КӘРІЗ БЕН ВАГОНДАРҒА КЕТКЕН АҚША
Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) биыл қаңтарда 173 млрд теңгеге "Бәйтерек" холдингінің облигацияларын сатып алды. Бұл ақша "ЗИКСТО" АҚ және "Қазақстандық вагон құрастыру компаниясы" ЖШС сияқты екі отандық компаниядан 3000 жүк және жолаушы вагонын сатып алуға жұмсалмақ.
24 қаңтарда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының экономика жөніндегі директоры Айдан Рысқұлов жұрттың зейнетақы жарналарын Қазақстанға Ресей салайын деп жатқан үш жылу электр орталығына (ЖЭО) инвестиция ретінде салу талқыланып жатқанын мәлімдеді. 7 ақпан күні премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр зейнетақы жинағы ондай мақсатқа жұмсалмайды деді. Бірақ әлі нақты шешім шықпағанға ұқсайды.
15 ақпанда Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин БЖЗҚ-дан 316 млрд теңге кәріз-тазарту жүйесі құрылысын салуға жұмсалатынын хабарлады. Шенеунік мұндай шығынның себебін елдің 69 қаласында кәріз-тазарту жүйесін салу керек және жөндеуден өткізу қажет деп түсіндірді.
Бұл қазақстандықтардың болашақтағы зейнетақыма деп жинаған қаражаты жұмсалатын үш жоба ғана. Жалпы көлемі – 1,5 трлн теңге. Халық арасында мұндай шығындар әдетте талқыға салынбайды және әңгіме өрбіген күннің өзінде түсініксіз, кейде қарама-қайшы ақпараттар айтылады.
Бірақ, жария болған жобалардың ішіндегі ең күмәндісі – "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясына вагондар сатып алу.
Шенеуніктер вагондар Қазақстанда жасалатын (made in Kazakhstan) болады деп уәде етті, бірақ ProTenge порталының ақпаратына қарағанда, әлгі аталған компаниялардың бірі – "ЗИКСТО" АҚ бұл вагондарды делдал арқылы Ресейдің Тверь вагон жасау зауытынан сатып алмақшы екен.
Әрі "ЗИКСТО" БЖЗҚ-дан бірінші рет ақша алып отырған жоқ. 2017 жылы теміржол платформаларын өндіру үшін бір кездері акциясының бір бөлігі "Қазақстан инжиниринг" компаниясына тиесілі болған кәсіпорын зейнетақы қаражатынан 20 млрд теңге инвестиция алған, ал 2019 жылы ақша да, компания уәде еткен тауар да жоқ екені белгілі болды.
Ол кезде зейнетақы қорының бір бөлігі Ресейдегі Владимир трактор зауытының құрылтайшысына қатысы бар ресейлік компанияға бұйырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандықтардың зейнетақы жинағын инфляция жалмап жатырАқыр соңында БЖЗҚ зейнетақы қаражатының қайтарылуына Қазақстан даму банкі кепілдік беретінін айтып, "ЗИКСТО" компаниясына деген талап-арызын қайтарып алды. Өзге ақпаратты қоғамнан жасырып, "ол коммерциялық құпия" деп мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюро-қорының негізін қалаушы Кирилл Павлов бұл хикаяда шенеуніктер "өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылды" дейді.
– Біз оны бақылап жүрміз. Мұның бәрінің артынан біреудің құлағы қылтияды. Өйткені мұндай ашықтан-ашық жасалған лоббиден кейін біз қандай да бір жемқорлық әрекеттер болғанын біліп жатамыз. Бәрінен күдіктену керек деп ойлаймын. Өйткені біздің елде жемқорлық осындай деңгейге жеткен. Ал зауыттың өзі мен вагон өндірісіне келер болсақ, ол жақтағы жемқорлық схемасы шым-шытырық. Оған сенсек, Қазақстан әуелден жарытып ештеңе өндірмегені, бәрін Ресейден алады, біздікі – сыртқы жапсырмасы ғана, – дейді Павлов.
Кирилл Павловтың айтуынша, ол "БЖЗҚ ақшасы тиімді жұмсалады" дегенге күмәнмен қарайды және үкімет қазақстандықтардың зейнетақы жинағын талан-таражға салып жіберуі мүмкін дейді.
"НЕГЕ APPLE ЕМЕС, "БӘЙТЕРЕК"?
Зейнетақы қаражатын пайдаланатын басқа жобалар туралы әзірге ештеңе белгісіз. Машина жасау, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, металлургия, құрылыс саласындағы жобалар қаржыландырылатын болады деп айтылған. Қоғамға бұл жобалар туралы толымды ақпарат бере ме, жоқ па, ол да белгісіз.
Теория жүзінде, БЖЗҚ ақшасын инвестиция етіп қайда жұмсайтыны жөніндегі ақпарат ашық, оны қалаған адам көре алады. Бірақ, ертеңгі күні ол қаражатты не қылатынын қадағалау қиын, өйткені мұндай жағдайларда БЖЗҚ ұлттық холдингтерге, мысалы, "Бәйтерек" пен "Самұрық-Қазынаға" инвестиция құяды. Бұл холдингтер өз кезегінде қаржыны еншілес компанияларына жібереді, ал олар кішігірім компанияға береді, ащы ішектей шұбатылған тізбек осылай жалғаса береді.
Осы қарыздар бойынша кіріске "Бәйтерек" және "Самұрық-Қазына" деңгейіндегі компаниялар кепілдік берсе, жұрт зейнетақы ақшасы қайда кетіп жатқанын білуі керек пе? Мемлекет керек емес дейді, шенеуніктердің айтқанына сенсек, ең бастысы, зейнетақы ақшасын алған мемлекеттік компаниялар тиынына дейін қайтарып беретініне кепілдік берсе жеткілікті-міс.
Үкімет ұстанымы мынадай: зейнетақы ақшасы инвестициялануы, яғни оларға облигациялар, акциялар және компаниялардың табыс әкелетін басқа да құнды қағаздары сатып алынуы керек. Облигацияларға келсек, олар шектеулі. Сонда ғана зейнетақы ақшасы Қазақстанда қымбаттап жатқан азық-түлік пен басқа да заттар сияқты инфляцияға жұтылмайды.
Бірақ сарапшылардың бәрі бірдей қор саясатымен келісе бермейді. "Неге Apple емес, "Бәйтерек"?" – деген тәрізді сұрақтар бірнеше рет қойылды.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев БЖЗҚ мен "Бәйтеректің" "кредиттік" қарым-қатынасының нарыққа қатысы жоқ және зейнетақы қоры "Бәйтеректің" облигацияларын сатып алу үшін қазақстандықтардың зейнетақы жарнасынан түсетін кірісті құрбандыққа шалып отыр деп есептейді.
– "Бәйтеректің" БЖЗҚ-ға қатысты істегені – әділетсіздік. Бұл ашықтыққа, жүйеге деген сенімге селкеу түсіретін әрекет. Өйткені мұның бәрі астыртын сөз байласуға, жымын білдірмей жымқыруға қатты ұқсайды. Сарапшылардың бәрі солай дейді. Зейнетақы қаражатынан қажет ақшаны алып шығып, мәселен, "Бәйтерекке" беру үшін, Ұлттық банк өзі сатып алған, тіпті сол сәтте оған пайда әкеліп тұрған бағалы қағаздарын сатып жіберуі мүмкін деген пікірді жоққа шығармаймын. Сондағы мақсаты – "Бәйтерек" облигациялары деп аталатын "құнсыз қағаздарды" алу.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жеке әмияны іспетті". Зейнетақы қорындағы ақшаны бюджеттің "жыртығын" жамауға жұмсайдыСарапшы холдинг неліктен бағалы қағаздарын қалаған адам сатып алсын деп ашық саудаға шығармайды деген сұрақ қойды.
– Ешқандай байқаусыз, бәсекесіз БЖЗҚ алады да, бәрін тікелей сатып алады. Бұл және мақсатты түрде, зейнетақы жарналарын шығаруға жасалған әрекет, – дейді ол.
Халықты зейнетақыға деп жинаған қаражатын инвестициялауға қатысты шешім қабылдау процесіне қатыстыру керек деп есептейді Арман Бейсембаев, өйткені кейде қабылданар шешім саяси мүдделер ықпалында кетіп қалуы мүмкін.
– Зейнетақы қаражатынан Қазақстан экономикасына инвестиция салуға қарсы емеспін. Бірақ алдымен бизнес жоспарды көрсетіңдерші. Мен зейнетақы жинағымды қайда жіберейін деп жатқандарыңды білуім керек қой. Менің ақшама вагон сатып алсаңдар, одан мен қанша пайда табамын? Ол экономикаға қандай пайда әкеледі? Барлық бенефициарлардың атын атап, түсін түстейтін толық тізім жарияла. Мен оны жазып алайын, – деп мысқылдады сарапшы.
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) да егжей-тегжейлі есеп берілмесе, ақшаны инфрақұрылым жобаларына пайдалануға қарсы. ХВҚ Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланше журналистерге "инфрақұрылым жобаларын бюджет есебінен қаржыландырған дұрыс" деді.
САЯСИ ШЕШІМДЕР
Ақшаны БЖЗҚ бөледі деп есептелгенімен, портфельдерге қатысты шешімді әдетте Ұлттық банк қабылдайды.
– Бейресми әңгіме кезінде банк қызметкерлерінің өзі мұның дұрыс емесін айтады. Бұл елдегі негізгі реттеуші мекеменің қызметі емес, – дейді Арман Бейсембаев.
Саяси күштер зейнетақы ақшасын осымен бірнеше рет пайдаланып отыр. Дағдарыс жылдарында екінші деңгейдегі банктерді құтқару, шығынға батқан компанияларға инвестиция құю, елдің қандай да бір саласын дамыту үшін инвестиция салу сияқты жағдайлардың бәрінде мемлекеттің көзі әрдайым халықтың болашақ зейнетақыма деп жинаған қаражатқа түседі.
Зейнетақы қоры әсіресе 2008-2009, 2015-2016 жылдардағы дағдарыс кезінде "банктерді құтқаруға" қаржы жұмсап, көп шығынға ұшырады. БЖЗҚ барлық операциялары тоқтатылғанға дейін бір жыл бұрын облигацияларын сатып жіберген және төрағасы елден қашып кеткен "Эксимбанктен" алашағын – проблемалық қарыздарды өндіріп алуға тырысып жатыр. "Валют-Транзит-банк", Qazaq Banki жағдайлары да соған ұқсас. 2016 жылы қазір жоқ болып кеткен "Қазкоммерцбанк" зейнетақы ақшасына тәуелді еді. Өйткені оны БТА-банк, Халық банк және Kaspi bank-тің кредит портфелін алуға мәжбүрледі.
– 2008-2009 жылдары – осы әлемдік дағдарыс басталған кезде, көптеген банктің жай ғана банкрот болуына жол бере салу керек еді. Кейін оларды қолдаудың қажеті де жоқ еді. Сонда бізде қазір анағұрлым дұрыс жұмыс істейтін, анағұрлым лайықты жүйе болар еді, – дейді Бейсембаев. – Мемлекеттік қолдау, т.б. шаралармен артық қыламын деп тыртық қылады. Әуелдегі ниеті түзу болғаны түсінікті. Өйткені 2008-2009 жылдары біз бұған дайын емес едік және қаржы жүйеміз жойылып кетуі мүмкін еді. Бірақ бұл бір-екі рет қайталанып тоқтай салған жоқ қой. Банктер тоқтаусыз ала беруге және қайтармай-ақ қоюға болатын тегін ақшаға дәнігіп алды.
Көптеген елдің саясаткерлері дағдарыс кезінде азаматтардың зейнетақы жинағына назар тігуді әдет қылған.
Жағдайы Қазақстанға ұқсайтын Оңтүстік Африкада мемлекет зейнетақы қорларын біріктіріп, олардың бір бөлігін инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салуға міндеттегісі келетінін айтып, пікір таластырып жатыр.
Канада елі де зейнетақы инвестицияларын талқылай бастаған. Ел ішіндегі жобаларға көбірек инвестиция салу туралы ұсынысты ең ірі зейнетақы қорларының бірі қатаң сынға алды.
"Ол зейнеткерлерге "Оттава Канаданың экономикалық дамуын қамтамасыз ете алмай отыр, оның орнына сендер төлем жасаңдар" деп айтқанмен бірдей ғой. Саяси мақсатқа жету үшін еңбекқор канадалықтың жинағын талан-таражға салуға тырысу дұрыс емес. ... Бұл инвестиция салатын адамдардың атына кір келтіреді. Канадалықтардың зейнетақы жинағы – еліміздің экономикалық даму департаменті емес", – деп жазды Alberta Investment Management Corp бас директоры.
ҚАЗІР БЖЗҚ КІРІСІ ҚАНДАЙ?
Қазақстандық зейнетақы қоры (дәлірек айтсақ – Ұлттық банк) зейнетақы жинақтарын инфляциядан (көлемі ресми белгіленген инфляциядан) қорғау міндетін атқарып отыр, алайда іс жүзінде ешқандай табыс тауып отырған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Балаларға ақша аудару, декларация, 85 мың теңге жалақы. 2024 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр?2015-2023 жылдардағы мәліметті алсақ, 2016 жылы активтер 0,55 пайыз, ал 2022 жылы рекордтық инфляция жағдайында 13,75 пайыз құнсызданған. Осы жылдар ішіндегі нақты рекордтық кіріс мөлшері (инфляция пайызын шегергенде) 2018 жылы 5,97 пайыз болды деп көрсетілген. 2023 жылы кіріс деңгейі инфляция деңгейінен небәрі 0,3 пайыз асқан.
Кірістің төмен болуы – зейнетақы активтерін қорқып, консервативті әдіспен басқару саясатының салдары. БЖЗҚ портфелінің басым бөлігі – мемлекеттік бағалы қағаздар. Ұлттық банк зейнетақы қаражатының жартысына жуығын үкіметке (қаржы министрлігіне) береді, ал ол алған ақшасын жылына 7-10 пайызбен ғана қайтарады. Консервативті саясаттың артықшылықтары да жоқ емес. Онда халықтың зейнетақы жинағынан айырылып қалу қаупі төмен болады. Өйткені консервативті қордан екі пайыздан жоғары орташа табыс күтуге болмайды.
Қазір БЖЗҚ ақшасы мемлекеттің, "Бәйтерек", "Самұрық-Қазына", "Өнеркәсіпті дамыту қоры", "Қазагроқаржы", "Қазатомөнеркәсіп", "АстанаГаз ҚМГ" ("Сарыарқа" газ құбырын салуға) ұлттық компанияларының борыш қағаздарына, банктерге, шет мемлекеттердің құнды қағаздарына, шетелдік компанияларға, депозиттерге және т.б. салынған.
Шет мемлекеттердің бағалы қағаздарының ішінде АҚШ үкіметінің облигацияларына ең көп – 1,5 трлн теңге ақша салынды. Ресей Украинаға басып кірер алдында және одан кейін 18,8 млрд теңгеге Ресей федерациясының қаржы министрлігінің облигацияларын сатып алғаны да таңғаларлық жайт. Арман Бейсембаев бұл "көршіге көмек" емес, алдағы қауіп-қатерді дұрыс бағалай алмау және соның салдарынан беделден айырылу деп есептейді.
"2023 жылы Ұлттық банктің болжалды есебінде ешқандай соғыс туралы әңгіме болмаған", – дейді сарапшы.