АЛҒАШҚЫ ПЕТИЦИЯ
Былтыр қазан айының басында Қазақстанның бірқатар қаласында белсенділер "Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" жаңа заң жобасына қарсы петицияға қол жинауға кіріскен. Мұндай жобаның бар екенін көпшілік сонда естісе де, оның бірқатар аспектісіне байланысты дау кейін басталды.
Заң жобасы шикі және қайшылыққа толы деген белсенділер ол мемлекеттік органдардың құзырын кеңейтіп, отбасына қауіп төндіруі мүмкін деп дабыл қаққан. Осы күнге дейін 67 мыңдай адам қол қойған петиция авторларының айтуынша, заң жобасында "зорлық-зомбылық" түсінігі тым кең, оның үстіне кей жағдайда зорлық фактісін анықтау үшін соттың шешімі де қажет емес.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, жаңа заң жобасы күшіне енсе, биліктің ата-анадан баланы тартып алып, оларды ата-ана құқығынан айыру құзыреті кеңейеді. Петиция жазу жөнінде бастама көтерген "Единство осознанных КЗ" құқықтық каналының негізін қалаушылардың бірі Дина Садердинова "түсініксіз терминдер мен ұғынықсыз заңдар жазған" парламент депутаттарын диалогқа шақырған. Заңгер Елена Игнатенко бұл заң жобасы "отбасының ішкі мәселесіне араласады, сондықтан Конституцияға қайшы" деген пікір айтқан.
"ПРОФИЛАКТИКАДАН" "ІС-ҚИМЫЛҒА" КӨШУ
49 баптан тұратын "Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы 2019 жылғы қазанда дайындалған. Былтыр сәуірде арнайы жұмыс тобы құрылып, тоғыз айдан бері талқы жүріп, жобаның көп бабына өзгеріс енгізілген. Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс былтыр 23 қыркүйекте заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Бірақ жобаны сенат әлі талқылаған жоқ. 21 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында заңның "нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау" деп жазды.
Ал қазіргі қолданыстағы 2009 жылы қабылданған "Тұрмыстағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" деген заң тек 26 баптан тұрады. Жоба авторлары қазіргі заң негізінен қылмыс жасалғаннан кейін ғана қолданылатынын және ішкі істер органдарына көп салмақ түсіретінін айтады. Сондықтан заң жобасында қылмыстың "алдын алу, анықтау, бақылау, тоқтату, жазалау және оңалту сынды бірнеше кезең қамтылған" деді жоба авторларының бірі, мәжіліс депутаты Ирина Унжакова.
Жобада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы мәселеде тек ішкі істер министрлігінің ғана емес, білім, денсаулық, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің не істеу керегі нақтыланған. Жоба авторлары мемлекеттік органдардың барлығы және тұтас қоғам атсалысып, тұрмыстағы зорлықты тоқтатуға септігін тигізуі қажет деп санайды.
ЖЕКЕ БӨЛМЕ, ПЛАНШЕТ, "ТОҢАЗЫТҚЫШ ТОЛЫ ТАМАҚ"
Кейінгі аптада заң жобасына наразылық әлеуметтік сипат ала бастады. Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтау сияқты қалаларда аналар жиналып, жобаны кері қайтаруды талап етті.
"Жоба авторлары "экономикалық зорлық-зомбылық" болмас үшін ата-аналар баланың бүкіл жағдайын жасауы керек, әрбір баланың шаршы метрі (кең үй – ред.) болуы тиіс дейді. Біз баланың жағдайын қалай жасаймыз? Өз басым 2013 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. 8 жылдан бері үйім жоқ. Бірінші мені үймен қамтамасыз етсін, жұмыс тауып берсін" деді астанада үкімет үйі алдына барып наразылық білдіргендердің бірі Ұлжан Мырзагелдиева.
"Отбасындағы зомбылық" заң жобасына наразылардың жолын арнайы жасақ бөгеді. Нұр-Сұлтан, 18 қаңтар 2021 ж.
