Accessibility links

Айман Алдаш: "Суды" "сұу" деп жазсаңыз да үндестік заңы өзгермейді. Онда артық әріптің керегі не?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақ жазуын латын графикасына көшіру неге ұзап барады? Латын графикасына байланысты тілші ғалымдар арасында пікірталас неге тоқтамай отыр? Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам талқысына ұсынған "Жетілдірілген әліпбиді" қолдаушылар мен оны қолдамайтын ғалымдар не дейді? Азаттық тіл маманы Айман Алдаштан сұхбат алды.

Азаттық бұған дейін Қазақстан үкіметі жанынан құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлтттық комиссия мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры Қаламқас Қалыбаеваның пікірін жариялаған еді. Ол бір топ ғалым латын графикасына көшіру кезінде қазақ тілінің үндестік заңы негізгі принципке айналмағанына наразы екенін, ал латын графикасының жаңа емлесі бұрынғы кириллица емлесінің көшірмесі ғана деп санайтынын айтқан еді.

Бұл жолы аталған орфографиялық жұмыс тобының тағы бір мүшесі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Айман Алдашпен сөйлестік. Ол "үкіметке ұсынылған кейінгі жоба қоғам сұранысына сай келеді" деген пікірде.

Азаттық: 2017 жылдың күзінен бастап латын әліпбиінің диграф нұсқасы, апостроф нұсқа, одан кейін акут нұсқасы шығып, бірақ кейін жарамсыз боп қалды. Оның орнына латын графикасының "жетілдірілген жобасы" талқыға шықты. Тіл білімі институты көп жыл зерттеп, жасаған "Ұлттық жоба" неге ұсынылмады?

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Айман Алдаш.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Айман Алдаш.

Айман Алдаш: "Ұлттық жоба" да, "Жетілдірілген жоба" да шартты атаулар. Әліпбиді талқылау басталған кезде-ақ "Ұлттық жоба" үкімет алдына барғаны, ысырылып қалғаны мәлім. "Акут нұсқадан" кейін латын графикасын қайта талқылау қажет дегенде Тіл білімі институты "Жетілдірілген жобаны" ұсынды, бірақ оның бұрынғы "Ұлттық жобадан" айтарлықтай айырмасы жоқ. "Жетілдірілген жобаны" қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Қазақстан үкіметі жанындағы Ұлттық комиссияның орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік және ІТ-сүйемелдеу жұмыс топтарының мамандары әлденеше рет талқылады, талқылауға басқа сала мамандары да қатысты. Пікір талқысында осы жобаның дұрыс екендігі анық көрінді. Мамандардың басым көпшілігі осы жобаны дұрыс деп қол қойған ресми құжат Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ғылыми-практикалық орталығында сақтаулы.

Биыл қаңтар айының соңында Қазақстан үкіметі жанындағы Ұлттық комиссия отырысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары жасаған қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасы және "Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелерінің" соңғы нұсқасы мақұлданды. Көп пікірде "әліпбиді пайдаланатын – халық" деген аксиома жиі айтылады, олай болса, жетілдірілген жобаның халық талқысынан өткенін тағы бір мәрте айтуға тура келеді. Сан түрлі эксперимент, сауалнама жетілдірілген жобаның халықтың іздегені мен күткеніне сай екенін көрсетті.

Қазақстан үкіметі 2021 жылғы 28 қаңтарда ұсынған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі.
Қазақстан үкіметі 2021 жылғы 28 қаңтарда ұсынған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі.

Азаттық: Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жетілдірілген нұсқасын қолдамайтын тілтанушы ғалым көп сияқты. Совет кезінде де әліпбиге байланысты көптеген ғылыми пікірталас болды. Қазіргі пікірталастарда қай жақтың ұстанымы дұрыс деп есептейсіз?

Айман Алдаш: Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау мәселелеріне араласып жүрген зерттеуші ретінде де, ана тілін пайдаланушы ретінде де жетілдірілген әліпби жобасын қолдаймын. Бірнеше уәж айтуға болады. Біріншіден, бұл жоба сонау тоқсаныншы жылдың басынан бастап әліпбитану саласының мамандары әбден зерделеген, талдаған ғылыми-практикалық жұмыстардың тиянақты жемісі.

