Мақала сәл ұзақ, сізге ыңғайлы болу үшін бірнеше бөлімге бөлдік. Қызықтырған бөлімді оқу үшін тиісті тақырыпшаны түртіңіз.
"Қазақша жаздың" тұтынушы құқығы үшін күресі
Қазақ тілін мемдермен түсіндіретін Qazaq Grammar
Лингвистиканы қарапайым тілмен түсіндіретін Kazak Bubble
Калькамен күресетін "Калькасыз қазақ тілі"
Шетел фильмдерін қазақша әзілге айналдыратын Qial Dub Studio
"ОРЫС ТІЛІН КЕМСІТПЕЙМІЗ, ТЕК ӨЗ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ"
Былтыр Қазақстанда қазақ тілді тұтынушының құқығын қорғайтын ерекше қозғалыс пайда болды. Жас белсенділерден құрылған "Qazaqsha Jaz -Қазақша жаз" қозғалысы түрлі компаниялар, кафе-мейрамхана, дүкендердің желідегі парақшаларына хат, пікір жазып сыпайы түрде қазақша ақпарат, меню сұрайды. Қозғалыс белсенділері бұл әдісті "тербеу" деп атайды. "Тербеудің" бірнеше ережесі бар: тек заң аясында әрекет ету, сыпайы болу және балағат сөз жазбау.
– Қозғалысты бастаған белсенділердің бәрі зорлық-зомбылықсыз орта құруға тырысып жүрген адамдар. Сондықтан әуел бастан-ақ агрессив әдіс қолданбаймыз деп шештік. Біз мысалы, компания парақшасындағы бір постың астына "Саламатсыз ба, дүкеніңізге жиі баратын едім. Өнімдеріңіз қатты ұнайды. Егер парақшаңызға қазақша ақпарат қоссаңыздар, маған тіпті ыңғайлы болар еді. Рақмет!" деген сынды пікір қалдырамыз. Соның арқасында бизнеспен дос болуға тырыстық. Олар да біз құқықтарымыздан артық ештеңе талап етпейтінімізді түсінді, – дейді қозғалыс бастамашыларының бірі Әлия Сари.
Қозғалыс белсендісінің айтуынша, осындай бастамалардың арқасында қазақша ақпарат сұрау нормаға айналған және тұтынушылар мұның еш оғаштығы жоғын түсінген. Негізі белсенділер "тербеуге" кіріспес бұрын ақылдасып, "тербелетін" компанияны таңдайды. Бірақ кейінірек белсенділер таңдалған "нысаннан" бөлек, өзі тұтынатын брендтерге де өз бетінше жаза бастаған. "Адамдарда бұл әдет қалыптаса бастаған сияқты" дейді Әлия.
Бірақ топ мүшелері бұл әдіс көп күш талап ететін айтады. Олар бір жылдық жұмыстың пайдасы шамамен 33 пайыз болды дейді, яғни қазақша ақпарат сұраған компаниялардың үштен бірі белсенділердің талабын орындаған.
– Мұның себебі заңға тіреледі. Заң қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушының құқығын қорғамайды. "Тербеу" кезінде кикілжің, шиеленістер болды. Бізден "Қай заңға сүйеніп ақпарат сұрап жатырсыңдар?" деп сұрайтын. Ал бізде шынымен ондай бап жоқ. Тұтынушы құқығы туралы заңда баннер, мәзір сияқты көрнекі ақпарат қана қазақша болуы керек деп жазылған. Ал сайт, әлеуметтік желідегі ақпаратты ешкім қадағаламайды. Сондықтан интернеттегі қазақ тілінің мәртебесін белгілеп қоюымыз керек. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Әлия.
Белсенді интернеттегі қазақ тілі мәселесі пандемия кезіндегі карантинде қатты білінгенін айтады. Бәрі үйде отырған соң әлеуметтік желіні көбірек қолдана бастаған, компаниялардың онлайн сервисін жиі пайдаланған.
– Интернетте де қазақша ақпарат болу керегін бәрі сол кезде түсінді. Сіз дүкенге барғанда қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап ете аласыз да, интернетте талап ете алмайсыз. Осыдан келіп теңсіздік туындайды. Бізге енді бұған дейінгі құқықтарымыз аз. Сол үшін депутаттарға хат жазып, заңға өзгеріс енгізуге тырысып жүрміз. Бізге алдағы уақытты "міне" деп көрсететін құқық керек, – дейді Әлия.
Қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп жүрген белсенділерді "орыс тіліне қарсылар, ұлтшылдар" деп айыптайды және қудалауға ұшырайды. Мәселен, биыл тамызда "Til Maydani онлайн партиясы" Youtube арнасының авторы, белсенді Қуат Ахметовті сауда орындарына барып, тек қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айыптап, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Оның әрекеті Ресейдің кремлшіл басылымдарында талқыланды. Кейін Ахметовтің Киевке кеткені белгілі болды.
Ал "Қазақша жаз" қозғалысының өкілі Әлия Сари қазіргі жас белсенділер "іс-әрекетімен орыс тілін еш кемсітпейтінін, тек өз құқықтарын талап ететінін" айтады.
– Тарихи, мәдени және географиялық жағдайға байланысты орыс тілін қолданыстан алып тастау мүмкін емес. ТМД елдерінде билингуал яғни, қос тілді қатар пайдалану – кең таралған құбылыс. Мақсатымыз – теңдікке қол жеткізу, шеттетуді тоқтату және қазақ тілінің мәртебесін нығайту, – дейді ол.
"ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЕРЕЖЕСІН САҚТАУҒА ҮЛЕС ҚОСҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ"
Qazaq Grammar тобы да қазақ тілін дамыту үшін ерекше жол таңдаған. 35 мың оқырманы бар Instagram парақшасында олар қазақ тілі туралы танымдық постар, қызықты деректер мен әзіл мемдер жариялайды. Жоба авторы Нұрсұлтан Бағидолланың сөзінше, Qazaq Grammar – ерікті екі адам жүргізіп отырған ағартушы жоба. Instagram парақшасында қазақ тілінің ережесі, сөйлеу мәнері арнайы дизайнмен шығып тұрады. Топ өкілдері осы арқылы қазақ тілін тазартып, оның ережесін сақтауға үлес қосқымыз келеді дейді.
– Университетте оқып жүргенде студенттердің қалай сөйлейтінін байқайтынмын. Қазақ тілін білетіндердің өзі қатесіз, таза сөйлей алмайды. Бұл жағдайды өзгерткіміз келді. Өйткені осылай кете берсе қазақ тілі пиджин не креол тілге (тілдің негізгі құрылымы бұзылып, қарапайым жолмен дамуы – ред.) айналып кетуі мүмкін еді. Жобаны бастауға түрткі болған да осы. Жобаның оқырмандар қолдауынан басқа қаржы көзі жоқ. Қаржыландыратын өзіміз және оқырманның донейті, – дейді Нұрсұлтан.
Жоба авторлары тілге қатысты мемдер мен әзіл жазба жариялау арқылы қазақ тілінің айналасындағы таптаурын көзқарасты бұзып жатырмыз деп есептейді. Олардың пікірінше, қазақ тілі бұрынғыдай "ауыл тілі" деген түсініктен арылып, заманауи тіл бола бастаған.
"ҚАЗАҚ ТІЛІН ҒЫЛЫМИ ТҮРДЕ КӨП НАСИХАТТАУ КЕРЕК"
Қазақ тілінің қыр-сырын позитивті жолмен түсіндіріп жүрген тағы бір жоба – Kazak Bubble. Олар түрлі сөздің шығу тарихын, тілге қатысты даулы мәселелердің төркінін ғылыми негізге сүйеніп түсіндіреді. Жоба атауындағы "Bubble" сөзі Інжілдегі Бабыл мұнарасы туралы аңызға сілтейді. Аңыз бойынша, адамдардың бәрі кезінде бір тілде сөйлеп, Бабыл қаласында (Вавилон) көкке дейін жететін мұнара тұрғызбақ болған. Бірақ Құдай бұл қылығы үшін оларды жазалап, тілін өзгертіп жіберген. Содан қалған "Бабыл мұнарасы" жоба атауына негіз болған.
Жобаның негізін қалаған Бибарыс Сейтақ былтыр Назарбаев университетін тілтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонда оқып-түйгені жоба бастауға себеп болған.
– Қазақ тілін түсіндіргенде көбі зерттеп, білмей жатып әр нәрсені айта береді. Күшті-күшті теория құрастырады. Мысалы, "Аргентина" деген "арғын" деген сөзден шықты деп жүргендер бар. Адамдар соған сенеді. Бірақ оларды бұл үшін жазғыруға болмайды, өйткені олар лингвистиканы оқымаған ғой. Ал мен оқыдым, әлгіндей теорияларды қалай тексеру керегін білемін. Сондықтан тілтану ғылымын тарату керек деп ойладым. Әйтпесе жаңағыдай ғылыми негізі жоқ әңгімеден кейін "тіл тек қарым-қатынас құралы" деген сияқты пікір пайда болады. Ал шын мәнінде тіл көптеген саяси бөліністердің діңі болды, болып жатыр және бола береді, – дейді Бибарыс.
Жоба былтыр көктемде қазақ тілін үйреніп жүргендерге арналған парақша ретінде ашылған. Сондықтан алғашқы постар орыс тілінде шықты. Бірақ парақшаға қазақша білетіндер де жазыла бастаған соң жазбалар қазақ және орыс тілінде қатар шығатын болды.
- Жобамызды қоғам өте жақсы қабылдады. Біз дизайнға көп көңіл бөлетінбіз. Бәлкім содан шығар. Әлде тақырып өзекті болған соң ба, әйтеуір адамдар жақсы қолдады. Тілді үйреніп жүргендер де, тілді білетіндер де жазылып, қуанып қолдап жатты. Бірақ өзім ағартушылықпен айналысып жатырмын деп айтқым келмейді. Өйткені мен ешқандай жарық әкеліп жатқаным жоқ. Тек лингвистиканы қарапайым жұртқа түсінікті тілмен жеткіземіз, – дейді жоба өкілі.
Kazak Bubble мүшелері қазір визуал ақпарат заманы екенін, сондықтан парақша дизайнына көп көңіл бөлетінін айтады. Бұған қоса түрлі тақырыпқа әндер, әзілдер шығарып тұрады. "Кез келген негативке позитивпен жауап беруге тырысамыз" дейді Бибарыс.
Қазір жобада жеті адам жұмыс істейді. Оның ішінде қазақша, орысша мәтіндерді тексеретін редакторлар мен дизайнерлер, техникалық маман бар. Бәрі жобаға өз еркімен қосылған, ерікті түрде жұмыс істейді. Арасында оқырмандар қаржылай қолдау көрсетіп тұрады. Ол ақша Kazak Bubble ашық хаты мен стикерін жасауға жұмсалады.
Бибарыстың айтуынша, лингвистика – қазақ қоғамында көп елене бермейтін тақырып. Бірақ ол лингвистика Қазақстан үшін керек сала деп санайды.
– Бізде тілге байланысты кикілжің көп болады ғой. Соларды қайткен жөн, басқа елдер ондай мәселені қалай шешіп жатыр деген сұрақтарда ғылым көбірек ескерілуі керек. Сол үшін қазір қазақ тілін ғылыми түрде көбірек насихаттау қажет болып тұр.
"МЕДИА, ОҚУЛЫҚТАР, ӘДЕБИЕТ – БӘРІ КАЛЬКА ТІЛ БОЛЫП КЕТКЕН"
Ал редактор, тіл маманы Назгүл Қожабек қазақша білетін, қазақша жазатындарға арнап "Калькасыз қазақ тілі" деп аталатын телеграм-канал ашқан.
Автор қазақ тілінде жиі кездесетін грамматикалық қате, сөйлегенде байқалатын қате мен тілдегі калька сөз туралы жазып отырады.
Телеграм-канал авторының "қазақ сөздерімен орысша" жазылған мәтін азайса деген арманы бар. Осы жоба арқылы көздеген мақсатына жеткісі келеді.
– Қазақ тілінің қанын орыс тілінен тазарту керек, әйтпесе балаларымыз осыдан отыз жыл бұрынғы кітаптарды оқи алмай қалады. Қазір медиа, оқулықтар, әдебиет – бәрі калька тіл болып кеткен. "Калька тілді байытады" деген – еріншектің сылтауы. Калька тілді құртады. Бәрінен арыла алмаспыз, тым болмаса шетінен ақырындап тазаласақ екен, – дейді Назгүл Қожабек.
Бір жыл бұрын ашылған каналдың қазір алты мыңнан астам оқырманы бар.
– Жобаны қазақ тілінде ақпарат таратын журналистер, SMM мамандарына арнап жасағым келді. Өйткені бәрінің қайталайтыны – бір қате. Телеграм-канал жақсы дамып жатыр деп ойлаймын. Жұрт осылай жапатармағай жазылады деп күткен жоқ едім. Бірақ аудитория канал неге керек екенін түсінгенде, пайдасы барын білгенде жақсы қабылдады. Ең қуантқаны – ірі медиаресурстардың директор, бас редакторлары, баспалар бүкіл редакция қызметкерін тіркетіп қойған. Демек бекер болмағаны, – дейді автор.
"ҚАЗАҚ ТІЛІ ЗАМАНАУИ ТРЕНД ТІЛІ ДЕ БОЛУЫ ТИІС"
Аудармашылар мен әуесқой дыбыстаушылардан құрылған Qial Dub Studio (Қиял даб студио) жобасы шетел фильмі мен мультфильмінің қысқаша үзіндісін қазақша дыбыстаумен айналысады. Ел арасында мұндай аударманы "гоблин аудармасы" деп атайды. Бұл – фильмнің түпнұсқадағы дыбысын өзгертіп, басқа тілде не басқа мағынада қайта дыбыстау. Qial Dub Studio көбіне фильм үзіндісін қоғамдағы көкейкесті мәселемен байланыстырып, мағынасын өзгертіп қайта дыбыстайды. Жоба мүшелерінің бірі Әмір Өсерхан "мақсатымыз – қазақ тіліндегі контент көбеюіне үлес қосу" дейді.
Қазір жобада дыбыс, видео, мәтін өңдейтін бірнеше адам бар. Бәрі желіде, қазақ тіліне арналған чаттарда танысқан. Әмірдің сөзінше, топ мүшелері әр қалада болғандықтан жұмыс барысында біршама қиындық туады. Бірақ топ мүшелері алдағы уақытта көбейіп, үлкен студия ашқысы келеді.
– Кішкентайымнан "Басқа елдер кино мен мультипликацияны ана тілінде қарап жүр, ал біз неге бөтен тілде қарауға мәжбүрміз?" деген сұрақ мазалайтын. Қазір осы жобамыз арқылы қазақша дыбыстаудың мәртебесіне аз да болса үлес қоссақ дейміз. Болашақта кеңейіп, толық метражды фильмдерді дыбыстасақ деген ойымыз бар. Қазақ тілі – әдеби тіл ғана емес, заманауи тренд тіл болуы керек, – дейді Әмір.
Парақшада жаңа дыбысталған видео жиі шықпағанымен, видеолар ондаған мың рет қаралған. Үзінділер көкейкесті мәселені қозғайтындықтан, әр видео қоғамда қызу талқыланады. Топ мүшелерінің айтуынша, парақшаға жазылғандар қаржылай да қолдау білдіріп жатады. Бұдан басқа жобаның қаржы көзі жоқ.
Әмір "қазақша дубляж – шет тіліндегі ақпаратты қазақша аудиторияға жеткізудің негізгі құралы" деп санайды.
– Халық өз елінде ақпарат алу үшін өзге тілдерді білуге міндетті емес қой. Дубляж ең алдымен солар үшін маңызды, – дейді ол.
"БҰЛ ТОПТАР КРЕАТИВТІ ҚАДАМДАРЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ"
Қазақстан қоғамындағы тенденциялар мен өзгерістерді, жастардың іс-әрекетін зерттеп жүрген әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу тобының өкілі Серік Бейсембаев бұл топтар Қазақстанда кейінгі жылдары пайда болған азаматтық белсенділіктің бір көрінісі деп санайды. Әлеуметтанушы еріктілерді "көзі ашық, сауатты, еркін ойлайтын және Қазақстан азаматы ретінде қазақ тілінің жағдайына бей-жай қарай алмайтын жастар" деп сипаттайды.
Серік Бейсембаевтың байқауынша, бұл белсенділер бұрынғылардан жаңа технологиялар қолдануымен, креатив іс-әрекетімен ерекшеленеді.
– Қарапайым еріктілерден құрылған топтар әлеуметтік желілердің бар мүмкіндігін мәселені шешуге бағыттап жатыр. Қазіргі топтардың қандай да бір партиямен, қоғамдық ұйыммен байланысы жоқ. Ал бұл мәселеге қарапайым бұқараның араласуына жағдай жасайды. Бұған дейінгі қазақ тілі мәртебесі үшін күресте осы жетіспейтін. Бізде тіл мәселесін мемлекет шешу керек деген түсінік бар. Бұл – әлсіз позиция. Өйткені мемлекет бюрократиялық аппарат ретінде белгілі бір көрсеткіштер үшін жұмыс істейді. Мысалы, олар жылына 20 кітап шығарып қоя салуы мүмкін. Қазақ тілі одан дамымайды. Оның орнына барынша көп адамды қамтитын, ешкімнен ақша алмайтын энтузиаст еріктілер керек, – дейді әлеуметтанушы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Мәскеудің "орыстарды қорғауы", Нұр-Сұлтанның Кремльге "жалтақтауы""Қазақша сөйлеуге мәжбүрлеудің орнына тіл үйретуіміз керек""Мың өліп, мың тірілген". Еділ бойындағы қазақтар ана тілінен ажырап барады"Жұмсақ күш" пе, әлде "өріс кеңейту" ме? Қытайдың бас газетінің сайты қазақ тілінде шыға бастадыУэльс тілін қалай тірілтті?