Your browser doesn’t support HTML5
Әлеуметтік желіде де "әр балаға планшет әперу керек", "әр баланың өз бөлмесі болуы тиіс", "тоңазытқышты тамаққа толтырып қою керек дейді", "экономикалық зорлық-зомбылық жасады деп шешсе, баланы алып кетеді екен" деген әңгіме көп тарады. Заң жобасының авторлары да, сарапшылар да бар мәселе – заңдағы ұғым-түсініктердің нақтыланбауынан және жобаның халыққа дұрыс түсіндірілмеуінен деп санайды. "Бірақ планшет, жеке бөлме туралы әңгіменің барлығы шындыққа жанаспайды" дейді олар.
Заң жобасының 1-бабында "экономикалық зорлық-зомбылық" ұғымына "Заңды құқығы бола тұра адамды қасақана баспанадан, тамақтан, киімнен, дүние-мүлкі мен қаражатынан айыру" деген анықтама берілген. Заң авторларының айтуынша, онда ата-ана мүмкіндігінен тыс нәрсе талап етіліп тұрған жоқ, ол "қасақана", яғни әдейі жасалған іске ғана қатысты. "Мысалы, жағдайы бола тұра сабақ оқуына мүмкіндік жасамау, ата-анасы тамақ ішіп, баласына бермеу сынды жағдай көзделген" дейді жоба авторларының бірі, мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Азаттыққа сұхбатында.
"Пәтерде әр балаға белгілі бір шаршы метр кеңістік болуы керек" деген түсініктің қайдан шыққанын депутаттар да, белсенділер де білмейді. Заң жобасында үйдің аумағы, балаға жеке бөлме беру туралы ештеңе жоқ.
"НеМолчи.KZ" қорының негізін қалаушы, азаматтық белсенді Дина Смаилованың айтуынша, "Тұрғын үйде бір адамға 15 шаршы метрден болуы тиіс" деген шарт мемлекет жалға беретін баспана туралы кодексте көрсетілген және оның бұл заңға еш қатысы жоқ. Мемлекет тұрмысы төмен отбасыларға пәтер бергенде отбасының әр мүшесіне 15-18 шаршы метрден есептейді. Оның үстіне, мемлекеттік органдар азаматтарды мекенжайға тіркеуге алғанда да адам басына 15 шаршы метрден болуы керек деген қағиданы ұстанады. Бірақ бұл жақын туыстарға емес, бөтен адамдарды тіркеуге алғанда ғана ескеріледі, ал бір отбасы мүшелерінің бір мекенжайда тіркелуіне шектеу жоқ.
Дегенмен, жобадағы "экономикалық зорлық" түсінігі Қазақстан заңдарына қайшы келеді және мемлекеттің отбасының ішкі ісіне араласуына мүмкіндік береді деп санайтын мамандар бар.
– Бұл норма отбасының ересек мүшелеріне қатысты. Ол бойынша, отбасының кез келген мүшесі екіншісінен өзін материалдық тұрғыда қамсыздандыруды талап ете алады. Бұл "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 147-бабына қайшы, онда неке – бір-бірін материалдық тұрғыда қолдауға міндетті ер мен әйелдің одағы деп көрсетілген. Яғни бұл мемлекеттің отбасы бюджетін бақылауына мүмкіндік береді, – дейді заңгер Елена Игнатенко.
"ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ФИЗИКАЛЫҚ ЗОРЛЫҚ"
Заң жобасына сараптама жасаған адвокат Елена Игнатенко онда "қауіпті" деген 13 бап бар деп санайды. Бұқараның наразылығын туғызып жүрген де дәл осы баптар. Соның ішінде физикалық, сексуалдық және психологиялық зорлық туралы ұғымдардың ұғынықсыз тұсы көп дейді ол.
– Құжатқа сәйкес, ата-ананың баласына қойған кез келген шарты – бопсалау, ал ауызша берілген уәденің өзі (айталық, қалжың түрінде) психологиялық зорлық деп бағалануы мүмкін. Ерлі-зайыпты арасындағы кез келген ұрыс-керісті психологиялық зорлық-зомбылық қатарына жатқыза салу оңай, – дейді Игнатенко.
Дегенмен жоба авторлары ата-ананың балаға қоятын талабы мен бопсалаудың айырмашылығы бар дейді. "Бопсалау – құпия нәрсенің жария болуынан қауіптену. Оның мақсаты – пайда көру. Сондықтан ата-ананың тәрбиелік мақсатта баласына белгілі бір шарт қоюы бопсалау болып саналмайды" дейді мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Оның үстіне "сексуалдық зорлық" ұғымында да түсініксіз тұстар бар. Игнатенконың пікірінше, соның салдарынан "құқық қорғау органдары қызметкерлері ерлі-зайыпты арасындағы азғындық әрекетке не жататынын өз бетінше шешеді деген түсінік қалыптасады, ал бұл Қазақстанның Қылмыстық кодексіне қайшы" дейді адвокат.
Алайда жоба авторларының бірі, депутат Снежанна Имашева аталған баптарды көпшілік дұрыс түсінбей отыр деп санайды. Оның айтуынша, адамның "жан азабына түсіп, психикалық тұрғыда қиналуын көздеп, қасақана әрекет ету" психологиялық зорлыққа жатады. Мысалы, "Ата-анаңмен араласпайсың!", "Достарыңмен кездесуге тыйым саламын!" деген сияқты сөздерді айтсаңыз, бұл зорлыққа жатқызылуы мүмкін.
– Бұл тыйымның мақсаты – жұбайының я баласының игілігін ойлау, оны әлденеден қорғау емес, оның психикалық жағдайына манипуляция жасау, моральдық зиян келтіру, – дейді депутат Имашева.
Заң жобасын әзірлеуге қатысқан депутаттар "физикалық зорлыққа барлық нәрсені жатқыза бермеу үшін" оның түсінігін біршама нақтыладық дейді. Имашеваның айтуынша, сарапшылар зорлық деп адам "тек ауырсынып қоймай, азапқа түскен" жағдай физикалық зорлық деп бағаланады, дегенмен бұл анықтаманың өзі әлі де талқылануы тиіс.
"СОВЕТ КЕЗІНЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ҰҒЫМДАР"
Арнайы жұмыс тобы заң жобасының алғашқы нұсқасынан алып тастаған я өзгерткен норма бұл ғана емес. Депутаттар түрлі алыпқашпа әңгіме тудырған "баланың қызығушылығы мен қажеттігін қасақана елемеу" деген ұғымды да алып тастаған. Дәл осы бапта баланы тамақпен, киіммен қамтамасыз ету, оған тәрбие, білім беру, медициналық көмек көрсету және қауіпсіз өмір ортасын қамтамасыз ету туралы айтылған. Сарапшылар да, қоғам өкілдері де бұл анықтаманың тым ауқымды екенін, құзырлы органдардың тек вакцина салғызбағаны үшін ғана баланы ата-анасынан алып қоюына мүмкіндік беретінін айтқан.
Осы бапты жобаға енгізіп, кейін оны қайта алып тастаған Снежанна Имашеваның сөзінше, бұл ұғым заң шығарушылардың емес, қоғам өкілдерінің талабымен енгізілген. "Дағдарыс орталықтарының одағы" қоғамдық ұйымы ата-анасынан зорлық көріп жүрген балаларды қорғау мақсатында осындай термин енгізуді ұсынған. Кейін бұл ұғым жобадан мүлде түсіп қалған.
Снежанна Имашева бұрыннан бар ұғым-түсініктерді қайталап жазғанда наразылық туғанына таңқалады. "Дәл бұрынғыдай, бала өміріне қауіп төнген ерекше жағдайда ғана оны отбасынан алып қоюы мүмкін. Бұл норма совет кезінен келе жатыр, содан бері еш өзгерген жоқ" дейді Имашева. Оның айтуынша, қазіргі жүйе керісінше, балаларды отбасында қалдыруға тырысады, сондықтан баланы алып қою оқиғалары жылдан жылға азайып келеді.
Белсенді Дина Смаилова да "баланы алып қою" тәртібінің "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 82, 83-баптарында көрсетілгенін, бұл заң тек сол нормаға сілтеме жасайтынын айтады.
СҮНДЕТТЕУГЕ, ҚЫЗДЫҢ ҚҰЛАҒЫН ТЕСУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНА МА?
Кейінгі аптада әсіресе қазақ қоғамында жаңа заң жобасына қарсы шыққандардың көбі оның ұлттық салт-дәстүрге қайшы екенін айтып, наразылық білдірді. Белсенділер заңды "отбасы құндылықтарына соққы беретін, қазақы болмысымыздан айыратын құжат" деп сынады. Олардың айтуынша, бұл заң ұл баланы сүндетке отырғызуға, қыздың құлағын тесуге тыйым салады. Бірақ осы норманы заң жобасына енгізген қоғамдық ұйымдардың өкілдері жұрт құжаттағы нормаларды дұрыс түсінбеген деп санайды.
"Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасының 5-бабының 11-тармағында "адам құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге жол берілмейді" делінген.
Жобаны талқылауға қатысып, осы даулы бапты қосуды сұрағандардың бірі Дина Смаилова бұл баптың көздегені басқа еді дейді. Белсендінің сөзінше, "ол бап сүндеттеуге емес, қыз алып қашу, атастыру және мәжбүрлеп ерте некеге отырғызу сынды дәстүрлерге қарсы ойластырылған". Дегенмен о баста заң жобасында болған бұл бап та қазір түсіп қалған.
Жобаға қарсылар "менталитет пен қазақи қоғамға жат" деп атайтын нормалардың бірі – гендерлік теңдік туралы бап. Кейбіреулер заңның бұл нормасы Қазақстанда ер мен әйел арасындағы дәстүрлі некеден бөлек, біржынысты некенің пайда болуына жол ашады деп күдіктенеді. "Біз ұрпағымыздың азғындануын қаламаймыз", "ұлттық тәрбиемізден айырып, ата-ананы ақыл-есі толық жетілмеген баламен бір деңгейге қойып, бірдей құқық беруге қарсымыз" деді 19 қаңтарда Нұр-Сұлтанда депутаттармен кездесуде наразы аналар.
Заңгер Елена Игнатенко даулы заң жобасының бесінші бабында "гендерлік теңдік пен адам құқығы саласында заң мен халықаралық стандарттарды сақтау" деген норма болғанымен, гендерлік теңдіктің не екені айқын жазылмағанын, оның нақты анықтамасы Стамбул конвенциясында көрсетілгенін айтады.
– Конвенцияда оқу бағдарламасына баланың сексуалдық бағытын таңдауына мүмкіндік беретіндей етіп өзгеріс енгізу көзделген. Заң жобасы осы Стамбул конвенцияға қосылу процедурасын жылдамдатады, ал бұл біздің қоғамның моральдық ұстанымына қайшы, – дейді заңгер.
Ал құжат авторларының бірі депутат Ирина Смирнова заң жобасының басты мақсаты – бала мен ананың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отбасындағы зорлық-зомбылықты тыю екенін айтып, одан өзге барлық әңгіме – еш негізі жоқ даурықпа сөз дейді.
– Бізде гендерлік теңдік туралы заң 2009 жылы қабылданған. Содан бері 11 жыл өтсе де осы күнге дейін айтылып жатқан қауіптердің бірде-бірі болған жоқ. 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған гендерлік саясат тұжырымдамасы да бар. Бұл құжаттар әйел мен ер адамның теңдігінен өзге ешнәрсені көздемейді. Гендерлік теңдік – ер мен әйелдің қоғамда, жұмыста, ем алуда теңдігі бірдей екенін білдіреді. Бірақ қазір кейбіреулер бұған күмән келтіріп, біздің патриархалды қоғам екенімізді айтып отыр. Ал Стамбул конвенциясына Қазақстан қосылған жоқ, сондықтан оның нормаларынан бізге ешқандай қауіп жоқ. Біз тек әйел мен баланы қорғағымыз келеді. Бізде сонда моральдық ұстаным дегеніміз әйелді еркекке бағындыру ма? Сонда бізде баланы ұрып-соғуға, оған меншігім деп қарап, ойыңа келген нәрсені жасауға бола ма, сол ма біздің өнегеміз? – деп қарсы уәж айтады Ирина Смирнова.
БАЛАНЫ АГРЕССОРДАН ҚОРҒАУ МА, ӘЛДЕ НЕГІЗСІЗ АЛЫП КЕТУ МЕ?
Бұқараның наразылығына ұшырап, көп дау-дамайға негіз болған тағы бір бап та жобаның кейінгі нұсқасынан түсіп қалған. Дегенмен әлеуметтік желідегі, жиындардағы пікірлерден оның жобадан алынып тасталғанын білмейтіндер көп екені аңғарылады.
Жобаның 36-бабының 6-тармағында "Ата-анасының бірі кәмелетке толмаған балаға отбасында және тұрмыста зорлық-зомбылық жасады деген негізді болжам болса, кәмелетке толмаған балаға ата-анасының бірлесіп қамқорлық жасауына жол берілмейді" деп жазылған.
Заңгер Тамара Симахинаның айтуынша, "кез келген адам, тіпті анонимді түрде полицияға, кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі комиссияға я әлеуметтік бөлімге хабарласып, әлдебір отбасында балаға психологиялық, физикалық немесе экономикалық зорлық жасалып жатыр деген болжамын айтса, бұл норма негізінде баланы ол отбасынан алып кетуге болады".
Дина Смаилова "агрессорды сабасына түсіріп, әйелді қорғауға бағытталған" бұл бап заңда қала бергені дұрыс болар еді деп санайды. Оның айтуынша, қазіргі ережелер бойынша, әйел-баласын ұрып-соққан адамға 30 күнге қорғау нұсқамасы беріледі, бірақ ол бала-шағасының ортасында қала береді. Ұсынылған нормада агрессор есін жиып, тәубесіне келуі үшін, әйел баласын құшақтап, дала кезіп тентіреп жүрмеуі үшін агрессорды үйінен шығарып жіберу көзделген еді дейді белсенді.
"ГЕНДЕРЛІК" ЦЕНЗУРА?
Заңгер Тамара Симахинаның пікірінше, заң жобасында көрсетілген кей нормалар тіпті журналистер қызметіне де әсер етеді әрі мемлекеттік органның гендер, отбасы тақырыптарына жазуын "қадағалауына", яғни цензураға жол ашады.
– Заң жобасында (15-баптың 4-тармағы – ред.) ақпарат министрлігі "редакциялық саясатта гендерлік кемсітушілік пен зорлықты насихаттауға жол берілмеуін қамтамасыз етуі керек" деп жазылған. Бұл дегеніңіз – цензура. Мұндай болмауы керек, – дейді заңгер.
Ол заң жобасын әлі шикі деп санайды.
– Әр нәрсенің атын атап, түсін түстеп бере алатындай нақты сөзбен емес, бір норманы екі түрлі түсінуге болатындай етіп бұлыңғыр, түсініксіз тілде жазылған заң адам құқығын бұзуға, қиянатқа, жемқорлыққа жол ашады, – дейді Тамара Симахина.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Заң қатайды, қылмыс азаймады. Педофилиямен күрес неге нәтиже бермейді?