Ғылымның дамуы мен ғылыми ақиқатқа жетуі үшін пікірталас керек. Бір мәселенің төңірегінде сан алуан көзқарас болады. Әліпби жайына келгенде, жетілдірілген жоба мен басқа да нұсқаларды қолдайтын мамандарды "аз ба, көп пе" деп санын шығарудың қисыны жоқ. Өйткені пікір айту еркін дегенмен өз пікірін мойындату үшін қай мәселеге де болмасын, жан-жақты тереңдеп барған жөн. Осылайша кейде алғашқы пікір өзгереді.

Президент жарлығымен бекітілген, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы жарияланған газет. 27 қазан 2017 жыл.
Президент жарлығымен бекітілген, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы жарияланған газет. 27 қазан 2017 жыл.

Әліпби мен емле мәселесіне Алаш қайраткерлері айрықша назар аударғаны, олардың барлық көзқарастары мен пікірталастары бүгінгі зерттеушілерге таныс. Совет кезінде әліпби түзу, емле жасау талқылау жетпісінші жылдарға дейін толастамағаны да рас. Қазақ тілші-ғалымдары кирилшеге негізделген қазақ әліпбиін жетілдіру, әліпбиді ретке келтіруге, ең бастысы, мүмкіндігінше қазақ жазба коммуникациясының заңдылықтарын, талаптарын сақтауға, тілдің дыбыстық жүйесін толық қамтуға қарай бейімдеу мүддесін ұстанды. Мәселен, сол жылдардағы талқылаудың бірінде кирилше э әрпін е әрпіне ауыстыру жайы қаралған. Бұдан басқа да көптеген ұсыныстар болған.

Азаттық: Жетілдірілген жобаны сынайтын ғалымдар латын әліпбиін жасағанда сингармонизм – үндестік заңы басты ұстаным болуы тиіс, сонда жазу да оңайлайды, тілдің табиғаты да бұзылмайды деп есептейді. Бұл уәж қаншалықты дұрыс?

Айман Алдаш: Үндестік заңы – қазақ ауызша сөзінің негізгі заңдылықтарының бірі. Үндестік заңы бойынша түбір, буынға жалғанатын қосымшалар, дауысты және дауыссыз дыбыстар бір әуезбен, бір үндес болып айтылады. Бірақ оның да екі түрі бар.

Қазақ сөзі езу емеурінімен айтылады. Осылайша айтылған сөзді дәл солай емлеге түсіру жазуды жеңілдетпейді.

Ғалымдар еріндік үндестік және езулік үндестік деп бөледі. Бұл тілдегі сөздердің ерін емеурінімен және езу емеурінімен айтылуына байланысты. Қазақ сөзі езу емеурінімен айтылады. Осылайша айтылған сөзді дәл солай емлеге түсіру жазуды жеңілдетпейді. Осы тұжырым фонетика, фонология саласын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде сан мәрте қайталанады. Рас, береке, береке-мен; балапан, балапан-ға, мектеп, мектеп-тер дегендерде түбірде де, түбірге қосымша жалғанғанда да үндестік заңы сақталады, бір әуезбен айтылады. Бірақ Айсәуле, көгал дегендерде үндесім жоқ қой. Зерттеулерде қазақ сөзінің 5 пайыздан астамы үндестік заңына бағынбайтын сөздер екені дәлелденген.

Енді үндестік заңының басты белгісінің бірі – "айтылуы" деген сөзге мән берелік. Қалай айтылса, солай жазу керек десек "Ұйұм басшысы қол ғойуға келібеді", "Балапаңға арналған ән", "күнүгеше", "сеңғана" деп жазамыз. Бұл – айтылу нормасы, айтылудың табиғи, дұрыс нормасын қарастыратын орфоэпия ғылымының мәселесі. Орфография және орфоэпия ғылымдарының түйісетін тұстары да, алшақ кететін реттері де бар. Рас, айтылу арқылы кірігіп кеткен, құрамындағы түбірлердің мағынасы көмескіленген белбеу, білезік деген тәрізді сөздер бар. Қалған уақытта айтылуды дәл солай жазуға түсіру мүмкін емес.

Жазушы Мұхтар Әуезовтің 1935 жылы латын графикасына негізделген қаріптермен қазақ тілінде шыққан кітабы (ортада).
Жазушы Мұхтар Әуезовтің 1935 жылы латын графикасына негізделген қаріптермен қазақ тілінде шыққан кітабы (ортада).

Азаттық: Үндестік заңы ұстанымын қолдайтын ғалымдар жетілдірілген латын әліпбиі емлесінің қазіргі кириллица емлесінің принциптерінен айырмасы шамалы деп санайды. Бұл қаншалықты ойға қонымды? Жетілдірілген нұсқа емлесінің кириллица емлесінен қандай айырмасы бар?

Айман Алдаш: Біріншіден, емле принциптері дегеніміз не? Қазақ орфографиясының іргетасын бекемдеген академик Рәбиға Сыздық "қазақ орфографиясының негізі морфологиялық, фонематикалық және фонетикалық принциптерге сүйенеді" деп жазды, яғни үш принципті айтып отыр. Бұл принциптер бойынша сөздің түбірі сақталады; сөз ішіндегі немесе сөз бен қосымша, тіркесімдегі дыбыстардың өзара ықпалы ескерілмей, дыбыстың мәні сақталады; кей ретте кейбір сөздер айтылуынша жазылады. Академик Рәбиға Сыздық сөздің қалыптасып, үйреншікті болып кеткен емлесінің сақталуына байланысты тарихи-дәстүрлі принцип қажеттігін де айтқан болатын.

Сондықтан "жетілдірілген латын әліпбиі емлесінің қазіргі кириллица емлесі принциптерінен айырмасы шамалы" дейтін әріптестер өздерінің әліпби жобасы бойынша емле ережесін жасап, онда жоғарыда аталғандардан басқа қандай принциптер болуы керектігін анықтап бере ала ма екен?

Жоғарыда аталған принциптер жетілдірілген әліпби жобасы бойынша жасалған жаңа емле ережесінде сақталған. Қоғамда дәстүрлі білім жүйесі мен енді меңгерілетін білім жүйесі бар ғой. Қазіргі қоғам мүшесінің осы уақытқа дейін қалыптасқан сауатына нұқсан келтірмейтін орныққан, сұрыпталған, дәстүрлі білім жүйесі де, меңгерілетін білім жүйесі де емле ережесінде ескерілген.

Азаттық: Орныққан білім жүйесі дегенде нені меңзедіңіз?

Айман Алдаш: Ол – қазір қолданыстағы білім жүйесі. Латын негізді графикаға негізделген жаңа әліпбиді, жаңа емле ережесін үйретуге бірден кірісіп кететіндер – орта білім беру салалары, бұл салаларда меңгерілетін білім жүйесінің де, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, "көптің жанын қинамас" болғаны аса маңызды.

Қазақ тілінің апострофты әліпбиіне қарсы онлайн петицияның скриншоты. 31 қазан 2017 жыл.
Қазақ тілінің апострофты әліпбиіне қарсы онлайн петицияның скриншоты. 31 қазан 2017 жыл.

Жетілдірілген әліпби жобасы негізінде жасалған емле ережесінің бұрынғы емле ережесінен ең басты айырмашылығы мен артықшылығы – кірме сөздер емлесі. Кірме сөздер емлесі өзге тілден енген терминдердің, тұрмыстық атаулардың айтылуын реттеу ғана емес. Қазірге дейін орыс тілінен енген сөздердің, терминдердің сол тілдегі тұрпатын айнытпай жазып келеміз. Олардың айтылуы да жазылуымен бірдей деуге болады. Шет тілден енген сөздердің тұрпаты да сан түрлі. Ал жаңартылған емле ережесіндегі жаңалықтар қазақ тілінің бүгіні мен болашағы үшін, емле нормаларын жетілдіру үшін жасалған қыруар жұмыстың нәтижесі екеніне әріптестеріміз көңіл бөлсе екен, сонда, бәлкім, пікірлер өзгерер ме еді.

Жаңартылған емле ережесінде кірме сөздің құрамындағы жат дыбыстар қазақ тілінің дыбыстарымен алмасатындығы фонетика, фонология мамандарының зерттеулерінде дәлелденген. Жазу теориясы, орфография, морфология, лексикология салалары мамандарының ғылыми талдаулары арқылы емле ережесінің жаңа нұсқасында бірге немесе бөлек жазылатын, дефис арқылы таңбаланатын күрделі сөздердің, бас әріппен жазылатын күрделі атаулардың жазылуы мейлінше жүйеленіп, мысалмен толыққан. Жаңартылған тұстары да бар. Осы бағыттағы жұмыстардың қалай атқарылғанына тікелей араласқан зерттеушімін, сондықтан мені "кириллица емлесінен айырмасы шамалы" деген пікір ойландырады.

Азаттық: Сингармонизм ұстанымын қолдаушы ғалымдар сұу, жұу деп жазу керек деп санайды. Қазіргі қоғам мұндай өзгерісті бірден қабылдай алмайды, бірақ үйреніп кетеді деп санайды.

Айман Алдаш: Осындай жазу нұсқалары келтірілген хаттар бізге жиі келеді. Сонда байқалатыны – /у/ әрпі бар сөздерде автордың өзі қате жібереді. Мәселен, алуан деген сөзді үндестік заңы бойынша алұуан деп жазайық дейді. Алыуан деп жазу керек деушілер де бар. Қайсысы дұрыс? Екеуі де үндестік заңын айтып отыр. Сол сияқты орналастыру – орналастырұу – орналастырыу, республика – респұблыйка – респүблійка, рухани – рұуханый – рұуханій, ультиматум – ултійматүмүлтиматум деген тәрізді сөз көп. Осыған көңілі ауған ғалымдар ең алдымен өздері емле ережесін жасап, талқыға ұсынса қанеки. Емле ережесі үшін әуелі қазақ сөзінің де, кірме сөздердің де барлығы жинақталып, модельдері түзілсе, принциптері анықталса, жақсы қағидалар жасалады. Сондықтан сіз келтірген мысалдарға байланысты көзқарасты қабылдау қиын.

Мысалы, өзіңіз су және сұу деген сөздерді жазыңыз да, дыбыстап көріңіз. Екеуін де бірдей дыбыстайсыз, бірін жіңішке, екіншісін жуан етіп айта алмайсыз, яғни екеуін де су дейсіз. Демек, ауызша үндестік заңы еш өзгерген жоқ. Олай болса, артық әріп жазудың қажеті не? Су деп жазу – қазақ жазуының базалық нормасы.

Азаттық: Латын әліпбиін сингармонизм заңы бойынша жасамаса, қазақ тілінің өзін сақтап қалу иммунитеті азая ма?

Айман Алдаш: Тілді тірі ағза деп танып, оның сыртқы жат күштерден қорғану қабілеті қандай болмақ дейсіз ғой? Тіл екі формада өмір сүреді: ауызша және жазбаша. Екеуінің ортақ тұсы бар. Бірақ олар екі түрлі жағдаятқа қызмет етеді. Сондықтан айырмасы да бар. Ауызша коммуникация көзбе-көз қарым-қатынаста, тұрмыста қолданатын тілде жүзеге асады. Ал жазбаша коммуникацияда тілдің формасы ресми, кәсіби қарым-қатынас үшін маңызды. Осы себепті бұл арада базалық норма, дәстүрлі-тарихи принцип маңызды. Бүгінгі қоғамның саяси бағыты қазақ тілін этносаралық тіл деңгейіне жеткізуге бағдар жасап отыр ғой. Бұл үшін де жазба коммуникациядағы қазақ жазуының базалық нормасы, дәстүрлі-тарихи принципі аса тиімді болады.

Тіл өзін сақтап қалу үшін, сөз жоқ, тілдің орфоэпиясы мен орфографиясының, нормативті базаның жетілген, жоғары деңгейде болуы аса маңызды. Үндестік заңын да, тілдің қорғаныш қабілетін, өміршеңдігін сақтайтын да негіз – тілдің қолданысы.

Азаттық: Жетілдірілген латын әліпбиін енді қанша уақыт жасайсыздар?

Айман Алдаш: Латын негізді қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасы Ұлттық комиссия отырысында мақұлданғандықтан жасалып бітті деуге болады. Ендігі айтылып жүрген ұсыныстардың дені бірді-екілі таңба төңірегінде ғана. Саяси шешім шығару күзге шегерілді дегеннен хабардармын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG