маман Сәрсенбек Оқастың айтуынша, бюджеттен футболға бөлінген қаржы өз мақсатына жұмсалмайды.

– Өтірік есеп толтыру осыдан басталады. Лимиттегі легионерлерді алып келеді де, өтірік келісім-шарт жасайды. Агенттер оларға келісім-шарттағы соманың белгілі бір бөлігін бөліске салатынын ескертеді. Бұған көп легионер келіседі, – дейді бапкер.
Маман бөлінген ақшаны клубқа, келісілген жалақыны клубтың ойыншыға толық көлемде бере салмайтынын бірнеше сенімді дереккөзден естіген.

"Қайрат" клубының бұрынғы қақпашысы, футбол функционері Құралбек Ордабаев та мұндай ақпараттан хабардар.

– Қазақстандағы легионерлердің көбі сапалы ойыншы емес. Аз уақытта клубтан клубқа ауысып жүре береді. Бұл тәсіл ойын үшін емес, астыртын жолмен қаражат шығару болуы әбден мүмкін, – дейді Ордабаев.

"Қазақстандағы жемқорлық қалай асқынып тұрса, футболда да сондай" дейді Есей Жеңісұлы. Оның сөзінше, "премьер-лигадағы 14 командының сегіз-тоғызы футболшыларға қарыз".

– Биылғы бюджетті игеріп тастайды да, ақыңды келесі жылы береміз дейді. Бұл – ақшаны жеу деген сөз. Ақшаны беріп отырған облыс әкімдіктері осыған мән беруі керек, – дейді ол.

Құралбек Ордабаев "бұл бақылау, тексеруді жергілікті биліктің үстінен республикалық органдар жасауы тиіс. Себебі облыс әкімдігінің де ақшаға қатысты мүдделері болуы ықтимал" деп санайды.

– Басшылар өзіне үлкен айлық тағайындап алады. Команданың келешегін емес, өзінің бүгінін ойлайды. Әкімдіктердің қаржы-ревизорлық комиссиясы әкімсіз ештеңе істей алмайды. Олар бәрін анықтауы мүмкін, бірақ әкім ары қарай жібермейді. Сол себепті көп нәрсе ашылмай қалады, – деген пікірде ардагер футболшы.

БАПКЕР ОТСТАВКАҒА КЕТЕ МЕ?

Қазақстан құрамасы 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатына іріктеуде Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина бар топта соңғы орын алып, әлем кубогына лицензиясыз қалды. Сегіз ойынның үшеуінде тең түсті, бесеуінде жеңілді. Іріктеу басталғанда да Қазақстанның Катарға жолдама алатынына ешкім сенбеген. Ал Есей Жеңісұлы "ұлттық құрама іріктеу турнирінде жаман ойнаған жоқ" деп бағалайды.

– Украинамен екі рет тең түсу – үлкен нәтиже. Бұған дейін іріктеулерде Украинамен төрт рет ойнап, ұлттық құрама төртеуінде де жеңілген. Боснияның алаңында 2:2 болып, тең ойнау да үлкен нәтиже. Бірақ осының бәрін Франциядан 0:8 есебімен жеңілгеніміз жуып-шайып кетті. Франция Қазақстанмен ойында жеңсе әлем чемпионатына жолдама алатынын білгендіктен матчқа қайралып, ширығып шықты. Біздің жеңілетініміз белгілі еді. Бірақ осындай есепті ешкім күтпеді. Бірақ суық ақылға салсақ, "шағын" (футболдан Еуропадағы Сан-Марино, Андорра, Лихтенштейн, Люксембург құрамаларын осылай атайды – Ред.) құрамалардың ішінде іріктеу кезеңінде дәл осындай есеппен жеңілмегені жоқ. Біз өзімізді олай атамасақ та, соған жатқызайық, - дейді ол.

Іріктеу жарысы аяқталған соң жанкүйерлер арасында ұлттық құрама бапкері Талғат Байсуфиновтің отставкасын талап еткендер де болды. Бапкердің өзі "келісім-шартым биыл желтоқсанда аяқталады, кету керек болса кетемін. Барлық жауапкершілікті мойныма аламын. Бұл ойынның нәтижесі үшін де мен алаңдаймын" деді.

Талғат Байсуфинов Франция-Қазақстан матчында. Париж, 13 қараша 2021 жыл.
Талғат Байсуфинов Франция-Қазақстан матчында. Париж, 13 қараша 2021 жыл.

Есей Жеңісұлының сөзінше, Байсуфинов өз алаңында команданы жұмылдыра алады да, сырт алаңда тізгінге бола алмайтындай көрінеді.

– Бұған дейінгі бас бапкерлерден асып кеткен ештеңесі жоқ. Бірақ оған тағы да мүмкіндік берілсе, себебі құрамаға әлі де осындай маман керек, – дейді журналист.
Футболдан балалар бапкері Сәрсенбек Оқас Байсуфинов келгелі ойыншыларда психологиялық сенім пайда болғанын байқаған.
– Техника-тактикалық жағынан ештеңе өзгермеген. Алайда алаңға шыққанда бұрынғыдай қорқып, қобалжуын жойған. Талғат Байсуфинов ойыншылардан жеңіс талап етеді. Футболшылар соны сезініп жүр, – дейді ол.
Талғат Байсуфинов ұлттық құрама бапкері қызметіне былтыр желтоқсанда тағайындалған. Ол бұған дейін 2016-2017 жылдары да ұлттық құраманы жаттықтырған еді. Жанкүйерлер арасында "ұлттық құраманы көп жалақы сұрайтын шетелдік бапкер жаттықтырғанша жергілікті маман баптасын" деген пікір де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG